Асыл ағаның шарапаты

    Алаштың ардақты азаматы, аса ірі мемлекет қайраткері, ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шын мәніндегі жанашыры бола білген Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз жайлы жүрегімнің түкпірінде сақтап жүрген сырым бар. Кей-кейде жанымды шуақты нұрға бөлейтін сол бір жайға да қырық жылдай уақыт болып қалыпты-ау!.. Қайран жылдар, сағым жылдар... Жас едік, жалын едік. Қазақ Мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің студенттеріміз. Болашақ журналистерміз. Төрт жылдық стажбен оқуға түскенмін, дардай жігітпін. Ауылдың ақшаңдағында өсіп, еңбекке ысылғанымды аңғарған болар, бірінші курсты бітірген соң деканымыз Темірбек Қожакеев «Торғай облысына студенттердің механикаландырылған отрядының комиссары болып барасың» деді. Отряд командирі бір курс жоғары оқитын Ержұман Смайылов болды. Өзі көп сөйлемейтін, іскер, қажырлы жігіт еді. Бізден үш-төрт жас үлкендігі бар. «Ереке» дейміз.  Университетте жігіттерді қосымша алты айлық комбайнерлер дайындайтын арнайы курста оқытып, стипендия төлеген. Бәріміздің де «комбайнер» деген куәлігіміз бар. Қайбір жарытып оқыды дейсіз. Астық комбайнын көрмей-ақ құжат алдық. Сонымен, не керек, Жаңадала ауданының Нахимов атындағы кеңшарына қоныс тептік. Үш мезгіл тамақ береді. Екі студентке тозығы жеткен бір комбайн бөлінген. Астық орағы басталғанша жөндеп бітіріп, науқанға қатысуымыз керек. Гаражға улап-шулап барып қайтамыз. Техника тілін білетіндер жоқтың-қасы. Қолдарына кілт ұстамайтын студент-жауынгерлер де аз емес. Тілі мен жағына сүйенетіндер де жетіп-артылады. Кеуделеріне нан піскендер де баршылық ... Ержұман аға екеуміз бақылаған боламыз. Бәрі дерлік өз курстастарымыз, не дерсің, әйтеуір, ала қарға болғымыз келмейді ... Бізге назар аударып, жағдайымызды ойлап жүрген кеңшар басшылығы байқалмайды. Екі-үш күнде бір рет бригадир не агроном, әйтеуір, мамандардың бірі келіп кетеді. Негізінен, орыс азаматтары. Осындай сәттерде жауынгерлеріміз қолдарына кілт ұстап, комбайнды шұқылаған болады. Осы жылы егін орағына қалай кіріскеніміз есімде. Гараждан бөлінген жиырма шақты комбайнның оншақтысы ғана шықты. Қалғанының негізінен моторлары жарамсыз болды, отал­дыра алмадық. Орақ науқанына қатысқан комбайндардың өзі оншақты күннің ішінде істен біржолата шығып тынды. Кеңшарда екі жарым айдай болған жауынгер-студенттердің дені ішкен-жеген тамағымызға қарыз болып қалдық. Аяқ-қолымыз жарылып, күс-күс болған біздер әсем Алматымызға ілдәлап әрең жеттік-ау... Келесі жылы екінші курсты бітірген соң, деканның ұйғарымымен мен студенттердің механикаландырылған отрядының командирі болып тағайындалдым. Ержұман Смайылов бұдан үзілді-кесілді бас тартыпты. Комиссарлыққа бір курс төмен оқитын Жүнісбек Сұлтанмұратовты (қазір Астана қаласы әкімінің кеңесшісі) таңдадым. Өзі Солтүстіктен болса керек, орысшаға ағып тұр, оқу озаты, елгезек. Қырық бес студент-жауынгермен сол бұрынғы Нахимов атындағы кеңшарға табан тіредік. Дәл былтырғыдай тіршілік басталды. Екі студентке бір комбайн. Жөндеу. Егін орағына әзірлік. Командир мен комиссар бір бөлмедеміз. Күнде ерте тұрып, іргеміздегі Есіл өзеніне жүгіріп барып қайтамыз. Арадан оншақты күн өткенде мазасыздана бастадым. Бұл қалпымызбен былтырғыдай қарыз болып қайтатын түріміз бар. Жергілікті басшылардың бізге жандары ашып, қамқорлық жасайтын түрлері көрінбейді. Бұған көзім әбден жеткен болатын. «Жүнісбек, – дедім түнгі ұйқының алдында, – мен ертең шаруамен Арқалыққа кетемін. Екі күн болмаспын...». Кеңшардан аудан орталығы Жаңадалаға дейін сексен шақырымдай, тасжол атымен жоқ, кедір-бұдырлы қара жол. Әр машинаға қол көтеріп жүріп, әрең жеттім. Одан әрі Арқалыққа жету де оңай болмады, кешке қарай табан тіредім. Арзанқол қонақүйге түнеп, ертеңіне өзім көздеп келген облыстық партия комитетінің ғимаратына да жеттім-ау, ақыры... Тыңдайтын жан болса, жағдайымызды айтып, түсіндіру. Бағыма қарай, вахтада отырған милиционер түсінігі бар жігіт болып шықты. Оның үстіне, менің үстімдегі командирлік киімім де көз тартарлықтай болатын. Жасыл матадан тігілген, иығында пагоны бар еді, екі жағасына екі үлкен жұлдыз қадап алатынбыз. Бұл университеттегі орталық штабтың ұйғарымымен жасалған. Мен кезекші милиционерге жағдайымды жасырмай айтып бердім. – Обкомның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков деген кісі, – деді ол жөн сілтеп. – Түсінігі мол, керемет адам. Сол ағайға барғаның жөн болар. Екінші қабатта, сол жақтан екінші есік... Өтінішіме құлақ асқан қабылдау бөлмесіндегі жас жігіт идеология хатшысына кіріп шықты да, кіре беруіме болатынын айтты. – Студентпісің, кел отыр, – деді орнынан тұрған аға қолын беріп. Кең маңдайлы, қара торы кісінің жүзінен ерекше бір мейірім шуағын аңғарғандай болдым. Өзімнің кім екенімді айтқан соң қысыла-қымтырыла отырып, келген мақсатымның жай-жапсарынан хабардар етуге тырысып-ақ бақтым. Ағаның сұсы басқан болар, қысылғаннан маңдай терім бұрқ ете қалды. Кезінде аудандық газетте екі жылдай қызмет етсем де, осындай үлкен кісінің алдында болып көрмеген басым толқи отырып, сасқалақтай бастасам керек. – Студент, – деді аға күлімсіреп. – Әбіржіме, өзіңді еркін ұста. Бастауыңа қарағанда, шаруашылықтан хабарың бар сияқты ғой. Қай ауылдан боласың? Осылайша, ағамыз толқуымды басқандай болды. Алдымен, Шымкент облысының Киров ауданынан екенімді айтқаным есімде. Осыдан кейін сабама түскендей болдым, сөзімді шама-шарқымша байыппен айтуға тырысып бақтым. – Айтыңызшы, Өзаға, біздер, Журналистика факультетінің брінші курс студенттері, тоғыз ай бойы айына 25 сом қосымша стипендия алып, комбайншы мамандығын игердік, бұл жерге, ең болмаса, комбайншыға көмекшілікке жарамасақ несіне келдік... Бізге беретіндері тозығы жеткен ескі комбайн, «өздерің жөндеп алыңдар» дейді. Қамқорлық жасап жатқан ешкімді көрмедік. Жылда ішіп-жеген тамағымызға қарыз болып қайтамыз. Мұндай студенттердің механикаландырылған отрядтарының қажеті бар ма?... Сөз төркіні осы болды. Өзағаң телефон құлағына қол салып, Жаңадала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен қатқылдау сөйлесіп, студенттерге жағдай жасауға пәрмен берді. – Өзің естідің ғой, – деді Өзағаң қабақ қыртысы жазылмаған күйі. – Жағдайларыңды жасауға уәде берді. Отрядыңа аман-сау жеткейсің, айналайын... Кештетіп кеңшарға да жеттім-ау. Комиссарым қатты әбіржулі көрінеді. Бүгін түстен бері отряд командирін кеңшар директоры, партком хатшысы, бас агроном қайта-қайта іздеп келген көрінеді. Себебін түсіндірмепті. Жүнісбек болса мені «бір жағдайға ұшырап қалмады ма екен» деп қобалжыпты. Ертеңіне кеңшар директорының кабинетінде партком хатшысы үшеуміз сөйлесіп отырдық. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысынан «таяқ» жегендерін жасырған жоқ. Студенттердің барлығын да жергілікті озат комбайншыларға көмекші ретінде тіркейтін болып келістік. Әр комбайншының егін орағы кезінде тапқан табысының жетпіс пайызы көмекшіге тиесілі болатын болды! Солай болды да. Бұл жөнінде кезінде отряд жауынгері болған курстасым, танымал жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбаев естелігінде былай деп жазды: «Студент-комбайншылар Торғай даласын дүбірге бөледі. Алтын орақ аяқталған соң әрқайсысы бір-бір дорба ақша алып, маңдай тердің майданынан оралды. Сол дорбамен сарымұрттар мұздай киініп, ЖенПИ-дің алдына шайы орамалмен келді, ата-анасының қорасына тоқты-торым түсірді. Осының бәрінің көзін тапқан шаршау дегенді білмейтін, шашасына шаң жұқтырмайтын Сейдулла еді...». Бұл курстастың курстасқа деген ыстық ілтипаты болар. Дегенмен, шынтуайтында, бұл –ұлтының «Өзағасы» атанған, қазақ мәдениетінің дамуы жолында қажымай-талмай қызмет еткен, артына өшпестей мұра қалдырған ұлы тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің студент-жастарға деген шапағатының бір сәттік қана көрінісі болатын. Жетпісінші жылдардың студенттері, біздер, болашақ журналистер асыл ағаны көзімізбен көріп, мейіріміне бөлендік. Мұндай жүздесуді ұмыту мүмкін емес. Кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі, ұлт мәдениетінің ұйымдастырушысы, көрнекті қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қанаттастарыма ортақ шарапатын көріп, ізгілігін сезінген жан ретінде менің өзімді бақытты санайтыным да рас. Өзбекәлі Жәнібековтің Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жарқын да айрықша тұлға болғанын ешкім де теріске шығара алмайды. Өзағамыз Қазақ елі Тәуелсіздігінің қарсаңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарған жылдары (1988-1991) ұлттық мәдениеттің дәуірлеуі мен дамуының негізгі бағыттары, ұлт және тіл саясатының, ұлтаралық келісім мен азаматтық түсіністікті нығайтудың принципті қағидаларын талдап-жасаудың басы-қасында жүрді. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің, Қазақ елі тарихындағы ақтаңдақтарды жоюдың бастамашыларының бірі, қоғам өмірінде жоғары руханият пен адамгершілікті орнықтырудың жақтаушысы бола білді. Өзағам қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына зор қызмет атқарды. Қазақтың тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтап, қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамын құрды. Сондай-ақ, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Осылайша, өз ұлтын шынайы сүйген Өзағам кеңестік идеологияда қызмет атқара отырып, ұлттық идеологияны алдыңғы орынға шығара білді. Сондықтан болар, қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мәдениетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өз-ағаның сіңірген еңбегі ерекше» десе, академик-тарихшы Манаш Қозыбаев: «Өзекең өзіндік ізі бар, өзіндік ісі бар, өзіндік жігері бар, құрыштан сомдалып құйылған батыр, ғалым, қайраткер, өнерпаз азамат ретінде қазақ тарихында есімі қатталды» деп, ағынан жарылды. Қазақ елі тәуелсіздігі қарсаңында ұлттық газет-журналдарда ұлт мүддесін көздеген жарияланымдарға кең орын беріліп жатты. Басылымдар әлеуметтік-экономикалық, әдебиет және мәдениет, өнер, ұлттық мәселелер тұрғысындағы ой-пікірлерге жедел де батыл түрде қозғау салып отырды. Мақала авторларының құрамы да әрқилы болды. Осы тұста республика партия басшылығының да уақыт тынысын терең сезіне отырып, ащы шындыққа негізделген өзекті ой-пікірлерді ашық айта бастады. Айталық, Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы, ұлт мүддесінің белсенді күрескері ретінде танылған Өзбекәлі Жәнібековтің «Елдік, бірлік белгісі» атты көлемді мақаласы сол тұста кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмағаны анық («Социалистік Қазақстан», 1990. 12 наурыз). Автор Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» заң бойынша жүзеге асырыла бастаған нақтылы шараларға тоқтала келе, ұлттың болмысын, күш-қуаты мен рух-жігерін аңғартатын белгісі – ана тілінің мәселесін жан-жақты сөз етеді. Мақаланың өн бойында қайраткер-публицистің тіл тағдырына ерекше алаңдайтыны айқын аңғарылып тұрады. «Тіл – құрал дейміз, – деп жазады автор. – Құрал болғанда, ойды жеткізудің ғана емес, тәрбиенің де құралы. Ана тілінде тәрбие алған жеткіншектің есейгенде, өз халқына тән табиғи мінезді бойына сіңіре алмай қалуы мүмкін емес. Тілдің өзіндік ойлау жүйесінің өзі-ақ баланың сана-сезімін қазақы ұғымға бейімдей беретіні белгілі. Осы орайда, ата жолын – асар үмені, ерулікті, сыбағаны, ауылдың алты ауызын, қонақ кәдені, жол-жораны, жеңгелік парызды, келін ізетін, күйеу мізетін, сәлем салуды, басалқыны, көңіл айтуды, тағы басқаларды білген ұл мен қыз осындай ұғымдардың тек атын ғана жаттап алмай, затын да білетіндігіне шек келтіруге болмайды. Әңгіме отбасына, әулеттік тәрбиеге байланысты болып отыр. Біздің халықтың қанағатшылдығының өзі де көп тұста кежегемізді кейін тартқызып тұратын сияқты. ...Ал адамдардың арақаты­на­сын алсақ, туған-туысқанға мейірімділік, үлкенді сыйлау, кішіге – зиялылық, уақыт өткен сайын ұлғая түсетін қарттарға деген қамқорлық – халқымыздың ежелгі дәстүрінде болатын. Бұрын қазақта әке-шешесін немесе ата-әжесін қарттар мен мүгедектер орналастырылатын интернаттарға өткізу өте сирек кездесетін. Керек десеңіз, қоғамға жат осындай пиғылға жол бергендер елден кетуге мәжбүр болатын. Ал, қазір интернатқа орналасу үшін кезекке тұратындардың ішінде қазақтар аз емес. Сәбилер үйіне тапсырылып жатқан нәрестелердің де көпшілігі қазақ балалары». Бұдан әрі автор «Тіл туралы» заңды жүзеге асыруға орай істеліп жатқан шараларға тоқталып, бұл бағыттағы маңызды жұмыстың шын мәнінде босаңси бастағанына қынжылыс білдіреді. Оның астарында мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету, транспорт пен байланыс, сауда жүйесіне ендіру мәселесіне, республикалық министрліктер мен мекемелердің, облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің, қоғам, ұйымдары мен кәсіпорындардың мардымсыз, немқұрайды істеріне реніш жатыр. Ал бұл аз болғандай ішкі істер, жергілікті өнеркәсіп министрліктері, телерадио-хабар комитеті, тағы басқа үкімет орындары қазақша іс жүргізуге, қостілділікке байланысты мәселелерді талқыламаған. Қазақ КСР Ғылым академиясынан басқа бірде-бір мекемеде қолма-қол аудару ісі ұйымдастырылмаған. Министрліктердің басым көпшілігінде, кеңестер мен қоғамдық ұйымдарда шешендерді қазақша сөйлеуге дағдыландыруға, азаматтарға шағым тілімен жауап беруге, іс қағаздарын, жарнама материалдарын, нұсқаулар мен ұсыныстарды қазақша аударуға мән берілмей келе жатқаны анықталған. Билік басындағылардың, басқасы басқа, тіпті қарапайым халық үлкен сенім артып, қошеметтеген депутаттардың басым бөлігінің ең қастерлі қазынамыз – ұлттық тілге деген немқұрайдылығының, селсоқтығының ел тәуелсіздігінің туы биікке көтерілген қазіргі шақта да белең алып тұруы публицист-жазушыларды, мәдениет адамдарын бей-жай қалдырған емес. Бір сәт шегініс жасап, еске түсірейік. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялаған қаулы 20-жылдарда да болған. Бірақ, оны ендіруге келгенде, жауапкершілік жетіспеді, заманның ыңғайы мүмкіндік бермеді. Сол жылдары Жүсіпбек Аймауытов секілді көзі ашық азаматтардың орысша оқулықтар мен кейбір еңбектерді қазақшалап, тілімізді жаңа сөздермен, терминдермен байытуға күш салғаны рас. Бұл салада, әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі айрықша болды. Осындай игілікті істер 30-шы жылдарда мүлдем тоқтап қалды да, қазақ тілінде іс жүргізуді былай қойғанда, оқулықтардан басқа жаратылыстануға, техникаға, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, сауда-саттыққа байланысты әдебиет мүлдем шықпайтын болды. Сөйтіп, мемлекеттік тілге ауадай қажет бір тармақ – ғылыми және техникалық тіл дамымай қалды. Ал, әдебиет пен өнер, тіл білімі саласында шығарылған азды-көпті еңбектер қазақ қоғамының, оның тілінің жан-жақты дамуына ықпал ете алмады. Публицист-қайраткер жо­ғарыдағыдай өзекті мәселелерді алға тарта отырып, «Мәртебе – мақсат емес. Мақсат – тілді дамыту. Мәртебе – сол мақсатқа жетудің құралы. Әйтсе де, қазақ тілінің көсегесі өзінен өзі көгере қалмайтынын әрқайсымыздың түсінгеніміз қажет», – деп мәселені қабырғасынан қояды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ұрпақ тәрбиесін жақсартуға, ұлттық мәдениетті дамыту ісіне, халқымыздың дәстүрлі өнерін әлемге танытуға орасан зор үлес қосқан жан. Кеңестік дәуірде ұзақ жылдар бойы комсомол, партия және кеңес қызметтерінде жүріп, ұлт мүддесін бір сәт те естен шығармаған асыл азамат. Өз-ағаңның еліміз тәуелсіздігі жылдарында жазған жазбаларынан жалынды публицистік леп айқын аңғарылып тұрады («Тағдыр тағлымы. Естеліктер» I, II кітап. – Алматы: «Рауан», 1996, – Алматы: «Рауан», 1997). «Өзекеңнің ауқымға сия бермейтін сан қырлы талантына тәнті боласың, – деп жазады академик інісі Өмірзақ Айтбайұлы. – Соның бәріне қалай үлгерген, шіркін, Алла тағала біраз өмір бергенде, мына түрленбелі заманның қилы-қилы қылығын таратып-талдап берер әлі талай дүние ағынын байқағандай боламыз. «Әттең, дүние-ай!» деуден басқа біздердің қолымыздан не келеді?.. Тек Өзекеңнің осы жазып кеткен дүниелерін игеріп, тастап кеткен үлгі-өнегесін бойға сіңіре алсақ, соның өзі аруақты азамат алдындағы парызымызды өтегендей етпей ме?! Оның қазақ халқы үшін, бүкіл Қазақстан үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғажабы, ол ешқашан жеке басының, отбасының, ағайын-тумасының мүддесін ойлаған емес. Ел, халық, қоғам, ұлт мүддесі үшін жанын салған жан еді. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, Өзбекәлі туралы айтып тауыса алмас әңгіме басталады» (Өзбекәлі Жәнібек және ұлттық тіл, мәдениет// Қазақ елі. 2006, 13 желтоқсан). Біз де қолымызды кеудемізге қойып тұрып, осынау жүрекжарды ой-пікірлерге қосыламыз. Сейдулла Садықов, филология ғылымдарының докторы, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті