Мемлекеттік тіл туралы заңды парламент Президенттен талап етуі керек - Дулат Исабеков

Мемлекеттік тіл туралы заңды парламент Президенттен талап етуі керек - Дулат Исабеков

БАРЛЫҚ САЛАНЫҢ БІРІНШІ БАСШЫЛАРЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУГЕ МІНДЕТТІ!


Қазір парламентте ел “Ақ жол” партиясы фракциясының көтерген маңызды мәселелерін жіті қадағалап отырады. Өйткені, Алаш ұстанымын ұстанған ақжолдықтар ұлттық идеологияда да, әлеуметтік-экономикалық салада да өздерінің қарқынды қайраттарын көрсетуде. 

 “Ақ жол” фракциясының мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазыбек Исаның парламент депутаты болып, халық мандатына ие болғалы бері еліміз үшін өзекті мәселелерді өткір көтеріп келе жатқаны көңілімнен шығып жүр. Шындығында, бұрындары Мәжіліс мінберінен талқыланып жатқан заңдарды тек бас шұлғып, қолдаудан аса алмайтын депутаттарды жиі көріп қынжылатынбыз. Қазір елдің көкейіндегі ойды айтатын ерлердің төбе көрсеткені көңілге берік сенім ұялатады.

Әсіресе, Қазыбек Исаның «Егер мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде?» деген мәселені төтесінен қойған сөзі қалың көпшіліктің кеудесіндегі үміт отын жағып, жігерлендіре түскені анық.

Ұлттық мәселеге келгенде біздің депутаттарымыздың дені бұғып қалатын көріп, біліп, жүрміз ғой. Ал “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялаған Қазыбектің ештеңеден тайсалмай, Мәжіліс мінберінен ұлттық мүддемізді қорғауы бәрімізге қанат бітіріп отыр десек артық айтқандық емес. “Ұлттық идеологияны қолға алып, Ұлттық болмысымыз Ұлтшылдық негізде қалыптасуы керек!” деген ұран парламент төрінен тұңғыш рет ресми айтылып отыр!

Мысалы, Қазыбек Иса Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап ету, оған Премьердің қайтарған жаттанды жарымжан жауабының тас-талқанын шығарып, қайта сауал жолдау, Көрнекі ақпарат туралы заңға Тіл басқармаларының үш-төрт жыл бұрын айрылып қалған бақылау функциясын қайтару туралы бап енгізу және мемлекеттік тілді басты рөлге шығаратын бірнеше бапқа ұсыныстар жасап, оны үкіметке мақұлдату, қандастар көшін күшейту, азаматтық алуды жеңілдету, жабылып қалған Көші-қон комитеті құрылатын болуы, қандастарға ұлты қазақ деген анықтама берудің жолға қойылуы, шетелдегі қандас студенттерді онлайн оқытуды шешуі, Алаш қайраткерлерін ұлықтау, шекарашылар Қазақстанға қайта кіргізбей қойған, бес күн әуежайда орындықта қонған қандас қызымызды елімізге кіргіздіруі және тб мәселелерді шешу арқылы Парламент депутатының қандай болуы керектігін көрсетіп берді.

Яғни, Қазыбек Иса бір шақырылымның бір сессиясының өзінде-ақ алдында әділетсіздікпен өзін өткізбеген үш шақырылымның жүгін көтеріп кетті.

Мен Қазыбектің депутаттық сауалына негіз болған қазақ тілінің жай-күйіне тағы да бір тоқтала кетуді құп көріп отырмын. 

Менің ойымша, мемлекеттік тілдің мәселесі – қазақ тілін білмейтін қызметкерлердің мемлекеттік қызметте жүруімен тығыз байланысты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің тиісті тұғырына қону үшін құзырлы мекемелердің басшылығына мемлекеттік тілді білетін, жаны ашитын және қазақ тілін қызметкерлерінен талап ететін азаматтарды тағайындауымыз керек. Мәселен, бізде Денсаулық сақтау саласының басшысы қазақ тілін білмейді. Қазақ тілін білмеген басшы қазақ тілінде қалай іс жүргізе алады? Демек, қазақ тілі өз елімізде әлі күнге дейін жанама тілдің күйін кешіп отыр. Сондықтан, кадр мәселесіне келгенде, қай салада болсын, бірінші басшыны міндетті түрде қазақ тілін білетінін қоюымыз керек. Егер бірінші басшы қазақ тілін білмесе, онда ол саланың қазақ тілінде іс жүргізуі, халыққа қызмет көрсету жағы ақсап жатқаны сөзсіз. Кадр мәселесінде қазақ тілінің мәселесін шешпей тұрып, біз қазақ тілінің ахуалын өрге бастыра алмаймыз. Ол бесенеден белгілі. Мемлекеттік тілді білмегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамайтын уақыт жетті! Ендігі жерде осы мәселені халық қалаулылары ел Президентінің алдына тікелей қоюы керек. Сонымен қатар, оң шешімін табуын талап етулері керек. 

Ал қазір Қазыбек Исаның айтуынша, Көрнекі ақпарат туралы заңға Тіл басқармаларының үш-төрт жыл бұрын айрылып қалған бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске енгізген ұсынысқа мемлекеттік органдардың бәрі келісіпті. Тек “Атамекен” ұлттық палатасы әлі келісімін бермепті. Сонда “Атамекен” мемлекеттік тілдің дамуына қарсы ма?

ТЕРІС ДІНИ АҒЫМДАРҒА ЗАҢ ЖОЛЫМЕН ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНУЫ КЕРЕК

Тағы бір мені алаңдатып жүрген мәселенің бірі – өрімдей қыздарымыздың бет-аузын тұмшалап, қап-қара киініп, тек ғана көзін көрсетіп жүруі. Дәл қазіргі кезде ел ішінде кеңінен белең алған бұл үрдіс үрейімізді туғызып жүргенін айтуға тиіспіз. Біз Иран, Ауғаныстан сияқты діни емес, зайырлы мемлекетпіз. Біз секілді өздерін зайырлы мемлекет деп танитын Өзбекстанда бет-аузын тұмшалап жүруге қатаң тыйым салынған.

Менің алаңдайтын себебім – осы жолды берік ұстанған көптеген жастардың діннің теріс ағымдарына еріп, уахабистік жолға түсу арқылы өз болашағына өздері балта шауып жатуы жаныма қатты батады. Теріс жолға түсудің салдарынан, шет мемлекеттердегі соғысқа қатысып, құрбан боп жатқан жастар қаншама. Сондықтан, біз дінді дұрыстап ұстаудың жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін халық қалаулылары осы бір өзекті мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, оң шешімін табуына ықпал етуі тиіс. Уахабизм сияқты теріс діни ағымдарға заң жолымен қатаң тыйым салынуы керек.

Дулат ИСАБЕКОВ, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург