Украиналық депутат Жоғарғы Рада отырысына Қазақстанның туын бейнелеген киім киіп келді
2021 ж. 18 желтоқсан
2425
0
Украиналық депутат Сергей Нагорняк Жоғарғы Рада отырысына Қазақстан туының символикалары бейнеленген киіммен, қазақтың ұлттық шапанын киіп келді, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
Сергей Нагорняк Украинаның Жоғарғы Радасына Черкасск облысының атынан сайланған. «Халық қызметшісі» фракциясының мүшесі, Қазақстанмен парламентаралық байланыстар тобының жетекшісі.
16 желтоқсанда өткен Жоғарғы Рада отырысында депутат сөз алып, әріптестерін Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтауға шақырды.
"Бүгін көпшілік менің киімдеріме назар аударды. Бұл кездейсоқ емес. Бүгінде ол біздің достас мемлекетіміз - Қазақстанның мемлекеттік символикаларымен безендірілген. Бүгін Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуын атап өтуде. Мен оларды Жоғарғы Рада атынан құттықтағым келеді. Бүгінгі таңда біздің сауда балансымыз бір миллиард доллардан сәл аз. Біз оны екі-үш есе емес, он есе ұлғайта аламыз деп ойлаймын. Біздің достық тобымыз бүгінде парламенттің 40 депутатынан құралған. Осы орайда бәріміз қазақ достарымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз», - деді Сергей Нагорняк.
Айта кетейік, Украинаның “Халық қызметшісі” партиясы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясымен тығыз әріптестестік байланыс жасап келеді.
Жоғарғы Рада депутаты Сергей Нагорняк “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевқа да Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесімен арнайы құттықтау жолдады.