ЖАҢА САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР - ЕСКІ САЯСИ ЖҮЙЕМЕН ҚОШТАСУ

ЖАҢА САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР - ЕСКІ САЯСИ ЖҮЙЕМЕН ҚОШТАСУ

Былтыр саяси жүйені жаңартуды жақтаған халықтың 77,18% пайызы референдумды қолдап дауыс берді.

Яғни, 2022 жылғы 5 маусымнан бастап, еліміз жаңа дәуірге қадам басты. 

1.РЕФЕРЕНДУМ НЕ БЕРДІ? 

Референдум дегеніміз, қарапайым тілмен, қазақшалап айтқанда мемлекеттің халыққа байланысты ең маңызды шешімін сол халықтың өзіне салып, елдің таңдауына салуы. Референдумды біздің елде тек жасы енді 18-ге толғандар ғана емес, биыл 45 жасқа дейінгілер, алды немере сүйгендер де бұған дейін әлі көрмеген. Өйткені, олар 1995 жылы Конституцияны қабылдаған референдумда дауыс беруі үшін сол кезде 18 жасқа толуы керек еді… 

Сол 1995 жылғы президенттің супер билігін бекіткен Конституция қабылданған соң біз халық үнін білдіретін референдумды біржола ұмыттық. 

Ал енді 27 жылдан соң өткен еліміздегі Конституцияға өзгерістер енгізу туралы тұңғыш референдумда халық керісінше президенттің супер билігі жойылып, көп өкілеттіктер парламентке берілуіне, халық мүддесі қорғалуы үшін өте маңызды саяси шешімдер қабылданып, түбегейлі өзгерістерге қадам жасауға дауыс берді. 

Міне, екі референдумның ең басты екі айырмашылығы осы!

Өйткені бұған дейінгі Конституцияға талай өзгеріс халық таңдауына шығарылмай тек парламентте қабылдана салған болатын. 

2.САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР ДЕГЕН НЕ? 

Біз отыз жыл бойы алдымен экономика, содан соң саясат деп келдік. Ақырында саяси өзгеріс болмай, экономиканың да дамый қоюы қиын екеніне көзіміз жетті.

“Саяси өзгерістерді қоя тұрайық, алдымен экономика” деген - ел экономикасын емес, елбасы туысқандары бастаған 162 олигархтың экономикасын дамыту екеніне көзіміз жетті. 

Біз былтыр 2022 жылғы 5 маусымда не үшін жалпыхалықтық референдумға барып, саяси жүйенің жаңаруын қолдадық?!.

Ең алдымен ол отыз жылдан бері құтыла алмай жүрген, сіресіп қалған саяси жүйенің сеңін бұзу үшін керек болды. Ел әлеуметтік желілерде кейбіреулердің түкті түсінбесе де, «биліктікі дұрыс болса да қарсы болу- халыққа ұнау» деген формула жасап алып, балалық-шалалық «оппозициялық» аурудан арылмағандардың референдумның мән-мағынасын түсінбесе де, бұрынғы инерциямен «қарсы болайық» деп таратып жатқан лаңына еріп, референдумға қарсылық таныту - ол ескі саяси жүйені, өз атымен айтқанда елбасының ескі жүйесін қолдау болып шығатынын түсінді. Қаласақ та, қаламасақ та, шындық солай!

Қазір кейбіреулер «Не өзгерді? Қайда Жаңарған Қазақстан?-деп, риторикалық сұрақ қоюды сәнге айналдырды… Бұндай сұрақты әжептәуір ел алдында жүрген қоғам қайраткерлері де қойып қалады… өкінішке орай.

Ал шындығына келсек, Президент Тоқаев ешқайсымыз елестете де алмайтын, өңіміз түгілі түсімізге де кірмеген түбегейлі өзгерістерді жасады!

Мысал керек пе?!.

Бұрын:

1.Елді 30 жыл басқарған Елбасы елге қауіп төнгенде Қауіпсіздік кеңесі төрағасынан босатылып, Конституциялық-заңдық артықшылықтарынан айрылады десе сенер ме едіңіз?

2.Экс президенттің жалғанды жалпағынан басып жүрген, әрқайсысы бір-бір құдайдай туған-туыстары тұтқындалып, қызметтерінен айрылады, миллиардер құдалары қамалады десе, нанар ма едіңіз?

3.Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы мен оның орынбасарлары, облыстық, қалалық департаменттері басшыларымен қосылып, тұтқындалады десе, қайтер едіңіз?

4.Қорғас кеденіндегі миллиардтарды жұтып жатқан қылмыстар тексеріліп, Қазтелекомның акциясы қайтарылып, «Алтын орда» базарының қожасы қуылып, утильалым қайта қаралады десе ше? 

5.Ойына келгенін істейтін олигархтардың үстінен іс қозғалып, шетінен шетелге қаша бастайды десе, не дер едіңіз? 

Осылардың ең болмаса, біреуін алдын ала айтқан адамның есінің дұрыстығына бәріміздің күмән келтіретініміз анық еді ғой! 

Бұл ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде ел басына ауыр күн туған сын сағатта, Тәуелсіз ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өзі көрсеткен ерік-жігері мен бастаған саяси өзгерістерін биік белеске бастар бес қадамы деп қарауға болады: 

1. 2022 жылы 5 қаңтарда - мемлекеттегі барлық жауапкершілікті мемлекет басшысы және Бас қолбасшы және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретінде өз мойнына алып, Тәулелсіздікті сақтап қалды. 

2. Түбегейлі саяси өзгерістерді бастады. 

3. Көлеңкелі экономиканы жою. Олигополяны тоқтату. 

4.Конституциядағы саяси өзгерістерді жариялаған Жолдау мен жаңадан үш облыстың ашылуы 

5.Конституциялық саяси өзгерістерді халық талқылауына салып, референдумға шығару. Бұл конституциялық өзгерістің саяси бағытын алсақ, Жаңа Конституция десе де болады. 

Яғни, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың басты қадамы - Жаңарған Қазақстанның Екінші республика ретіндегі түбегейлі бетбұрысы! 

Бізде осы уақытқа дейін Конституцияны талай рет өзгертті. Конституцияның өзіне енгізілген төрт өзгерістің барлығын да халықтың таңдауына салмай-ақ, парламент арқылы қабылдатып жіберді. Тіпті «Елбасы –Тұңғыш президент» туралы конституциялық заңға өзгерістерді 18 минутта қабылдап жіберген де жағдай болған бізде. 

Бұл жолы да Атазаңға өзгерістерді ескі сүрлеумен, бұрынғыдай парламентте қабылдата салудан ҚР Президенті Қ.Тоқаев мақсатты түрде бас тартып, Жаңа Қазақстанның жаңа өзгерістерін халық таңдауына салды. Өйткені Конституцияның үштен бірі, 33 бапқа 56 өзгеріс енді және бұл саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрысты өзгерістер. Сондықтан да бұл ел тағдырындағы шешуші өзгерістерді Конституция бойынша Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын – халық шешуі керек болды. Өйткені, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес екені айқын. 

Сондықтан да, 2022 жылғы 3 маусымда референдумға байланысты халыққа жасаған Үндеуінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз».-деп мәлімдеді. 

3.ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАЛДЫ 

Кейбіреулердің қолды сілтеп қойып: “Жаңа Қазақстан” боламыз” деді, енді неге бәрі бірден жаңаша болмайды” деуі, жұмсақ айтқанда, аңғалдық. “Жаңа Қазақстан” болу деген түймешені басып қалсаң, түгел бәрі “Жаңа” болып шыға келетін аппарат емес. Немесе бірер айда апай-топай тұрғызып тастайтын тоқал там емес… Ол үшін ең кемі біраз жыл керек, арысы одан да көп. Өйткені “Жаңа Қазақстан” болу үшін оның негіздері болуы керек - ол ең алдымен жаңа заңдар. Ол жаңа заңдарға келісімді Референдумда 27 жылдан соң халық берді енді. “Бұл бұрынғы әннен өзгерек» деп дана Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл жолы бұдан бұрынғы дауыс берулерден мүлде бөлек, халықтың әділ таңдауы айқын сезілді. Сондықтан, референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасадық. 

Ал жаңа саяси өзгерістерге қарсы билік орындарында әлі отырған ескішілдерден, аты жаңа болғанмен, заты ескі үкіметтегі мыңдаған қызметкерлерден бастап, ескі ауыл әкіміне дейін, мемлекеттік қызметте сіресіп отырған бүкіл ескі кадрлар жаңашылдыққа қарсы жанталасып күреседі. Оларды тазалауға тағы талай уақыт кетеді. Жалпы, бір ұрпақ жаңару үшін бір кезеңнен өту керек.  

Бізде билік орындарынан айрылмай отырған ескі күштерді түгел тазалап алмай, күрес тоқтамайды. Олар ең алдымен дұрыс ақпарат пен анық жағдайды жоғарыға бұрмалап жеткізумен айналысады. Ақпараттық ауытқушылықтарды, манипулияцияларды қолдан жасап отырады.

Міне, Конституцияға түбегейлі өзгеріс енгізген референдум қабылданды! Енді, атазаңға сай жаңа заңдар қабылдағасын сол ескі күштер азая бастайды.

Сол үшін талмай күресу керек! 

Отыз жыл сірескен саяси сеңді қалай қозғаймыз деп жүргенде, енді Президенттің өзі саяси жүйемізді жаңартып жатқанда, бәріміз де өз үлесімізді қосып, қолдауымыз керек!  

Президент Халық талабын орындап, Қоғам үніне естіп қана қоймай, ескеріп, іске асыруға кірісуде.  

Мысалы, “Ақ жол” партиясы талай жылдан айтып келе жатқан, 2020 жылғы «Түбегейлі өзгерістер қажет» атты Саяси бағдарламасында жазылған саяси өзгерістердің басым бөлігі осы Конституциялық өзгерістерге енді.

Соның ішінде супер президенттік басқарудан парламенттік басқаруға басымдық беріп, өкілеттігін күшейту, Сенат өкілеттігі мен Ассамблея депутаттары статусын қайта қарау, президент пен әкімдердің партияда болмауы, мәслихат төрағасы қызметін енгізу, және тб жергілікті басқаруда маңызды өзгерістер бар.

Осылай алдымен Саяси жүйені өзгертпей, ешнәрсе өзгермейді.

Еліміз Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізуді жалпы халық болып, талқылап жатқан кезде «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашевтың Алматы облысы Қапал ауданында 1911 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсыруымен Қазақтың тұңғыш конституциясы деп бағаланған «Қазақ Елінің Уставын» жазған Алаш арысы, заңгер Барлыбек Сырттанұлының мүсінін тұрғызуға қолдау жасап, 13 мамырда салтанатты ашуы да сәтті сәйкестік болды. 

Біз “Президент, яғни билік айтса, ол дұрыс болса да, ол тіпті өмір бойы ел күтіп келе жатқан ерекше өзгеріс болса да, оған міндетті түрде қарсы шығу керек”- деген шалағай “оппозицияциялық” аурудан, кейінгі кезде кең жайылып кеткен кесепат вирустан құтылуымыз керек! 

Бұрын “Неге жабылып қалған 3 облыс ашылмайды?”- деп жүргендердің ішінде енді аяқ астынан “осындай қаржы қиындығында облысты ашу керек пе еді?”-деп кері сөйлеп шыға келгендері де бар. Президент берік қолға алып жатқан көлеңкелі экономиканы жою, жемқорлыққа қарсы күрес, шетелдегі, офшордағы миллиардтардың қайтарылуы нәтижелі болса, қаржы табылады.   

Бүгін ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстаннан шетелге заңсыз жылыстатылған қаржыны елге қайтару бойынша комиссия құрылды. Комиссияға Бас прокурор жетекшілік етіп, Мемлекет басшысының өзі бақылайды. 

Бұрын талай айтып келдік, президенттің супер билігін азайту керек, парламенттің өкілеттіігі күшеюі тиіс, парламент сайлауына партияда жоқтар да түсе алуы тиіс, партияларды тіркеуді жеңілдетіп, парламентке өтуде дауыс жинау пайызын төмендету қажет, президент ешқандай партияда болмауы керек, мәслихаттардың рөлін арттыру қажет, әкімдер сайлауы болуы тиіс деп. Ал президент халық талабын ескеріп осылардың бәрін өзгертіп жатқанда ел әрине, неге қолдамасын?!.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтты.

«Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, Парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқы дауыс беріп жатқан түзетулер елдің қоғамдық өміріне үлкен өзгерістер енгізуді көздейтінін атап өтті.

Бір-ақ формула бар қазір. Жаңа саяси өзгерісті халықтың қалауымен бекітетін Реферундумды қолдағандар - ескі системаның сақталуына қарсы дауыс берді. 

Біз өзіміз куә болғандай, кейбір жерлерде, әлеуметтік желілерде «Референдумға бармаңдар, бәріне қарсылық таныту керек» деп есіп отыратындарға есін жиғызар бір-ақ сұрақ қойған болатынбыз. «Қане, сізге осы Конституцияға енгізілгелі жатқан түбегейлі өзгерістердің қайсысы ұнамайды? Бәрі ел мүддесін қорғаудан туындап отыр ғой. Қайсы бабы қалайша ел мүддесіне қарсы?»- дегенімізде, олар сол жерден тоқтап қалған жағдайлар да болды... Өйткені, референдумға қарсы болуға ешқандай себеп жоқ болды.

Бәрі елдің отыз жыл күтіп жүрген игі өзгерістері!

Сол секілді көрнекті алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай да бір әлеуметтік чатта “референдумға қарсы болу керек” деп есіп отырған бір шолақ белсендіге шорт кесіп айтып тастады. “Сонда сен “Жер халық меншігі болмасын, демек, сатылсын, Елбасы және оның отыз туысы мәңгілік мемлекеттік қорғауда болсын, Президенттің туыстары мемлекеттік жауапты қызметтерді жаулай берсін, әкімдер сайланбасын, тағайындалсын” деп, референдумға қарсы шыққалы отырсың ба? Сенің күресіп жүрмін деген демократияңнвң сиқы сол ма сонда?”- дегенде әлгі “демократтың” демі бітіп, үні өшіп қалды…

Иә, ең басты елдің күткен, әлеуметтік желілерде шу болған мәселе - Елбасы туралы артықшылықтарды Атазаңнан алып тастау еді!

Сіз бен біз осыны талай жыл талап етіп келген жоқпыз ба? Енді құдай айдап, алдымызға алып келіп, референдумдағы бір жапырақ қағаз -бюллетеньде біздің бір түрткен келісімізге қарап тұрғанда қалайша тоқтап қалуға болады?!. Біз бұны, өзіміздің азаматтық парызымызды толығымен орындадық. 

Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Еститін мемлекет” дегенінің тағы бір дәлелі осы болса керек!

Жаңа Қазақ Еліне жасалған тағы бір басты қадамы! Түбегейлі өзгерістің, Саяси реформаның бастамасы! Ел болашағын айқындаған, халық қалауынан туған батыл да, кесімді шешімі!   

Референдумға қатысқан біздің қалауымыз бойынша енді президент ешқандай партияға мүше болмайды. Отыз жыл бойы айтып жүргенімізді, үш айда орындады Тоқаев.

 2022 жылы 28 қаңтарда ҚР Президенті Қ.Тоқаев “Нұр Отан” партиясының төрағасы болып сайланып, 26 сәуірде, жыл аяғына жетпей-ақ, тура үш айға толар-толмас кезде, айтқанын орындап, партияны тастап шықты.   

Президенттің саясаттағы бұл бетбұрыстарын елдің басым бөлігі жақтады. Шынында да саяси өзгерістердің басталып жатқанына көз жеткізе бастадық. Иә, мемлекет басшысы, бүкіл халықтың Президенті болғасын бір партияның шеңберінде шектеліп қалғаны көңілге кірбің түсірер еді…

Саясатта ең бастысы ел сенімін иелену ғой!

Бұдан кейін осы уақытқа дейін дауы мен шуы көп болған біздегі сайлау жүйесін әділ етіп құра білсек, алдағы сайлау кезінде партиялардың арасында нағыз саяси аламан, әділ бәсеке болар еді.  

Осылай айтқан сөзден нақты іске көшу енді саясат пен экономикаға рухани берік негіз болатын ұлттық идеологиямызда да жалғасын табады деп сенеміз. 

Президент Тоқаев Жаңа Қазақстанды Әділетті Қазақстан деп атады. Бұл жолда мемлекет басшысы алдымен өзінен бастап, енді атазаңға президенттің туыстары мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік компанияларда басшылық орындарда істей алмайды деген бап еніп жатыр. Бұл да бұрынғы біз отыз жыл басымыздан өткізген, зардабын тартып келе жатқан жағдайға қарама қарсы мүлде жаңа қадам емес пе?

Президенттің бұл бастамасын енді әр жаңа қызметке орналасқан сайын туған-туыс, тамыр-танысымен көшіп жүретін облыс, қала, аудан әкімдері де үлгі етуі керек… 

Әділетті Қазақстан орнап, барлығы заңға бағынатын заман - еліміз аңсап келе жатқан арман. Енді ол мақсатқа жету үшін саяси өзгерістерге жол ашатын референдумды қолдауымыз да сондықтан.

Саяси жүйені жаңартуды қолдау - ескі саяси жүйемен қоштасу болатынын түсінген халықтың 77,18% пайызы референдумды қолдап дауыс берді.

Бұл пайызды халықтың мемлекет басшысының саясатын қолдауы деп білу керек. 

Отыз жыл күткен саяси өзгерістерді жасау өз қолымызда екенін көрсеттік! 

“Референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес, шын мәнінде оның бастамасы”- деді Мемлекет басшысы кеше ғана.

Яғни, Тоқаев тоқетерін айтқандай, “Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады.”-деп, атап көрсеткендей, мемлекетімізді өзгертетін жалпыхалықтық референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасадық.

Ескі Қазақстанның таптаурын сүрлеуінен шаршаған елді Жаңа Қазақстанның жаңа қадамы – халықтың өз тағдырын өзі шешетін референдум қабылданды.

Жаңа дәуірін жариялаған Қазақ Елінің, Екінші республиканың Конституциясы халықтың өз таңдауымен өмірге жолдама алды.

“Сең қозғалды, қазағым, сен де қозғал”-дегендей, енді бәріміз де тарихи өзгеріске талмай қарқын қосу үшін табанды қайрат көрсетуіміз керек.

Яғни, заңды негізде, елдің өз қалауымен басталған нағыз түбегейлі өзгерістерге Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні