Әліпби - ұлттың рухани байлығы

Жалпыхалықтық мәдени шараны, лингвистикалық маңызы бар бұл мәселені кідіртудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Себебі, бізде ғылыми дайындық пен тәжірибе жоқ емес. Бұрын-соңды қазақ жазу тарихында болған латын графикасының қабылдануы, қолданысқа түсуі кезіндегі тәжірибелерді, кемшіліктерді, жетістіктерді, сол кезеңдегі орфографиялық ережелерді, әліпби жүйесін негізге алуға болады. 10 жыл (1929-1940) бойы қолданыста болған латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының айтарлықтай тағылымы мен тәжірибесін болашақ латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасауда ескерсек, тиімді болатыны сөзсіз. Тарих беттеріне көз жүгіртетін болсақ, 1928 жылы Жоғарғы Орталық Комитеттің (ВЦКНТА) ұйымдастыруымен Баку қаласында бүкіл түркі тілдес халықтардың әліпби жобалары сарапталады. Отырысқа келген әр елдің өкілдері өз елдерінде болып жатқан саяси-мәдени шара жөнінде баяндай отырып, латын графикасына негізделген әліпби жобаларымен таныстырады. Ал Қазақстаннан барған Ораз Жандосов бірнеше авторлармен бірлесіп жасаған 28 әріптен тұратын жобаны ұсынады (Жоба Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, І.Қабылұлы, І.Жансүгірұлы, Ш.Тоқжігіт ұлдарының қатысуымен жасалған) : а <a>, в <б>, c <ш>, ς <ж>, d <д>, e <e>, g <г>, q <ғ>, һ <х>, i <і>, k <к>, q <қ>, l <л>, m <м>, n <н>, ŋ <ң>, o <o>, ө <ө>, j <й>, p <п>, r <р>, s <с>, t <т>, u <ұ>, u <у>, у <и>, z <з>, ь <ы>. Әліпби құрастыруда тілдік, психологиялық, педагогикалық, графикалық және полиграфиялық факторлар ескеріліп жасалды. Лингвистикалық фактор арқылы әліпбилердегі әріптер тілдің табиғатын, құрылымын толық бейнелеу, бір-біріне жақын, ұқсас таңбаларды алмау, вокализм, консанонтизм сияқты фонетикалық белгілерді адекваттық (барабар) мағынада қолдану, бір мағынада жұмсалатын көпәріпті таңбаларды алмау, яғни бір единица бір таңба болуы және жиі кездесетін фонемалардың таңбалары қарапайым, әрі жеңіл, ал сөзде немесе сөйлемде жиі кездеспейтін таңбаларды күрделі таңбамен беру ескерілсе, педагогикалық фактор арқылы әріптерді таңбалағанда, оларды тез тану және жазу оңтайлы болуы ескерілді. Полиграфия-тех­ни­калық тұрғыдан әріптердің берілуі мынадай мәселелерге көңіл қоюдан тұрды: а) әріп кескіні литерден аспау; б) әріптің пішіні бүтін болу; в) диакретикалық белгілерді шектеу. Мысалы, ä әріп үсті таңбасы полиграфиялық жағынан тиімсіз; г) жазу экономиясына зиян келтіретін диграф, триграф (sh, sch) тәрізді белгілерді алмау; д) экономикалық, өндірістік жағдайларға тиімді болу; е) жол асты, жол үсті белгілерді шектеп қолдану. Ал, әріптердің графикалық тұрғыдан безендірілуі мынадай міндеттерге құрылды: 1) әр таңбаның өзіне тән белгілі бір ерекшелігі болуы тиіс. 2) таңба қарапайым, әрі оңтайлы болуы тиіс; 3) таңбалар мәтінде үйлесімді құрылуы тиіс және т.б. Мамандар әліпби құрастыруда және таңба таңдауда осындай факторларға баса назар аударылуы тиіс деп көрсеткенімен, «бұрынғы латында» мынадай сәтсіз шық­қан таңбалар да болған. Ол – ғ дыбысының таңбасы. Қ (q) және ғ әріптерінің кескіндерін ұқ­саттыру мақсатында q таң­басын модификациялай оты­рып, ғ дыбысына мынадай таңба жасалады: Ƣ. Жазу тәжі­ри­бесінде бұл таңба көпте­ген қолайсыздығымен, ыңғай­сыздығымен ерекшеленді. Яғни о және j әріптері сөз ішінде бірге (оj - ой ) келгенде ғ әрпінің тұрпатына ұқсас болып кеткен oj. Бұл графема өз кезегінде полиграфиялық жағынан да сәтсіз шыққан деп бағаланған болатын. Сондай-ақ әліпби құрастыру барысында ә, ң, ж дыбыстарына әріп таңдау күрделі мәселелердің бірі болды. Ә үшін латын стандар­тындағы таңба емес (Ä), түркі кеңесі ұсынған ә таңбасы алынады. Ал таңбалар мәтінде оңтайлы әрі үйлесімді құрылуы үшін ң және ж дыбыстарының таңбалары ŋ және ç түрінде қабылданады. Сонымен, әліпби жүйелерін салыстыра, принциптерін белгі­лей отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарын бейнелейтін 29 таңба алынады. Осыдан кейін ресми түрде барлық мерзімді басылым беттерінде қазақтың жаңа әліпби жүйесі жарияланады. Қабылданған әліпби тілдің дыбыстық жүйесінен ауытқымайтын, ережесі де, әліпбиі де ұлттық дыбыстардың негізінде жасалды. Аталған кезеңде ауызекі тілдің функциясы басымырақ болып, сөздердің дыбыстық жа­ғынан өзгерген түрлері молы­нан қолданылды. Тілдік мате­риалдардан байқағанымыз 1938 жылға дейін кірме сөздер қазақ тілінің заңдылықтарына толықтай бағындырылды. 1929-1938 жылдар аралығында кірме сөздер дыбыстық құрамы мен тұлғасы өзгеріп, сындырып («қазақшалап») жазу тенденциясына бағынды. Алайда әліпби мен емле қабылданғаннан кейін жазу тәжірибесінде бірнеше қиындықтар байқалғандықтан әліпби мен орфографияға ішінара реформалау идеясы бас көтереді. Ең алдымен, қайшылығы мен қиындығы мол шет тілінен енген сөздерді жазу болды. Оның себебі біріншіден, орфографиялық принциптің дұрыс таңдалмауында және кейбір әріптердің жетіспеуінде. Шет тілінен енген сөздерді жазуда негізгі принцип фонетикалық болғандықтан, кірме сөздерді әркім өзінше естіп, өзінше таңбалады. Сондықтан, мерзімді басылымдарда кірме сөздер екі-үш, кейде одан да көп нұсқада жазылды (папирос сөзі – paperosьn/ papьjros/ papьros түрінде, динамит – dьjnamьjt/ dіjnәmіt т.б.). Жалпы шет тілінен енген сөздерді дұрыс жазуға бағыттайтын арнайы ережелер де болды, бірақ, оның дағдыға айналып кетуі біраз уақытты талап етті. Мысалы, 1929 жылы орыс тіліндегі в дауыссыз дыбысының қазақ тілінде игерілуі мынадай ережеге құрылды: 1. Сөздің басында еріндік және езулік [б] дыбысына алмастырылады: волость – болыс, валюта – балута, вариант – бариант, выставка – быстапке, варваризм – барбаризм т.б.; 2. Әлсіз позицияда [в] дыбысы түсіріліп таңбаланады: взвод – ызбот; 3. Интервокалдық жағдайда [в] дыбысы у-ға алмастырылады: Москва – мәскеу, самовар – самаурын, завод – зауыт т.б.; 4.Сөздің аяғында және ортасында [п] арқылы беріледі: коллектив – көлектіп, кооператив – көператіп, выставка – быстапка, негатив – негатіп. Көріп отырғанымыздай, орыс тілінен енген сөздерді қазақ тіліне дұрыс игеру үшін бірнеше ережені білу керек болды. Сондықтан 1938 жылдың орта тұсында шет тілінен енген сөздерді дұрыс таңбалау үшін, жазуды оңтайлы ету үшін «түпнұсқалыққа жақындық» принципі таңдалып, 3 (в, ф, х) әріптің таңбасы алынып, әріптің саны жағынан артқаны белгілі (32 әріп болады). Сонымен, в, ф, х таңбаларын қабылдануының басты себебі қазақ тіліндегі діни, кітаби лексиканы және орыс тілінен енген сөздерді дұрыс жазуға бағыттау болатын. Ғалымдар арасында көптеген пікірталас тудырып жүрген и, у-дың жазылуы да реформа жасалған еді. 1938 жылға дейін и және у дыбыстары қосар таңбамен таңбаланғаны белгілі, яғни комитет, институт т.б. сөздердегі [и] дыбысы және туралы, ескерту тәрізді сөздердегі [у] дыбыстары қосар таңбамен, яғни [и] дыбысы сөздің жуан және жіңішкелігіне қарай ый, ій түрінде, ал [у] дыбысы ұу, үу түрінде таңбаланды. Мысалы, pьjlarmonьja (пыйлармоныйа), kәвijnet (кәбійнет), уjrenyv (үйренуү), өndirуv (өндіруү), respoвilijke (респобілійке), ekanomijke (еканомійке), kәmijtet (кәмійтет), pөlijmetal (пөлійметал), кәmвijnat (кәмвійнат), pьrapsәjөz (пырарсөйөз); tuvralь (тұуралы), eskertuv (ескертүу), aluv (алұу), oquvcь (оқұушы) т.с.с. 1933 жылдан бастап осы мәселенің төңірегінде мерзімді баспасөз беттерінде дыбыстардың емлесі туралы түрлі мақалалар жарық көреді. Бірсыпыра ғалымдар [и], [у] дыбыстарын қосар әріппен таңбалау керек десе, екіншілері [и], [у] дыбыстарын бір таңбамен таңбалауды ұсынады. Сондай-ақ осы дыбыстарды жарты дауысты дыбыс демей, оған толық дауысты дыбыс деген статус беру керек дейтін пікірлер де болады. Біраз пікірталастан соң 1938 жылы [и], [у] дыбыстарының жазылуына да өзгерістер енгізеді. Жаңа ережеде қос таңбалар ажыратылып, ол дыбыстар жеке-жеке бір таңбамен берілуі тиіс екені көрсетіліп, мұндай жазу жүйесі грамматологиялық тұрғыдан тиімді екені дәлелденеді. Сондықтан бұрынғы ұу, үу, у таңбаларын, барлық жерде u мен және ьj, іj, j таңбалары барлық жерде і таңбаласымен таңбаланатын жазу жүйесі енгізіледі. Осы кезден бастап қазіргі кезге дейін и, у дыбыстарын осы жүйе бойынша таңбалап жүрміз. Болашақ латын әліпбиін қабылдау тұсында осы мәселеге аса назар аударылуы тиіс. Себебі жазу тәжірибесінде бұл дыбыстарды қосарлап таңбалап жазу қолайсыздық тудырғаны хақ. Қазақ әліпби құрамына қазақ тіліне мүлде жат ц, ё, щ, э, ъ, ь тәрізді таңбалардың барлығы кирил графикасына негізделген қазақ жазуына көшкеннен кейін енгізілгені белгілі. Болашақ латын графикасын стандарттау барысында бұл әріптерге қазақ әліпбиінен орын берілмеуі тиіс. Себебі, кирилл әліпбиінің түркі тілдеріне көп жағдайда сәйкес келмейтін тұстары көп. Мысалы, орыс тілінде жуан және жіңішке дауыссыздардың фонологиялық қарама-қарсылығы бар болса, қазақ тілінде мұндай жоқ. Жіңішке дауыссыздарды таңбалайтын арнайы әріптер болмағандықтан орыс тілінде аталған графемалар жіңішке дауыссыздарды білдіру үшін қолданылады. Мысалы, жіңішкелік белгі (быть, моль, резьба), сондай-ақ, ё тәрізді арнайы графемалар дауыссыздың жіңішкелігін білдіреді (учет) т.б. Аталған тіл ерекшеліктері ескерілмей, орыс тілінің ц, ё, щ, э, ъ, ь тәрізді қосымша таң­балары қазіргі қазақ жазуында сақталған. Әрине, бұлар қазақ тілінің тек фонемалық құра­мына ғана емес, сол сияқты грам­матикалық құрылымына да тіптен сәйкес келмейді. Жазуды күрделендіруімен қатар, көптеген шатасушылық туындатып, тілдің өзіндік табиғатына елеулі нұқсан келтіреді. Осыған байланысты түркітанушы-ғалымдар түркі тілдерінде кирилл әліпбиі қолданыла бастағаннан бергі уақыттарда бұл әліпбидің түркі тілдері үшін тиімсіз екендігін, оны ең болмағанда өзгерту, жетілдіру қажеттігі жөнінде айтумен келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді болашақ латын әліпбиіне енгізілмеуі керек. Ал бұл әріптерді таңбалау механизмдерін «бұрынғы латын» тәжірибесінен алуға болады. Мысалы, 1938 жылы ë – сөздің басында және дауысты дыбыстан соң «и+о» қосындысы арқылы берілді: iolka, zaiom т.б. Ал дауыссыз дыбыстан кейін келген жағдайда ө таңбасы арқылы жазылды: aktөr, mantөr, pulemөt, katөl, pөlөmkin, вudөnni т.б. Сонымен қатар [ц]-ның жазылуы былайша болды: аталған кезеңде ц дыбысы сөз басында негізінен с әрпімен берілді: центр – sentir (сентір), цивилизация – siвijlijzatsija (сибійлійзатсійа), центнер – sentiner (сентінер). Сөздің аяғында келетін кварц, жрец сияқты сөздердің аяғындағы ц – тс арқылы берілгенін көреміз: Жрец – çirets (жіретс), кварц – kвarts (кбартс), терция – tertsija (тертсійа) т.б. Тек шіркеу (церковь) сөзінің қазақ тіліне кіру процесі күрделі болып табылады. Ғалымдардың пікірінше, шіркеу сөзі бірінші татар тілінен барып, кейін қазақ тіліне ауысқанын айтады. Мысалы: церковь – чиркау, чиркяу, шіркеу. Осындай жазу механизмдерін болашақ латын графикасына негізделген қазақ жазуына қолдануға болады деп ойлаймыз. Ал қазіргі әліпбидегі «ь» (жіңішкелік белгі), «ъ» (жуандық белгі) әріптік таңбасының болуы дұрыс емес екендігін атап өткіміз келеді. Қазақ тілінде араб жазуы, латын жазуы болған кездердің өзінде бұл таңба ешқашан да қолданылған емес, өйткені, қазақ тілінде дауыссыздардың жіңішкелігі қатар тұрған дауыстылармен анықталады. Осыған қарамастан кирилл әліпбиіндегі қазақ жазуында бұл таңбалар бар, аталған таңбалар өз кезегінде советизмдерді, интернационализмдерді орыс орфографиясымен бұлжытпай жазу үшін қолданылған. Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келе, әліпби реформасын жасауды бастама қылып көтерген, жобаларын ұсынып, әліпби реформасының негізгі принциптерін белгілеп жүрген ғалымдар әліпби тарихымызда болып өткен тәжірибелерді ескеріп, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамыз. Назира Әміржанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.