Қазыбек Иса: Қазақ тіліне қарсылар - өзге ұлттар емес, биліктегі шенеуніктер
2021 ж. 27 тамыз
2524
3
Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса танымал сатирик Көпен Әмірбектің "Жол-жөнекей" бағдарламасына сұхбат беріп, көптеген өзекті сұрақтарға жауап берді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұхбат барысында депутат ақындық, журналистік қызмет, ұлттық мүдде мен мемлекеттік тіл үшін күрес секілді келелі тақырыптар аясында сөз қозғады.
- Конституцияда 7-баптың 1-тармағы Мемлекеттік тіл деген "газ" болса, 2-тармағы, яғни, ресми тіл - орыс тілі деген ол "тормоз". Бізде "газ" емес, "тежегіш" істеп тұр. Мемлекеттік тілді міндеттеу керек болса, оның тетігі болу керек. Соны іске асыратын "Мемлекеттік тіл туралы заң" болу керек. Бізде ол жоқ. Бізде "Тілдер туралы заң" 1989 жылы Кеңес одағы кезінде қабылданған заң, соны 1997 жылы "косметикалық" өзгеріс жасап қоя салды. Мемлекеттік тіл деген - үстемдік. Ал, бізде Мемлекеттік тіл үстем бе, екінші тіл үстем бе?!. Қазақстанның ұлтаралық қатынас тілі - қазақ тілі болуы керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш президент бола салысымен осы мәселені айтты, - деді Қазыбек Иса сұхбат барысында.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты "Қазақ тіліне қарсы шығып жүрген өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің билікте отырған шенеуніктер. Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін жалғыз ел - Қазақстан. Бұл - парадокс" деді.