"7-баптың 2-ші тармағына өзгерту енгізу керек" - Мемлекеттік тілге қатысты ҚАРАР қабылданды
2021 ж. 30 маусым
3302
8
Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ бірлесіп, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Аталмыш жиынға облыстық, аудандық сот төрағалары, мемлекеттік қызметкерлер, адвокаттар, ЖОО өкілдері т.б. қатысты.
Конференция қорытындысы ретінде арнайы ҚАРАР қабылданды. "Қазақ үні" Қарар мәтінін оқырман қауымға ұсынады.
Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ бірлесіп, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы "тақырыбында өткізген ғылыми – тәжірибелік конференциясының қарары
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7, 93-баптарын, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын», Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30 - бабын, Азаматтық – процестік кодексінің 14 – бабын, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 738-бабын басшылыққа ала отырып, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы» тақырыбындағы конференцияда қабылданған қарар:
Ішкі саясат басқармасына:
1. Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау және мемлекеттік тіл туралы заңның атына сай қолданылуы үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 – бабына өзгертулер енгізу жөнінде Тіл саясаты комитетіне ұсыныс жасау;
2. Мемлекеттік мекеме және заңды тұлғалар тарапынан «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптары сақталмаған жағдайда әкімшілік жауаптылық мәселесін қарастыру.
2. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуында барлық мемлекеттік мекеме, ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс жүргізуде, мемлекеттік мекемелер арасындағы хат алмасуда тек мемлекеттік тілдің қолданылуын және мемлекеттік мекемелер мен органдар тарапынан сотқа жолданатын іс-қағаздарын мемлекеттік тілде берілуін қамтамасыз ету;
3. Мемлекеттік тілді меңгермеген қызметкерлер үшін тілді үйрену курстарының ұйымдастырылуын басты назарға алу;
4. Мемлекеттік мекемелер мен органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясына, ахуалына жылына 2 рет мониторинг жүргізу;
5. Мектеп, колледж, университет және тағы басқа да білім ошақтарында дәрістер оқуда мемлекеттік тілге басымдық беру.
Мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару мекемелеріне:
1.ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жергiлiктi атқарушы
органдар, мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдарға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізу;
2. Заң актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және тағы да басқа құжаттарын рәсімдеудің негізгі нұсқасын – тек мемлекеттік тілде жүзеге асыру;
3. Сот, мемлекеттік мекеме және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, адвокаттар және көпшілікке қызмет ету мекемелерінің қызметшілерін міндетті түрде мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға міндеттеу;
4. Мемлекеттік қызметшілер, судьялыққа, адвокаттық және нотариустық қызметпен айналысуға ниет білдірген үміткерлер тапсыратын тестілеуде мемлекеттік тілден алынған бағаны (балл) тестілеудің жалпы қорытынды бағасына енгізу;
5. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;
6. Мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру мақсатында мемлекеттік тілді жетік меңгерген мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру жұмыстарын жүзеге асыру;
7. Тілдерді оқыту орталықтарында оқып, сертификат алған қызметшілерге мекеме басшылығы тарапынан қадағаланып, олардың өз құжаттарын мемлекеттік тілде рәсімдеуіне талап қою;
8. Мемлекеттік тілде сауатты жазуға мүмкіндік беретін, емле ережесіне қатысты қателерді іздеп табатын компьютерлік бағдарламаны, сондай-ақ дауыс таспасын (аудио) мәтінге айналдыратын арнайы дыбыстық конвертерді енгізу мәселесін қарастыру;
9. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын, осы мақсатта облыс аумағындағы мемлекеттік басқару органдарында жиналыс, мәжіліс, кеңестердің мемлекеттік тілде өткізілуін, азаматтарды қабылдау, олардың өтініш-тілектерімен жұмысты міндетті түрде қазақ тілінде жүргізуді қамтамасыз ету мәселесін ұдайы бақылауда ұстау;
10. Бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет кеңістік саласында қазақ тілінің қолданылу аясына басымдық беру.
11. Облыс аумағындағы барлық сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарда тіл заңнамасы талаптарының орындалуын назарда ұстау;
12. Тіл саясатын жүйелі, табандылықпен іске асыру үшін осы салада атқарылатын барлық жұмыстарға принциптік бақылау орнату үшін еш себепсіз жабылып қалған облыстық тіл басқармаларын, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын қайта ашу. Бұл басқармаларға Тіл заңының қоғамда орындалуын тексеру, орындалмаған жағдайда қатаң талап қою, тіпті әкімшілік жаза қолдану сияқты тиісті құқықтық құзіреттер беру.
Құқық қорғау органдарына:
1. Прокурорлар, тергеушілер және басқа да сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізетін тұлғалар Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 - бабына, «Тіл туралы» Заңның 4 – бабына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30 - бабына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқықтарын жан-жақты түсіндіріп, олардың құқықтарын барынша сақтап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған нақты іс-шаралар атқару;
2. Нақты істерді қарауда, тергеу барысында бірлі-жарымды мемлекеттік тілді меңгермеген тұлғалар үшін іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден өзге тілге ауыстыру практикасын жойып, жоғарыдағы азаматтардың конституциялық құқын бұзбау үшін тілмәш көмегін пайдалануға;
3. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738 - бабының талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға қатысты хаттамаларды толтыруда мемлекеттік тіл туралы құқықтары түсіндіріліп, олардың мүдделерін қорғауды осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етілуіне басты назар аудару;
4. Мемлекеттік органдар мен мекемелер іс қағаздарын жүргізуде ҚР «Тіл туралы» Заңның 4 – бабын сақтап, сотқа талап - арыздар мен сот ісінің құжаттарын мемлекеттік тілде жасақтау;
5. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік қызметке қабылданған кезде олардың міндетті түрде мемлекеттік тілді меңгеруіне баса назар аудару;
Прокуратура органдарына:
1. Прокуратура органдарына Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының, мемлекеттік органдар мен мекемелер іс қағаздарын жүргізуде ҚР «Тіл туралы» Заңның 4 – бабының сақталуын қадағалау мәселелерін назарға алу және жылына 2 рет мониторинг жүргізу;
Облыс соттарының судьяларына:
1. «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 Нормативтік қаулысына сәйкес судьялар қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді сот талқылауына дайындау сатысында құқық бұзушының, талап қоюшының, арыз берушінің талап арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтап, оларға іс жүргізу тілін мемлекеттік тілде жүргізу құқықтары жан-жақты түсіндіріліп, мемлекеттік тілден
өзге тілде берілген талап арыздарды заң талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік тілде қаралуын басты назарда ұстау;
2. Қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтты тұлғалары болған кезде, істі қабылдап, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында алдын ала тыңдауды тағайындап, іс жүргізу тілінің дұрыстығын басты назарда ұстау; Сотталушының істің бұдан әрі қарай мемлекеттік тілде жүргізілуіне пікірін анықтап, оған құқықтық баға беру;
3. Судьялар істерді зерделеу және сот талқылауына дайындау барысында аудио-бейне жазбаны үнемі қолданылуын қамтамасыз етіп, ай сайын талдау жасау;
4. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан «Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қағидаты сақталмаған жағдайда оларға қатысты жекеше (жеке) қаулы шығару.
5. Мемлекеттік тілде сот төрелігін сапалы жүзеге асыру мақсатында судьялар және судьялыққа үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне баса назар аудару;
6. Сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің қолданылу аясына, ахуалына апта сайын мониторинг жүргізу;
7. Апелляциялық сот алқаларының төрағаларына Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30- бабына, Азаматтық – процестік кодексінің 14 - бабына, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738 - бабының талаптарына сай істерді мемлекеттік тілде жүргізуді қатаң бақылауға алып, бұзушылықтарға жол берген судьяларға қатысты нақты шаралар қабылданылуын назарда ұстау.
Соттар әкімшісіне:
1. Сот процестерін мемлекеттік тілде жүргізу үшін соттарда мамандандырылған аудармашы лауазымын енгізу және сот маманы лауазымына үміткерді қызметке қабылдауда мемлекеттік тілді білу деңгейіне баса назар аудару.
2. Соттардағы кіріс, шығыс, ішкі құжаттардың тек мемлекеттік тілде рәсімделуіне баса назар аудару.
3.Аталған конференцияның қарары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, мүдделі мемлекеттік органдар мен мекемелер назарына жеткізу.