ҰСТАЗДАР КҮНІ НАҚТЫ БЕЛГІЛЕНУІ КЕРЕК! -2

ҰСТАЗДАР КҮНІ НАҚТЫ БЕЛГІЛЕНУІ КЕРЕК! -2

Былтыр, 2021 жылы жазда депутаттық сапармен ел аралағанда бірнеше өңірде ұстаздардың айтқан аманаты -Ұстаздар күнін нақты бір күнге белгілеу болды!

Иә, біз ордалы Оңтүстікте, киелі Түркістан өңірі, шағылды да, шағалалы Шардараның Қызыр аралаған Қызылқұмында мұғалім болып жүрген кезімізде мұғалімдер күні белгілі бір күнде - 5 қазанда мереке ретінде аталып өтетін. Қазір кәсіби мерекелердің бәрін айдың басындағы не ортасы, не соңындағы жексенбіге қойып қойған. Ол жексенбіңіз бір күнге байланып тұрмайды, ораза секілді жыл жайын жылжи береді. Журналистер болғасын қайта-қайта жазып жүріп, Журналистер күнін әйтеуір нақты бір күнге -28 маусымға белгілеп алдық. Ал журналистеріңізді оқытқан Мұғалімдер, Ұстаздар күні тұрақсыз.

Бұл сөзімді еліміздің бірінші мұғалімі -Білім және ғылым министрі Askhat Aimagambetovке де арнайы жеткізген едім.

Ел аманаты ретінде Үкіметке де жазғанбыз.

Биыл да, 2022 жылғы 26 қыркүйекте, дүйсенбіде өткен “Ақ жол” партиясының парламенттік фракция жиынында Ұстаздар күнін нақты белгілеу тағы да көтерілді. Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихаты депутаты Пернеқыз Смайыл былтырғы Шымкент қаласы Асар қалашығындағы депутаттық елмен кездесуде ұстаздар аманатын тағы да еске салды.

Иә, былтыр ол мәселені мерекелер күнін белгілейтін Мәдениет министрлігіне, сол кездегі министр Ақтоты Райымқұловаға жазған болатынбыз. Ақтоты Рахматуллақызы “қарастырамыз” деген еді, кейін өзі басқа қызметке ауысып кеткесін, бұл бастама әлі шешімін таппай келеді.

Енді Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаевқа “Ақ жол” партиясы фракциясы атынан тағы да ұсыныс жасайтын боламыз.

Ақынға да, батырға да, ғалымға да, дарынға да қолына қалам ұстатқан, жолына қадам бастатқан ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! 

Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы”-дегендей, мұғалімдеріміз мықты бола берсін! 

Алаштың ақиық ақыны, “Педагогика” кітабының авторы Мағжан Жұмабай айтқандай: “Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі” болуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті де, жеңісті бола берсін!

Шәкірттеріңіз өздеріңізден оза берсін!

Әрдайым Ағартушыларға Ақ жол тілеймін!

Құрметпен, бұрынғы мұғалім Қазыбек ИСА

30 қыркүйек 2022 жыл