Алпауыттар елдің иесі - ұлт бар екенін сезе бастағандай - Әлихан Баймен

Алпауыттар елдің иесі - ұлт бар екенін сезе бастағандай - Әлихан Баймен

Жер қойнауын пайдалану контрактілерінің жария болуын міндеттейтін заң қажет

Бұл туралы Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Баймен айтты. 

«Қазақ үні» ақпарат агенттігі саясаткердің құрылтайда сөйлеген сөзінің толық нұсқасын ұсынады. 

Алихан Байменовтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қадірлі Құрылтай мүшелері!

Атының өзі мүшелеріне салмақ жүктейтін Құрылтайдың тұңғыш отырысының ұлт болып ұйысуымызда ерекше орны бар қасиетті Ұлытауда өткізілуі жаңғыру жолындағы Қазақстанның ұлы дәстүрлер мұрагері екенін еске салып, жауапкершілік салмағын еселей түседі.

Құрылтай құзырындағы жалпы ұлттық құндылықтарды айтқанда бірінші кезекте ел әлеуетін анықтайтын шешуші фактор - адами капиталға тоқталған жөн.

Адамның тән саулығына жұтатын ауа, ішетін су, жейтін тағам сапасы қалай әсер етсе, жан саулығына алатын ақпарат пен білім де солай әсер етеді.

Ал білім, ақпарат және еңбек арқылы қалыптасқан қабілет пен білік адами капиталға айналу үшін мемлекетте сенім, заң үстемдігі, меритократия және әділ бәсекелестік болуы шарт.

Жаһандану сынағына төтеп беру үшін біз жаңа технологияларды игерумен қатар ұлттық озық дәстүрлерімізді сақтап, әлемге қазақтың көзімен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарауға қол жеткізуіміз қажет.

Сондықтан қазақ тілінде және қазақ туралы заманауи формада ақпарат, білім, әдебиет көздерін қалыптастыру маңызды.

Осы орайда, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың образын пайдаланатын компьютерлік ойындарға және комикстерге халықаралық бәйге жариялауды ұсынамын.

Қазақ «Сөз - көмек, тіл - құрал» дейді. Көмек - көлемді, құрал - заманауи болу үшін қазақ тілін қолдану аясын кеңейтумен қатар сөздік қорды жүйелі жаңғырту маңызды. Бұл істе тіпті бір миллиондай ғана халқы бар Эстонияның тәжірибесі де пайдаға асар еді. Ол елде эстон тілінде жаңа сөздерге ұлттық бәйге жарияланып, онлайн дауыс берумен анықталған жеңімпаздарды Президент марапаттайды.

Барлық салада мемлекеттік тілге мәтін, видео, аудио өнімдерін аударуға және оларды заңдастыруға субсидия беру жүйесін қалыптастырып, одан басқа да шараларды қамтитын «Ұлттық білім қоры» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау – уақыт талабы.

Құрметті Президент!

Сіз бастаған «Еститін мемлекет» концепциясы толық жұмыс жасау үшін халықтың мұңы мен мұқтажы, даты мен дауысы билікке арыз-шағымсыз жететін құрылтайдан басқа да жүйелер қажет. Заманауи демократияларда бұл жүкті бұқаралық ақпарат құралдары алып жүр. 

Бұл мақсатта, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Хабар» және «Қазақстан» арналарын қоғамдық телекорпорациялар айналдыру қажет деп ойлаймын. 

Олардың басты мақсаты - ағарту болып, Директорлар кеңесіне зиялы қауым өкілдерімен қатар озық елдерде білім алып, еңбек еткен жастарды да қосқан абзал болар еді.

Әлемге қазақтың көзімен қарау үшін осы арналар жаһанның әр аймағында тілшілер ұстап, сол елдердегі Қазақстандық жастардың да әлеуетін пайдаланған жөн.

Қоғамдық құндылықтар үшін бәсекелестікте отандық контент сапасымен қатар ақпараттық қауіпсіздік те маңызды. Біз бейбіт саясат мемлекетіміз. Пандемия денсаулықтың, ал қасіретті қаңтар мен Украинадағы соғыс бейбітшіліктің қадірін терең түсіндірді.

Сол себепті Конституциямызға сәйкес, қай елден таратылса да, соғыс пен жауыздықты, ұлт пен мемлекетаралық өшпенділікті дәріптейтін телехабарларға Қазақстан аймағында тиым салынуы қажет.

Қазір ұлттық дәстүрдің жаңғыруымен қатар жастардың ата дінімізге бет бұрысы байқалады. Осыған орай ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Яссауи, Абай мен Шәкәрім дәстүр, дін, ғылым, білім, еңбек арасындағы үйлесімді табу жолын аманаттап кеткенін ескеріп, Жаңа Қазақстанда осы үлгіні заманауи тәсілдермен жүзеге асырғанымыз жөн.

Ал тарихтағы ақтаңдақтар санадағы ақтаңдақтарға айналатынын ескеріп, өткен жүйелер мен оқиғаларға әділ бағалау маңызды. Осы ретте тиісті Мемлекеттік комиссия Алаш қозғалысына саяси баға берсе, қоғамдық сана бір серпіліп қалар еді.

Құрметті Құрылтай мүшелері!

Адами капитал дамуында экономикалық саясаттың орны ерекше.

Мемлекет Басшысының демонополизацияға бағытталған батыл шешімдері қоғамдық психологияға да әсер етіп, алпауыттар елдің иесі - ұлт бар екенін сезе бастағандай.

Референдум арқылы жер мен жер қойнауы иесі халық екені бекітілді. Енді жер қойнауын пайдалану контрактілерінің жария болуын міндеттейтін заң қажет.

Екіншіден, Үкімет осы күнге дейін беріліп келген салықтық, кедендік, тарифтік жеңілдіктер мен преференцияларға ревизия жасап, арнайы комиссия қайта шешім қабылдағанша олардың берілуін тоқтата тұрған дұрыс. 

Экономикада мемлекет үлесі азайып, әділ бәсекелестік орнығып, әлеуметтік лифттілердің жұмыс жасауы өз кезегінде еңбек пен білім құндылығын да көтерер еді. 

Бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайтып әлеуметтік шиеленістердің алдын алуда Үкімет-Кәсіподақ-Жұмыс берушілер үшбұрышындағы тепе-теңдік маңызды. Әзірше бұл қисық үшбұрыш болып тұр. Егер ол түзеліп, әлеуметтік әріптестік қалыптасса, онда жалақы мөлшері, бейнеттің әділ бағалануы секілді өткір мәселелер ұжымдық және салалық келісімшартта шешілер еді.

Адал еңбек абыройын көтеру үшін Еңбек күнін атап өтудің лайықты тұжырымдамасын жасап, оны жаңа биікке көтеру де маңызды. 

«Еститін мемлекет» концепциясы мен Дебюрократизация туралы жарлық қоғам мен бизнестің мемлекетке СЕНІМІН нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар сенім болуы үшін әділеттілік пен заң алдында баршаның теңдігі маңызды.

Мемлекеттік аппараттың есту қабілеті қызметкерлердің кәсібилігіне байланысты болса, тыңдауға ниеті - саяси жүйеге байланысты. Конституциядағы өзгерістер бұл істе жаңа мүмкіндіктер туғызды. 

Енді осы өзгерістердің рухын заңдарда ескерген жөн. 

Қазақстанның қоғамында сенім шайылуы мен басқа да өзекті мәселелердің негізгі себебі - мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін және ұлттың абыройын төгетін жүгенсіз жемқорлық. Оған қарсы күресте соңғы уақытта атқарылған істерге қоса бірнеше ұсыныс бар. 

Біріншіден, мемлекет ортақ игіліктерді, яғни пәтер, жер телімдерін бөлгенде, кадастрлар жасақталғанда блокчейнді енгізу.

Екіншіден, мемлекеттік бюджет пен кәсіпкерлер, компаниялар арасындағы транзакциялардың жариялығын қамтамасыз ететін интернет платформа жасау. 

Мемлекеттік басқаруды жетілдіруде аудан, қала деңгейіндегі билікті нығайту маңызды. Мысалы, бүгінгі күні шалғай ауылда мектеп не емхана төбесінен су ақса, жөндеуге облыс қаражат бөлгенше күту керек. Себебі, аудан, қала әкімдерінде оған өкілет те қаражат та жоқ. Меніңше бұл салаларда облыстық басқармаға мұғалім, дәрігердің жалақысы мен методикалық басшылықты қалдырып, коммуникация, жылу, су, жөндеу және кадр мәселесін аудан, қала әкімдеріне жүктеу халық мүддесіне сай болар еді.

Ұлттың ұйысуында маңызды міндет жүктелген қазақ тілінің аясын кеңейту үшін кезек кезегімен әр санаттағы мемлекеттік қызметшілерді қабылдауда мемлекеттік тілді білу тестін қарапайымнан күрделіге қарай бағалауды енгізу қажет.  

Құрметті Ұлттық құрылтай мүшелері!

«Айыр пікір айып емес, айыр пікірсіз өмір абақты» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтып кеткендей, ағымдық саясаттағы пікір алуандығы - демократияның шарты. Ендеше ішкі саясатта ешкімді өзектен теппей, өңменінен итермей тәрбиелеу, ағарту, қажет болғанда көзі ашықтың көкірегін ояту, көкірегі ояудың көзін ашу - біздің ортақ парызымыз. 

«Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Сондықтан ағымдық саясатта әр саладағы кемшілікті айтқандарға жанашыр ретінде қарау – «еститін мемлекет» мәдениетінің сипаты болуы тиіс. Ал күнделікті өмірде әркім өзінің және өзгенің абыройын, еңбегін, уақытын, хақын құрметтейтін мәдениет қалыптастыру абзал.   

Ең бастысы - бәрінен де қастерлі Тәуелсіздік, мемлекет тұтастығы, ел бірлігі, жер иелігі, мемлекеттік тіл тағдырына келгенде барлығымыз бірігіп, ортақ құндылықтарымызды қорғауға тиіспіз.  

Осы сауапты да жауапты істе Ұлттық құрылтайға баянды табыс тілеймін!

Әлихан Баймен, 

Қазақ үні