Дандай ЫСҚАҚ: Әдебиетіміз ұлт мүддесінің өзегі болғанда ғана өркендейді...

    Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,  С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі,   ф.ғ.д, профессор, Халықаралық Айтматов академиясының және ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі:                                  ӘДЕБИЕТІМІЗ ҰЛТ МҮДДЕСІНІҢ ӨЗЕГІ БОЛҒАНДА ҒАНА ӨРКЕНДЕЙДІ...                                            Қазақ әдебиеті қазір тоғыз жолдың торабында тұр... – Дандай Ысқақұлы, әңгіме­мізді қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйінен бастасақ... – Өкінішке орай, бүгінде материалдық құндылықтар рухани құндылықтардан жоғары тұратын болды. Мұның салдары өз кезегінде қазақ әдебиетіне де салқынын тигізіп жатқан жайы бар. Кез келген ұлттық мемлекетте бірінші кезекте ұлттық идеологияға жете мән берілуі керек болса, біздің елімізде бұл мәселеге көзқарас кегежу тартыңқырап отыр. Мемлекетіміздің көпұлттылығын қисынсыз көлденең тартушылық – ұлттық идеологиямызға басымдылықты жоққа шығарды. Ұлттық идеология – ұлтшылдыққа да, еліміздегі басқа ұлттардың құқықтарының аяққа тапталуына да әкелмейді. Кеңестің қиын-қыстау кезеңінде қазақ ұлты талай ұлыстарға пана болды. Сондықтан, қазақтың болмысындағы бауырмашылдық пен кеңдік әдебиетіне де дарып, терең көрініс тапты. Бірақ, бүгінгі қазақ әдебиетін батыстан келген «постмодернизм» деген жаңа ағым елеңдетіп, назарын өзіне аударып тұр. «Постмодернизм» – адамға көркемдік, эстетикалық ләззат бағыштап, адамгершілік тәрбие бере алмайды. Әдебиеттің дамуы барысында қалыптасқан көркемдік заңдылықтарын мойындай бермейді. Көркемдігі мен айтар ойы нашар шығармасын сынасаң, оны да мойындамайды. «Өмірді осылай көрдім, осылай жаздым, менің пікірім осы» деген уәж айтады. Бұған не деуге болады?.. Постмодернизмдік туындылардың кейіпкерлері бар болғанымен, бет-бейнесі ашылмайды. Мысалы, асқаралы Алатауды алыстан көргенде, басқаша да, ішіне кірсең, тіпті өзгеше сезімге бөленесің. Сосын, ақын мен жазушының екеуі де қаламгер болса да, айналадағы дүниені әрбірі өзінше бөлек түйсінеді. Меніңше, постмодернизм – ұлттың рухани құндылықтарын жоққа шығарудың бірден-бір құралы. Қашан да көркем әдебиетте басшылыққа алынып келген «ұлтқа қызмет ету, әдеби дәстүр, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, адамдарды адамгершілікке тәрбиелеу, ұлт болашағына қызмет ету» деген сияқты ұлы идеялардың барлығына бүгінгі адамдар күмәнмен қарауға дағдыланып барады. Мұның өзі әдебиетіміздің даму қарқынының әлсіреуіне ықпал етуде. Батыстық жаһанданудың ұлттық рухани байлығымызға қауіп төндіріп тұрғаны тағы шындық. Осындай аумалы-төкпелі заманда қазіргі қазақ әдебиеті не жазарын білмей, аңырап қалғандай. Өйткені, қазақ әдебиеті 21 ғасырда ұлттық бағытта дами ма, жоқ әлде, батыстық үлгіні таңдайды ма, бұл жағы әлі белгісіз күйде. Сол себепті, қазақ әдебиеті қазір тоғыз жолдың торабында тұрғандай. 20 ғасырдың басында социалистік реализм енді келе бастаған тұста Мағжан Жұмабаев: «Қазақ әдебиеті қазір тоғыз жолдың торабында тұр. Артымызда бір ғана жол, алдымызда тоғыз тарау жол. Дегенмен, біз ұлттық жолмен жүруіміз керек» деген болатын. Әрине, қазіргі қазақ әдебиеті қазір тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Тек бүгінгі таңдағы алуан-алуан үдерістерді санадан өткізіп, көбірек ойланып-толғанған, саралап-сараптаған сыңайлы... – Әдебиетіміз бен мәде­­ниетіміздегі ұлттық дәстүр­лерді әлемдік өркениетке шығаруымыздың мүмкіндіктері қандай дәрежеде? – Социализм дәуірінде орыс тілін жақсы білген адам ғана мәдениетті саналған болса, жаһандану дәуірінде «ағылшын тілін білетіндер ғана мәдениетті» деген ұғым пайда бола бастады. Бүгінде қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтындар «өркениетке өзге тілдер арқылы ғана қол созамыз» деген таяз түсінікте жүр. Біз әлемдік өркениетке орыстың, я болмаса ағылшынның тілі арқылы бармаймыз. Қазақтың тілімен, әдебиетімен, мәдениетімен, өнерімен ғана жетеміз. Шет тілдерін білу – әлем елдерімен қарым-қатынас жасау үшін, озық үлгідегі дәстүрлерді пайдалануымыз үшін аса керек. Бірақ, біз әлемдік өркениетке қазақы қалпымызбен, қазақтығымыздың ең бірінші көрсеткіші болып табылатын туған тілімізбен, сол тілде жасалынған әдебиетімізбен мәдениетімізбен, өзге ұлттан даралап тұратын ұлттық ерекшелігімізбен жететіндігімізді терең ұғынуға тиіспіз. Жаһанданудың басты мақсаты – бүкіл әлемді батыстық мәдениетке көшіру. Әлем халқын бір тілде сөйлейтін, батыстық жолмен өмір сүретін халыққа айналдыру. Кеңес үкіметі де кеңес халқын бір ұлт – «орыс» қылып, бір тілде – орыс тілінде ғана сөйлетуге бар күш-жігерін салды. Кеңестің басты қателігі де осында болатын. Ұлттық тәуелсіздігімізді алғаннан соң, біз бірден жаһандануға қойып кеттік. Егер біз ұлттық рухымызды, ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіріп, көтере алмасақ, қаптап жатқан рухани соққылардан тұра алмай қалуымыз да мүмкін. – Қазақ әдебиеті сынындағы өзекті мәселелерді атап өтсеңіз... – Қазақ әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы іспетті, сынның да халі мәз емес. «Демократия» дегенді қалқан қылып, сөз бостандығын алға тартып, шектен шығып бара жатқан сияқтымыз. Билікке жұғысты жазбалар шаруаның тек қана жақсы жақтарын айтып-қайталаудан танбаса, оқшау ойлы топтар қара түстен басқаны көрмейтін халге жетті. Ал, көркем шығармадағы сынға келсек, қазіргі уақытта туындының қандай өлшемдермен сыналатындағы белгісіз болып қалды. Шығармалар бұрын көркемдік, халықтық, ұлттық, адамгершілік тұрғыдан бағаланса, қазір «сөз бостандығын» желеу еткен әдеби сында бұл принциптерге айтарлықтай мән берілмей, әртүрлі пікірлер бой көрсетуде. Дәл бүгінгі күні әдеби сында бір бағыт, ортақ ұстаным – жоқтың қасы. Сондықтан, «маманданған сын жоқ» деуге де болады. Әдеби сында қазір дабыра дау-дамайлар толастап, бірқалыпқа түсе бастауға бет алды. Алдағы уақытта әдеби сынымыз қазақ әдебиетіндегі сыншылдық дәстүрдің озық үлгілерін дамытып, бүгінгі әлемдік әдебиеттен үлгі ала отырып, кәсіби пікір айту бағытында шығармашылық биіктерге жетеді, деген сенімдемін.                                                 Қазақ тілі – қазақ халқының жүрегі – Қазақ әдебиеті қарыштап дамуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек? – Қазақстан ұлттық мемлекет ретінде жарияланып, ұлттық мүддеге қызмет ететін ұлттық идеология салтанат құрғанда ғана, қазақ әдебиеті өркендейтін болады. Қазақ әдебиеті қарыштап дамуы үшін, ең алдымен, қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесіне ие болуы керек. «Үш тұғырлы» тіл саясатын жүргіземіз деп, өзіміздің туған тіліміз өзге тілдердің тасасында қалып бара жатыр. Өзге тілдің бәрін білгеніміз жөн-ақ. Тек оларға өз тілімізден артық құрмет көрсетуіміз ақылдылық емес. Біздің шаужайымызға жабысқан орыс, ағылшын тілдері қазақ тілінен кейінгі қосымша тілдің рөлін атқаруы тиіс. Яғни, екінші кезекке ысырылуы керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын қазақтардың саны 70 пайызды қамтып отырғанда, Қазақстанның өзін моноұлтты мемлекет ретінде батыл түрде жариялайтын кез келді. Қазақ ұлтының мәртебесін асқақтату жолында саясат жүргізілмейінше, қазақтың әдебиеті мен мәдениеті дами қояды, деп айту қиын. Осы жерде Ататүріктің мына бір сөздері ойға оралады: «Түркия Республикасын құрған – түрік халқы, түрік ұлты. Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы. Өйткені, түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық қасиетті тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақыл-ойы». Біз де мәселені осылайша түсінуге тиіспіз. Шындығында, Қазақстан мемлекетін құрған – қазақ халқы, қазақ ұлты. Қазақ ұлты деген сөз – қазақ тілі деген сөз. Қазақ тілі – қазақ ұлтының қасиетті қазынасы. Қазақ тілі – қазақ халқының жүрегі, ақыл-ойы. Сондықтан, Қазақстанды өзінің ұлттық мүдделерін қорғайтын мемлекеті ретінде құрған қазақ ұлты екендігі мойындалып, оның тілі төрге шығып, салтанат құрғанда ғана, ұлттық рухани құндылықтарымыз дамып, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз өркендейтін болады. Ешнәрсе өздігінен дамымайды. Қазақ әдебиеті қалыпты деңгейде жетіліп, озық та үлгілі шығармалар дүниеге келуі үшін қазақ қаламгерлеріне рухани-материалдық қолдау көрсетіліп, мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек. Сосын, әдеби туындыларымыз жарыққа шығып қана қоймай, қызу насихатталып, қаламақылары лайықты мөлшерге жетуі тиіс. – Қаламгерлер қазір сынды қалай қабылдайды? – Негізінен, бүгінгі қоғамда сын туралы әртүрлі түсініктер қалыптасты. Әдеби сын жолға қойылмай, әдебиеттің өсіп-дамуы туралы сөз етудің қажеті жоқ. Орыстың атақты жазушыларының өздері сын туралы әртүрлі пікірлерді айналсоқтап, тіпті оның бірі: «Сыншы – «жазушы боламын» деп, бола алмай қалып, әдебиеттің айналасында нанын тауып жүргендер» дегенді де айтқан. Түрлі обьективтік, субьективтік себептердің салдарынан қазір қаламгерлердің дені сынды дұрыс қабылдай алмайтындай дәрежеге жетіп, сыншы пікірін айтыла беретін көп пікірлердің бірі деп қана қарайтын болды. Қандай да бір туындыға әдепті де мәдениетті сын айтудың өзі – үлкен өнер. Ал, сынды дұрыс қабылдай білу – нағыз мәдениеттіліктің белгісі. Қазіргі таңда сынды мүлдем оқымайтын жазушылар да бар. Тіпті, «Мен осылай көрдім, осылай жазамын, ал, сынауға сенің хақың жоқ, мықты болсаң, өзің осылай жазып ал» дейтіндер де шықты. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой қазақ, қай заманда да сынға құлақ асқанымыз жөн. Сын болмаса, қоғам да, оның дамуы да болмайды. Сынның жүйелі қалыптасуы үшін де мемлекеттік қамқорлық керек. Сын – жеке адам үшін емес, бүкіл ұлт үшін, қоғам үшін қызмет ететін қажетті дүние. – Дандай Ысқақұлы, Елбасы Жолдауында латынға көшу мәселесі сөз болғалы бері, қоғамда бұл мәселе қызу талқыға түсті. Сіздіңше, Қазақстанның латын әліпбиіне қашан және қандай жолдармен көшкені дұрыс? – Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани құндылықтарына толық ие бола алмауының басты себебі – әліпбиінің тұрақты болмауынан. Түркі халықтарының бірлігі үшін ортақ әліпбидің қажеттілігі шындық. Ертеңін ойлайтын қазақ та бұл мәселені өткен ғасырдың басында көтерді. Арада жүз жылдай уақыт өткеннен кейін бұл өзекті мәселеге қайтып оралдық. Басқа ұлттарға сіңіп кетпеу үшін де, жаһандануға жұтылып кетпеу үшін де ортақ әліпби жасау керек. Демек, әліпби ауыстыру – біз үшін күн тәртібінен түспеген аса маңызды шаруа. Қазақстан латын әліпбиіне көшуді тезірек қолға алуы керек. Мұның негізгі себептері мынау. Біріншіден, түркі халықтарының бірлігі үшін. Тәуелсіздік алғаннан кейін түркі тілдес елдер жақындаса түсудің орнына бөлшектеніп, аралары алшақтап барады. Бөлшектену жақсылық емес. Бұл әлемдік жаһанданудың аузына әрбір ұлтты бөлшектеп салып беруге дайындағанмен бірдей. Әр мемлекеттің өз шекарасы болуы керек. Дегенмен, түркі тектес халықтардың негізгі рухани құндылықтары ортақ екендігі әрдайым жадымызда. Осы ортақтыққа жеткізетін бірден бір құрал – тіл, әдебиет, мәдениет. Латын әліпбиіне негізделген түркі халықтарының ортақ әліпбилері туыстас халықтарды жақындата түсуге ықпал етеді. Екіншіден, қазақ әліпбиінде қазір 42 әріп болса, оның оншақтысы – қазақ тілінде жоқ артық таңбалар. Бұл қаріптер орыс тілінен енген сөздердің түбірін сақтап жазу үшін ғана керек болған. Орыс тілінен енген сөздердің түбірін сақтап жазу – қазақ тілінің негізгі заңы – үндестік заңына қайшы. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз тілімізді, сөзімізді орыс тілінен жөнсіз енген қоқыстардан тазартатын боламыз. Латын әліпбиі – тіліміздің өзіндік заңдылықтарын қалпына келтіре отырып, жат әріптерден құтылудың таптырмас жолы. Кириллицаны ауыстыру арқылы біз орыс отаршылдығының негізгі құралдарының бірі болған әліпбиден толық арылып, осы уақытқа дейін орысқа байланып келген бодандық психологиядан құтыламыз. Сөйтіп, ұлтымыздың ұлт болып өмір сүруінің локомотиві саналатын ұлттық сана-сезіміміз арта түсетін болады. Үшіншіден, бүгінде әлемдегі білім-ғылымның 80 пайыздайы латын әліпбиіндегі ағылшын тілінде. Біздің жастарымыз заман ағымына ілесу үшін – әлемдік дәрежедегі білім-ғылыммен қарулануы керек. Ал, білім мен ғылымның негізі мен көзі латын әліпбиінде жатыр. Өркениетті кезеңде компьютер мен ғаламтор желісі де ағылшын тілінде. Сондықтан, бүгінгі күні латын әліпбиіне көшу аса қажетті де маңызды қадам болмақ. Латын әліпбиіне көшуді қазақ тілінің хал-ахуалын таразылаудан бастаған жөн. Ең алдымен, Ата Заңымыздағы «Орыс тілі – ресми тіл» деген тіркестен құтылмай, іс оңға баспайды. Сонда іс жүргізу түгелдей қазақ тіліне өтіп, қазақтың бәрі бір-бірімен қазақша сөйлессе, латынға көшу анағұрлым жеңіл болады. Қазіргі «қазақтілді және орыстілді» болып екіге жарылған қазақ қоғамында латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасында жанартаудай жасын сілкініс жасайды.                                                                           Әлемдегі үшінші тілдің үрейі мен үміті – Жаһандану дәуірінің екпіні де, қазіргі қазақ тілінің қауқары да кезек күттірмейтін іс-қимылдар жасауға итермелейтін сияқты? – Мұныңыз рас. Жаһандану дәуірі адамзаттың алдына жаңа міндеттер жүктеді. Жаһандану талабының қатаңдығы мен қиындығының тамыры бәсекеде жатыр. Бет қаратпас бәсекеде мықты ұлттар ғана өз келбеті мен қасиетін сақтап қалып, ғұмырын жалғастыра алады. Ал, әлсіз-әлжуаз, рухы сынған ұлттар тарихтың қойнауына мәңгіге кетіп, жойылып кетеді. Дамыған елдердің санатындағы Франция, Германия, Ресей сияқты елдердің өзі жаһандану жолында жұтылып кетпеу үшін қам-харекеттерін жасап жатыр. Бүгінде әлем бойынша 6 мыңнан астам тіл болса, шамамен, 2015 жылға дейін бүкіл әлемнің 50 пайызға жуығы бір тілде сөйлейді екен. Ал, «осы ғасырдың аяғында 6 мың тілдің 10-ақ пайызы қалып, 90 пайызы жойылады» деген болжам бар. Сол 10 пайыздың ішінде қазақтың тілі қала ма, қалмай ма – әрбір қазақты осы мәселе мазалауға тиіс. Қазіргі күні екі аптада 1 тіл жойылып отырады екен. Демек, бұл дегеніміз – 2 апта сайын бір ұлттың мәңгілік әрі мүлдем жойылу үрдістері басталып, іргетасы құлайды деген сөз. Тілімізді сақтап қалу үшін біз барымызды салуымыз керек. Ол үшін нақты қадамдардың бірі ретінде, ортақ әліпби мәселесін қолға алуымыз қажет. Бұл тұрғыда түркілік түбір сөздерді көбірек пайдаланатын ортақ әдеби тіл жасаудың маңызы зор. Бұрын мемлекетаралық, халықаралық, ұлтаралық соғыс болатын болса, қазір мәдениетаралық соғыстың, ақпараттық майданы жүріп жатыр. Ұлтымыз егемендігін алғаннан кейін, көп мәселелер өздігінен шешімін табады деп ойладық. Бірақ, қателескен екенбіз. Туған топырақ, төл елімізде анамыздың тілінің жағдайы әлі күнге дейін көңіл көншітпейді. Заң жүзінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі болғанымен, іс жүзінде қауқарсыз күйде қалып отыр. Қазіргі БАҚ-ның 3-5-ақ пайызы, Қазақстан телеарналарында көрсетілетін фильмдердің 3-ақ пайызы ғана қазақ тілінде беріледі. Мұндай ақылға сыймайтын масқаралық әлемдегі тәуелсіз бір де бір елде жоқ. Қазақ тілі – әлемдегі бай тілдердің бірі. Әлемдегі сөздік қоры ең бай араб тілінде 1 миллион 200 мың сөз, ал екінші орындағы ағылшын тілінде 750 мың сөздік қоры болса, үшінші орында 500 мыңнан аса сөздік қоры бар қазақтың тілі тұр. Осындай бай тілді қайткен күнде де қорғап қалуымыз керек. Жаһандану дегеніміз – ағылшын тілінің бүкіл әлемді жаулап алуға ұмтылуы. Қазіргі шеті мен шегі жоқ ғаламтордағы кескілескен ақпараттық күресте – тәуелсіздігіміздің тұғырын шайқалтпай, ұлттық мүддемізге зиян жасамауы үшін латын әліпбиіне тез, әрі сапалы деңгейде өтуіміз керек. Бір оқ шығын қылмай, қан мен терін сарп етпей-ақ, күллі әлемді жалмауға кіріскен «жаһандану» атты жалмауызға жұтылмаудың бірден-бір жолы – латын әліпбиіне көшу. Біз осы арқылы түбі бір түркі әлеміне жақындаса түсуіміз керек. Жаһанданудың аранынан түркітектес халықтар бас қосып, біріксек қана аман қаламыз. Біз үшін басқа жол жоқ. Ол үшін түркітектес халықтар бірін-бірі түсінетіндей ортақ әліпби жасалуы керек. Латынға көшсек, «ертеңгі күніміз қалай болады» деп алаңдамайтын боламыз. Мәселен, Әзірбайжан халқы латынға көшу арқылы орыстың отарынан қалған қалдықтардың бәрін лақтырып тастады деуге болады. Өйткені, оларда біздегідей «орыс тілін қайткен күнде де, білу керек» деген түсінік жоқ. Шет тілдерінен ағылшын тілін меңгеруді жолға қойған әзірбайжандар оқ бойы озық шықты. Қазақ та ешкімнен кем ұлт емес. Біздің де санамызға сілкініс жасайтын кезіміз келді. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ