Қазақ тілін үйренуге талпынып жүрген өзге ұлт өкілдерінің саны жылдап артып келеді - Әділбек Қаба

Қазақ тілін үйренуге талпынып жүрген өзге ұлт өкілдерінің саны жылдап артып келеді - Әділбек Қаба

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы оқырманға толыққанды ақпарат жеткізу үшін "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабамен эксклюзивті сұхбат ұйымдастырып, Тіл саясаты комитеті қызметінің өзекті жобалары жайлы әңгімелесті.

- Мемлекеттік тілді дамыту бойынша өңірлердегі тіл орталықтарының атқарып жатқан жұмыстары қандай?

- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті өз құзіреті шегінде қазақ тілін оқыту жұмыстарын үйлестіріп келеді.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдарға қарасты тіл оқыту орталықтары бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі негізде жүзеге асырып отыр. Жалпы бөлімшелерін қоса алғанда орталықтардың саны 108 құрайды және 2011 жылдан бері 700 мыңға жуық адам қазақ тілі курстарынан өтіп үлгерді.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген.

Бұл бағытта тек тіл оқыту орталықтары ғана емес, орталық, жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар да мақсатты жұмыстар жүргізуде.

Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 51915 адам мемлекеттік тілді тегін үйреніп, сертификат алса, оның 35697-сі орталықтарда ұйымдастырылған курстарға қатысқандар. Этномәдени бірлестік жанындағы жексенбілік мектептердегі курстарда 7749 адам, орталық атқарушы органдарда 5759 адам, ұлттық компанияларда 2710 адам мемлекеттік тілді оқыған.

Осының ішінде бірқатар мекемелердің қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қосып жатқан үлестерін атап өтпеске болмайды. Мысалы, Ішкі істер министрлігі 4472 адамның курстарға қатысуын қамтамасыз еткен. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (541 адам) мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің (391 адам) де бұл бағыттағы жұмыстары нәтижелі.

Қазақ тілін оқыту жұмысында «Қазақтелеком» АҚ 2021 жылы 2399 қызметкерінің курстарға қатысуын қамтамасыз еткен.

Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында орналасқан этномәдени бірлестіктер де бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруға сүбелі үлестерін қосып отыр.

Сондай-ақ былтыр өңірлерде шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған қысқа мерзімді қазақ тілі курстары ашылды.

Бүгінгі таңда республика бойынша қазақ тілін грамматикасыз үйретуге арналған 34 клуб ашылып, тиісті жұмыстар жүргізуде.

АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран және т.б. елдердегі диаспоралар үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілгенін де атап өткен жөн.

- Сонда шетелдегі қазақ диаспораларына қазақ тілін оқыту қалай жүргізілуде?

- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті 2020 жылдан бастап «Абай институты» ашық білім беру-танымдық жобасын жүзеге асыра бастады. Дүниежүзінде белгілі бір халықтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттауға бағыталған институттар баршылық. Оған мысал ретінде түріктің Юнус Эмре институтын, немістің Гёте және испаниялық Сервантес институттарын келтіруге болады. Бұлар тек тіл үйретумен шектелмейді, мәдениет, өнер саласындағы еларалық өзара әріптестікті одан әрі дамытуды, достықты нығайтуды мақсат етеді.

Біздің жобаның да көздеген мақсаты осыған саяды.

2020 жылы жоба аясында «Аbai.institute» веб-порталы іске қосылып АҚШ, Түркия, Ресей, Франция, Германия, Британия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан елдеріндегі қазақ ирреденталары (диаспора) қазақ тілін оқу мүмкіндігіне ие болды. Ел азаматтары да кез-келген уақытта порталдың мобильді нұсқасын Android, iOS платформалары арқылы жүктеп алып, қазақ тілін үйрене алады. Портал интерфейсі 6 тілде (орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері) берілген. Порталда әрбір тіл үйренуші өзінің жеке кабинетін ашып, қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік тілдері арқылы меңгере алады. Сабақты виртуалды оқытушы жүргізеді.

Жоғарыда аталған мемлекеттерде қазақ тілі кабинеттері ашылып, оқыту офлайн және онлайн форматтарда жүргізілуде.

Шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырып, жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған «Отандастар қоры» АҚ-ның рөлі ерекше. Осы ақпан айында басталған «Онлайн қазақ тілі» курсына әлемнің 23 елінен 800 адам тіркеліп үлгерген екен. Оқыту жұмыстары «Аbai.institute» веб-порталы мен «Қазақ тілінің әмбебап оқулығы» негізінде жүргізілуде.

Курсты қазақ тілін үйретіп жүрген отандық оқытушылар мен әдіскерлер өздерінің жылдар бойы қалыптасқан тәжірибелері негізінде деңгейлер бойынша жүргізді.

Енді биыл 8 мемлекеттегі 10 қалада, атап айтқанда, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Ұлан-Батыр, Ыстамбұл, Анкара, Орынбор, Омбы және Иранның Горган қаласында офлайн режимдегі қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр.

Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл мақсатта «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» курсы ұйымдастырылды. Курс қатарынан екі жыл өткізілді және алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілін үйрететін әмбебап басылым әзірленді. Бүгінгі таңда басылымның А1, А2 деңгейлері бойынша контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде дайындалып, порталға орналастырылды.

- Жалпы мемлекеттік тілді үйретуде қандай әдістер қолданылып жүр?

- Әр жылдары Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен қазақ тілін үйрету әдістемесі бойынша түрлі еңбектер жарық көрген.

Оның ішінде қазақ тілінің қолданбалы грамматикасын меңгертуге негізделген Зейнехан Күзекованың, өзгетілді аудиторияға қазақ тілін оқытуда аударма тілдің көмегіне жүгінбей оқыту мен деңгейлік оқыту әдістемесін әзірлеген Қарлығаш Қадашеваның, функционалдық грамматикаға негізделген қазақ тілін оқыту әдістемесін ұсынған Зәуреш Ерназарованың әдістемелерін атап өтуге болады.

Осы жылдар аралығында қазақ тілін меңгерудің Мемлекеттік стандарттары, лексикалық минимумдар, электронды жабдықтау бағдарламалары, грамматикалық анықтағышы, деңгейлік оқулықтар, тіл-құралы (А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1– орта, В2 – ортадан жоғары, С1 – жоғары деңгей) типтік оқу-әдістемелік кешені дайындалды.

Мемлекеттік тіл бағдарламалары аясында шығарылған оқу-әдістемелік құралдарды тіл оқыту орталықтары қазақ тілін оқытудағы ортақ әдістеме ретінде басшылыққа алып жүр. Атап айтқанда А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған «Типтік оқу-әдістемелік кешені» (мемлекеттік стандарттар, лексикалық минимум, электронды жабдықтау бағдарламасы, грамматикалық анықтағыш, оқулық, тіл-құралы); «Тілдарын» оқу-әдістемелік кешені; Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі оқу-әдістемелік кешені; Көркем шығармалар арқылы тіл үйретуге арналған қазақ тілі; «Іскери қазақ тілі» (оқу құралы+СD); «Қазақ және ағылшын тілдеріне қарқынды оқыту жөніндегі интерактивті оқыту жүйелері, инновациялық-әдістемелік бейнесабақтар кешені»; «Қазақ тілін үйретудің бастапқы лексикалық және грамматикалық минимумы»+мультимедиа; «Қазақ тілі» ортадан жоғары деңгейі (В2); «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешендері (137, 500, 900, 1200, 1500 сөз), «Әдіскер анықтамалығы»; «Қазақ әдеби тілінің анықтамалығы»; «Әлеуметтік лингвистика» ғылыми-әдіснамалық құралы мен сөздігі; Мемлекеттік қызметкерлерге арналған қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік; «Шаңырақ» үстел лингвистикалық ойыны және т.б. құралдар.

Тілдерді оқыту орталықтарының авторлық бағдарламалары, ересектерге қазақ тілін тиімді оқыту әдістемелері бар оқытушыларын ынталандыру мақсатында жыл сайын А.Байтұрсынұлы атындағы байқау өткізіледі.

 Үздік авторлық әдістемелері бар оқытушылардың көтермеленіп, әдістемелері республика бойынша Тілдерді оқыту орталықтарына таратылады.

Осы байқау биыл да өткізіледі және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл біліміне қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтау және насихаттауға бағытталады.

Жалпы тіл оқыту процесін сатылап жүзеге асырған өте маңызды.

Осы ретте мектептен бастап ересек адамдарға дейін тіл үйретудің жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен бірлесіп ғалымдар, әдіскерлер, практик мұғалімдердің қатысуымен бірнеше онлайн талқылаулар өткізілді.

Биыл қазақ тілін үйретудің тұжырымдамасын қабылдау, қазақ тілін «мектеп-колледж-ЖОО-мемлекеттік қызмет, халыққа қызмет көрсету» сатысы бойынша үйрету жүйесін құру, тестілеу мен сертификаттау жүйесін енгізу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Тұжырымдама қабылданған жағдайда бұл қазақ тілін мектептен бастап ересектерге дейін сатылап нәтижелі меңгертуге мүмкіндік беретін болады.

- Туризм саласын қазақшаландыру бойынша қандай істер атқарылып жатыр?

- Еліміздегі тартымды туристік бағыттардың 11-і ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген екен. Бұл туристік сала терминдеріне баса назар аударуымызға себеп болып отыр.

Әрбір жаңа процесс, өнім, жаңа ұғымдардың, тиісінше оларға берілген жаңа атаулардың тілге енуі – заңды құбылыс. Осы ретте экономика, құқық, ғылым, бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық салаларында бар және жаңадан пайда болып жатқан ұымның атауы ретінде қызмет атқаратын терминологияны тілдің «аса белсенді» саласы деп атауға болады. Бұл үрдіс қазақ тіліне де жат емес.

Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы қазақ тілінің электрондық базасы «Тermincom.kz» сайты ашылған болатын. Бұл сайтты ашудағы мақсат – қазақ тілі терминологиясына қатысты еңбектердің көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету, терминдерді қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу, жүйелеу.

Осы сайтта қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымына негізделген электрондық Алаң ашылды. Алаң «Бекітуге ұсынылған терминдер», «Ұсыныстар», «Қолданыстағы терминдер» сияқты айдарлардан тұрады.

Бүгінде қазақ тілінің терминологиялық қоры біраз толығып, сала дамып келеді дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми құжаттарда бір ұғымды білдіретін терминнің әркелкі қолданылуы ұшырасып отырады. Осыған байланысты жекелеген терминдерді ғаламторда талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып жатады. Осындайда айтылатын ұтымды ұсыныстардың бірі терминологиялық базаға еніп жатса, енді біреулері арнайы жүйеден тыс қалып қалады.

Қоғамда әркелкі қолданылып немесе аудармасы қиындық туғызып жүрген терминдердің Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясында қаралып бекітілетіні белгілі. Қазіргі уақытта терминдер бекітілмес бұрын әркімнің өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі пайда болды. Комиссия мүшелері әр терминге қатысты өз ұстанымдарын алдын ала Алаң платформасында білдіріп отырады. Кез келген адам «Тermincom.kz» сайтына кіріп, Алаңға орналастырылған бекітілетін терминдерге қатысты өзінің пікірін білдіріп, терминдерімізді жүйелеу ісіне атсалыса алады.

Осы Алаң әлеуетін пайдалана отырып, туризм саласына қатысты жұртшылық пікірін білу мақсатында 2021 жылы «Туризмді қазақша сөйлетейік» республикалық байқауын өткіздік.

Байқау ережесі БАҚ-та жарияланып, республикамыздың әр өңірінен 13 адам қатысты.

«Туризмді қазақша сөйлетейік» республикалық байқауына қатысушылардың байқау кезеңдеріндегі терминдерін Алаңға салдық.

Байқауға қатысушылар мұзбалға (айсбайль), танымжорық (экскурсия), арқақоржын (рюкзак), тосынқатер (форс-мажор), дауажай (курорт), үңгірсаяхат (спелеотуризм), шытырман туризм (adventure-туризм) және т.б. терминдер ұсынды.

Байқаудың қорытындысымен сәтті деп табылған терминдер биыл Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы отырысында бекітуге ұсынылатын болады.

Жалпы терминология комиссиясы құрылған 1971 жылдан бастап 31378 термин мақұлданды. Мәселен былтыр 3000-ға жуық терминге сараптама жасалып, 2902 термин бекітілді.

- «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткізіп жүрсіздер. Маңызы неде?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын.

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясын өткізудің мақсаты да мемлекет басшысының осы айтқан пікірімен саяды. Яғни акцияның мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.

Былтыр Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілген бұл шараға еліміздің 15 өңірінен 66 құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Белгілі қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыған 17 этнос өкілдерінің көпшілігінің таңдауы былтыр туғанына 90 жыл толған ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармалары болды.

Енді биылғы акцияға еліміздің 17 өңіріндегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген Қазақстан халқының барлық жастағы этнос өкілдері – медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, медицина ұйымдарының қызметкерлері қатысады деп отырмыз.

-  Жалпы мемлекеттік тілді меңгеруде этнос өкілдерінің белсенділігі қандай?

Республикалық, аймақтық этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін оқыту курстары жүргізілді. 2021 жылы курс сұраныс бойынша украин, ингуш, дүнген, ұйғыр, өзбек, армян, еврей, түркімен, тәжік этностарына жүргізілді. Курстарға барлығы 553 тыңдаушы қатысты. Шараның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес қазақ тілі бойынша сағат саны 2700 академиялық сағатты құрады.

Республика бойынша 670 этно-мәдени бірлестік жұмыс жасайды, оның 220-сына қазақ тілін оқытуда әдістемелік көмек көрсетілді.

Еліміздегі мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін оқып-үйрену бойынша әдістемелік көмекпен қамтылған республикалық этномәдени бірлестіктердің үлесі 2021 жылы 32%-ке жетті.

- Қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Қазақ тілін үйренуге талпынып жүрген қандас азаматтарымыз бен өзге ұлт өкілдерінің саны жылдап артып келеді.

Азаматтардың қазақ тілін оқып, үйренуге деген құлшыныстарын қанағаттандыру – біздің құзырлы орган ретіндегі басты міндеттеріміздің бірі.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізіп, 2016 жылдан бері бірқатар ІТ жобаларды іске асырды.

Нақты қазақ тілін өз бетімен үйренемін деген аудиторияға «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute» порталдарын қолдануға кеңес берер едім.

«Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute» порталдары ересек аудиторияға арналса, «Balatili.kz» - аты айтып тұрғандай 5 жастан жоғары балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған «Balatili.kz» сайтын атап өткім келеді.

«Tilqural.kz» порталы iOS және Android арқылы қолжетімді.

Алдағы уақытта қалған электронды порталдардың да мобильді қосымшаларын жасауды қолға аламыз.

Азамат Тасқараұлы,

Қазақ үні

Барлық құқықтар қорғалған! Мақаланы көшіріп басу үшін міндетті түрде Редакцияның жазбашы рұқсатын алу қажет.