Қазақстанның мемлекеттік тілін білуге міндеттісің - Владимир Чепель
2021 ж. 21 тамыз
2187
4
Қазақта "Ағасы ақылдының ауылы азбайды, жеңгесі шебердің жеңі тозбайды"-деген даналық сөз бар.
Елбасының саясатын қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған тың идеяларымен жалғастыруы көпшілік тарапынан оң бағасын алуда.
Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек" - деп ерекше атап өткені баршаңызға мәлім.
Тіл достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, әр ұлттың айнасы.
Біздің елімізде әр этнос өкілдерінің ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін дамытуына толық жағдайлар жасалған.
Еліміздің "Тіл туралы” заңында "Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының отан алдындағы қасиетті парызы” – деп жазылған.
Тәуелсіз елдің әрбір жас ұрпағын парасатты да білімді, отансүйгіш әрі ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің рөлі зор.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең соншама биікке көтерілесің. Бірақ ең алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің деп ойлаймын.
Мемлекеттік тілді білгенен ешкім зиян шекпейді керісінше, тигізер пайдасы өте көп. Адамдармен ашық-жарқын әңгімелесіп, емін-еркін пікір алмасасың.
Өз басым қазақтың алтын бесігі саналатын ауылда тұрғандықтан, қазір қызмет бабында әр-түрлі сұрақтармен келген тұрғындардың мәселесін ешбір қиындықсыз түсініп, бірден көмектесуге тырысамын. Ауылдың қоғамдық келісім, аналар кеңестері мен жастар орталығының қызметкерлері өзара тығыз ынтымақтастықта бірлесіп, жұмыс істейміз, себебі, біз бәрімізге ортақ мемлекетік тілде бір-бірімізді жақсы түсінеміз. "Ынтымақты елдің - ырысы мол" деген қанатты сөз тегін айтылмаған, көк туы желбірген егемен еліміздің мәртебесі асқақтай берсін!
Владимир Чепель,
Фейсбук парақшасынан