ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАУҒА ҚАРСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ТАРАТЫП ЖІБЕРУ КЕРЕК! - Қазыбек Иса

ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАУҒА ҚАРСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ТАРАТЫП ЖІБЕРУ КЕРЕК! - Қазыбек Иса

ҚР Мемлекеттік хатшысы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Ерлан Қариннің назарына.

«Қинамайды абақтыға жапқаны, 

Қинамайды дарға асқаны атқаны. 

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз аулымның иттері үріп қапқаны!»

Ахмет Байтұрсынұлы 

Былтыр, 2021 жылы желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырысында Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жолдаған едік.

Онда біз 150 жылдығы әлемдік деңгейде ЮНЕСКО бойынша аталып өтетін Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойының еліміз үшін ерекше маңызын баяндай келіп, түйінінде Үкіметке 17 ұсыныс жасаған едік. 

Соның ең біріншісі:

“1.Ахмет Байтұрсынұлының туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу керек”-деген ұсыныс болатын.

Сонымен бірге “Ұлт ұстазының еңселі ескерткіші тек Қостанаймен, қос астанамен ғана шектелмеуі керек! Бүкіл Тұранның тұлғасы дерлік Ахаңның ескерткіші Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыздың бірі Қызылордада, Шымкентте, барлық облыс орталықтарында да тұруы тиіс! Түркияда Анкарада, Ресейде Орынборда, Өзбекстанда Ташкентте, Әзірбайжанда Бакуде ескерткіштерун орнатуға қол жеткізу керек.”- деп атап көрсетіп, ұсыныс жасаған едік.

Ал Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжановтың 

депутаттық сауалымызға жақында берген жауабында да бұл ұсыныстарымызды қолдау тапты.

“Ұлт ұстазы, қазақ тілі білімінің атасы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймын.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жөнінде келесі жұмыстар атқарылуда.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 маусымдағы №624 Жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы аталған комиссия төрағасы болып белгіленді. 2021 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар (бұдан әрі – Жоспар) бекітілді. 

Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұраларын халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихаттау мақсатында ғылыми, мәдени-ағартушылық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар қамтылған.

Аталған жоспарда депутаттық сауалда көтерілген бірқатар мәселелер қарастырылған” -дейді.

Жоспарда қарастырылған мәселелердің алдыңғы қатарында “Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу” бар екенін жазады.

Сонымен қатар вице-премьер “Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 

Ал Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылған”-деп, нақты жауап береді.

Үкімет басшысының орынбасары Е. Тоғжановтың бұл жауабын біз:

“Ахаң ауылына баратын жол күрделі жөнделіп, мемориалдық кешен салынады - Үкімет”-деген тақырыппен “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталына қуана жариялаған болатынбыз. Оны көптеген белгілі қазақ БАҚ-тары көшіріп басқан еді.

“ӨЗ АУЫЛЫМНЫҢ ИТТЕРІНІҢ ҚАПҚАНЫ…”

Бірақ, кеше елдің қуанышын су сепкендей суық хабар жетті суық өлке Қостанайдан. Ахаңның туған облысы орталығында өткен Қоғамдық кеңес Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салуға және Орынбор қаласында ескерткішін орнатуға қарсы шығыпты. Қоғамдық кеңес осы ұйғарымды қолдап дауыс беріпті. 

Сылтаулары - “қаржы жетпейді- мыс…”

Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарының (“Ақ жол” фракциясы түгел және “Нұр отан” фракциясының бірнеше депутаты) Үкіметке жасаған сауалында біз: “Ахаңнын тойынан ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек! Ұлттың Ұлы Ұстазы Ахаңның тойында шаппағанда, қайда шабамыз?!. Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы тиіс!”-деп, елді бірлесе қолдауға шақырған болатынбыз.

Яғни, “Ахаңның тойынан аяғанды ит жесін” деген едік. Енді міне, Ахмет Байтұрсынұлы туған өлкенің Қоғамдық кеңес мүшелері, яғни “жерлестері” Ұлт көсеміне қимаған қаржыны итке жегізейін деп отыр…

Мұндай қоғамдық кеңесті таратып жіберу керек! Анық таратып жіберсе, өкіне қоятын адам табылмайды-ау елімізден, қайта қуанбаса…

Сонда кімдер қарсы шыққан дейсіздер ғой?!.

Өзге тілде сөйлейтін өзіміздің “өгейлер”.

“-Безусловно, 2022 год для нас особенный. Мы все гордимся нашим земляком и осознаем его значимость. Но по поводу мемориального комплекса хочется сказать, что для областного бюджета это непосильные траты. При всем уважении к Ахмету Байтурсынову я предлагаю исключить этот пункт из плана, – предложила Динара Утебаева” - деп жазады “Наш Костанай” газеті.

Алаш көсемі, Ұлттың ұлы ұстазын тек “белгілі жерлес” ретінде “танитын” Д.Утебаева дегенді Т.Искандирова деген біреу қостай жөнеледі. Ол мемориал кешенін салуға Ахмет Байтұрсынұлының ауылы облыс орталығынан алыстығын сылтауратады. Ал Орынборға Ахаңның ескерткішін қойғанша, “сондағы училищеге ескерткіш тақта қойсақ жетеді”-деп аузын қу шөппен сүртеді.

Ал мемлекеттік мерейтойдың жоспарын таныстырған Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Калмаков та мемориалдық кешен мен Орынборда ескерткіш салуға қарсылардың әуеніне жылдам төңкеріліп түседі.

“Жергілікті тұрғындар да осындай пікірде” деп, қуана қуаттап қояды Ұлт ұстазын ұлықтауға қарсыларды.

Әлемде барлық елде Ұлттың ұлы тұлғаларының мемориалдық кешені ең алдымен олардың туған жерінде болады. Киелі Жидебайды облыс орталығынан тым алыста деп Ұлы Абайдың мемориалдық кешенін Өскеменнен немесе Семейден салған жоқпыз ғой. Ұлыларға тағзым ету үшін ел алысты жақындатып, Абай ауылына барады. Сол секілді Ұлттың ұлы көсемі Ахмет Байтұрсынұлының әруағына тағзым ету үшін алыстағы Ахмет ауылына баруы керек. Сондықтан да біз: “Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі етуі жазылмаған заң! Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ! Әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақ Елінде Ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ. “Әруақ разы болмай, тірі жарымайды” деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық”-деп дабыл қақтық. 

Ахмет ауылына мемориалдық кешен салынса жол да салынады, келетін саяхатшылар да көбейеді, инфрақұрылымдар жасалып, алыстағы ауылға жан бітеді.

Біз сондықтан да, тағы да қайталап айтамыз: “Ахмет Байтұрсынұлының туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу керек”-деп атап көрсеттік қой.

Сонда Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен құрылған, 

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин басқаратын мемлекеттік комиссияның Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарында және алғашқы отырыстарында нақты белгіленіп, шешілген, Үкімет басшысы орынбасары Е.Тоғжановтың бір топ парламент депутаттары сауалына берген жауабында жасалатыны айқын айтылған Ұлттың рухани көсемінің мемориалдық кешені мен Орынбордағы ескерткіші тағдырын Қостанайдағы Утебаева мен Искандерова дегендер бастаған Қоғамдық кеңес шеше салады ма? 

Ұлттық мүддені ұлықтауға қарсы шыққан бұл екеуі қандай облыстық мәслихат депутаттары? Қай партияның өкілдері?!.

Ұлт көсемі шыққан өлкенің ұлт зиялылары қайда? Кілең есімдерін ешкім танымайтын белгісіздерден жинап, құрап алған, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, жұмыс тілі мемлекеттік тілде емес - Ресей тілінде өтетін Қостанай облысының Қоғамдық кеңесінде неге Ұлт ұстазын қорғап, бас көтерер бір адам жоқ?!. Мысалы, сол өңірге ғана емес, есімдері елімізге белгілі қаламгер-қайраткерлер, ұлттық мүддемізді қорғауда бұғып қалмайтын Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Әсия Беркенова, Нағашыбай Мұқатов, журналист Жанұзақ Аязбеков, өлкетанушы Амандық Әмірхамзиндерді неге кіргізбеген бұл кеңеске? 

Бұдан 84 жыл бұрын, 1938 жылы Кеңес империясының қанды зұлматы кезінде атылған Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өздері армандап, сол үшін саналы түрде құрбандыққа барған Тәуелсіз Қазақ елінде тағы да осылай тұсаулауға тап боламын деп ойламаған шығар…

Ахмет Байтұрсынұлының азапты жылдарда түрмеде жатқанда жазған жыры:

«Қинамайды абақтыға жапқаны, 

Қинамайды дарға асқаны атқаны. 

Маған ауыр осылардың бәрінен, 

Өз аулымның иттері үріп қапқаны!»-

деген жанайқайын Қоғамдық кеңес мүшелеріне оқып беретін бір “жерлесі” табылмаған ба?!.

Таяуда ғана Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне барып, елмен кездесіп, көптеген игі шаралардың жасалатынына, оның ішінде мемориалдық кешен де бар, уәде беріп келген Қостанай облысы әкімі Архимед Мұқанбетов бұл Қоғамдық кеңестің шикі шешіміне байланысты өз ұстанымын айтады деп күтеміз. 

Қоғамдық кеңес қоғамның, яғни халықтың үні болып, әкімдік ең алдымен ұлт мүддесін қорғауы тиіс!

Қазыбек ИСА,

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Қазақ үні