БИЛІК ШАХАНОВТЫҢ ӨМІРІН ҰЗАРТУҒА БАРЫНША КҮШ САЛУДА - Қазыбек Иса
2022 ж. 12 шілде
1683
2
Мемлекеттік тіл мәселесі шешілмей, тіл үшін күрес ешқашан тоқтамайды!
Кеше, 2022 жылдың 12 шілдесінде қазақтың ұлы ақыны, тіл қорғаны Мұқтар Шахановтың 80 жасқа толуы тойы туған жері Отырарда басталды.
Белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның құттықтау сөзі
Шахановтың өміріне қарасаң, шайқаспен өтіп келе жатқан ғұмыр деуге болады!
Осыдан он жыл бұрын әлемге әйгілі ақиық ақынымыз, Ұлттық мүдденің-Мемлекеттік тілдің қорғаны Мұқтар Шахановтың 70 жасқа толған тойында айтып едім, “Мұқа, біздің елде Мемлекеттік тіл төрге шыққанша сіздің анау дүниеге кетуге қақыңыз жоқ!”деп.
Содан бері он жылдың ішінде де, Мемлекеттік тілдің мерейі өсе қойған жоқ…
Яғни, біздің билік әзірге Мұқаңның өмірін ұзартуға бар күшін салып жатыр… Рахмет дейміз бе мұндайда?!.
Мен бүгін киелі Отырар жеріне қазақтың ұлы ақыны, Мемлекеттік тіл үшін күрестің көсемі, мұзбалақ Мұқтар Шахановтың тіл күресін жалғастырушылардың атынан сексеннің сеңгіріне шығуымен құттықтауға келіп тұрмын. “Ақ жолдың” ақ тілегімен келіп тұрмын.
Мемлекеттік тіл үшін күрес, ол оңды шешілмесе, ешқашан тоқтамайды!
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, Мемлекеттік тілді міндеттеуге әлі де ерте дейтіндер - Мемлекеттік тілдің жаулары!
Мұқа, бүгін сіздің алдыңызда, мынау қасиетті қалың елдің алдында айтарымыз, біздің жақында жасаған депутаттық сауалымызда айтылғандай, біз бәрібір Мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заңды қабылдатамыз! Бірақ, сіз сонда да асықпаңыз ешқайда! Тілдің шыжығын көрдіңіз, енді қызығын көріңіз! Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз!
Кеңес Одағының керегесін алғаш бұзған дауылпаз Желтоқсанның дауылы Мұқаңның дара ерлігімен Мәскеудегі Кремльді шайқап жіберді!
Мен Желтоқсан көтерілісі туралы депутаттық сауалымда Мұқаңның Кеңес одағы кезіндегі талабы біздің Тәуелсіз елде қашан орындалатынын сұрадым...
Мұқаң ешкім жасай алмаған бұл ерлікті неге жасады?
Өйткені ол туабітті ер, қаһарман!
Бір мысал келтірейін. Испанияда ел бұқалармен шайқасады, коррида дейді мұны. Біздегі көкпар шабу секілді ғой оларға кәдімгі.
Мұқаң Кеңес одағы кезінде делегациямен Испанияға барғанда, Барселона стадионындағы бұқа сайысына барады ғой.
Стадионда бұқа сайысы өтіп жатады. Мұндай сайыстардың бұқамен айқасушы матадор өлімімен аяқталып жатуы жиі болады. Бір кезде жүргізуші: “Стадионда қонақтар ішінен бұқамен сайысатын ерлер бар ма? Қане, кім шығады?”-дейді ғой.
Жүз мыңға жуық адам толып отырған стадионда тырс еткен үн жоқ, бір адам шықпайды. Сол кезде Мұқаңдармен қатар отырған бір кербез әйел, ақынның көзі түсіп отырған әдемі болуы керек: “Біздің ішімізде бір де бір еркек жоқ екен ғой?!”-дейді. Мұндайға шыдап отыратын Мұқаң ба, атып тұрып, стадионға бір-ақ секіріп түскен ғой!.. Барып алғасын да, қайта қоймайды ғой, қызылкөз дәу бұқаның алдында қызыл матаны көлбеңдетіп тұра қалады…
Қызметкерлер қатты риза болып, бұқаны бұрып алып кетіп, Мұқаңа рахмет айтып, қоршап, қошеметтеп стадионнан шығарып салады.
Менің бұл туралы өлеңім бар:
Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із,
Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз.
Барселона стадионында бұқадан да бұқпап ең,
Өз еліңде мүйіздеп жүр санасы жоқ сан өгіз… -
деген.
Стадионда бұқаның алдында тұрған сол фотосын Мұқаң бір кітабына жариялаған, астына менің осы бір шумағым жазылған.
Әркім адам болғасын атақ-марапатқа қызығатындар, іздейтіндер, тіпті қуалайтындар көп. Ал әлемде атақтан қашатын жалғыз адам бар, ол - Отырардың отты перзенті - Мұқтар Шаханов!
Бірақ, атақ бәрібір қоймады. Мұқаңды қанша қашса да, артынан қуалап жүріп тапты!
Ер кеудеге тағылған ерекше бұл Алтын Жұлдыз - халықтың ұлына, ұлы перзентіне деген ыстық ықыласы!
Ол үшін, ақиық ақынын ардақтаған Кемел жазушының ұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың ырзалығы шексіз, мың алғыс айтамыз!
Әлемдегі Нобель сыйлығын алғандардан сіз кем емессіз! Сіз Нобельдің Алтын медалын алдыңыз!
Әлемге әйгілі бұл сыйлықтар қоғамдық ұйымдардың сыйлығы.
“Ақ жол” партиясы да қоғамдық ұйым.
Мұқаң тіл үшін күрессе, 1920 жылы Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Әлімхандар жер үшін күресіп, Қазақ Республикасы территориясын айқындап берген. “Ақ жол” партиясы 2020 жылы Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап, ұлт зиялыларының басын қосып, Алаштың Алтын медалын тағайындады.
Енді бүгін еліміздегі Алаштың ұлттық мүддесі үшін күресіп жүрген бүкіл ұлт зиялыларының атынан, “Ақ жолдың атынан, мынау осында отырған қалың ел, сіздердің аттарыңыздан Мұқтар Шахановты “Алаштың Алтын медалымен” марапаттаймыз!
Алла жар болсын! Әрдайым Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты