ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕҢІЗ - ҚАҚПАНҒА ТҮСПЕЙСІЗ!

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕҢІЗ - ҚАҚПАНҒА ТҮСПЕЙСІЗ!

Өйткені, банк алаяқтарының барлығы орыстілділер екені анықталды.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚОРҒАНЫСЫ МЫҚТЫ

“Қызық ақпарат, Қазеке. Интернет-алаяқтарға жол бермеу үшін банктің басшылары олармен қазақша сөйлесуді ұсынып отыр.

Қазақ тілі арқасында жиналған ақшанды құтқара аласыз: банктердің қызметкерлері міндетті түрде қазақ тілінде қызмет көрсетуге дайын!

Ал алаяқтарының көпшілігі орыстілді екен.”

Бұл кеше ғана Ресейлік ақпарат құралдарының арандатушы сұрақтарына: “Қазақстандық азаматтардың кез келген жерде тұтынушы ретінде мемлекеттік тілде қызмет етуді талап етуге құқы бар және ол заңды”- деп тойтарыс беріп, тура жауап берген, ұлттық мүддемізді қорғап қалған “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың маған жазған жазбасы.

Азекең сонымен бірге дәлел ретінде “Время” газетінде жарияланған белгілі журналист Михаил Козачковтың “Беззащитная реакция” атты мақаласындағы Forte bank маркетинг директоры Антон Кимнің сөзінің скриншотын жіберді.

Иә, Азат Перуашев дұрыс айтады. Өткенде мен де осындай бір коммент жазғанмын, өйткені мұндай банктік алаяқтық шабуыл басымнан екі рет өтті. Екеуінде де Қазақша сөйлегенімнің арқасында аман қалдым қақпанға түсуден. 

“Сіздің есепшотыңыздан ақшаларыңызды алмақшы болып жатыр. Ақшаларыңызды сақтап қалу үшін біздің сақтандыру ұяшығымызға аударыңыз. Сенбесеңіз, банк қызметкерлері қазір хабарласады”-деді.

Мен қазақша сөйлеп, бір-екі сұрақтар қойып едім, телефонды қоя салды орыстілді алаяқтар.

Ал менің жақын досым банк алаяқтарының қақпанына түсіп, жинап жүрген бар ақшасынан айрылды. Оны да олар осылай “біздің сақтандыру ұяшығымызға аудармасаңыз бар ақшаңыздан айрыласыз. Сенбесеңіз қазір банктен хабарласады. Оларға менің кодымды айтыңыз, анықтап береді” деп төрт санды айтып, қорқытқан. Артынша “банктенбіз” деп бір қыз хабарласқан. Олар “қазір анықтаймыз” деп, қайта телефон соғып, “иә, біздің банктің қызметкері” деп бір қазақтың аты-жөнін айтқан. Бұл қазаҚ болғасын алаяқтар сенімге кіру үшін әдейі қазақтың атын айтып отыр. Артынша ол алаяқ қайта телефон соғып: “Анықтадыңыз ба бәрін? Міне, мынау есепшотқа ақшаларыңызды аударыңыз шұғыл. Әйтпесе қазір бәрінен айрыласыз, хакерлер үздіксіз шабуылдауда” дейді орыс тілінде.

Сөйтіп, аңқау да, қорқақ байғұс жалма-жан бар ақшасын аударып жіберген ғой. Содан соң ғана маған хабарласып тұр. “Сен неге сол ақшаңды алаяққа аударатын кезде банктің өзінен немесе менен сұрамайсың? Енді неге сұрап отырсың бәрінен айрылғасын? Сен ол ақшаңның жартысын қарыз алдым деп едің ғой танысыңнан. Яғни, біреудің ақшасын біреуге қалай рұқсатсыз аударасың?”-деп, әбден ұрысқан едім оған.

Мен сол кезде қазақша сөйлегенде банк алаяқтарының қашып кеткенін көріп, бірден сол досым еске түсті. Оған хабарласып, бірден: “Сен өткенде банк алаяқтарына бар ақшаңды алдырып қойғанда олармен орысша сөйлескен бе едің?”-деп сұрадым.

-Иә, орысша сөйлескен едім!

-Атаңның басына орысша сөйлейсің бе? Әшейінде сен кафе, мейрамхана, дүкен, көшеде тек қазақша сөйлеп, орысша сөйлегендердің өзінен қазақша сөйлеуді талап ететін едің ғой?! Фейсбукта да бәрін қазақша сөйлеуге шақырасың? Ал енді өзің орысша сөйлеп, бар ақшаңнан айрылып отырсың? Сенің қазақ тілін аттап өтіп, орысша сөйлегеніңнің құны екі миллион теңге болды! Сауап саған! Екінші орысша сөйлегенде екі миллион теңгең есіңе түсетін шығар?!.-деп айқайға бастым. 

Яғни, біздегі Ресей тілін білмейтін 1,5 миллион қандастарымыз, жалпы ауылдағылар бар, барлығы 10 миллионға жуық орысша білмейтін елдің барлығы да орыстілді алаяқтар қақпанына түспеген екен ғой онда деп ойладым. Тек қазақша сөйлейтінімнің арқасында алаяқтардан мен де құтылдым.

Бұл бірінші мысал.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ҚАЛҒАНДАРДЫҢ БАЛАЛАРЫНЫҢ 99 пайызы ОРЫСТІЛДІ

Енді екінші мысал:

Бұл банк алаяқтарының бәрі орыстілді болуы жақында әйгілі журналист, дарындылығы көп көре алмастарға күйік болып, біраз кәндендер балағына жармасып жүрген Нартай Аралбайұлыға берген сұқбатында белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы Мәжіліс депутаты, тіл күрескері Оразгүл Асанқазықызының: “Қазыбек Иса айтқандай, “ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ

ҚАЛҒАНДАРДЫҢ БАЛАЛАРЫНЫҢ 99 пайызы ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕ ОҚЫҒАНДАР”-деген мен бұдан он бес жыл бұрын жазған мәліметті келтіргені де босқа айтылмағанын көрсетеді.

ТЕРГЕУ құжаттарын ҚАЗАҚШАҒА АУДАРҒАНДА сотталғандардың 50 пайызы АҚТАЛҒАН…

Үшінші мысал:

Триллион үнемдеп түрмеге түскен Ислам Әбішті тергеу басында антикор тергеушілерінің өзі қазақ тілін білмегесін орысша жүрді. Белгілі адвокат, тіл күрескері Абзал Құспан тергеудің қазақша жүруін талап еткенде, Антикор қарсы болды. Абзал антикордың өзін сотқа беріп, ақыры тергеу қазақша жүруіне қол жеткізді.

Тарқатып айтсақ, іс былай болған.

Ислам Әбіш алдындағы орыстілді төрт адвокатынан кейін, қазақ тілін қорғап жүрген белгілі білікті адвокат Абзал Құспанды шақырады. Абзалға алғашқы сұрағы: “Тергеу мен сотты қазақша жүргізуге бола ма”-дейді.

-Әрине, болады!-дейді Абзал.

-Солай ма?! Маған бұрынғы 4 адвокат та “болмайды, ол мүмкін емес”-деді ғой. Жақсы болды, ақыр жазықсыз сотталады екенмін, қазақ тілінде қасқайып жауап беріп, тергеу мен соттың әділетсіз екенін әшкерелеп беріп сотталайын!”-деп қуанып кетеді.

Негізі, Ислам Әбіш ісі Қылмыстық істі тергеу ЖТТ (жедел тергеу тобы) жетекшісі Д.Бахытовтың 21.12.2019 ж. шешімімен еш дәлелді себепсіз орыс тіліне ауыстырылған. Абзал Құспан оған: “Сіз Қылмыстық Кодекстің 30 бабын бұзып тұрсыз. Ол бойынша сіз алдымен кімді де болса мемлекеттік тілде тергеуіңіз керек еді. Кейін күдіктінің талабы бойынша ол қаласа орыс тіліне ауыстыруыңыз керек еді!”-дейді. Сөйтсе, Д.Бахытов заңды білмей табанға таптап тұрғанымен ісі жоқ, беті бүлк етпей: “Мүмкін, сен тергеуді қытай тілінде жүргізуді де сұрайтын шығарсың?!.” деп тұр”- дейді Абзал Құспан күйініп. 

Міне, біздің астанадағы құқық қорғау орындары тергеушілерінің ергежейлі түсінігі бойынша мемлекеттік тіліміз жат тілдердің, қытай тілінің қатарында..

Істі қайта қазақ тіліне аудару туралы өтініштерді ҚР Ұлттық Бюросы ЖТТ тергеушісі А.Н.Қарабаев 08.05.2019 ж., қанағаттандырусыз қалдырған.

Қорғау тарапынан қылмыстық істі тергеуді мемлекеттік тілге ауыстыру туралы Бас Прокуратураға берілген шағымды 1 қызмет департаменті басшысы С.Р.Шалабаев 10.06.2019 ж. қанағаттандырусыз қалдырған. Яғни, мемлекеттік тіл туралы заңнаманы қадағалауы тиіс Бас прокуратураның департамент басшысының өзі заңды бұзған. Ақырында Абзал Құспан жоғарыдағылардың барлығын Тергеу сотына береді.

Тергеу сотының судьясы Исаеваның 10.06.2019 ж., Қаулысымен айыптау тарапының әрекеті заңсыз деп танылды, тергеушілер және процесс прокуроры С.Сүлейменовке Жеке қаулы шығарылды!

Бұл біздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тарихындағы тұңғыш қазақ тілінде өткен тергеу екен! Ислам Әбіш сотталмаса, Тәуелсіздіктің 30 жылында да біздің мемлекеттің құқық қорғау орындарында мемлекеттік тіл қолданылмай-ақ кете береді екен ғой…

Тергеу қазақ тіліне ауыстырылғасын, тергеу тобы түгел қайта құрылады. Өйткені, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте қазақ тілінде тергеу жүргізе алатын бір де бір тергеуші жоқ болып шықты!?. Сондықтан Түркістан облыстық департаментінен тергеуші шақыруға тура келеді. Ол тергеуші содан соң, Ислам Әбіш ісінен кейін, қазақ тілі талап етілген соң бірден өсіп кетті. 

Міне, талай рет жазғанымыздай, Қазақ тілін талап ету деген сөз -Қазақтілділерге жұмыс беру деген сөз! Ал білімі мен білігі орыстілділерден он есе жоғары болса да, қазақ тілділігі үшін ғана қаншама қазақ маманы жұмыссыз жүр?!.

Хош, сонымен Ислам Әбішті тергеу мен сот қазақ тіліне ауысады.

Сөйтсек, мемлекеттік тілде өтуі тиіс екені заңмен бекітілген соттарымыздың өзі қазақ тілінде сот ісін жүргізе алмайды екен. Сот Қажымұқан Мекемтасты Абзал бастаған адвокаттар мен қорғаушылар үш рет қуып шықты. “Әндіжанда бір әпкем бар, одан да өткен сорақы” дегендей, оның орнына келген сот А.Шаяхметова да қазақшаны одан бетер нашар біледі екен. Ақыры қайтып келген Қажымұқанымыздың қазақшасын қанағат тұтуға тура келді… Бұл туралы кезінде “Қазақ үні” ұлттық порталында жеріне жеткізе жазылды.

Міне, астанамыздағы сотта бір де бір қазақша іс жүргізетін сот жоқ! 

Заңды қорғаушы, талап етуші соттың өзі Мемлекетттік тіл туралы заңнама талаптарын таптап отыр!

Бұл тек сот орындарында ғана емес, астанадан бастап, солтүстікте, шығыста барлық мемлекеттік орындарда осылай.

Міне, Тәуелсіздігіміздің отыз жылындағы “жетістігіміз”!?. 

Талай сотты қазақша өткізген Абзалдың айтуынша, орысша жүргізілген тергеу құжаттарын қазақшаға аударғанда 50 пайызы ақталып шыққан!..

Міне, қазақ тілінің қорғаныс қабілеті!

Осылардың барлығын еске түсірген Азат Перуашевтың жоғарыдағы қазақ тілі үшін, жалпы халық үшін аса құнды ақпаратын келтіре отырып, Халықты сақтандыру үшін

осы жазбаны жазып отырған жайымыз бар.

Банк алаяқтарынан барынша сақ болайық халайық!

Ол үшін барлық жерде тек Мемлекеттік тілде сөйлейік!

Өйткені, банк алаяқтарының барлығы орыстілділер екені анықталды.

Қазақ тілінің қорғаныс қабілеті күшті екенін банк басшылары да мойындап, банк қызметкерлерінен қазақша сөйлеуді талап етуде.

Құдай, сақтансаң ғана сақтайды!

Қазақша сөйлесең-қақпанға түспейсің!

Қазақ тілі жасай берсін!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні