Кітапханаға қарсы ақпараттық шабуылдың артында кім тұр?
2021 ж. 29 қыркүйек
1543
2
Соңғы бір аптаның көлемінде Ұлттық академиялық кітапханаға қарсы түрлі алып-қашпа әңгімелер әлеуметтік желіде тұрақты бірізділікпен жариялана бастады. Жасырып жабатыны жоқ, мен ақпараттық технологиялар, соның ішінде ақпараттық шабуыл дегеннің не екенін, оның онтологиялық құрылымын, оны детектрлеуді, алгоритмін, фейктік ағынды, медиа саласындағы политтехнологиялық құралдарды өте жақсы білетін адаммын.
Кітапханаға қарсы жарияланып жатқан жазбалардың барлығы еш дәйексіз посттар екенін ескерсек және әрбір постқа Мәдениет министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттіктерін тегтеу жүргізілуі тек кітапхана басшысын дескридетациялау мақсатында жасалғанына менің өзім толық сенімдімін.
Бұл кітапхана маған бөтен емес. Сонау 2013 жылы кітапхананы жазушы ағамыз Әлібек Асқаров басқарған тұста осы кітапханада алғашқы кітабымның тұсаукесері өткен еді. "Алтайдан бауырым келді" деп ағалық жылы лебізін білдіргені әлі есімде. Осы кітапханада жыр кешім өткен еді. Қазірге дейін байланысымыз үзілмей, мәдени шараларына әредік қатысып, қолдау көрсетуге тырысып бағамыз.
Осы жолы да дәйексіз сөздерге қарсы азаматтық пікірімді, ұстанымымды айту парыз санадым. Оның себебі, басшылығында да емес, қызметкерлерінде де емес. Бұл кітапхана ғой. Бұл руханияттың ордасы ғой. Өзін зиялы санайтын кез-келген өнер иесі, әсіресе, қаламгерлер қауымы, кітапхананы көзінің қарашығындай сақтау керек. Біз солай ойлаймыз.
Байқасам, әңгіменің барлығы Елдос Тоқтарбай бауырымыздың жазбасынан шыққан секілді. Елдоспен ішек-қарнымыз араласып кетпесе де, жүзтаныс адамбыз. Бұрындары Мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Жекен Қалиұлы ағамыздың жанынан көретінбіз. Кейін "Ақ жол" партиясына жобаларын ұсынып, алаштану саласында біраз еңбектер атқарған.
Өз басым кез-келген адамның дұрыс та, бұрыс та пікіріне сыйластықпен, түсінушілікпен қарауға тырысамын. Елдос Ұлттық академиялық кітапхананың Түркияда ашқан "Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығына" қатысты көңілі толмайтын жайттар бар екен. Сондағы кітап қорына да алаңдаушылық танытыпты. Ия, әлемнің 40 елінде ашылған бұл орталықтар кітапхана ішіндегі бір бөлім, бұрыш шығар. Бірақ, біз өзіміз қазір Қазақстанымызда қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашайық деп ұсыныс тастайықшы. Қай мекеме келіп бізге бір бөлмесін, немесе бір ғимаратын берер екен? Олай болса шетелдік басшылардан не күтесіз? Кітапханаларының төрінен орын бергені де үлкен мәртебе емес пе? Ал, енді сол кітапханаларға қазақ қаламгерлерінің кітаптары барып, сөреден орын алып жатыр. Енді оларды бұрышта тұр деп сүмірейтіп қою керек пе? "Заманың тазы болса, түлкі боп шал" деген. Оларды "Орталық" деп атау, ең алдымен қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттау үшін маңызды емес пе?!.
Сол Түркияға 100-ге жуық кітап апарылыпты. Соның ішінде екі-үшеуін көрсетіп, "кітаптардың сиқы осы" дегендей кейіпті, Елдос. Көңілі толмаған сол кітаптарының арасында жазушы-драматург Ермек Аманшаев ағамыздың да кітабы бар. Шамасы, шенеунік болғасын нашар жазушы деп ойлайды ма екен? Мен өзім дәл сол Ермек Әмірханұлымен қызметтес болдым Астана әкімдігінде. Шенеунік болса да, шекесінен қараған кезін көргем жоқ. Оның әдебиеттегі орны бір төбе. Жазушының қызмет етуге құқы жоқ па әлде?
Айтпақшы, 2017 жылы Бурабайда "Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт" атты жас кітапханашылардың республикалық форумы өткен еді. Сол форумға БАҚ басшысы ретінде мені де шақырған болатын, белгілі бір себептермен бара алмай қалдым. Мына суретті Елдос бауырымыз сол Үмітхан апайының жанында тұрып, суретке түскен сәті. Келбеті риза, тұрысы асқақ (фотода). Бауырымызға аяқ астынан не болды екен деп түсінбей отырмыз енді.
Кеше сол кітапханадағы жиында да ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Елдосқа деген ағалық назын білдіргенін естідік. Әйгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамызға қаратып "Үлкендер, сіздер айтсаңыздар, бәлкім, тыңдайтын шығар" деп ізет көрсетті.
Кітапханаға қатысты жазбалардың бірі Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова апамызға тиесілі. Мен Алтайдың баласымын ғой, Алтайдың тумасы, қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Қалихан Ысқақ атамыздың тәрбиесін көріп ем. Ауылға демалып келгенінде жанына еріп жүруші ек. Сол кездегі әдебиет туралы, тарихи әңгімелері жадымда жатталып қалды. Өзінің қаламдас досы Әкім Тарази ағамыз туралы естеліктері бір төбе еді. "Қалихан кеткелі мен де жазуды қойдым" деп еді бір сұхбатында Әкім көкеміз де.
Роза апамыздың да шығармашылығымен таныспын. Кеше Тұрсын Жұртбай ағамыз "алып-қашпа әңгіме зиялы адамның аузына жараспайды" деп жақсы айтты. Шынымды айтайын, мен қаламгер аға-апаларымның әлеуметтік желіде (ел алдында) өкпелі жазбалардан гөрі, өнегелі жазбаларын оқығым келеді. Соны сағынамын, күтемін. Себебі, Роза Мұқанова секілді қарымды қаламгерлердің биік дүниелерін оқығанда көңіліміз өсіп қалатыны жасырын емес. Оны өшіргіміз келмейді.
Айтпақшы, жоғалды делінген кітап та тұр екен. Бүгін кітапхана басшысы видеоға түсіріп тұрып көрсетті (фотода).
Енді осы екі тараптың арасында пікір жазып, сөз қосып үлгерген Мәжіліс депутаттары да бар екен. Өкінішке орай. Одан бөлек, өмірі сол кітапханаға ат басын бұрмаған кейбір зиялы аға-апаларымыз да байбына бармай байбалам салғанын көрдік.
Көзбен көрмей тұрып, көппен даурығу зиялы адамға, өз ұстанымы бар адамға жараса ма?
Аруағыңнан айналайын Абай бабамыз:
"Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды -
Әдеті надан адамның", - деп жазбап па еді...
Жоғарыда Елдос бауырымыздың "Ақ жол" партиясымен бірлесе атқарған жұмыстары туралы айтып кеттім ғой. Мәжіліс депутаттары дегенде сол есіме қайта оралды.
Осыдан бір жыл бұрын бүгінде Мәжіліс депутаты болып отырған қазақтың көрнекті ақыны, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса көкемізбен Ұлттық академиялық кітапханаға барып, жұмысымен, кітап қорымен, ковворкинг орталығымен танысып едік. Кейін Қазыбек көкем көлемді мақала жазып, Үмітхан Дәуренбекқызының жұмысына оң бағасын беріп, ризашылығын көрсеткен еді. Міне, нағыз қайраткердің ісі. Барды, көрді, айтты. Ал, біздің кейбір "халық қалаулыларының" барып, көруге уақыты жоқ секілді, сондықтан, дау шыққасын жалма-жан Мәжілістегі жылы орнынан пікірлерін жаза салуды жөн көрсе керек. Өз танымдары сол болса, не рауа!?
Өз кезегінде, 2020 жылы Дания Еспаева мен Сұлтан Аққұлымен болған кездесуде Ұлттық кітапхана ұжымы да «Ақ жолдың» әлеуметтік саладағы бастамаларын қолдайтынын айтып еді.
Кітапхана барып, көріп, оң бағасын, әділ сөзін айтқандарды тізе берсек соңына жетпеспіз.
Солардың ең бастысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Сенат басшысы болып тұрған 2017 жылы дәл осы Ұлттық академиялық кітапханаға арнайы келіп, қазақ жазуы мен кітап шығару тарихын бейнелейтін кітап көрмесімен және кітап қорымен, оқырман залдарының жабдықталуымен танысып Үмітхан Дәуренбекқызының жұмысына жоғары бағасын берген еді.
"Ұлттық академиялық кітапхана - халқымыздың құндылығы" деп турасын айтып еді.
Жазушының баласы болғасы ғана емес, өзі де шын зиялы, интеллектуал болғасын әрдайым осы кітапхананың өміріне алаңдаушылық танытып, кітапхана ісіне қолдау көрсетіп жүреді. Былтыр ғана Ұлттық кеңестің отырысында "Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды" деп қолдау көрсеткен еді.
Ал, менің есімде, 2017 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Астана күніне орай «Менің қалам Астана» тақырыбында поэтикалық марафон мен «Арманы асқақ Астанам» атты кітап көрмесі өткен болатын. Сол көрмеде белгілі ақын әпкеміз Оңайгүл Тұржан "Академиялық кітапханаға келгенде патшаның сарайына кіргендей боласың" деп айтқан еді. "Кітапхана күркеге айналып кеткен" деп пікір жазып жатқан зиялыларымыз депутат емес қой, Оңайгүл апамыз құсап келіп, көріп барып айтса болар еді ғой.
Белгілі саясаткер Әлихан Бәймен ағамыз да кезінде осы кітапханаға арнайы келіп 14-ғасырда Мысырда "насх" каллиграфиялық жазумен жазылған «Хаяту Хаяван» атты көне кітапты тапсырып, кітапхана жұмысына ризашылық білдіріп кеткен болатын.
Сол секілді кітапхананың бүгінгі келбетіне тамсанып, жұмысына оң бағасын бергендердің қатарында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, академик Ғарифолла Есім, ақын Серік Тұрғынбекұлы, Баянғали Әлімжанов секілді көптеген зиялы қауым өкілдері бар. Олардың барлығының пікірін жазып, жеткізуге бір мақала аздық етеді.
Тағы бір айтатын жайт, жас ақын Бауыржан Қарағызұлы да өзінің парақшасына пост салып, осыдан екі жыл бұрын Ұлттық академиялық кітапханаға ресми сауал жолдағанын, алайда жауап болмағанын айтыпты. Неге жауап бермегеніне таңданып, арада осыншама көп уақыт өткенде барып сол сауалдары есіне түсіпті. Сол кезде Ұлттық академиялық кітапханаға дәл сол секілді біз де "Қазақ үні" ақпарат агенттігі атынан оның 5-6 сауалынан да көп ресми сауал жолдаған едік. Сол сұрақтарға толымды жауап алып, "Қазақ үні" сайтына жариялап едік. Кейін кітапхана қызметкерлері хабарласып, "Мәдениет порталы" дәл сондай сауалдар жібергенін айтып, рұқсат болса "Қазақ үніне" берілген жауаптарды "Мәдениет порталы" да пайдаланса екен деп бұйымтай айтып еді. Дәл сол кезде мен Бауыржанға сол сұрақтардың жауабы біздің сайтта тұрғанын, қажет болса алып, сілтемесіз, өз порталының атынан пайдала беруіне рұқсат екенін жеке айтып едім. Бауыржан соны ұмытпауы керек еді ғой...
Ағайындар, қаламдастар, әлеуметтік жауапкершілік болмаса мына әлеуметтік желідегі жастарға қандай үлгі көрсетеміз? Кітапханадан кітап алып, оны жоғалтып, "қайтар" дегенде аяқ астынан кітапхана қызметіне сын айтып шығатындар да пайда болады ертең бүйте берсек.
Ал, енді бұл кітапхананы, ондағы игі істерді қолдайтын қауымның да үлкен екенін өздеріңіз оқып білдіңіздер. Ендігі әңгіме мынада. Сын жазып жатқандарға қарсы кітапхананы қолдап пікірлер жазылатыны да заңды ғой. Себебі, кез-келген адамның жауы да, досы да болуы ақылға қонымды дүние. Алып-қашпа әңгімелерге қарсы айтарлықтай көңілге қонымды сөздер айтыла қалса "Ит қосып, айтақтап, адам салып" деп ұрандап, аттандап шығатындар табылады кетеді.
Кешегі дауда тіпті, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан араша сұрап жатқандар да бар екен.
Осы орайда мен - "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының иегері Азамат Тасқараұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан кітапхананы жойдасыз ақпараттық шабуылдан сақтап, қорғауды сұраймын.
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханаға жасалған ақпараттық шабуыл, ертең, мысалы, Ұлттық мұрағатқа қарсы да ұйымдастырылуы бек мүмкін... басқасына да дегендей...
Бұл кітапхананың атқарып жатқан істеріне әлем кітапханашылары да үлкен бағасын берген болатын кезінде. Оған жарқын дәлел, АҚШ-тың Конгресс кітапханасы. Вашингтондағы Капитолий төбесіндегі үш ғимаратта орналасқан әйгілі Конгресс кітапханасының меңгерушісі Джоан Векс бұл кітапхананың жаңа технологияларға бағдарланғанын, олар өз қабырғаларында ғана емес, сонымен қатар бүкіл халыққа қызмет көрсетуге мүдделі екенін айтып абыройымызды көтерген еді ғой.
Өзіміздің рухани ордамызды өзіміз талап-таптауымызға не жорық олай болса?!.
Ал, осымен айтарымыз тәмам. Әркім өзінше пікір түйер, дегенмен мақсат бір, қазақ қаламгерлеріне қызмет ететін кітапханашылардың еңбегіне құрметпен қарайық. Осы мақаладан өзін танығандардың барлығын соған шақырамын.
Құрметпен,
Азамат Тасқараұлы