"Қайраты мол қандыбалақ қыранмын..."

СЫРШЫЛ ЖҮРЕК ҚҰПИЯСЫ 

 Мағжан ақынның табиғаты өте күрделі, жұмбақ, сырға толы. Оның сыры неде, талайды аузына қаратып тамсандырған ақын феноменін қалай түсінуге болады? Дарын табиғатының көрінісі бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді. Мағжан ақын қазақ поэзиясында кездесе бермейтін өрнек тауып, рухы мықты жалынды жырлар мен үлбіреген нәзік әуез әкелді. Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел – «Сен сұлу» өлеңі. Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашып тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Ақын туындыларының бас­ты ерекшелігі - уақыт сынына төтеп берерлік тіл құнарлығы мен ой тереңдігі, сөз қолдану шеберлігі мен көркемдігі. Жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабаев поэзия­сының эмоционалды-экспрессивтік әсерлілігін одан әрі еселендіре түсу үшін сипаттау, көріктеу, айшықтау, түйдектеу тәрізді әдіс-тәсілдерді шебер қолданады. Өлеңдерінде Алаш, күн, от, ой, у, дерт, жел, өмір, өлім, жан т.б. сөз-символдар жиі кездеседі. «Алаш» сөзі ақын өлеңдерінде мейлінше жиі жұмсалады.Елін жан-тәнімен сүйіп, өз ұлтының мүддесін қарақан басының қамынан биік қоюдан жаңылған жоқ. Әйтпесе, тар қапаста жатып: … Не көрсем де алаш үшін көргенім, Маған артық ұлтым үшін өлгенім. Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер Істей берсін қолдарынан келгенін… - деп жазар ма еді?! Бұл нағыз патриотизмнің шынайы үлгісі. Жалынды ақынның поэзиясында «От» сөзінің де символикалық мәнге ие болғаны анық. Ежелгі түркі жұртының киелі тотемі саналатын «от» ұғымы Мағжанның «От» деп аталатын өлеңінде негізгі ойды білдіріп, өзінің ішкі болмысын, рухын танытқандай. Мысалы: Күннен туған баламын, Жарқыраймын жанамын, Күнге ғана бағынам Өзім – күнмін, өзім – от, Сөзім, қысық көзім де – от, Оттан басқа Тәңірі жоқ. -деп жалындаған. Сөзден сурет салып, жан бітірген Мағжанның кез келген өлеңін алсақ та, әсем әрленген, шебер кестеленген бейнелі сөздерді кездестіреміз. 

Сондай көркемдік құралдарының ең бір айшықтысы, әсерлісі - эпитетті ақын талғампаздықпен қолданғандығына куә боламыз. Расында, суретті сөз, бейнелі ой, мағыналы толғам терең дүниетанымнан, дүниені нәзік, өткір қабылдаудан, шабытты көңіл-күйден туатыны анық. Мағжан Абайдан кейінгі қазақ әдеби тілін дамытушы, көріктендіруші суреткер. Сәбит Мұқанов: «Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ»,- деп, ұлы ақынның даралығын ерекше атап кеткен болатын. Ақын поэзиясында эпитеттер символ­дық бейнелермен қоса өріліп, тілдің стиль­дік ерекшелігімен, контекстегі эстетикалық мағыналық қырларымен дараланады. Мағжанның әсерлі эпитеттерді «тауып» қолданғанының нәтижесінде әдеби тілімізге асыл қазына болып қосылған жаңа тіркестер пайда болды. Мысалы: «Сұлу сағым, мәңгі мұнар, сұм боран, сорлы бұлт, жүйрік жүрек, жібек түн, алтын сәуле, жалқау жел, күміс көбік, ерке бұлақ, тәтті улы бал» деген эпитетті тіркестер ақын поэ­зиясында өзгеше қырымен танылады. «Алтын» сөзі қазақ поэзиясында көп қолданылатын дәстүрлі эпитеттердің бірі болғандықтан, мағынасы барынша терең, бояуы қанық болып келеді. Келтірілген бейнелі тіркес «алтын күннің» сары түсін ғана емес, сұлулығын, көз тартар әсемдігін де білдіреді. Қазақ поэзиясында «алтын күн» бостандық символы, сондай-ақ, аса қымбат, баға жетпес асыл ұғыммен байланысты. Осындай асқан қимасының өліп бара жатқанына өзінің жан күйзелісін «сорлы бұлтқа жарын жоқтату» арқылы жеткізген. Мағжан «алтын» эпитетін өлеңдерінде «күнмен» мейлінше жиі тіркестірген. 

Алтын күнді, қара жерді сағындым 

Жан жолдасым, жүйрік желді сағындым немесе, Міне, алтын таң атты, Күншығыстан ағарып,- деп жырлаған. Халықтың бас бостандығын, бақытты тұр­мысын, тәуелсіздігін аңсаудан туында­ған эпитеттер – ақынның рухани әлемінен туындаған тілдік бейнелеулер. Күн мен Айды, Отты жақсылықтың белгісі ретінде алып, түрліше мағына беріп, жаңа ұғым қалыптастырады. «Айды» сұлулықтың, тіршіліктің, арман мен үміттің символы ретінде сан құбылтып қолданады . Тұрсың сен, мейірімді Ай, нұрың шашып, Бұғып жүр қараңғылық бетін басып Қайғылы Ай көкте тұрсың нұрың шашып Қайғылы, жер жүзіне нұрың шашып Айдан мұң мен шер, қайғыны көргендей болады да өзінің ішкі сырын ақтаратын сырласы етеді. Ақын шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында мұңды толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында - романтикалық өршілдік, махаббат, арман, сүйініш-күйініш, мақсат, үміт жатады. Әсіресе, жүрек, көңіл, жан, алтын, күміс деген сияқты эпитет мәнінде жұмсалатын сөздерді құбылту арқылы өмір мәнін, тағдыр сырын, адам тіршілігін ұғындыруға тырысады. 

Ессіз жүрек аспанға қол сермейді, 

Ессіз жүрек ақылға жол бермейді 

 «Сүйіп-күліп, күйіп-көз жасын төгіп, 

Жынды жүрек өлді де тынды!» - дерсің.  

Не керек! Бар бұйрығыңды орындадым, 

Сұм жүрек, сол қызметімді ақтадың ба? Опасыз тағдырдың тәлкегіне ұрынған жүрегінен түңілген, кейіген ақынмен бірге оқырманы да мұңаяды. 

Жүрегін өзі сүйген, отты жүрек, 

Оятпақ тас болса да, зарлап тербеп 

Нояннан о да көзін алмас болды, 

Күйдіріп жас жүрегін жалын кернеп. 

Үмітінің ақталмағанына, жүрегінің алданғанына, жалпы жұртының да сәбидей алданып жатқанына ақындық пайғам­барлықпен көз жібереді. Бостандықта, елде жүргендегі ой-армандарының орындалмай қалғандығы ақынды қатты налытады. Тотыққан көңіл жанына саяны өлімнен іздейді. Мағжан өлеңдерінде ақындық дүниетаным мен табиғат байланысы ерекше көріністе. Ақындық сезімнің ұшан теңіз иірімдері табиғатпен мұңдасып, онымен тіл табысуымен де байыз таба алмайды. «Жүрек» сөзі адам сезімінің, көңіл-күйінің сан алуан қатпарына байланысты қолданылғандықтан, оған берілген «ессіз, жынды, сұм, нәзік, отты, жас, сорлы, сезгіш» деген сияқты эпитеттер ешқандай жасандылығы жоқ шынайы, санаға сіңімді, көңілге қонымды. Жүрек қылын шертетін Мағжанның асқан ақындық шеберлігін, сырлы да, сезімді суреткер екендігін көрсететін осындай образды жолдарды көптеп кездестіреміз. Табиғат көрінісін адам әрекетімен астас­тыра бейнелеу Мағжан Жұмабаевтың өзіндік бір ерекшелігі деп танимыз. Автор табиғат сұлулығын, оның тылсым күшін кейіпкердің көңіл-күйімен алмастырып, адамның ішкі әлемін, сезім иірімдерін ашуға пайдаланады. Ақынның балалық шағы мен құрбы-құрдастарымен көңіл сырын бөліскен жері - Сасықкөл. Мағжан үшін ол жұмақпен бірдей. Одан көркем, одан сұлу жер жоқ. Сондықтан болар ақын көл суретін ерекше шабытпен суреттейді. Ақынның нәзік жүрегі, қымбат сезімі туған өлкенің тағдырымен бірігіп, біте қайнасып кеткен «Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кем де кем шығар, - деп жазды Ж.Аймауытов. Табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен жігіт... табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба?» Мағжан қаламы арқылы келген жаңа­лықтар жеке ақын тұлғасына тиесілі. Расында, Мағжан қолданысындағы табиғат кейде таңдай қақтырып, бойыңды ерітіп, жүрегіңді лүпілдетіп неше түрлі күйге бөлейтін сурет болып көз алдыңа орнай қалады, кейде сол табиғат безбүйрек, қатал, ызғарлы. Яғни, лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне қарай табиғат та жүз құбылып, мың құлпырып отырады. Ақынның салған пейзаждары құбылмалы, қимыл-қозғалысқа толы. Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-күйі тұрады, сонымен әлемді бірге толғандырып тебіренеді. Мағжан сезімінің, сұлулықтың, інкәрліктің жыршысы ретінде әсем де, әсерлі, маржандай тізілген эпитеттерді құлпырта қолданады. «Меруерт көбік, күміс кәусар су, алтын бу, меруерт қар, тарғыл тастар, бұйра қою қарағай, ерке жаз, ерке бұлақ, қасиетті сәуле, сары сайран дала т.б.» тіркестерді махаббат, туған жер тақырыптарында молынан келтіреді. Үндестік пен үйлесім - ақын лирикасының биік белесі. 

Ерекше үндестікке құралған «Толқын», «Гүлсімге», «Шолпы» деген өлеңдерінде ырғақты ұйқасты сөздерді шебер қиюластырып, оқырманын ләззат сезімге бөлейді. Әр сөзге әр беретін, сәуле түсіретін, жан бітіретін айқындаулардың ерекше қасиеті ұлт тағдыры, тіл мерейі, ата-мекен мұратын танытатын патриоттық жырларынан да айқын аңғарамыз. Қысық көзді Күншығыс, Болсын соңғы бұл жүріс Күнбатысқа жүрелік Жарық көрмей жатсақ да ұзақ, кен-тілім, Таза, терең, өткір күшті, кең тілім. Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?! Басқаға орын бердің жақсы жайдан Зеңгір тау, түпсіз дария, терең сайдан Ұлы ақын туған жерге деген перзенттік махаббаты мен туған тілі мен ұлтының болашағы жайлы серпінді ойларын өлең өріміне айналдырады. Сыршылдық, терең лиризм, романтикалық әуен мен философиялық кеңдік оның лирикасының басты мүддесін құрайды. Сонымен бірге, ақындық қуаты мен эстетикалық талғамы үндесіп келіп, ерекше пафоспен асқақтатып берілген айқындаулармен даралана түседі. Әлемдік поэзияның сырлы бояуын барынша қабылдап, оны дамыта түскен ірі дарын иесі Мағжан Жұмабаев өзіндік қолтаңбасымен қазақ поэзиясының алтын қорынан өз орнын алды. Рухани асыл қазынаға өлшеусіз мол поэзиялық өрнек әкелген Мағжан қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтеріп, қазақ әдеби тілін жұмсақ та, нәзік, көркем етіп қалыптастыруға мол үлес қосты. 

Жанар ТАЛАСПАЕВА, 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл және әдебиет институтының директоры филология ғылымдарының кандидаты, доцент       

МАҒЖАН мен СМАҒҰЛ 

Халқымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармалары Кеңес билігі кезінде негізінен тиісті бағасын ала алмады. Оның 1912 жылы қазан қаласында басылып шыққан «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы халық арасына көп тарамады, сондықтан ол жинақ туралы сол кезде көп айтылған жоқ. Мағжанның өлеңдерін түсініп, оның халық поэзиясындағы орнын дұрыс көрсетіп жариялайтын адамдар ол кезде аз болды. Ол үшін республика басшылығының дәрежесінде қызмет атқаратын, саясатқа да әдебиетке де жетік, батыл әрі ақынды жақсы білетін адам болу керек еді. Міне, сондай адамдардың бірі ­­­­­­­­- Смағұл Садуақасов еді. 

 Мағжан да, Смағұл да біздің жерлестеріміз. Мағжан қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы өзінің есімімен аталатын ауданның Сарытомар ауылында 1893 жылы туса, Смағұл осы облыстың Ақжар ауданындағы Жарқын ауылында 1900 жылы дүниеге келген. Бұл екеуі алғаш Омбы қаласын­да оқып жүргенде танысады. Мағ­­жан­ның 1913-1917 жылдары Омбы­ның мұғалімдер семинариясында оқығаны белгілі. Смағұл 1915 жылы Омбының ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. 1914 жылы семинария шәкірттері Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Баржақсин, т.б. «Бірлік» атты жасырын жастар ұйымын құрады. Ұйымды сол кезде Омбы мешітінің имамы болып жүрген Шәймерден Әлжанов басқарады. Кейінірек бұл ұйымға Смағұл Садуақасов және тағы басқа жастар кіреді. Бұл ұйым өзінің алдына мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтеру арқылы қазақ халқының ұлттық санасы мен сезімін оятуды мақсат еткен болатын. Смағұл «Бірліктің» жұмысына белсене кірісіп, оның бағытын жалғастырған «Жас азамат» ұйымын құруға да білек сыбана қатысады. «Жас азамат» ұйымы 1918 жылдың 5-13 мамыры күндері Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының бірінші құрылтайының шешімімен құрылды. Ұйымның төрағалығына Ғазиз Мурзин, басқарма мүшелігіне Асылбек Сейітов, Гулия Досымбекова, Әбдірахман Байділдин бекітілді. Смағұл Садуақасов ұйымның хат­шы­лығына сайланды. Ұйымның «Жас азамат» атты газетінің редакторы болып Қошке Кемеңгеров тағайындалды. Газеттің бірінші саны 1918 жыл­дың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрді. Оның алғашқы саны Смағұл Садуақасовтың «Жас тілек» атты бас мақаласымен ашылды. Онда мынадай тамаша сөздер келтірілген: «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі». Осы санда Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген әйгілі өлеңі де жарияланды. Бұл өлең сол кездегі қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама іспетті еді. Өлеңнің беташары ретінде ақын мынадай сөздер келтіріпті: «Жастар! Алда жүрген Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңдар. Елдіктен, ерліктен айрылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!». Осылай дей келе ақын «Мен жастарға сенемін» өлеңін береді. Осы жолдарды жазған Мағжан­ның өзі де әлі 25-ақ жаста еді. Ал Смағұл не бары 18 жаста болатын. 

Мағжан 1918 жылдың күзінен 1919 жылдың көктеміне дейін Омбы қаласында қазақ мектептеріне мұға­лімдер даярлайтын курс ашып, өзі соның директоры болды, әрі қазақ тілі мен орыс тілінен, әдебиеттен, тарихтан сабақ берді. Смағұл бұл кезде Батыс Сібір Кооператорлар одағының жұмысына белсене араласты. Ол Мағжанның 1912 жылы шыққан «Шолпан» өлеңдер жинағын және одан кейін жазылған кейбір өлеңдерін оқыған және олардың мазмұны мен мақсатын жақсы түсінген болатын. Түсініп қана қойған жоқ жалынды қайраткер, дарынды қаламгер 18 жасында «Трудовая Сибирь» журналының 1919 жылғы № 1 санында «Киргизская литература» («Қазақ әдебиеті») атты мақала жариялады. Онда қазақ поэзиясына біраз шолу жасай келіп, Абай өлеңдеріне мынадай баға берді: «Оның (Абайдың –Қ.М.) тілі – ғажайып көркем. Бұл тұрғыда оған қазақ жазушыларының арасында тең келетіні жоқ». Осыдан соң Мағжан поэзиясына назар аударады: «Поэзия саласындағы соны күштердің ішінен жас ақын Мағжан Бекенұлы Жұмабаев жарқырай көрініп келеді. Ол өзіндік дара бағыттағы лирик ақын. Оның өлеңдері жастар арасына кеңінен тарап кетті. Үнділігі жөнінен олар Абай жырларынан кем түспейді. Ойының айқындығы, жырының көркемдігі жөнінен ол өзіне дейінгі лирик ақындардың барлығын басып озып көш ілгері кетті». Міне, бұл Мағжан поэзиясына Жүсіпбек Аймауытовтан да бұрын берілген тұңғыш әділ баға еді. 1920 жылы Мағжан Сібір ревкомы жанынан құрылған Омбы оқу бөлімінің аз ұлттар бөлімшесінде инс­труктор болып қызмет істеді (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, 318 – қор, 1 тізбе). Бұл кезде Смағұл РКСМ-ның Батыс Сібір бюросының қырғыз-татар секциясында қызметте болды және осында «Еңбекші жастар» газетін шығарып тұрды. 1920-1921 жж. Мағжан Сибревком жанындағы қазақ өкілдігінің тұңғыш қазақ газеті «Кедей сөзінің» редакция алқасының мүшесі қызметін атқарды. Мағжан тапшыл ақын емес, біртұтас қазақ ұлтының ақыны бол­ғаны, осы ұстанымы үшін талай аяусыз сынға ұшырап, соққы көр­гені белгілі. Мысалы, 1922 жылы жазылған «Жолдасқа» деген өлеңінде Мағжан өзінің азаматтық ұстанымын былай білдіреді: Тапсыз бүгін бір елмін, Тәңірге жалғыз ұсармын Көбікті күміс бір селмін. Сасықты сендей басармын Кіршіксіз ақ ордамын Бұзылмаған қордамын Бөле алмассың тап-тапқа! Ресейдің империялық езгісінде болған тұтас қазақ елін бай-кедей деп екіге жарып, өзара қырқыстырмақ болған «тапшыл жолдастарға» ақын кезінде осылай жауап берген. Оның бұл ұстанымы Смағұлдың 1920 жылғы 7 қарашадағы «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері» атты мақаласындағы: «Біз қазақ тұрмысын алсақ, жоғарыда айтылған екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысында жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдықта жасаушы да тап жоқ. Қазақта шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққан жоқ. Олай болса, қазақ халқының бәрі еңбекшіл», - деп батыл жазуына сай келеді. 1920-1921 жылдары Қазақ Автономиялы Республикасының іргесін бекітіп, жерін түгендеу шаралары жүріп жатты. 

Сол кездегі ең бір қиын мәселе Ресейдің Сібір төңкеріс комитеті бауырына басып алған Ақмола мен Семей губернияларын Қазақстанға қосу мәселесі еді. Бұл іске Қазақстан Атқару комитеті төрағасының орынбасары Смағұл Садуақасов шұғыл да батыл кірісті. Әсіресе, «отаршыл пиғылдағы Семей ревкомы мен қазақ емес коммунис­тердің Семей губерниясын Ресей Федерациясының құрамына бермек болған арам саясатын Смағұл Садуа­қасовтың қалай талқандағаны мәлім. Ақыры осы батыл қимылдары үшін Смағұлға ұлтшыл деген атақ тағылды. Қазіргі ұрпақ Смағұлдың дәл осы бір ғана ерлігі үшін, оның алдында бас иеді» - деп жазды СҚМУ-нің доценті Зарқын Тайшыбай «Мағжанның Қызылжары» атты кітабында (З.С. Тайшыбай. Мағжанның Қызылжары. Петропавл, 2006 ж.). Осы кезде «Кедей сөзі» газетінің 1921 жылғы 12 қаңтардағы санында Мағжан Жұмабаевтың «Автономия кімдікі?» атты мақаласы шықты. Бұл мақала Кеңес өкіметінің 1920 жылғы 26 тамыздағы Қазақ автономиялы рес­публикасын құру туралы шешіміне байланысты жазылды. Қазақтар бұл шешімді большевиктердің «ұлттардың өзін-өзі билеуіне» берген мүмкіндігі деп қабылдаса да, іс жүзінде автономияның иесі кім екені түсініксіздеу еді. Соның өзінде Мағжан газет арқылы халыққа сөз тастап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға ат салысуға шақырды. Міне, бұл мәселе бойынша да Смағұл мен Мағжанның ойы, мақсаты үндестік тауып отырған жоқ па? 1925 жылғы сәуірде өткен Қазақ­стан Кеңестерінің V-съезінде Смағұл Садуа­қасов Республика Халық ағарту комиссары болып бекітілді, әрі «Еңбекші қазақ» газетінің бас редак­торы болып сайланды. Халық ағарту комиссары қызметінде 2 жыл болғанда ол халыққа қажет талай игі істер тындырды. Қазақтың тұңғыш педа­гогикалық институтының, алғашқы ұлттық театрының ашылуына мұрындық болды. 

Ақын-жазушыларды, ғалымдарды қана­тының астына алды, оқулық, таным­дық, ғылыми кітаптардың көптеп жазылуына бас-көз болып, олардың басылып шығуына қамқорлық жасады. 1924 жылдан бастап, Мағжан шығармалары негізсіз сынға ұшырап, оның шығармаларын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салынса да, Смағұл өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақта» оның кейбір өлеңдерін жариялап отырды. Смағұлдың мұндай батыл жазылған мақалалары Қазақ­станның бірінші басшысы Ф.И. Голощекинге ұнаған жоқ. Көп кешікпей, ол «Еңбекші қазақтың» басшылығынан босатылады. 1927 жылғы қарашада ол Халық ағарту комиссары қызметінен де шеттетіледі. Біраз уақыт ол Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарады. Алайда 1928 жылғы нау­рызда бұл қызметтен де босатылады. Сөйтіп, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болады. Сол 1928 жылғы қыркүйекте Мәскеу транспорт-инженерлерін даярлайтын институтқа оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін Москва-Донбасс теміржолында қызмет істеп жүргенде кездейсоқ ауруға шалдығып, Мәскеу ауруханасында белгісіз жағдайда 1933 жылдың күзінде қайтыс болады. Қазақтың асыл азаматы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Смағұл Садуақасовтың өліміне бүкіл қазақ жұрты қатты қайғырды. 

Қайролла Мұқанов, өлкетанушы, еңбек ардагері 

   МАҒЖАНҒА    

Ақтаңдақтар шындығын ашқан әрең, 

Кезде ғана сені оқи бастаған ем... 

Көз алдымда көрініп көркем дүние, 

Ашылды бір аспани асқақ әлем. 

Күміс шекті күй тартып домбырамен, 

Күллі әлемді көңілге қондырар ең. 

Батырады тұнықтық тереңіне, 

Шақырады алысқа мөлдір әлем. 

Бойлағанда жүректің сырына шын, 

Махабаттың не екенін ұғынасың. 

Тұла бойды отқа орап бара жатыр, 

Тұма жырлар ойы мен мұңы басым. 

Келсе дағы берілмей бағаң бірақ, 

Бүгін, міне, барасың ғаламға ұнап. Дүркіреткен дүниені дүбірімен, 

Түркі біткен түреді саған құлақ. 

Зар мұңыңды заманың түсінсе еді, 

Болмайды ма құрсау мен қысым шегі?.. 

Қиянатқа байлады қимас елің, 

Қияға ынтық болғаның үшін сені... 

Көтерілер биікте қыран ғана, 

Көріндің де, айналдың жыр арнаға... 

Ғасырда бір туылар ғажайыбым, 

Ғасырыңды тойлауда Тұран-дала. 

Қазыбек ИСА, 

1993 жыл