ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ - ТҰТАС ТҰРАН ҮШІН ТАРИХИ БЕЛЕС!

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ - ТҰТАС ТҰРАН ҮШІН ТАРИХИ БЕЛЕС!

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! 

Жүз жылдан астам айтылып келе жатқан арман - ТҮРКІТІЛДЕС ТҮГЕЛДЕНДІ деп айтуға толық болады енді. 

Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитінің ерекшелігі - сөзден іске көшіп, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ! 

Саммит Түркияның Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті. Келелі кеңеске Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ Саммитке бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан болды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте маңызды сөз сөйледі. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұның аса зор тарихи белес екенін атап өтті.

Қасиетті Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланғанын айтты.

Бірден айту керек, Қазақ мемлекеті басшысы тек Қазақ тілінде сөйледі. Енді осы Тәуелсіз мемлекет басшысының мемлекеттік тілде ғана сөйлеу үрдісі президентіміздің өзі бес тілді беске білсе де, АҚШ-қа барса да, Қытайға барса да, тіпті Ресейге барса да сақталуы керек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде елдік, жаһандық маңызы бар мәселелермен қатар өткен ғасырдың ортасында қиын-қыстауда Шығыс Түркістаннан Тибет пен Гималай асып, ауа көшкен қазақтар Үндістан мен Пәкстанға барғанда шақырып алып, бауырына басқан бауыр ел Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, сол кездегі премьер-министрі Аднан Мендерестің рухына қазақ халқы атынан тағзым етті.

– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын, – деді Қазақстан Президенті.

1952 жылы жат өлкеде жанталасып күн көрген қазақ халқына туысқандық құшағын жайып, қарсы алған қарар қабылдаған Түркия премьер-министрі, осыдан тура 60 жыл бұрын, 1961 жылы тура осы Бостандық пен Демократия аралында әскери төңкерісшілер қолынан мерт болған Аднан Мендерестің рухына қазақ халқы атынан тағзым еткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі әсерлі шыққаны сонша, Түркия басшысы Ердоған ердің өзі көзіне жас алып, жылап жібергенін жасырмады.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі де осыдан бес жыл бұрын Түркия демократиясы тарихында маңызды рөл атқарған Аднан Мендерестің қаза табуының 55 жылдығына байланысты Жолдау жасаған болатын.

Қазақ халқы үшін де ерекше орны бөлек Аднан Мендерестің есімін ұлықтауды біз де жалғастыруымыз парызымыз деп білеміз. Марқұмның рухы пейіште шалқи бергей деп тілейміз.

Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерін құттықтап сөз сөйлеген

Ердоған: «Әзербайжанның жеңісі түрік әлемі үшін ұлы маңызға ие. Қарабақтағы жеңіс түркі елдерін одан сайын біріктіре түсті» - деді.

Осы саммит қорытындысында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін екі жыл басқарған Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының Жоғары орденімен марапатталды.

Бір ғасырдан астам көтеріліп келе жатқан Түркілдес елдердің бір ұйымға бірігуі идеясын ел әрқашан қуатты қолдайтыны белгілі. Өткенде, осыдан екі айдай бұрын, 6 қыркүйекте “Қазақ үні” сайты мен осы Фейсбук парақшамыздағы “ТҰРАН ОДАҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ТИІС” атты мақаламызда “Тұран елдерінің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері одағын құруымыз керек!” деп жазғанымызда қалың оқырман қатты қолдап, үш күнде 3 мыңға жуық қолдау білдіріліп, мыңдаған бөлісу мен пікірлер жазылған болатын.

“Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түгел түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр!

Ең болмаса, туыс елдердің тұтасуын өзгеден сұрамай өзіміз шеше алатын шығармыз деп үміттенеміз.”-деп атап айтқан едік аталмыш мақалада.

Сонымен XX ғасыр басында Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен мұзбалақ Мұстафа Шоқай мен Алаш арыстары көтерген, ұлы Мағжан ақын жырлап өткен Тұран тұтастығына жүз жылдан кейін жарқын тарихи қадам басталды.

Бүгін ғана, 2021 жылдың 12 қарашасында құрылған Түркі мемлекеттері ұйымына енді екі жыл басшылық ететін Ердоған ер басқаратын Түркия Республикасы болғандықтан, ұйымның қадамы қарқынды болады деп үміттенеміз. 

Бұл жолда, әрине, түркітілдес елдер қарашаңырақ санайтын Қазақстан қарап қалмай, белсенділік танытуы тиіс.

Бұл биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отырған Қазақстанның және туыс бес мемлекет үшін, жалпы тұтас Тұран елдері үшін ерекше тарихи белес болуы керек.

Түркітілдес түгел бол!

Түркі мемлекеттері ұйымына Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары