НАЗАРБАЕВ НАУРЫЗНАМАСЫ

  НАЗАРБАЕВ НАУРЫЗНАМАСЫ АЙТАХАНОВ АЙТҚАН АҚИҚАТ КӨШБАСШЫНЫҢ КӨШЕЛІ ОЙЫМЕН САБАҚТАСЫП ЖАТЫР  Жыл басы мерекесі – Әз Наурыз – үш мың жылдан бері Балқаннан Орталық Азияға дейінгі ауқымды өңірде салтанатты түрде тойланып, өз бойына көптеген асыл құндылықтарды сіңірген ежелгі мейрам. Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Маңызы зор мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүлгардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдалықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Айта кетелік, UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізген болатын. Ал, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» деп аталып келеді. Наурыз мерекесі үшін мұндай халықаралық маңыз беретін бастаманы БҰҰ деңгейіне бауырлас Әзірбайжан тарапы ұсынған болатын. Кейіннен Наурыз қарарының жобасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттер – Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан мен Түркия сынды елдер қарап шығып, өз ұсыныстарымен толықтырды. Сөйтіп, Наурыз бір ұлттың немесе бір ғана мәдениеттің мәртебесі ретінде емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде өз орнын алып отыр. Әз Наурыздың қазақ хал­қының өміріндегі рөлі де – маңызды әрі ерекше. Басқасын айтпағанда, осынау Ұлыстың ұлы күнін мемлекеттік мейрам ретінде белгілеп, үш күн бойына ресми мерекелеудің өзі де осыны аңғартса керек. Расында, елімізде Наурыздан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды. Наурыз, ең алдымен, қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы болып отыр. Айрықша тоқтала кететін бір мәселе – Наурызды тойлаудың жөн-жосығы. Кеңес одағы тұсын­дағы біршама үзілістен соң, қа­заққа қайта оралған Ұлыс­тың ұлы күнін үш күн мерекелеу қатардағы үшкүндік демалыс ретінде қабылданбауы, бір ұлтқа ғана емес, жалпы жұртшылыққа ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқы болуымен шын пейілдегі жалпыхалықтық мейрамға айналуы шарт. Ал, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен, Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да, мазмұнын да кеңейте түскен орынды. Ол үшін Ұлы күнді мерекелеудің ұлттық тұжырымдамасы енгізілсе игі. Таяуда Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осы мәселені орынды қозғап, орайын келтірген еді. «Биылғы жылы Наурыз мерекесін тойлауда республика өңірлерінде әртүрлі жаңаша ой, іс-шаралар ұсынылды. Енді, өңірлердегі Наурыз мерекесін өткізуге байланысты атқарылып жатқан әр алуан іс-шараларды жинақтап, әз Наурызды терең мазмұнды, мағыналы етіп өткізудің бағдарлама-жобасын ойластырған жөн сияқты. Ұлыстың ұлы күні, жыл басы Наурыздың халқымыздың ырысы мен ынтымағының, бірлігі мен татулығының нығаюына, салт-дәстүріміздің, тіліміздің өркендеп, дамуына қосатын үлкен үлесін ескере отырып, Наурыз мерекесінің бүкілхалықтық сипат алуына, оның мазмұнын, тәрбиелік мәнін одан әрі тереңдете беру мақсатында республикада «Наурызнама» бағдарламасын (тұжырымдамасын) әзірлеп, жинақталған жақсы дәстүрді халыққа кеңінен таратуға Үкімет тарапынан ықпал етілсе екен», – деп, ұтымды ұсыныс жасады салиқалы сенатор. Қуаныш Айтаханов Үкіметке қойған сол сауалында: «Ұлыстың ұлы күні Наурызды Жаңа жыл мерекесіне лайықты дәрежеде атап өте алмай жүргеніміз туралы қоғамда әр түрлі пікірлер айтылып жүр», – дей келе, ұлық мейрамның еліміздің әр өңірінде әртүрлі деңгейде өткізіліп отырғанына назар аударған-ды. Мәселен, батыста Наурыз мерекесі 14 наурыздан «көрісу күндері» болып басталса, көптеген өңірлерде мейрам фольклорлық-этнографиялық мерекеге айналып бара жатқан секілді. Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталған. Әлбетте, Наурыз мейра­мын 9 күн бойы тойлаған оңтүстік­қазақстандықтар секілді, игі бастамаларды ескере келе, Наурызды тойлаудың жөн-жосығын әлі де тереңірек ойластыра түсу қажет. Өйткені, жасыратын несі бар, бүгінде жоғары маңыз берілген осы мейрамды жұртшылық арасында әдеттегі үшкүндік демалыс күні секілді қабылдау басым. Егер, шүкіршілігін айтсақ, халықаралық қауымдастық тарапынан ең ежелгі мерекелердің бірі болып мақұлданған Наурыздың мәртебесі көтерілсе, Қазақстан төл мейрамын тойлауды үш күнге ұзартып, мерекеге жаңажылдық сипат беретін бастапқы жорал­ғыны жасап қойған да секілді. Дегенмен, ендігі сәтте елімізде Наурызды Жаңа жыл ретінде ресми әйгілеудің кезі пісіп-жетілген сыңайлы. Күл­білтеге салмай, турасына көшсек, Әз Наурызды ресми Жыл бастауы деп жариялау кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс. Мұндай бастамаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше мәрте қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуы тиістігін әлдеқашан алға тартқан болатын. Елбасы осыдан төрт жыл бұрын, 2009 жылы: «Түбінде, біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де, түптің түбінде, өз мерекемізге келуіміз керек», – деген болатын. Ежелгі халықтар Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни, көктем келуіне байланысты атап, бұл наурыз айына тура келіп отырған. Айта берсеңіз, Рим империясында да жаңа жыл басы наурыз болатын. Тек, 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын Христостың туған күніне жақындатып, 1 қаңтарға көшірді. Содан бері христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1қаңтардан бастайды. Америка құрлығындағы мемлекеттерде де осылай. 1699 жылы Петр І Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басы «1 қаңтардан басталсын» деп бұйрықпен енгізген. Одан бұрын Ресейде Жаңа жылды Орта Азия, Шығыс елдері сияқты наурыз айында атап өтетін. Қазақ халқы Жаңа жылын әлі күнге дейін орыс патшасы І Петр енгізген қаңтардың 1-інен бастаудан арыла алмай келеді. Ендеше, бұл мәселе де – ресми шешімді күтіп отырған өзекті дүние. Жәнібек АСАН, Алматы