ЖИРИНОВСКИЙДІ ЖҮЗ ЖЫЛ КІРГІЗБЕУ КЕРЕК ЕЛГЕ - Қазыбек Иса
2021 ж. 14 тамыз
1797
5
Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен күрескерлеріміздің бәрін Ресейге 50 жыл кіргізбейтін болса, біз Тәуелсіздігіміз бен тілімізге қарсы Жириновскийлерді 100 жыл кіргізбеуіміз керек елге!
Өз елінде өзінің Конституцилық заңды мемлекеттік тілін талап еткені үшін айдаладағы Ресей қазақтың тіл күрескеріне неге үкім шығарады? Олардың Тәуелсіз Қазақ Елінің ішкі ісінде не шаруасы бар?
Мысалы, мен орыс тілінде тек Ресей Думасының депутаты Жириновский Ресейде қазақша сөйлегенде ғана сөйлеймін. Тәуелсіз Қазақ Елінің депутаттарының бәрі де солай ету керек ел намысын, ер намысын ойласа!
Елбасы бекіткен “Қазақстан-2050” мемлекеттік стратегиялық бағдарламада және президент қол қойған Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша ел 2020 жылы 90% қазақ тілінде сөйлеуі керек еді! Сонда қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында өзінің мемлекеттік тілінде сөйлемейтін билігі бар ел 90% шет тілінде - орысша сөйлесе, онда Тәуелсіздік алғанымыз рас па, жоқ 30 жылымыз босқа кеткен бе?
Тәуелсіздігімізге отыз жыл толса да, солтүстікке қарап сыйынып алмай асын ішпейтін, намазын әлі Кремльге қарап оқитын біздің билік енді неге Ресей Президенті В.Путиннің: “Мен елімнің ең бірінші ҰЛТШЫЛЫМЫН” дегенін үлгі етпейді!
Қазақ тілін талап еткен Қазақ күрескеріне осындай қисынсыз үкім шығаруды біздің билігіміз Қазақ Елінің Тәуелсіздігіне қарсы отыз жыл бойы оттап келе жатқан Жириновский, Лимонов, Никонов, Соловьевтерге неге қолданбаған?!. Қайта біздің кейбір мемлекеттік тілін білмейтін медиамагнаттар мен шекесі тар шенеуніктердің Жириновский мен Соловьевтерді арнайы шақырып, алақандарына салып күтіп алып жүргені қандай жиіркенішті қорлық еді!..
Былтыр “Қазақ үні” ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын талап етіп, Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хатқа қол қойған, бір айда 125 мыңнан асып кеткен халықтың талабы тез арада орындалмай, мұндай дау өмірі бітпейді. Қайта ушыға береді.
Алашқа Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні