Академик Мемлекеттік тіл мүддесін қорғаудағы “ҚАЗАҚ ҮНІ” еңбегін үлгі етті

Академик Мемлекеттік тіл мүддесін қорғаудағы “ҚАЗАҚ ҮНІ” еңбегін үлгі етті

Ғылым ордасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және қазақ журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, қазақ ғылымын ұйымдастырушы, қазақтың алғашқы білім министрі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, XX ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛТАНЫМЫНЫҢ БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованың модераторлығымен өтті. 

Ұлттық ғылым академиясының мүшелері - З.Базарбаева,К.Құрманәлиев, Е. Қажыбек, тілші- профессорлар - М.Джусупов,Б.Момынова, Е.Тілешов т.б тіл жанашырлары баяндама жасап, пікір-алмасуда белсенділік танытып, 

 Ұлт ұстазының сан қырын тілге тиек етті. 

     Алқалы жиында сөз алған академик Кәрімбек Құрманәлиев бірнеше ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының жоғарыда санамалап көрсетілген 10-15 танымдық- тағлымдық келбетінің ішінен орыстілді қандастарымыз арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде ғұламаның тек лингвист-ғалым, педагогтік қырын ғана білетіндігін( әрине, бәрі емес) аңғарғанын айтты. Осыған байланысты ол Ұлт ұстазы туралы , ол негізін қалаған қазақ тілі туралы орыс тілінде де, шет тілдерінде( әсіресе, ағылшын тілінде) ақпараттық- танымдық жұмыстарды жүйеге түсіру керектігіне екпін түсіре сөйледі.

 Мемлекеттік тапсырыспен қаржыландырылатын орыстілді БАҚ- тарға мемлекеттік тіл туралы елдің толғаныстарын толыққанды мақалалар ретінде жариялап, Президенттің “ халық үніне құлақ асатын мемлекет” концепциясын жүзеге асыру мақсатында, үзбей жүмыс жүргізуді жүктеу керектігіне ерекше назар аударуды ұсынды. “Мемлекеттен қаржы алып отырып, мемлекеттік тілдің проблемасын жазайық десең, мақала ақысын төлеңіз дейтіндеріне не дерсіз?! “ - деген тілші- ғалым сонымен бірге, Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш білім министрі болғанын да біреу білсе, біреу білмейтіндігін алға тартты…

Конференция қатысушыларына арнап, Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуде орыстілді контенттерді де қаперде ұстағанымыз жөн болар деген пікірді ортаға тастады. 

  Сондай-ақ,қазақтілді ақпарат құралдарының ішінде “ҚАЗАҚ ҮНІ” газеті ғана орыстілді қазақтарға мемлекетттік тіл туралы өзекті мақалаларды орыс тілінде де қатар жариялайтынын академик- тілші өзге бұқаралық ақпарат өкілдеріне үлгі етіп ұсынды.

   “Қазақ тілінің “жілігін шағып, майын ішкен” қандастардың жөні бір бөлек. Ал, ана тілін ардақтауға ниеттеніп, туған тілде тілдесуді тілек еткен туғандарға да осылай жағдай жасауды жолға қойсақ, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық” - деп сөзін түйіндеді ҚР Ұлттық академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев.