ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ МАЙДАНЫНДА ШЕГІНЕТІН ЖЕР ЖОҚ
2021 ж. 22 тамыз
3045
3
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса 2021 жылы 17 шілдеде Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында депутаттық жұмыс жоспарына сай шығармашылық және қоғамдық ұйым басшыларымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Шіліңгір шілденің қақ ортасы, демалыс күні болғанына қарамастан арнайы шақырылған ел мұңын мұңдап жүрген қаламгерлер мен қайраткерлер түгелге жуық келді.
Қазыбек Иса зиялы қауым алдында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі “Ақ жол” партиясы фракцияның ұлттық идеологияға байланысты, мемлекеттік тіл мен мәдениеттің жағдайы, Алаш арыстарын ұлықтау мен қандастар көшіне қарқын беру, жалпы ұлт мүддесін қорғаудағы қайраты жайлы есеп берді.
Жиында биік елдік мақсаттар бағытында келелі әңгіме қозғалды. Өз кезегінде жиналған ағайын да көптен көкейде қордаланған ой-пікірін іркіп қалмады.
Аты мен атағы әлемге әйгілі Дулат Исабеков пен ұлт мүддесін қорғаудағы батыл күрескер, белгілі қаламгер Смағұл Елубаев ағаларымыз бастап, театр тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов пен белгілі қалам және қоғам қайраткері Marat Baidildauly (Тоқашбай) қостаған бұл жиындағы тереңнен тартып, қиядан қозғаған қазақтың зары Жазушылар одағы қабырғасын қайыстырды десек те болады…
Жазушылар одағы төрағасы орынбасары Бақыт Беделхан,
Суретшілер одағы төрағасы Өмірбек Жұбанияз, белгілі театр әртісі Асқар Наймантаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы кеңесшісі Ержан Алаштуған және тб ұтымды ұсыныстар мен пікірлерін білдірді.
Жиынға белгілі ақын Kadyrbek Kunypiauly, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы директоры Райхан Имаханбет және “Қазақ үні” газеті бас редакторы, қаламгер Kultoleu Mukash, “Қазақстан” ұлттық арнасы және Алматытв арнасы тілшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазыбек Иса сонымен қатар сол күні Суретшілер одағына барып, бейнелеу өнері шеберлерінің жағдайымен танысты. Олардың зары өз алдына бір бөлек жыр.
Түстен кейін Мәжіліс депутаты Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайымен танысты. 30 жылдан бері мемлекет балансына алынбай, өз күнін өзі көріп келе жатқан мұражайдың тегін шырақшысы Райхан Имаханбеттің мұңы тіпті шерлі.
Біз бүгін оқырман назарына Қазақстан Жазушылар одағындағы жиында қозғалған маңызды мәселелерді қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
БАСТЫ МАҚСАТЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАТУ
– Қазір барлық Мәжіліс дептутаттары каникулға шығып, ел аралап жүр. Өзім де күні кеше Алматы облысының Жаркент өңірінде бес жерде кездесу өткіздім. Негізінен, Мәдениет үйлерінде болған жүздесулерде Ұлтқа, Ұлттық рухқа қатысты жәйттер сөз болды; мәдениеттің жағдайы, Мемлекеттік тілге қатысты міндеттер қаузалды. Ертең де жер-жерде сайлаушылармен кездесеміз. Ал бүгін сіздердің алдарыңызға есеп беруге келіп отырмын десем де болады.
Биыл Парламенттің алғашқы сессиясындағы алты айда жеті депутаттық сауал жасаппын. Атап айтқанда, бұлар жалпы идеологиямызды, Ұлттық мүддені, Мемлекеттік тілді қорғау, Алаш қайраткерлері есімдерін ұлықтау, олардың ескерткіштерін ашу, халқымыздың деморграфиялық өсімін көбейту, қандас ағайындарды көшіріп әкелу, Жер мәселелелеріне бағытталған. Ал соңғы жасаған сауалым елдегі руханият пен мәдениеттің мәселесі, шығармашылық одақтардың жағдайына арналды.
Бұл депутаттық сауал жасар алдында, нақтырағы, маусымның 3-і күні қазақ Парламентінің тарихында болмаған жиын өткіздік. Дөңгелек үстелдегі әңгімеміз үш сағатқа созылды. Және әңгіме тек мемлекеттік тілде жүргізілді. Оған көптеген шығармашылық одақтар мен түрлі қоғамдық ұйымардың өкілдері, сондай-ақ үш вице-министр қатысты. Жиынға бүкіл республика бойынша облыс басшыларының орынбасарлары мен басқарма басшылары келді.
1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде түрлі бағытта қызмет етететін 100 ғана ұйым болған. Қазір 22 мың ұйым бар. Айталық, бұрын Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, Сәулетшілер... Театр қайраткерлері одақтарын ел егемендігі жарияланған жылдарға дейін мемлекет қаржыландырып келді. Ал 1992 жылдан бастап бұлардың жағдайы күрт нашарлады. Себебі, баяғыдай Үкімет тарапынан қаржыландыру кілт тыйылды. Осылайша, бұлар өз күнін өзі көруге көшкен.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев былтыр мәдениеттің мүшкіл жағдайын ескеріп, Шығармашылық одақтарды қолдау қорын құрғызған еді. Яғни, бұларға 257 млн. теңге қаржы қарастырылды. Қуанып, бөрікті аспанға ататын-ақ жағдай емес пе! Алайда осы қаражат мүлде игерілмей қалды. Алдыдан «шығармашылық одақтардың ұсынған құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмейді» деген кедергі шығады. Бұлар да оңай беріскісі келмей: «Жоқ, біз бәрін дұрыс өткізгенбіз, іс кері тартқан Үкіметтің өз кемшілігінен жүзеге аспай қалды!» деген уәж айтады. Қысқасы, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, дұп-дұрыс басталған шаруа аяқсыз қалған. Сөйтіп, «Кедейдің аузына сүт тисе мұрны қанайды» – шығармашылық одақтар Құдайдың өзі беріп тұрған осынау қыруар қаржыдан жер қара, күн жылыда айырылды да қалды.
Негізі, бұл жерде министрлікті де кінәлауға болмайтын сияқты. Өйткені, жоғарыда айттық, қазір Қазақ елінде 22 мың ұйым бар екен. Өкінішке қарай, ұлттық рух беретін, елдік тәрбиеге баулитын біздің Жазушылар одағы, композиторлар, театр қайраткерлері, суретшілер одақтары мен …ит үйрететін одақтардың заңдық жағдайы бүгінде бірдей болып тұр. Нағыз қорлық деген, бәлкім, осы шығар. Ендеше бұл келеңсіздікті қалай реттейміз? Тығырықтан қайтіп шығамыз? Әлде осылай жылап жүре береміз бе?
Меніңше, бұл ділгірлікті шешудің бірден-бір жолы – қастерлі Ұлттық мүддені көздейтін ұйымдарға жеке “мемлекеттің стратегиялық серіктестігі” деген статус беруіміз керек. Сонда ит үйрететін одақтардан бөлектеніп, жеке сыбағасы, өз қаржысы бар ұйымға айналамыз. Міне, өткенде Парламент төрінде осы мәселені де көтердім.
Мәдениет – қай кезде де мәдениет. Дамушы елдерде де, дамыған мемлекеттерде де мәдениет әрдайым алдыңғы орында тұрады. Парламент Мәжілісіндегі мәдениетке арналған депутаттық сауалымда кезіндегі Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчильдің сөзін мысалға келтірдім. Екінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұс екен. Қаржы министрі Черчильге жылдық бюджетті әкеліп көрсетеді. Сонда премьер-министр: «Мұнда мәдениет саласына бөлінген қаражат көрсетілмепті ғой! Бұл қалай?!» деп сұрайды. «Қайдағы мәдениет?! – деп таңырқайды сонда министр, – қазір қан майдан жүріп жатқан жоқ па?!». Сонда Черчиль министрге шаншыла қарап: «Егер біз мәдениетімізді сақтай алмасақ, онда не үшін соғысып жатырмыз?!» деген екен.
Мен Мәжілісте осыны айта келе:
– Иә, бұл соғыс кезіндегі жағдай еді. Ал Қазақ елінің Тәуелсідік алғанына отыз жыл болды. Берекелі, мерекелі бейбіт өмірде Тіліміз бен Мәдениетімізді қорғай алмасақ, мына жерде не үшін отырмыз?! “Мәдениетің мен Тілің қажет болмаса, онда шекарамызды ашып тастайық! – деп, Нобель сыйлығы лауреаты Нельсон Мандела турасын айтқан!”-деп мәлімдедім.
Әрине, мұның бәрін босқа айтқан жоқ едім. Біз кезінде «Алдымен – экономика, сонан кейін саясат» дедік те, Ұлттық идеологияға мән берілмеді. Мәдениет те кенже қалды. Кітапхананың қажеті жоқ дедік. Ел ішіндегі театрлар жабылды. Енді осының бәрін қайтадан қолға алып жатқан жайымыз бар.
Парламентке барғандағы қолға ала бастаған шаруам да, негізінен, Шығармашылық одақтар мен Мәдениеттің, Мемлекеттік тілдің жайы-тын. «Ақ жол” партиясы арқасында 2007 жылдан бері Парламент тарихында тұңғыш рет Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстарының есімдерін ұлықтау жайы қозғалды. Мысалы, таяуда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш серкелерінің ескерткішін ашты. Бұл да біздің “Ақ жол” партиясы фракциясының депутаттық сауалдары далаға кетпегенінің көрінісі еді.
Сол секілді, біз 1993 жылы сырт елдерден 50 мыңдай қандасымызды қабылдаппыз. Бұл – Тәуелсіздік алғаннан бір жыл өткендегі көрсеткіш. Яғни, есіміз жиылып, етегіміз жабылмай жатқан күндердің өзінде он мыңдай отбасы көшіп келіпті. Сөйтіп 2009-2011 жылдары, әр жылы жүз мыңнан аса қандасымыз квота бойынша келіп жатты . Ал осы жағынан бүгінге дейінгі отыз жыл арасындағы көрсеткішке қарасақ, биыл 1425 адамға ғана квота бөлінген. Демек, сонау 2009-2011 жылдардағы деңгейден жүз есе төмен құлдырап кеткенбіз! Басымызға не көрінді?!
Бізде Ұлттық қауіпсіздік туралы заң бар. Соның ішінде халықтың санына көп мән беріледі. Қазақ елі жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алады деп мақтанамыз, ал осы аумақтағы тұрғындардың тығыз орналасуы жағынан сексен жеті-сексен сегізінші орында екенбіз. Осы себептен де бала туу мен шет елдердегі қандастарымызды көшіріп әкелу арқылы қалайда халық санын көбейтуіміз қажет.
Сырт мемлекеттерде бес миллионннан аса қандасымыз тұрады екен. Олардың бір жарым миллиондайы келуге даяр отыр. Олай болса, туыстарымызды тарту көрсеткіші жағынан әлгіндей жүз есе құлдырап кетуіміз санаға сыя ма?
Пайымдап қарасақ, оның себебі Көші-қон жөніндегі агенттікті ырду-дырдумен таратып жіберуімізде жатыр екен. Және мұнымен бірге сырттағы қандастарды тапсырыс беріп шақырту ісін жергілікті әкімдіктерге жүктей салыппыз. Ал қай әкім келушілер қоныстанатын жер мен баспана тауып беру жұмысына құлшына қояды? Мәселен, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында тіпті бес жыл бойы бұл бағытта бірде-бір тапсырыс берілмепті. Міне, біздің бүгінгі халіміз осындай.
Мен Парламентте бұл мәселені де алға тарттым. Яғни, көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құруымыз керек. Сонда елдегі қазақтың саны көбейе бастайды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабы бойынша, бұл іс қалпына келтірілетін болды.
Одан соң Мәжілісте сырттағы ағайындардың студент балаларының жайына қатысты да сөз қозғауыма тура келді. Бұрын шеттен Қазақ еліне бір студент келсе, оның соңынан отбасы, туған-туысы есебінен бес-алты адам қоса ілесіп жететін еді. Былтыр еліміздің жоғары оқу орындарында қандас ағайындар арасынан келген мыңға тарта студент дайындық курсында оқыды. Биыл бұлар емтихан тапсыратын кезде Үкіметіміз сынақты онлайн тәртібімен өткізу деген болмайды, бәрін аудиторияларға келіп өздерің тапсыруға тиіссіңдер деп талап қойыпты. Осы орайда да: «Бұл қалай?! Қазір пандемия өршіп тұр. Шекара жабық. Сырттағы шәкірттер сабаққа қалай келеді? Олардың оқуы үшін бір жыл үшін қаншама қыруар қаражат бөлінді. Енді оның бәрі далаға кетпей ме?!» деп депутаттық сауал көтермесіме болмады. Енді бұл мәселе де шешімін тапты.
Қысқасы, Құдайға шүкір, депутаттық сауалдарымның 80 пайыздайы орындалып жатыр. Міне, өздеріңізге айтпағым осындай жәйттер еді. Одан соң ең бастысы, менің Парламентке барудағы негізгі мақсатым – Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдату. Бұрынғы одақтас респуликалар социалистік лагерь құрамынан бөлініп шыққалы отыз жыл өткені мәлім. Ал қазір олардың бәрінде де Мемлекеттік тіл туралы заң бар. Бізде жоқ! Неге? Бізде сонау ірі империяға бодан, отар болған кезімізде, яғни 1989 жылы қабылданған заңды 1997 жылы косметикалық өзгеріс енгізіп қайта ұсына салған еді. Мүлде жарамсыз екені түсінікті. Депутаттық сауалымның бірі осыған арналды. Премьер-министр мырзаға: «Мына заң демократиялық та, демографиялық та жағынан жарамсыз. Елдегі қазақ халқының саны бүгінде сексен пайызға дейін артты. Осыдан кейін Тіл мәселесіне орай ұлтаралық тартыс күшейе түсті. Енді тез арада Мемлекеттік тіл туралы заң қабыллауымыз керек!» деп жаздық. Қазір бізде үкіметте отырғандардың өзі сауатсыздықпен: «Бізде екі тіл ғой!» дейді.
Мұндай сөзді, әлбетте, дүкенде тұрған сатушы айтса кешірімді шығар; бірақ жоғары лауазымды қызметкерлердің аузынан шығуы қатты қынжылтады. Бізде заң бойынша ешқандай екі тіл емес! Әйткенмен, Ата заңымыздың 7-ші бабының 2-ші тармағында әлгіндей деуге негіз беріп отырған бір түйткіл бар. Мен Ұлттық Кеңестің мүшесімін. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы төрағалық еткен соның алғашқы отырысында: «Мемлекеттік тілді міндейттейтін заң қабылдауымыз керек. Ал ол заң жұмыс істеу үшін сонау шикі бапты алып тастау керек» деп ұсыныс айттым.
Көп ұзамай осы жәйтке байланысты Премьер-министрдің жауабы да келген. Бірақ Үкімет басшысының «Біздегі іс-қағаздарының 93 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі» деген бағыттағы сөзіне қанағаттанбағандықтан: «Үкімет басшысының жартылай жауабына толық жауап» деп қайта жазбаша депутаттық сауал жолдадым. Онда: «Сіз сонда іс-қағаздарының 93 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі дегенге өзіңіз сенесіз бе? Шынтуайтына келгенде, мұны сіз де, министрлер де, департамент, басқарма, бөлім басшылары, тіпті бас мамандар да жасап отырған жоқ. Оны өздеріңіз бір бұрышқа тығып, отырғызып қойған аудармашы ғана жасап отыр. Ал сіздер сол тәржімалаған қағаздарға қол қойып бересіздер. Оны және ешкім оқып та жатқан жоқ. Бұл – елді алдау. Бұл 93 пайыз Көзбояушылық» – дедім.
Мұның алдында, 2017 жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, Атазаңнан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау жөнінде жөнінде жоғарыға Ашық хат жазғанымыз өздеріңізге мәлім. «Қазақ үні» порталында бұл хатқа 126 мың адам қол қойғаны да көпшілікке аян болар. Қол қоюшылар қатарында қазір осында отырған Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Марат Тоқашбай, Тұңғышбай Жаманқұлов ағаларымыз да бар. Смағұл ағамызбен бірге хатты алып, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің пәтеріне барып жүрдік. Сонда тоқсан бестегі Әбекең ақсақалдың жазбамызды көзілдіріксіз оқып, өз түзетулерін енгізген сәттері әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
2020 жылы пандемияда Денсаулық сақтау министрінің кейінде ғана тағайындалған бас санитары алдымызға шығып алды да, ұлты қазақ бола тұра ана тілінде қойған сауалдарымызға Мәскеуде отырғандай ылғи орысша жауап беріп, күйіндірді. Кешірім сұрау деген де қаперіне кірмейді. Мен соны өткір сынап: “Бас саниьар мемоекеттік тілде сөйлеуге сауаты жетпесе, онда оның орнына оны тағайындаған министр не үкімет басшылары келіп жауап берсін!”деп жаздым Фейсбук парақшама. Сол кезде тіл жанашырлары 2017 жылғы Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатымызды ескн салып, соған қол қоюды қайта жалғастыруды ұсынды. Қарасам, «Қазақ үні» ұлттық порталындағы Ашық хатымызға үш жылда 729 адам қол қойыпты. Қатты қуандым. 2011 жылы әлемге әйгілі атақты ақын, тіл күрескері Мұхтар Шаханов ағамыз бастап, митингіге шыққанда қолға алынған әйгілі 138-дің хатын білеміз, осы саннан асып көрмеген еді. Бұдан соң өзімді жақтаушы қауымға: «Енді осы қоллау қолдың санын ең құрымаса бір мыңға жеткізейікші. Сонда ертеңдері биік мінберлерден сөйлеген сәтте артымда мыңдаған адамдар тұр деп ауыз толтырып айтуыма жақсы болады» деп үн тастадым. Сол күні-ақ қол қоюшылар саны 13 мыңға жетті. Ал арада екі апта өткенде, нақтырағы, сәуірдің 23-інде қолдаушылар қатары 113 мыңнан асты. Менің туған күнім еді. Қазақ тілінің жанашыры Оғыз Доған бауырымыз ютуб арнасында: «Қазыбек Исаны туған күнімен 103 мың Мемлекеттік тілді қолдаушылар атынан құттықтаймын!» деп жазды. Одан бұл сан көп ұзамай-ақ бір айда 126 мыңға бір-ақ көтерілді. Тарихта болмаған, бұрынғы межеден 100 еседей асқан рекордтық жетістік бұл!
Қысқаша айтарым осы. Енді өздеріңізбен осындай көкейкесті мәселелер төңірегінде пікір алысып, ақылдасуға келіп отырған жайымыз бар.
Марат ТОҚАШБАЙ,
публицист-жазушы, қоғам қайраткері:
Елдегі Мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы
– Тілге қатысты мәселеде осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан құйтырқы бір жағдайды айтайын. Жаңа ғана Қазыбек тоқталып өткеніндей, Конституциямыздың 7-ші бабының 2-ші тармағында «мемлекеттік ұйым, мемлекттік орган» деген тіркестер келтірілген. Әдейілеп қарап шықтым, Конституциялық кеңес мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйым екеуінің арасына теңдеу (=) белгісін қойып жіберген. Яғни, екеуі бір ұйым сияқты әсер туады. Осының салдарынан бүкіл мемлекеттік ұйымдар мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде сөйлеуге құқық беретіндей мағына шығады.
Ал мемлекеттік органдардың бәрі қазақ тілінде сөйлеуге міндетті! Өкінішке қарай, бүгінде біздің елдегі барлық мемлекеттік органдар, әсіресе, шет елдердегі елшіліктердің бәрі істі тек орыс тілінде жүргізуден танбай келеді. Сол секілді, мәселен, Қазақ елінің Президенті Ресейге барғанда Путиннің алдына түсіп алып орысша сайрай жөнелмей, аударма арқылы сөйлескені жөн. Халықаралық протокол деген болады. Жаңағыдай, мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйымардың арасына теңдік белгісін қойып, екеуін бірдей дәрежеде қарастыру мемлекеттік тілдің дамуына өте кері әсер етіп отыр.
Осы орайда төмендегі бір жәйтті еске салғым келеді: өз басым Қазақ елінің қазіргі Конституциясы үлкен елдік мүддеге сәйкеспейді деп есептеймін. Оны жұрт кезінде Сұлтан Сартаев жасаған деп жүр. Шындығында, 1995 жылы ол құжатты Президенттің Жоғары Кеңестегі өкілі Константин Колпаков деген жасаған болатын. Ондағы кеткен үлкен қателік – мұнда «Қазақ еліндегі қазақ халқы – мемлекет құраушы ұлт» деген сөз жоқ. «Қазақ халқы өзінің ғасырлар бойғы күрсінің нәтижесінде қол жеткізген мемлекеті» деген сөз жоқ. Ол жерде қазақ халқы туралы ешбір әңгіме айтылмайды. Тек жалпылама мәндегі: біз ежелгі қазақ жерінде осындағы барлық ұлттардың диаспораларымен бірге Қазақстан мемлекетін құрушымыз деген тұжырымға тап боласыз. Өзі 98 баптан ғана тұрады. Осыған жиырма алты жылдан бері 92 түзету мен өзгеріс енгізіліпті. Мұның бәрі авторитарлық биліктің статусын нығайту үшін жасалған деген пікірдеміз.
Енді Парламент Ата заңымызға: «Қазақстан – қазақ халқының ғасырлар бойғы күресінің нәтижесінде қол жеткізген мемлекеті» деген бапты кіргізуі қажет деп санаймыз. Сонда Конституцияның бүкіл сипаты өзгереді. Әрине, бәрін түбегейлі өзгертіп, ел мүддесіне мейлінше сай жаңа Конституция қабылдасақ тіптен жақсы болар еді.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург, қоғам қайраткері:
БІЗДЕ ҰЛТТЫҚ НАМЫС ДЕГЕН БАР МА, ЖОҚ ПА?
– Бұл бағыттағы әңгіме азанда бастап, кешке бір-ақ аяқтайтын бітпес зарға айналды ғой. Қазіргі Қазақ елінің өзі қандай жағдайда деп сарапқа салып отырсаң, әй, біз осы ұлттық мемлекет бола алмаймыз-ау деген күмән иектейді. Неге десеңіз, барлық салада тіл мәселесін айта-айта әбден жалықтық, өмірі бір орындалмай-ақ қойды! Түбегейлі өзгеріссіз жылжитын түріміз жоқ.
Қараңызшы енді, біз қатарластар бүгінде дәрігерлердің қызметіне көп жүгінеміз: солардың біреуі қазақша сөйлей ме?! Тіпті, астанаға жол түсіп, Мәдениет министрлігіне барғанда кейбір ғана бөлімдер болмаса, бұлардың да ылғи орысша сөйлеп отырғанын көресің. Жер-жердегі мектептеріміз де қазақша – бірақ ондағы балалардың да көбі өзара орысша тілдеседі. Яғни, өз тілімізді өзіміз осынша қорлауға бейім тұрған елміз.
Халқымыздың өзінде кінә бар. Балаларының атын Олег, Арсен немсе Иосиф деп қоятын қазақтың ұлттық санасы оянбай-ақ қойды.
Біздің мекемелеріміз бен олардың басшыларының бәрі түгелдей тек қазақ тілін білетін адам болуы керек. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігіміздегі іс-қағаздары қазақша толтырылады деп ойлайсыздар ма? Жаңа Қазыбек айтқандай, ол министрлікті де бұрышқа тығып қойған жалғыз аудармашының жұмысына жүгініп отырған мекеме деуге негізіміз бар. Анау Украинаны қараңызшы, кеше қақпаға гол соққан ойыншы «Слава Украине!» деп, орыс тілінде айқай салып еді, оны басшылары сол орыс тілінде айтқаны үшін келесі мачтқа қатыстырмай қойды! Гол соғып, ел абыройын асырған саңлақтың өзін! Ал біз орысша сөйлеу әдетінен арыла алмай, әлі күнге дейін Ресейге жалтақтаумен жүрміз.
Мәселен, біздің Президентіміз Россия серкесі Путинге қазақша сөйлесе олар мұны басқаша қабылдайды. Сондықтан көршілеріміз бөтен ойлап қалмасын деп жасқаншақтап-ақ бітетін болдық.
Енді міне, Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығына да келіп жетіппіз. Ширек ғасырдан асқан осы уақыт аралығында ана тіліміз үшін не істедік?! Не тындырдық? Экономика саласында шыққан асуларымыз қайсы? Бізде, жалпы, мемлекет бар ма, жоқ па? Мәселені, бәлкім, осылай қою керек шығар.
Одан соң өмірімізге өте бір қорқынышты құбылыстар дендеп ене бастағандай. Әнегүні, дәлірегі, бұдан жиырма күндей бұрын мына Смағұл, Бексұлтан үшеуіміз үлкен бір кісімен сөйлесіп, көңілдегі қауіп-қатерімізді айттық. Қытай Халық Республикасының көптен сөз болып жүрген елу алты зауыт-фабрикасы Қазақ еліне ақыры біртіндеп кіре бастағандай. Бұл қалай болғаны? Ертең солардың әрқайсына үш мыңдайдан ғана қытай жұмысшысы қоса келгенде не күйге түсеміз? (Елу алтыны үш мыңға көбейтіп көріңіз!). Сол кірген адамдар одан соң өлсе шыға ма бұл жерден?! Ал он бес-жиырма жылдан кейін олардың саны қаншаға жетпекші?!
Қазір кейбір көрген-білген адамдар дабыл қағып айта да бастады, Алматы шетіндегі барахолканы барып көріңіздер, қытайдың әрбір вагонынан қазақтың қыздары шұбырып шығып жатады. Дөрекілеу айтқанда, екі-үш мың теңгеге сатылып қытайдың қойнында жатқан қыздарымызға да тоқтам болмай барады. Мұндайда соларды шетінен шашынан сүйреп сабаса да артық болмайды-ау деп ойлайсың. Не деген сұмдық?! Бұл көргенсіздік қайдан шықты? – Оларға еркіндік алғалы бері дұрыс тәрбие көрсетпедік. Қытай ма, шүршіт пе, зәңгі ме, кімнен жүрсе, онымен жүрсін, бәрібір деп бетімен жібердік. Мұндай масқараны реттейтін де кез жетті емес пе! Қауіпсіздік комитеті осындайға қарамағанда қайда қарап отыр? Бізде ұлттық намыс деген бар ма, жоқ па?
Шымкенттен бір бауырым сонау сырттан кіретін зауыт-фабрикалармен қоса келетін қытайлықтар «осында, кемі, он жыл отырып, қазақтарды мұнай өңдеуге баулимыз, істің қыр-сырын үйретеміз дейтін көрінеді» деп хабарласты. Айналайын-ау, біздің батыс аймақтарда ежелден қалыптасқан мұнайшылардың бірнеше буын ұрпағы бар емес пе?! Олар қайда қалды? Немесе сонау Тәуелсіздік алған кездегі он жасар ұл-қызымыз бүгінде қырық бір жасқа келді ғой. Көптеген елдерден озып кеттік деп мақтана бермей, соларды тәрбиелеп шығатындай уақыт өтті емес пе! Шындықты жасырғанмен іс өнбейді. Міне, мен осыны айтар едім.
Қазыбек, өзің секілді жанашыр жігіттердің Парламент төріне шыққаны қуантады. Қадамың оң болсын!
Парламент өзі дайындаған заңдарды өзі қадағалауы тиіс. Бұл мәселені “Ақ жол” партиясы көтеріп жүргенін де білемін, біз қолдаймыз. Мәселе сонда.
Мысалы, Тіл туралы заң орындалды ма? Орындалған жоқ. Біздің қол көтеріп қабылдап алған заңымыздың кейін іске асу-аспайтынымен шаруамыз болмай кететіні неліктен? Жалпы, қастерлі ел мүддесін қолдамаса, Парламент не үшін қажет?
Әнеу күні Қазыбектің Мәжіліс отырысында айтқан: «Біз қазақтың мүддесін, қазақтың тілі мен мәдениетін қорғамасақ мына жерде неге отырмыз?!» деген сөзі көкейіме қонды.
Расында да, өз сайлаушыларының үмітін ақтамай, тек ана ұсынысқа да, мына ұсынысқа да қол көтеріп, айлық алып бос отыра беретін депутаттардың не керегі бар?
Демек, әуелі Парламент тірілуі керек. Өйткені, ол біздегі ең күшті орган. Мәжілістің айтқаны екі болмауға тиісті. Егер біз демократиялық ел болатын болсақ, Президенттің өзі де Парламентке бағынуы қажет. Өткенде Бразилия мемлекетінің басшысына мотоциклмен бетпердесіз жүргені үшін үкіметі 110 доллар айыппұл салды. Ал біз басшымызға ескерту жасай алар ма едік? Әй, қайдам! Міне, осы себептен де Парламент пәрменін күшейткен жөн. Парламенттің айтқаны, оның қойған талабы сөзсіз орындалуы шарт.
Әлгінде Қазыбек айтқандай, елдік мүдделерге қатысты сауалға сырғытпа сөзбен үн қатқан Премьер-министр Парламент алдында жауап беруі керек. Үкіметтегі іс-қағаздары 93 процент мемлекеттік жүргізіліп отыр деп қалай аузы барып айтады?! Және өзі орысша сөйлеп отыр ғой. Ал қазақ тіліне аударылған құжаттардың мәтінін түсіне алмайсың. Амалсыздан «не айтқысы келді екен» деп орысшасына қарауға мәжбүр боласың. Тіл деп осы айқайлағанымыз айқайлаған.
Одан соң біздің билікті халқымыздың санының көбейгені мүлде қызықтырмайтын секілді. Өкіметтің демография деп бас ауыртқанын көрген емеспін . Өйткені аз халықты басқару оңай ғой. Мысалы, біздің Ақмола облысындай ғана жері бар Бангладеште 150 миллион тұрғын қоныстанған. Осылар қалай сыйып отыр, қайтіп күн көреді деп таңырқайсың. Ал жер көлемі жағынан тоғызыншы орын аламыз деп мақтанатын біз 19 миллион адамды асырай алмай жүрміз. Мұндайда шет елдердің жақсысынан қашан үлгі ала бастар екенбіз деп қиялдайсың.
Негізінде, бұл жағынан сонау сырт мемлекеттерде оқып келген дарынды жастарымыздың ұтқыр жобалары бар екені даусыз. Бірақ, біздің іс басындағы кейбір ағайындар сол жобаларды білгенімен, бұдан өз қалтама не түседі деп емексиді. Өкініштісі, туған жерде жағдайы болмай, елдің келешегіне көзі жетпей алаңдаған небір ақылды, іскер, талантты жігіттер сырт елдерге ағылып кетіп жатыр. Шет мемлекетте оқып келген өз немерем де бар. Мен оны “су ішсең су іш, у ішсең у іш, өлсең осы жерде өл” деп тыпыр еткізбей ұстап отырмын...
Жоғарыда тоқталған қытай зауыт-фабрикаларының келе бастауы қатты алаңдатады.
Кейбір деректерді салыстырып отырсам, біз өз жерімізде толықтай қожалық ете алатын халыққа айналуымыз үшін санымыз 63 миллионға жетуі керек екен. Бірақ сол межеге қалай жетеміз? Міне, осы міндетті де естен шығармай, нақты әрекетке көшуіміз қажет. Ал таяу уақытта Тілге, Ұлттық мүддеге қатысты өзге де кезек күттірмейтін шаруалар туралы Алматыдағы бүкіл шығармашылық ұйымдар жиналыс өткізіп, соның шешімін хаттама ретінде мемлекет басшысына жібергеніміз жөн.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, қоғам қайраткері:
Мемлекеттік тіл туарлы дербес заң қабылдануы қажетмағұл Елубай: Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдануы қажет
– Өте ауқымды мәселелер қозғалып жатыр. Осы жерде Қазыбек бауырым да, Дулат ағамыз да қазақ зиялыларының жанайқайын айтты. Қайталап жатпайын. Ұлттық проблемамыздың бастысы Тіл болып тұр. Төңірекке қарасақ, Нұр-Сұлтан қаласынан бастап Алматыда да, солтүстік Қазақстан аймағы елдімекендерінің бәрінде жұрт көбіне орысша сөйлейді. Оңтүстік астанамызда екі жүз мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерінде оқиды екен. Бұл не деген сөз? Бұл – мегаполистерде таразы басын орыс тілі басып барады деген сөз. Бұл – кейінде Тіл төңірегінде басталып жатқан жанжалдардың аяғы жұртты күндердің күнінде көшеге шығарады деген сөз. Бітпейтін өзара тартыстан әбден шаршағаннан кейін өз қазағымызбен өзіміз Тіл майданында айқасып қаламыз ба деген қаупім бар. Баяғыда бір басшымыз: «Тіл дегеніміз – мемлекеттік қауіпсіздіктің тірегі. Тәуелсіздік тілден басталады» деп еді. Тілді жөндеу – елді жөндеу деген сөз, ағайындар! Ендеше біз неге Тәуелсіздіктің логикасына қарсы өмір сүріп жатырмыз? Неге бәрін керісінше жасап жатырмыз? Тіл тартысы, расында да, күні ертең үлкен айқайға ұласпай тынбайды. Өйткені қазақ тілділер де, қайта бас көтеріп жатқан орыс тілділер де өлгісі келмейді. Ендеше мемлекет ретінде сақталғысы келетін ел осы Тіл мәселесін лайықты шешуі керек. Ол үшін, әрине, Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдануы қажет. Ондағы бірінші пункттің өзінде Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді игеруге міндетті деп жазылуы керек. Екінші пунктте Қазақ елінде мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі талап етіледі деп таңбалануы шарт. Міне, сонда ғана бұл жағдай өзгере бастайды.
Баяғыда ата-бабаларымыз майданға кірер алдында өз араларынан ту ұстайтын бір батырды сайлап алады екен. Және сол тудың төңірегіне хан да, би де, мыңдаған әскер де бір кісідей жұмылып, шоғырланатын еді ғой.
Бұдан үш жылдай бұрын Қазыбек Тіл мәселесін қолдауға байланысты дүбірлі бір қозғалысты бастады. Ол, шынтуайтында, Тіл майданы еді. Бәріміз сол күреске дайынбыз деп жаппай қол қойдық. Ту ұстаушымыз Қазыбек Исаның маңайына шоғырландық. Қажет болған жағдайда, Мемлекеттік тіл үшін көшеге шығамыз деп шештік. Тоқсант бес жастағы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Тіл үшін алаңға шыққан елдің ең алдында мен жүретін боламын” деп ширықты. Сөйтіп әлгі хатқа 126 мың белсенді адам қол қойды. Ал оның сыртында белсенді емес миллиондаған қазақ тұр ғой! Мұндайда жазушылар қауымы бірінші орында тұруы керек деп санаймын. Дәл қазір біздің Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағында бас қосып отыруымыз да бекерден-бекер емес.
Ал Ту ұстаушымыз, міне, қасымызда отыр. Яғни Тіл майданының ту ұстаушысын сайладық; енді сол тудың төңірегінде шоғырлана білуіміз керек дер едім. Өкінішке орай, олай болмай жатыр. Біздің өз тарапымызан көптеген қателіктер кетіп жатыр. Кеше ғана Түркістан қаласы қайта түледі. «Екінші Венеция» деп әспеттейміз. Керемет ғимараттар салынды. Шаһардың қақ ортасынан ғажайып бір ғимаратта Әл-Фараби кітапханасы бой көтерді. Соның маңдайында «Farab Library» деген ағылшынша жазу тұр. Түркістандағы ең биік «Яссауи мұнарасының» да кешкен күйі осы – атауы ағылшынша. Сонда бұл осында жылына бір келмейтін ағылшынды құрметтегеніміз бе? Күн сайын ағылып жатқан мыңдаған-миллиондаған өз қазағымызды неге құрметтемейміз? Өз-өзін сыйламаған халықты кім сыйлайды?! Міне, бізді Бораттардың бүкіл әлемге күлкі қылып жүргені осындай мінезімізден, ағайындар! Бұдан былай да күлкі қыла береді.
Олай болса, Яссауиді қорламайық. Әл-Фарабиді мазақ қылмайық. Бұлардың тегі қазақ емес пе!
Енді ақпарат құралдарына тоқталсақ. Осы кезге дейін журналистерді мақтаумен келдік. Жиырма төрт сағат бойы жазып, сөйлеп отырған бұлар қазақ тілінің жанашыры, қорғаны ғой дедік. Бүгінгі телевизиямызға қарайтын болсаңыздар «Тамаша-сити», «Астана-лайф», «Алматы-лайф» дегеннен көз ашпайсыз, ондағы айдарлардың бәрі де ағылшынша болып кетті. Оу, ағайындар-оу, сені тыңдап отырған ағылшын жұрты емес қой! Жат елдің туын көтеріп халқымызды адастыра түскендеріңіз қалай? Ана тілін, ата-баба тілін неге сата бастадыңыздар?! Телевизия халықты халық қылатын құрал емес пе еді?! Ағылшын елі сіздің бір-екі ауыз ағылшыншаңызға мәз болмайды, қайта, мазақ қылып күледі ғой, бауырларым-ау! Олардың жайын жақсы білемін, ағылшын тілін аудармашысыз түсінемін, солардың арасында тоғыз жыл жұмыс істеген адаммын. Енді сіздер орысшаны былай қойып, ағылшын тіліне табына бастадыңыздар. Неге?
Осындай сәтте Тіл майданында төтенше жағдай жариялау керек деп санаймын. Ғылымда «Барса келместің нүктесі» деген болады. Сол межеден өтіп кеткен кезде кері қайта алмай қаласың. Халық та келместің кемесіне мініп кетеді. Міне, біз сол тарихи зобалаң сәтке тап болдық. Ал осы тығырықтан шығудың ең алғашқы шешімдері Парламентте басталуы керек. Ол үшін мына Қазыбек бауырымыздың қасына топталуға тиістіміз. Өйтпесек, ертең ықпалды күштер мұны да ығыстыруға тырысады. Сонда о жақта бізді қорғайтын жан баласы қалмайды. Ту ұстаған адамның төңірегіне топтасқанда ғана жеңіске жетеміз.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
актер, Театр қайраткерлері одағының төрағасы:
«Диванбатырлықты» доғаруымыз керек
– Қазақтың тілін ежелден сахнадан сайрап, саңқылдап тұрып шұрайлы үнмен халыққа жеткізіп, көкейге құйып келе жатқан актерлер болар. Бірақ мемлекетіміз бен халқымыз осы еңбегімізді лайықты бағалап, ұдайы қолдау көрсетіп отырады деп ауыз толтырып айта алмаймын-ау. Шынын айтсақ, кейінде театрға келетін көрерменге зар бола бастаған жайымыз бар. «Қазақ десең өзіңе тиеді», бірақ сорақылықты айтпасқа лаж жоқ.
Әлеуметтік желідегі «диван батырлар» деген сөзге қыбым қанады. Кейінде ас үйде отырып кіжінетініміз, қоқаңдайтынымыз болмаса бойды селқостық, салғырттық, бей-жайлық меңдеп, өлі мен тірінің арасындағы күйге түскеніміз жасырын емес. Мен өзі ашушаңдау адаммын ғой, бертініректе, тіпті, қазақ өліп қалғандай көрінуші еді маған. Құрыдық-ау, біттік-ау деп жүруші едім, Қазеке, сіздің мына тірлігіңізден кейін кеудемде үміт оты жанып, әлі де тұяқ серпитіндей жағдайымыз бар екен деп серпіліп қалғаным рас.
Мына одақты басқарғаныма тоғыз жылдай болды. Осы уақыт аралығында мен де жанға батқан талай түйткілді айтып-ақ келемін. Бұрынғы министрмен «төбелескен» жағдайым да осы театр төңірегіндегі әңгімелер еді. Кезінде Дариға Нұрсұлтанқызына да кіріп: «Қазіргі мәдениет туралы заңдар баяғы облыстық комсомол комитетінің қаулысы секілді түк жұмыс істемейді, ішінде іліп аларлық жаңалық жоқ, қажетті бапты таба алмайсың; осыны қайта қарайық, театр туралы жаңа заң қабылдайық» дегенмін. О кісі: «Театр туралы жеке заң жасала қоймас, бірақ мәдениет туралы заңды қайта қарап, соның ішіне
қосайық» деп қолдау көрсетті. Ойбай деп, іске қуана кірістік; со кісінің талабымен жұмысшы тобы құрылды. О кездегі Мұрат Ахмадиев бастаған депутаттарға бір-екі белсенді мен министр «Тұңғышбайдың аузын бағыңдар» деп жіберген кейбір «қарауыл» қосылды. Сөйтіп бес-алты отырыста мен авторлық құқықты ескеріп, драматургтердің, режиссердің, актерлердің еңбегін әділ бағалап, лайықты қаламақы төлеуге қатысты тағы да бірқатар ұсыныстарымды айттым; өкініштісі, көңілге қонатын ортақ шешімге келе алмадық. Жиналғандар елге пайдалы заң даярлаудың орнына алдындағы мәтінге шұқшиып, әңгімені: «Мына жерге үтір, мына жерге қос нүкте қою керек» деген сарынға бағыттай берді. «Әділет министрлігімен келісу керек, Қаржы министрлігінің рұқсатынсыз болмайды, Мемлекеттік авторлық құқық мекемесімен сөйлесіп алған жөн, ал олар келісім бермей отыр» деп бұлталаққа салды. Қазақша айтқанда, сиырқұйымшақ. Менің депутаттарға: «Бұл қалай? Неге ұтқыр бастама көтермейсіңдер?! Әлде министрдің қақпайымен ғана отыратын жандайшапсыздар ма? Тиісті заң шығарып, Үкіметке неге талап қоймайсыңдар?!» дегенімнен ештеңе өнбеді. Сөз осылай жалғасқан соң жиынға мен «жақсы көретін» министр өз адамдарын жібере бастады. Олар ауыз ашқызбай, айтқан ұсынысымды қағып тастай берді. Содан ақыры Мәдениет комитетінің төрайымына: «Мына жерде қарабет болып отыра алатын емеспін. Және Мәдениет министрінің ыңғайымен жүретін халықтың мүддесінен тыс «заңды» жасауға ешқандай құлқым жоқ» деп шығып кеттім.
Бізде қазір алпыстан аса театр бар екен. Біреуінің халі қалай екен деп ешкім сұрамайды. Кейінде жарқыратып, жалаулатып театр ғимараттарын салдық, әрине. Бірақ сол салтанатты сарайлардың ішінде әдемі өнер болып жатыр ма? Баласына шляпа алып бере алмай жүдеу-жадау жүрген актердің көңіл-күйі белгілі емес пе. Ертең ол «қазағым» деп халқын жақсы көре ала ма? Ұлтқа жаны аши ма?!.
Көкейдегі тағы бір мәселені айтпасам болмас. Қазақстанның Халық артисі деген атақты алып тастап актерлерді қор қылып қойдыңыздар. Ресейде, Қырғыз елінде, Өзбекстанда мұндай атақ сақталған. Бізде ғана жоқ. Қайраткер деген атақты шығарды. Қарап отырсаңыздар, жаңа айтылғанындай, бүгінде ит бағатын да қайраткер, күшік бағатын да қайраткер... Халық артисі атағын қалпына келтіру жайын Елбасына да, Президентімізге де айттым, бірақ қайыр болмай тұр. Бір қағаз бен темірдің ақшасын біз-ақ төлеп берейік, қайтарса екен. Сол дәрежені күте-күте өліп кеткен ардагерлеріміз де бар. Өнер адамдарына көрерменнің шапалағы мен Үкіметтің арқадан қаққаны ғана керек. Енді осыдан айырылғаннан кейін өнер адамының көңілі жабырқамай қайтеді?!
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗ,
Қазақстан Суретшілер одағы төрағасы:
Ұлттық бағытымызға түспей өркендемейміз
– Мен де мына өздеріңіз секілді совет одағы тұсында оқу бітіріп, сол заманда жұмыс істеп, социалистік дәуір кезеңінің тәтті дәмін татқан адамдардың бірімін. Енді бүгінгі капитализм тірлігі заңдылықтарына әлі күнге дейін бой үйрете алмай жүрміз бе, анда-санда сонау өткен күндерімізді аңсап, қазіргі ахуалмен салыстырып отыратын сәттеріміз жоқ емес. Өйтк
композиторлар, театр қайраткерлері одақтарының бәрі әрі-сәрі халге түскені рас. Нарық қағидалары, капиталистік жүйенің заңдары, расында да, маңдайдан сипай қоймайды екен.
Былтыр желтоқсан айында Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедпен де кездестік. Ал берірек, қаңтардың жиырмасы күні министр Ақтоты Райымқұловамен жолығып, серіктестік шартына да қол қойғанбыз. Өткен жылдың шілде айында Мәдениет министрлігі Суретшілер одағының ұсынысын қолдап, шығармашылық одақтарға жәрдемдесу мақсатында арнайы қор да құрды. Алайда ол қорға тиын-тебен түскенін естімеппін. Осы, неге екенін білмеймін, бізде кейде жап-жақсы ойлар басталады да, жеме-жемге келгенде ылғи аяқсыз қалып жатады. Кезінде Олжас Сүлейменов ағамыздың арқасында шығармашылық одақтар бірігіп, конфедерация құрылған еді, бірақ оның ісі де жалғаспады.
Жалпы, Суретшілер одағының проблемалары да айта берсе өте көп. Еліміздегі кенжелеу дамыған өнер түрі болған соң ба, көбіне тасада қалып жатамыз. Кейінгі отыз жыл ішінде сұңғат саласы бойынша халықаралық конкурс, фестивальдер өткен емес. 2014 жылдан бері Мәдениет министрлігі арқылы ешбір жобаға қаржы-қаражат алып көрген емеспіз. Бір жақсысы, Алматы қаласы әкімшілігімен жақсы қарым-қатынастамыз. Жылда қолдап тұрады. Одан соң бізді көршілес елдер лайықты қабылдайды. Ресей мен Қытай мемлекетіндегі әріптестерімізбен де байланыстамыз. Кеше ғана Ульяновск қаласындағы суретші ағайындар хабарласып, бүкіл ТМД елдері арасынан бізді ғана өз симпозиумдеріне шақырды. Олар бізге келесі жылы көрме өткізсеңдер деп ұсыныс айтып отыр, бұл шаруаның да, әрине, қаражат мәселесіне тірелетіні белгілі. 2019 жылы өз күшімізбен Өзбекстанда Қазақстан қылқалам шеберлерінің көрмесін өткізік. Алдыңғы жылы Қазан қаласында Халықаралық көрме ұйымдастыруды жоспарлаған едік, пандемияға байланысты доғарылды. Дегенмен, Франция сияқты алыс шет елдерден жүлде алып жүрген суретшілеріміз бар. Өз елімізде үлкен көрме өткізетіндей залымыз да жоқ.
Кейде соғыстан кейін атом бомбасы түсіп күлге айналған сонау Жапон мемлекетінің қай салада болсын төрткүл дүниені таң қалдырып, гүлденуі сыры туралы ойға қаламын.
Өйткені олар Ұлттық мүддені, Халықтық мақсатты алдыға шығарды. Біз болсақ ана проблеманы бір айтып, мына проблеманы бір айтып, зар жылап әлі жүрміз.
Жалпы, біз де нақты Ұлттық бағытымызға түспей ештеңе шеше алмаймыз. Жарамызды тырнап, бір-бірімізге мұң шағып қайтуды әдетке айналдыра бермей, үлкен елдік мүдде негізіндегі көздеген жоспарымызды қағазға түсіріп, Президенттің атына, Үкіметке жолдауымыз керек. Оның ішінде Тіліміз де, Салт-дәстүріміз де, Ұрпақ тәрбиесі де... бәрі қамтылсын.
Асқар НАЙМАНТАЙ,
театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Көпірме ақпарат таратудан не ұтамыз?
– Нарынқол мен Қарадала халық театрын ашқанда ауылдағы мәдениет пен елі ішіндегі Мәдениет үйлерінің ділгірлігімен талай бетпе-бет келдім.
Бұл орайда мен бір ғана түйткілді алға тартқым келіп отыр. Қазір аудан әкімшіліктерінің бәрінде «Тілдерді дамыту» бағытындағы бөлім жұмыс істейді. Кейін білсем, бұл бөлімнің жұмысына бюджеттен қомақты қаржы бөлініп тұрады екен. Осылардың «құпиясына» кішкене бас сұғып, атқаратын шаруаларының мәнімен танысқан соң кәдімгіше дау көтергенім есіме түседі. Мысалы, тек жергілікті халық, яғни кілең қазақ қоныстанған жерде мұндай бөлім кімнің тілін дамытпақшы?! Одан кейін, байқасам, бұлар ылғи өтірік ақпарат таратумен айналыса ма деп күдіктеніп қалдым. Мәселен, Мәдениет үйі жазушы Дулат Исабековпен кездесу өткізсе, ертеңіне кітапхана: «Ғажап іс-шара болды. Көпшілік те, қаламгер де керемет риза пейілмен тарады» деген хабарды интернетке салады. Мұны іле-шала әкімнің идеология жөніндегі орынбасары: «Атақты жазушымен мазмұнды кеш ұйымдастырдық» деп өз атынан көшіріп басады. Үшінші күні әлгі Тілдерді дамыту бөлімі «Рухани-жаңғыру бағдарламасы аясында көрнекті тұлғамен әңгіме-сұхбат жүргізілді» деген мазмұнда аталған ақпарды және жалғастырады. Осылайша тоқсан адам жазушы Дулат Исабековпен өткен бір кездесуді өз есептеріне кіргізеді.
Әрқайсында алты-жеті адам штат алып отырған бөлімнің осындай тірлігін аңдағанда елді жемқорлық туралы ойға қалмағанда қайтпексің.
Қалай болғанда да, біздегі көптеген шаруаға осындай келеңсіздік кедергі жасап отырғаны сөзсіз. Ертерек ес жинап, қисынды іске көшпесек, көсегеміз көгермек емес.
Бақыт БЕДЕЛХАН,
Қазақстан Жазушылар одағым төрағасының орынбасары:
Шығармашылық одақтарға пәрмен берілсін
– Қазеке, бұл бір іштегі қыжылымызды шығарып, шерімізді тартқатқан пайдалы басқосу болды ғой деп ойлаймын. Өзіңіз де биік мінберден елдік негіздегі келелі сөзді айтып жүрсіз; соның бір әсері, міне, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Дулат аға да, Смағұл, Марат ағаларымыз да нақты-нақты ұсыныстарын айтты. Өзге ағайындар да ойға ой қосып, кем-кетікті толықтырып айтып жатыр.
Өзіңіз Парламентте көтерген шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың ахуалы, оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету деген үлкен мәселе. Шынында, біздің идеологиямызды жүйеге салып, арбаның қос жетегі сияқты сүйреп келе жатқан екі-ақ ведомство бар. Оның бірі – Ақпарат, екіншісі – Мәдениет және спорт министрліктері. Ал осы екеуінің жүгін көтеріп, алға жетелеп, шаруасын атқаратын қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтар. Егер бұлар болмаса екеуі де түк бітіре алмас еді. Министрліктер осы ұйымдарды құлша жұмсап, арқасын жауыр қылады; бірақ құлтемірше ұстап, еңбегінің ақысын беруден тартынса, мұны қалай түсінуге болады?
Әлгінде шығармашылық ұйымдарға мемлекеттің стратегиялық серіктестігі деген статус ұсынуымыз керек деп қалдыңыз; расында да, өте өзекті мәселелерді көтеріп, қастерлі елдік мұраттар жолында талмай іс атқарып келе жатқан ұйымдарға пәрмен берілгені дұрыс. Олардың деңгейі кәдімгі мемлекеттік ведомстволармен тең болғаны жөн. Сөйтіп Үкімет тарапынан қаржыландырылуы керек. Айналып келгенде мемлекеттің шаруасын осындай одақтар атқарып отыр.
Енді аз-кем психология мәселесіне ойыссақ. Қазір Қазақ еліне Еуропаның, Ресейдің миссионерлері қатап келіп жатыр. Өздері әлдеқашан бүкіл әлеуметтік желіні жаулап үлгерген. Және үгіт-насихатын орыс тілінде де, ағылшын тілінде де емес, қазақтың шешен сөйлейтін ұл-қызын алты-жеті жыл бойы үйретіп іске қосып, сексеуілді сексеуілмен ұрып жатыр.
Мұндай «психолгтар» әлеуметтік желіде жұртты алдап, ел арасын алатайдай бүлдіріп алған қаражатын көрсетіп: «Міне, мен бір күнде 1,5 миллион теңге таптым!» деп мақтанып тұратынын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бұлардың жүргізетін «насихаты»: Сен – құндылықсың, әйел – күң емес... Ене деген кім? Ол сенің отбасыңа неге араласады? Нағашы-жиен, бөле деген не пәле? Ешқайсының сенің өміріңе ықпал етуге қақы жоқ деген сарында өрбиді. Қазіргі жастардың 50-60 пайызы осындай теріс үгіт кесірінен ажырасып жатыр. «Балаңа ақыл айтпа, не істесе де өз еркімен жүрсін» деген «уағыз» салдарынан қырық пышақ болған әулеттер көбейді. Сонда баламыз нашақор болып, жамандыққа ұрынған кезінде ғана барып бір-ақ жылауымыз керек пе...
Міне, осындай жәйттер Парламент қабырғасында сауал ретінде көтерілсе деген тілек айтқым келеді.
Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өз психологиямыз бен тәрбиеміз бар. Кезінде ұлттық мінез-құлыққа қатысты «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген екі кітап жазған әйгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектері таптырмас дүние.
Бір оқымысты психолог қарындасымыз: «Жер жүзін шарлап жеті жыл бойы іздеген байлығым өзімізде жатыр екен ғой!» деді. Сөйтіп «Қазақтың ұлттық психологиясы» деген кітап жазып шықты.
Миссионерлердің мақсаты – ұлттық дәстүрлеріміздің өзегіне құрт түсіру, тамырына балта шабу. Ал ертең осылар, расында да, қазақты жік-жікке бөліп, алты бақан алауыз қылып қойса үлгере алмай қаламыз. Осыған тосқауыл қою керек. Әйтпесе қатерлі жар жиегіне жеттік.
Біз 1990 жылдарға дейін дінді де мемлекеттен бөлек қараймыз дедік те, ел Тәуелсіздігі жарияланған кездерден бастап оны бетімен жібердік. Белгілі жүйеге сала алмадық. Сол салада білім алған жастарымыздың бірі Мысырда, екіншісі Иранда, үшіншісі Сауд-Арабиясында оқыды да, елге алпыс-жетпіс түрлі ағым келіп, бір-бірімен қырықпышақ болды. Ал дәстүрлі дініміз жайына қалды. Мұның да үлкен қауіп екенін енді-енді ғана аңғарып, өкініп отырмыз.
Ержан АЛАШТУҒАН,
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі:
Президент тапсырмасы неге орындалмайды?
– Қазекең біздің елде 22 мыңдай қоғамдық ұйым бар екенін айтып қалды. Біз де осы жағынан мониторинг жасап, сараптама жүргізген едік. Сөйтсек, бұлардың 17 мыңы шетелдік капиталдан қаржыландыратын көрінеді. Бұл – біздің рухани кеңістігімізге шетелдік идеология дендеп кіріп алды деген сөз! Ал мұның ішінде тіркелген небір баптистік, мармондық... өзге де нешеқилы шіркеулердің ұйымдары өз мақсаттарына сай емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Бұларға әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ. Сол
сұмдықты сезіп-біліп, шыр-пыр болып жүрген бірен-саран ағайынымыз бар, бірақ олардың шамасы сұрқай күштің қайсына жетсін?!
Шығармашылық одақтарды мемлекет тарапынан қолдауға арналған 257 млн. теңге қаражаттан да хабарымыз бар. Соның ішінде тарихи әдебиет, этнография деген экспедицияларға бөлінуге тиіс қаржы бар еді – аяғында оның да аяғы су құрдымға кетті.
Жаңа елдің ішін алатайдай бүлдіріп бара жатқан діни ағымдар туралы айтылды. Соларың бірі Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласына берік ірге теуіп үлгерген. Жетпіс бес мыңнан аса тұрғыны бар елдімекеннің алпыс пайыздан астамы бүгінде паранжа киіп, қара жамылып жүр. Және өздері әшейін жүрген жұртқа барып соқтығады. Өз көзіммен көріп, талай куә болдым, Сәтбаев көшелеріне шықсаңыз, Қазақ елінде емес, Шам шаһарына... Сирияға тап болғандай күй кешесіз. Былтырдан бері жүргізіле бастаған «Жусан» операциясы бойынша келіп жатқандардың елу бес проценті сол Сәтбаев қаласының тұрғындары. Бұлар – үй ішінен үй тігіп жүрген кәдімгі бүлдіргілер. Әлгінде айтылған қисапсыз қоғамдық ұйымдардың санатына осылар да кіреді.
Шығармашылық одақтар тақырыбына ойыссақ, былтыр мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» деген Жарлығы шықты. Бес тараудан тұрады.
Біздегі бір «ғажап» жағдай – осындай тапсырма мүлде орындалмай жатады. Мынау да соның кебін киді. Шаруаны қолға алған адамдар «іс барысында халықаралық тәжірибеге сүйендік» депті. Олай емес. Өйтсе, сонау жиырма екі мың ұйымды белгілі санаттарға, дәрежелерге бөлу қажеттігін білер еді. Айталық, аталған ұйымдардың арасында ит асырушылар қоғамы да, жаңағы діни мармондар мен скинхедтер де, Театр қайраткерлері, Жазушылар, Суретшілер, Сәулетшілер, Композиторлар... одақтары да бар; осылардың бәрінің де дәргей-дәрежесін бей-берекет араластырып, теңестіріп тастаған. Бұдан не оңады?!
Қазеке, біз сізді барынша қолдаймыз. Енді бастаған істі аяғына жеткізейік. Ол үшін жиырма екі мың ұйымды «қоғамдық ұйымдар және шығармашылық одақтар» деп екіге бөлгеніміз жөн. Онда да шығармашылық одақтар өз ішінде түрлі дәрежеге сарапталуы қажет. Сөйтіп бұларды аттестациядан өткізейік. Мәселен, ұлттық руханиятта айрықша орын алатын Жазушылар, Суретшілер, Сәулетшілер, Композиторлар, Театр қайраткерлері, Тарихи ескерткіштерді қорғау... сынды ұйымдарды жоғары санатқа шығарып, жеке статус берейік.
Жалпы, қарап отырсақ, 167 мемлекеттегі түрлі ұйымдар осындай үлгімен еңбек етіп жатыр.
Соңғы мәселе: жаңа Дулат, Смағұл ағаларымыз Тілге, Ұлттық мүддеге қатысты өзге де кезек күттірмейтін шаруалар жайында айта келіп, Алматыдағы бүкіл шығармашылық ұйымдардың жиналыс өткізіп, ортақ шешімді хаттама ретінде мемлекет басшысына жіберу туралы ұсыныс білдірді.
Осы істі мойнымызға біз алсақ. Қазір біздің одақ қатарында жүз елудей жас жігіт бар; міне, осылар бетке ұстар ағаларымыздың қолдарын жинасын. Одан соң оны өз қолыңызға тапсырып, шаруаны соңына дейін жеткізейік.
Жазып алған:
Құлтөлеу МҰҚАШ
Қазақ үні