Біздегі тіл саясаты босаң, жалтақ және жүйесіз - Бижомарт Қапалбек
2021 ж. 15 қазан
2260
4
Тіл саясаты дегеніміз – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қоғамдағы тілдік жағдаятты өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі дейді мамандар.
Ел-елдегі тілдік ахуалдың әр түрлі болуына байланысты тіл саясаты да алуан түрлі болып келеді. Тіл саясатының өзіндік сипатына қарай әр ұлттың өз ана тілінің тағдыры шешіледі. Демократиялық бағыттағы саясат ұстанған мемлекет әр этностың ана тілінің өмір сүруі мен дамуына жағдай туғызса, кей мемлекетте бірді-екілі тілдің дамуына ғана мүмкіндік туғызып, қалғандарын іс жүзінде тежеп, шағын этностардың ана тілін оларды бірыңғай мемлекеттік, әкімшілік тілге көшіруге тырысады. Осы жолда бар мүмкіншілікті іске қосып бағады. Олай болса, тіл саясаты екі түрлі бағытта жүргізіледі деп түюге болады. Бір бағыты – тілді тұншықтыру, екіншісі – тілдердің еркін дамуына жағдай жасау. Осы санақта қазақтардың саны 70%-дан асып кетеді. Енді біз жалтақтай бермей, көптің қамын жеуіміз керек, яғни қазақ тілін өзіне тиесілі аумаққа жаю үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Геосаяси жағдайға байланысты біз қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге кедергі келтіріп отырған орыс тілін Балтық елдері сияқты қатаң түрде тізгіндеуге қауқарымыз жетпеді. Бірақ бұлай отыра беруге енді болмайды. Біздің тіл саясатына қатысты қабылдаған заңдарымыз бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмай жатыр. Қазақстанда тұратын халық қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуі тиіс екендігін сезінбейді. Тіл саясаты арқылы оған қажеттілік тудырып отырған билік те жоқ. Ал мәңгілік былай бола беруі мүмкін еместігін білетін саналы топ төменнен белсенділік танып отыр. Бұл заңдылық! Өйткені, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл дегеніміз –белгілі бір мемлекеттің аумағындағы ерекше саяси құқықтық (заңды) мәртебеге ие тіл. Қазақ тілінің құқықтық мәртебесі тек мемлекет аумағында ғана жүреді. Яғни, Қазақстанның шекаралық аумағы тек қазақ тіліне ғана тиесілі. Тіл саясаты бойынша ол аумақта өзге тілдің үстемдігіне жол берілмеуі керек. Бұл да мемлекеттік тілге қатысты халықаралық нормаларда қалыптасқан талап.
Кейбір елдерде ресми тіл деген ұғым бар. Ресми тіл (лат. officialis-қызметтік; орыс. официальный язык) – белгілі бір аумақта (территорияда) таралған және белгілі құқықтық (заңды) мәртебесі бар, барынша кең қоғамдық қызмет атқаратын тіл. Ұғымдық мәні бойынша бұл да мемлекеттік тіл. Алайда құқықтық жағдайына байланысты кейбір елдерде мемлекеттік тілден ерекшеленеді. Мысалы, ағылшын және француз тілдері Канадада ресми тіл болып табылады және бірыңғай мәртебеге ие, Канада Парламенті мен Үкіметтік мекемелерде қолданылуы жағынан тең дәрежелі, тең құқылы.
Қазақстанда орыс тіліне ресми тіл мәртебесі берілмеген, бірақ Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңының (1997 ж. 11 шілде) 5-бабында «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына орыс тілі қазақ тілі мен ресми түрде тең қолданылады» деп көрсетілген. «Мені құртқан Көкшолақ» дегендей біздегілердің көбін адастырып отырған осы бап. Орыс тіліне қатысты жалпақ шешейлігімізден біздің жүргізіп жатқан тіл саясатымызды шетелдік мамандар Ресейдің құрамындағы Татарстанмен бір деңгейде деп таниды. Яғни біз мемлекеттік тілді құқықтық қамтамасыз ету жағынан тәуелсіз елдер қатарына жатпай тұрмыз. Біз бұрын да, қазір де босаң саясат ұстанып келеміз. Соның кесірінен отыз жыл ішінде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде өзіне тиесілі аумаққа толық жая алмай отырмыз. Бұл егемен елдің тіл саясаты үшін ұят нәрсе.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қорғаудың заңнамалары ескірген. 1999 жылы тамызда қабылданған Ата заңымыздың 7-бабын өзгерту қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясы
1995 жылғы 30 тамыз
7-бап
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.
2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Үңіліп қарасақ, алғашқы сөйлемде мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігі ғана айтылған, болды. Одан кейін мемлекеттік ұйымдарда орыс тілі осымен тең қолданылады делінген. Ең сорақысы мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай туғызып, қамқорлық жасайды екен. Осыдан кейін мемлекеттік тіл қалай дамысын.
Бұдан соң 1997 жылы шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңындағы барлық баптар мемлекеттік тілді қолдауға емес, тұқыртуға, оған тиесілі аумақты орыс тіліне әперуге, өз мемлекетінде өзі атқаруға тиісті қызметтерін орыс тіліне жүктеуге арналып тұр.
Қазақстан Республикасындағы тiл туралы
ҚР 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы
8-бап. Тiлдердiң қолданылуы
Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.
9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi
Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
10-бап. Құжаттама жүргiзу тiлi
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi.
Бұл санақта жетпіс пайыздан асатынымыз анық. Бұны енді жасыра алмас. Елімізді кеңес кезіндегідей ұлттар лабараториясына айналдырмай, енді өз қазағымыздың мүддесіне қарай бұрылып, мемлекеттік тіл туралы заңнамаларды өзгертуге тиіспіз. Бұл халықаралық норма, бағынайық!!!
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының вице-президенті,
филология ғылымдары кандидаты