ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес! - Қазыбек Иса
2021 ж. 01 қыркүйек
2778
8
Сондықтан, Президент айтқан бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
Өйткені, МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана!
Ал кез келген өзін сыйлайтын ел үшін алдымен әлемдік алты тіл емес, ең бірінші Мемлекеттік тілі маңызды!
Қазақстан Президентіне: “Мен қай елде өмір сүріп жүрмін? Бізге өз тілімізді беріңіздер, өз тілімізде сұрағанда нанымызды беріңдер!” деп, көзіне жас алып, қамыққан, қорланған қазақтарға кім жауап береді біздің елде?
ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ!
30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?
Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылғанмен, бұл орыс тілі Қазақстанда ресми тіл дегенді білдірмейді! Бұл туралы Конституциялық Кеңес 2007 жылғы 23 ақпандағы қосымша Қаулысымен бекітіп берген.
Яғни, Конституция бойынша орыс тілі тек “мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады". Тағы да айтамыз, “РЕСМИ ТҮРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН ТЕҢ ҚОЛДАНЫЛАДЫ”-деген сөз РЕСМИ ТІЛ деген СТАТУС БЕРМЕЙДІ Конституциялық Кеңес Қаулысы бойынша.
Ал шу мен дау, мемлекеттік тілдің заңсыз қорлануы мемлекеттік немесе жергілікті басқару органдарынан гөрі дүкендер мен мейрамханаларда, қоғамдық көліктерде, жекеменшік көпшілікке қызмет көрсету орындары мен банктерде тб болуда.
Осы жерде бес жыл бұрын “Қазақ үні” газетінде жарияланған “ҚАЙ ТІЛГЕ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ!”-деген мақаламызды қайта жаңғыртуға тура келуде!
Қашан Мемлекеттік тілдің мәртебесі жеке дара анықталатын заң қабылданғанша көрген күніміз осы болса керек…
Конституцияда да, Тіл туралы заңда да ең жоғары статус - мемлекеттік тіл статусы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды. Сондықтан сауатсыздардың (министр ме, әкім бе, депутат па, сатушы ма, бәрібір) қандай да бір орыс тілінің мемлекеттік тілмен бірдей «мәртебесі» туралы "ережелері" МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ қасында бос сөз болып табылады!
2007 жылы Мәжіліс депутаттары, ақын Мұхтар Шаханов пен ғалым Амангелді Айталы бастаған бір топ депутаттың: "Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?" деген сұрағына Конституциялық Кеңес: " Атазаңның 7- бабы 2-тармағы бойынша "Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады"-деген сөз - орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей статус бермейді."-деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 ж. 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысымен жауап берген.
Яғни, "орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей" -деген сөз ойдан шығарылған, орыс тілінің құқын асыра пайдаланған орыс тілділер жасап алған жалған "статус".
Сондықтан,
«Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымдану - ЗАҢСЫЗ!
Өйткені, ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ!
Конституция бойынша да, Тілдер туралы заң бойынша, сауал немесе өтініш орыс тілінде бола ма, өзге тілдерде бола ма, бәріне Сіз ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ жауап берсеңіз – ОЛ ЗАҢДЫ!
«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып – қазақ тілі танылады және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті.
9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi. Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi. «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.»-деп жазылған.
Яғни, Тілдер туралы Заңның 4- 9-11 баптары бойынша азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан түскен арыз-шағымдарға жауапты, олардың қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қайтаруға құқылы!
Тұтынушылар құқы туралы заңның 24,25 баптары бойынша да тұтынушыға қазақ тілінде жауап беруі керек дүкен қызметкерлері қожайынынан сатушысы, тіпті күзетшісіне дейін.
Яғни, Сіз қай тілде, орыс тілі ме, ағылшын, қытай тілі ме, шүршіт тілі ме, т.б. тіл ме, сұрақ қойылса да, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ.
ӨЙТКЕНІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢЫМЫЗДА ОСЫЛАЙ ЖАЗЫЛҒАН.
Ол үшін Сізді ЕШКІМ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРА АЛМАЙДЫ. ҚАЙТА ПАТРИОТТЫҒЫҢЫЗ ҮШІН АЛҒЫС ХАТ, қалауы болса, тіпті сыйақы беруі керек!
Яғни, біз Ақордадан бастап, ауылға дейін бір нәрсені анықтап алуымыз керек!
Тілдік дискриминацияға ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес! Мемлекеттік тіл дискримацияға ұшырауда, Ресей мен біздің орыстілділер шулағандай, орыс тілі емес!
МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана кездесуде!
Сондықтан да мен кезінде Қарағандыда қазақ тілінде дүкеннен нан сатып ала алмаған студент Дастан Жақыпов туралы “Қазақ үні” ұлттық порталында “Қазақ тілінде бір бөлке нан мен су сатып ала алмайтыныма күйінемін...” - деген мақала жаздым. Оралда қазақша такси шақыра алмай, жолда қалған жұмыссыз Нұртай туралы жаздым
Енді міне, Павлодарда қазақ тілінде азық ала алмай аш қалған, Қазақстан Президентіне: “Мен қай елде өмір сүріп жүрмін? Бізге өз тілімізді беріңіздер, өз тілімізде сұрағанда нанымызды беріңдер!”деп, көзіне жас алып, қамыққан, қорланған қазақ жігіті Асылбектің видеосы әлеуметтік желіде тарап жүр. Оған кім жауап береді біздің елде?
ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ!
30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?
Отыз жылда қазақша нан сұрай алмасақ, ұлттық идеологиямыз 30 жылда түк бітірмегені ғой!?.
Кеше ғана Мемлекеттік тілдің статусы туралы және ресми тіл деген статустың жоқтығы туралы
“Хабар 24” арнасындағы “Анығын айтқанда” хабарында Анығын айттым!
Павлодарда Руза, Өскеменде Жұлдызай, елордамызда Оғыз Доған, Жасұлан Иса, Мұқағали Балқыбай, жарты Қазақстанды аралап шыққан Керекулік Диас,
Алматыда Қуат Ахмет, Садық Жанықұл, Жанар Жахат және тб жетіскеннен Мемлекеттік тілді талап етіп жүрген жоқ көшеде. Мемлекеттік тіл туралы заңдылықты - Мемлекет мүддесін қорғап жүр!
Заңдылықты қадағалаушы Бас прокуратураның, құқық қорғаушы Ішкі істер министрлігінің, заңды бақылау функциясынан айрылып қалған Тіл комитетінің жұмысын істеп жүр!
Ресейде мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткендерді “ұлтшылдар” деп айыптауға бола ма? Ендеше, Қазақстанда да мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету - заңдылық!
Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстарда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, -датталасың, тіпті сотталасың! Ең болмағанда, елден қуылып, бас сауғалап кетесің?
Қазір Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы қаралуда. Осы заң жобасында депутаттардың ұтымды ұсыныстары толық қабылданса, ешкім көше кезіп, дүкен-кафе аралап, мемлекеттік тіл мәселесінде дау болмас еді…
Ал қабылданбаса, көшеге шығудың көкесі сонда болады, дау көбейе береді. Бұның соңы бітпес дауға, тіпті толқуға апарып соғады. Бұл ең маңызды тіл мәселесіне үкіметтің жайлы кабинеттерінен шықпай-ақ, қара көзілдірік арқылы үстірт қарап, көзбояушы жалған ақпараттар арқылы хабар алып отыру мәселені ушықтыра береді.
Өйткені, біз осы заң жобасына Тіл басқармалары үш жыл бұрын айрылып қалған кәсіпкерлік мекемелерді тілдік бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске қайта ұсынып отырмыз. Ал оған Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасы келісім бермей қарсы болып отыр әлі. Жарты жылдан бері Үкімет келісімі алынбағандықтан бірінші сессияда қабылдануы тиіс заң жобасы екінші сесияға қалуға мәжбүр болды…
Оларға Қазақстанның 80 пайыздай қазақ азаматтарының тілдік дискриминацияға ұшырауы, әр жыл сайын көрнекі ақпараттардағы 13 мыңға жуық мемлекеттік тілдегі мазақ қателердің қаптауы түк әсер етпейтін секілді…
Қазір елдің ең басты мәселесі Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануы болып тұр. Бұл Жер мәселесі секілді елдің ең басты жанды жері! Сондықтан да былтыр “Қазақ үні” ұлттық порталында бір айда 125 мыңнан астам адам Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, Президентке жазылған Ашық хатқа қол қойды.
Енді мынау Көрнекі ақпарат туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасына бұрын Кәсіпкерлік Кодекстен алынып тасталған тілдік бақылау функциясы қайта қосылмаса, бұл үлкен шуға ұласады. Өйткені депутаттардың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы бұл баптың қайта қосылуға ұсынылғанын ел жақсы біліп, қатаң қадағалап, нәтижесін асыға күтіп отыр.
Бұл бақылау функциясы қайта енгізілмесе заң жобасының мәні қалмайды.
Әрине, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМЫМАУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КІНӘСІ!
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙ, ТІЛ ДАМЫМАЙДЫ деп талай жаздық. “АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ” - деген жанайқай мақаламызда бәрін ақтарып айттық.
Бірақ бұл бәрімізге, қазақтарға, бізге, қазақтілділерге де байланысты. Біз мемлекеттік тіл статусын заңға сай талап ете алмаймыз. Ал орыстілділер ресми тілді мемлекеттік тілден де асырып, заңсыз пайдаланып отыр. Де-факто орыстілі мемлекеттік тіл рөлін иеленуде. Бұл жерде заң емес… жеке тұлғалық қасиеттер көп рөл ойнайды. Егер екі тілдің статустары керісінше болса, қайтер едік… Онда жаңбыр жаумай езіліп жүрген қазақ тілі мүлде құрып бітер еді…
ЕНДІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Енді бізге » МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙМІН!» деген шектеусіз акцияны бастайтын уақыт баяғыда жетті!
Қазір Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толғанда, енді "Қазақстандықтардың бәрі қазақша сөйлеуі тиіс" дейтін кез келді. Бұл қарапайым халықтың ғана талабы емес, “Қазақстан -2030” стратегиялық бағдарламада бекітілгендей, Үкіметтің өзінің Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша да қазақстандықтардың 2020 жылы 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп көрсетілген.
Бұл бағдарлама бойынша 2014-2016 жылдары мемлекеттік және халыққа қызмет көрсететін барлық мекемелер мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек болатын... Иісі де сезілмейді... Ал енді біздің елде заңдарымыз да, бағдарламаларымыз да, елбасы мен президент тапсырмалары да іске аспайтынына көзіміз жетті.
Енді НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Біріншіден, ол үшін жоғарыда айтқандай, барлық жерде, кімге, қай ұлттың өкілі болса да, тек МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ - ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ сөйлеуіміз керек. Осылай құлдық құлықтан құтылмай, мың жерден заң болған күннің өзінде де, қазақ тілінің жаппай қолданылуы қиын. "Заң жақсы болғанмен, шенеуніктер нашар болса, ол орындалмайды"-деп бір данышпан айтқандай, мемлекеттік қызметкерлеріміздің көбісінің (министрлер,әкімдер, депутаттар, т.б.) мемлекеттік тілді игеруге, яғни, заңды орындауға сауаттары жетпейді. Сондықтан да, көпшілік орындарда, дүкендерде де, жиындарда да, барлық жерде қазақ тілінде сөйлейік. Министрлерге, әкімдерге, мемлекеттік қызметкерлердің бәріне, қандай ұлт болсын, мемлекеттік тілде сұрақ қойып, мемлекеттік тілде жауап талап етіңіздер. Бұл заңмен бекітілген ереже. Сізге орыс тілінде немесе өзге тілде сұрақ қойса, тек мемлекеттік тілде жауап беру керек.
Ал бұл біздің қолымыздан келе ме? Құл болсаң, келмейді. Өйткені, құл қожайын тілінде (орыс тілінде) сөйлеуге құмар болады. Ұл болсаң, келеді! Өйткені Ұл өз тілінде сөйлейді!
Екіншіден, бізге жетіспей келе жатқан тағы бір өте өзекті мәселе бар. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік органда немесе жеке мекеме, дүкендерде тб. аяққа тапталғаны туралы заңдылықты қадағалау органы – Прокуратураға арыз жазып отыру керек. Біздің ең басты кемшілігіміз – заңды түрде шағымданбаймыз. Үндемей сорлы күйінде Қазақ елінде тұрып, титтей дүкеншік сатушысынан бастап, министрге дейін Ресей тілінде жауап беріп тұра береміз. Мықтағанда, айқайласамыз да, кетіп қаламыз. 30 жылдан бері бір қалада прокуратураға 1 күнде 100 арыздан түсіп отырғанда, бүгінде бүйтіп, қазақша нан сұрай алмай отырмас едік. Ал өзге ұлт өкілдері «Орысша жауап бермеді» деп, 30 жылдағы бірер ғана заңдылыққа ЗАҢСЫЗ шағымданып, арыз қалдырады. Сондықтан олардың заңсыз сөздері де заң орындарына өтімді.
Біз Президенттің кешегі жолдауынан да өзімізге керегін алып, насихатымызға пайдалана білейік. Өйткені, әркім өзінің күнделікті сөйлеп жүрген тіліне ыңғайлап, көрпені өздеріне тартып тәпсірлеуде.
Мысалы, орыстілділер президенттің орыс тілі туралы айтқанын таратуда, ал қазақ тілінің мемлекеттік статусы жайында айтқаны туралы еске де алмауда, бір де бір рет жазған жоқ! Ал біздің кейбір тіл жанашырларымыз сол орыстілділердің шотын шауып, солардың жұмысын істеп, президенттің жолдауда орыс тілі туралы айтқан сөзін таратып, (“неге айтты?” десе де, сол сөзді жариялау да, соларға жұмыс істеу болады) оларға ұпай қосуда.
Одан да баяғы кеңестік ескі жолымен , ескі арбасын салдырлатып келе жатқан ескі “кеңесші” Ертісбаев сияқты қазақ тіліне қарсыларға қарсы жауап беру керек! Ошакбаев екеуі президенттің орыс тілі туралы айтқанын ғана іліп алып, бұрмалап отыр эфирде. Мемлекет басшысының “бір ғана мемлекеттік тіл бар” дегенін құлақтарына да қыстырмай, тіпті орыс тілін қайта екінші мемлекеттік тіл қатарына апарып қосып қойды. Осы ертісбаевтар ғой осылай елге іріткі салатын - Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп жүрген Тіл қорғандары емес!
“Атазаңымызда бір ғана Мемлекеттік тіл бар - бұл Қазақ тілі!" - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретініне баса назар аударды.
"Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі.”-деді.
Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін айтты. Себебі бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.
Яғни, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдан аса дау болып келе жатқан, Ақордадағы лауазымды шенеуніктерден,
Үкімет басшыларынан бастап, үйшіктегі сатушыларға дейін, кейбір “саясаттанушы”, “тілтанушыларға” дейін “Бізде мемлекеттік тіл -екеу»-деп, өздері де шатасып, елді де адастырып жүргендер жайып жіберген жаңсақ пікірге нүкте қойды!
Сондықтан, сол Мемлекет басшысы айтқан бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен (олар орыс тіліне қарсы болып отырған жоқ, дискриминацияға ұшыраған Қазақ тілінің қатарға ілінуі үшін қайрат етуде) елдің нағыз патриоттары, Тіл күрескерлерін қудалағанша, қорған болуымыз керек!
Өйткені олар Тәуелсіздік қорғандары!
Келесі жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды “Ақ жол” партиясы өз депутаттық бастамашылығымен қолға алмақ.
Елдің ең басты мәселесі - Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданбай бұл дау ешқашан бітпейді, қайта өрши түсе береді.
Біз мұны Мұрат Мөңкеұлы секілді зар заман ақындары біліп зарлағандай, ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ!
Қазыбек ИСА
Қазақ үні