Түркі дүниесінің дүлдүлі

Рахманқұл Бердібайдың тағылымы мол ғалым екендігі, алдымен, оның жанкешті ерен еңбек сүйгіштігімен ерекшеленеді. Ол жарты ғасырдан астам ғылыми шығармашылығы нәтижесінде әдебиеттің сыны, тарихы, теориясы саласында мыңнан астам мақала жазып, қырыққа таяу кітап шығарыпты. Солардың ішінде «Әдебиет және өнер», «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», «Дәстүр тағылымы», «Қазақ тарихи романы», «Ғасырлар толғауы», «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Байкалдан Балқанға», «Ел боламыз десек» атты іргелі еңбектерін ерекше атаған жөн.   Ғалымның ұшан-теңіз еңбектерін зерделеп қараған адамға оның ғылымдағы табандылығы, кеңес дәуіріндегі өміршіл идеологияның қысаң «стандартты өлшеміне» мойынсұнбайтын батылдығы, қандай жағдайда болмасын, ғылымдағы ақиқаттың ақ жолынан ауытқымайтын адалдығы анық байқалады. Осындай бағытты оның әдеби сынға араласа бастаған алғашқы жылдарда жазған «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» мен қазақ тілі жайлы «Ең үлкен байлық» атты мақалаларынан айқын көреміз. Алғашқы мақаласында қазақ әдебиетінің өткендегі мұраларын игеру мәселесін көтеріп, оған идеологиялық тұрғыдан бір­жақты баға берушілікті сынайды. Бұл кездің қатал саясатқа қарсы еркін пікірдің айтылуына жол берілмейтін, қатаң шаралар қолданылатын қуғын-сүргін заманының, соңғы толқын­дарының уақыты екенін ескере отырып, мақалаға көз жіберсек, сыншының сол қиын, қауіпті кезеңнің өзінде-ақ ұлттық әдебиетіміз жайлы еш қаймықпай, батыл айтқан пікірлерінен азаматтықтың, күрескерліктің үлгісін көреміз: «Бір де бір азамат өз халқының мәдени мұрасына енжар қарай алмайды. Әсіресе, жазылып қалған тарихи деректері көп емес қазақ халқының жағдайында әдеби шығармалардың танытқыштық ролі аса зор. Көптеген зерттеулер мен мақалаларда көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігі ескерілмейді. Ғылыми дәлелдің орнына, жалған саясат­шылдық догма үстем болды. Шығармалардың рухы ескерілмей, жекелеген фактілер ғана есепке алынды. Көркем шы­ғармадан «идеялық» дегенді бөліп алып, жеке дара қараушылық орын алды. Есте жоқ ескі заманда туған шығармаға да қазіргі күннің талабынан қарау пайда болды. Көркем шығармада бай, молданың аты аталса, нағыз бейсаясаттылық болып көрінді. Осындай көзқарастың нәтижесінде «Қамбар батырдан» басқа эпостардың бәрі зиянды деп табылды. Жылдар бойы нелер халықтық эпостық шығармалар жарық көрмей кетті. Эпостық жырда орыс патшаларына қарсы ілуде бір сөз айтылса, ол халықтар достығына зиян деп табылды. Міне, осындай концепция әдебиетте үстем болып тұр. Бұл әдебиет зерттеуінің тым табандап қалуына себеп болған жайлар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әдебиет тарихын қайта қарау мәселесінің қазіргі мәдени өмірімізде аса зор маңызы болмақ» («Көкшетау правдасы», 1954, 4 қаңтар). Әрине, мұндай пікірлердің айтылуына билік басындағы компартия жол бермейтін. Мақаланың облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жарық көруінің себебі де осы болатын. Р.Бердібайдың 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Ең үлкен мәдени байлық» деген мақаласында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мен мәдени мұраны игеруде орын алған келеңсіздіктер ашық, батыл сыналды, қазақ мектептерінің қысқара бастауы, қазақ тілі мен әдебиетінің сағат сандарының күрт азаюы, жоғары оқу орындарына түсуге талаптанған қазақ талапкерлеріне орысша шығарма жаздырып, жаппай құлатушылық, қысқарған сөздерді орысша нұсқасындай етіп жазуға қаулы қабылдануы, кейбір республикалық газет-журналдардың («Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан коммунисі», т.б.) орысшадан аударылып басылуы, облыстық газеттердің «Семей правдасы», «Көкшетау правдасы» делініп жартылай орысшалануы, қазақ тілінде іс-қағазының жүргізілмеуі, қазақ жастарын Алматы секілді үлкен қалаларға тіркеуге қатаң шектеу қойылуы, «коммунизмге жету үшін орыс тілін түгел білу керек» деген қағиданың жүзеге аса бастауы, Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарында қазақ халқының қалыпты тілдік ортасы бұзылуы, жер атауларының өзгертілуі қазақ жұртшылығының көңілінде шешілмеген түйткіл болып ұялаған еді. Р.Бердібай мақаласы осы проблемаларды ашып көрсетіп, тұмшаланып келген көптеген ой-пікірлердің тиегін ағытты. Бұл тұрғыда Р.Бердібайдың өмірдегі ақиқатқа сүйенетін күрескерлік мінезі, сөзі мен ісінің ажырамас бірлігі өз қатарлары мен кейінгі зерттеушілер үшін үлгі аларлық үлкен тағылымдық жақтары болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің зәру мәселелерін көтеріп, батыл жазған мақалалары кезінде қоғамдық пікір туғызып, қызу пікірталастарға ұласып жатты. Елуінші, алпысыншы жылдардағы қазақ жастары Рахманқұл Бердібайдың сол кездері газет-журнал беттерінен түспейтін батыл ойлы мақалаларын оқып, тағылым алып өскені бұлтартпас шындық. Бірақ аталған мақалаларда қазақ тілі мен әдебиетінің тағдырына орасан залал келтіріп отырған олқылықтардың әшкереленуі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі басшылығына ұнамады. Соның салдарынан Р.Бердібай қатты қудалауға ұшырады. Қазақстан Компартиясының ресми органы «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде оны «ұлтшыл» деп айыптаған мақалалар жиі жарияланды. Сыншының «қоғамға жат» пікірлерін талқандауға кезінде орталықтың «Правда» (2.V.1957) газеті де араласты. Бұл мақалалардың отыз жетінің атышулы қаралағыш мақалаларынан айырмасы болмайтын. Соның салдарынан Р.Бердібай қудалауға ұшырады. Қызметтен қуылып, артынша партиядан шығарылды. Бірақ та сыншы-ғалым Р.Бердібай көтерген өзекті мәселелерді мүлде елемей, жауып тастауға болмайтын еді. Қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін, мәдениетін шетке шығарып тастауға бағытталған мемлекеттік саясаттың залалы ешбір бүркемелеуге көнбейтін деңгейге жеткен болатын. Газет беттерінде жұртшылық пікірінің көтерілуі Қазақстан үкіметі мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірнеше арнаулы қаулы алуына негіз болды. Асқынған келеңсіздіктерді түзеу жөнінде кейбір пайдалы шаралар жүзеге асырылды. Жаңалық пен жақсылықты жігерлі түрде қолдап, насихаттап, жалғандық, жасандылықты сынап таңбалай білетін, қандай құбылыстарды талдағанда да, ел мүддесін жоғары ұстап, әрқашан ақиқатқа сүйенетін азаматтық, күрескерлік мінезінен Рақаң ешуақытта айнып көрген емес. Қоғамдық өмірге белсене араласып, ондағы әлі де шешімін таппаған өмірлік өзекті мәселелерге батыл пікір білдіріп отыру, соған тікелей араласу ғалым еңбектері мен күнделікті істерінде бүгінгі күні заңды жалғасын табуда. Әдебиет сыншысы және аса көрнекті ғалым ретінде Ақтөбе өңірінен шыққан әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлерін республикамыздың қалың жұртшылығына жете танытуда сіңірген еңбегі де өз алдына атап өтуді қажет етеді. Күй өнерінің хас шебері, академиялық Құрманғазы оркестрінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, жерлесіміз Қамбар Ерқожаұлы Медетовті ұзақ жылғы үзілістен кейін ақтөбелік жерлестерімен, республика жұртшылығымен қайта қауышуына мүмкіндік алып, алғаш рет қазақ энциклопедиясына енгізген, дәулескер күйші жайлы кейінгі іс-шаралардың негізгі ұйытқысы да Рахманқұл Бердібай екендігін айтпау үлкен ағаттық болар еді. Ақтөбе жерінен шыққан көптеген ақын-жазушыларды, ғалымдарды, жас таланттарды қанаттандырып, қалың көпшілікке танытудағы Рақаңның еңбегі оның төмендегі сын-зерттеулері мен ғылыми пікірлерінен нақты көрінеді. 1. «Тұңғыш» туралы (І.Мәм­бетов жинағына), «Лениншіл жас», 1955, 2 желтоқсан. 2. Қаһарлы күндер шындығы (Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романына), «Коммунизм туы» газеті, 1958, 10 сәуір. 3. Ғасырлар пернесі (А.Жұбановтың «Струны столетий» кітабына), «Жұлдыз» журналы, 1959, 124-128 беттер. 4. Сарқылмас қазына (А.Жұ­бановтың «Замана бұлбұлдары» монографиясы туралы), «Ленин­шіл жас» газеті, 1964, 27 ақпан. 5. Омар Һайям. Рубаилар (Қ.Шаңғытбаев аудармасы туралы алғысөз), 1965. 6. «Боран» туралы бірер сөз (Т.Ахтановтың романы туралы), «Лениншіл жас» газеті. 1970, 19 тамыз. 7. «Нәзік бұлттар» (Тобық Жармағанбетов повесі жөнінде), «Дәстүр тағылымы», 1973, 73-75 беттер. 8. Медетов Қамбар Ерқожаұлы. Қазақ совет энциклопедиясы. 7 том, 1975, 558 бет. 9. Ұлы жырау өнегесі (Н.Бай­ғаниннің «Ақкенже», «Нарқыз» дастандарына талдау), «Қазақ эпосы», 1982, 157-161 беттер. 10. «Бекет батыр». Қазақ эпосы, 1982. 222-223 беттер. Бұл еңбектер – Рақаңның тек Ақтөбе өңірі ақын-жазушыларының шығармаларын қалың жұртшылыққа танытып, оларды шығармашылық жағынан қанаттандырудағы игі істері. Ал енді республика бойынша ондай мысалдар ондап саналады. Р.Бердібайдың ұлтжанды зиялылығы, азаматтық берік позициясы, ұлт мүддесі үшін жанын қиюға да бар табандылығы үшін елуінші жылдардың соңында «ұлтшыл» аталып, сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі қызметінен босатылып, партиядан шығарылғандығын бүгінде біреу білгенмен, біреу білмеуі мүмкін. Профессор Рахманқұл Бердібайдың барлық қаламгерлік, қоғамдық, қайраткерлік іс-қимылының басты өзегі – әр кезде де біреу. Ол – ұлт мүддесі, елдік, тәуелсіздік мұраттар мен азаттық, еркіндік идея. Р.Бердібайдың ғылыми-зерттеу еңбектері сан-салалы. Оның бәрін бір мақалада саралап шығу мүмкін емес. Сондықтан, сөзіміздің соңында оның ғылыми зерттеулерінің үлкен бір саласы фольклортанушылығын қысқаша қарастырумен шектелмекпіз. 1973 жылы ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Бұл бөлімді бұған дейін М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин секілді көрнекті ғалымдар басқарған болатын. Көп ұзамай Р.Бердібай басқарған бөлім қызметкерлері қазіргі заманның озық методологиялық талаптарына жауап бере алатын ұжымдық еңбектер бере бастады. Мәселен, «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фолькло­рының тарихилығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақтың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері» деген зерттеулер Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азия көлемінде тұңғыш рет жарық көрген жаңалықтар екенін баса айту керек. Ал, енді Р.Бердібайдың редакциялық басқаруымен жарық көрген «Қазақ фольклористикасының тарихы» (1988) деген аса құнды ұжымдық еңбек үшін оның өзінен бастап, бір топ авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді. Сонымен, соңғы ширек ғасырдан артық уақыт ішінде Р.Бердібай белгілі фольклоршы, фольклортану жұмыстарын ұйымдастырушы сипатында танылды. Ұжымдық жұмыстарға басшылық жасаумен бірге ол жеке өз тарапынан көптеген түбегейлі ғылыми еңбектер жазып, баспадан шығарды. Оның қаламынан туған «Жыршылық дәстүр», «Сарқылмас қазына», «Аңыздан романға», «Кәусар бұлақ», «Эпос мұраты» тәрізді монографиялар автордың қазіргі қазақ фольклортанушыларының көшбасшысы, эпостану ғы­лымының негізін салушы­лардың бірі екендігін сипаттайды. Ғалымның эпостанудағы соңғы құнды еңбегі – «Эпос мұраты» (1997). Мұнда автор өзінің бұрынғы эпос туралы зерттеулерін әрі қарай жалғастырып, өзі ұсынған теориялық жүйені ғылыми тұрғыдан негіздей түскен. Мысалы, ол көне эпос, қаһармандық эпос, ғашықтық эпос, тарихи жыр туралы ойларын өрбітіп, жаңа деректермен толықтырады. Қазақ эпосының шығу тарихы, жанры, көркемдік ерекшеліктері, эпосты шығарып, айтып, таратушы жыршы, жырау сияқты қазақтарға ғана тән өнер құбылыстары жөнінде келелі ой толғайды. Кітаптың келесі бөлімінде қазақ эпосының халық тарихымен, басқа да елдер эпосымен, әсіресе, шығыс поэзиясымен байланыстарын, ортақ мотивтерін салыстыра отырып зерттеуі ғалымның аса білікті мол эрудициясын байқатады. Р.Бердібайдың эпосты зерттеушілік қызметі қазақ батырлар жырымен шектелмейді. Ол қырғыз халқының әлемде теңдесі жоқ ұланғайыр эпосы «Манас» пен қазақтың эпикалық дәстүрінің байланысы жөнінде монография жазды. Ол еңбек «Адамзаттың Манасы» деген кітапта жарияланды. Бұл ретте Р.Бердібайдың еңбегі қырғыздың даңқты эпосы «Манасты» тұңғыш рет түбегейлі зерттеген қазақтың ғұлама ғалымдары Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтің, Әлкей Марғұланның игі дәстүрлерінің қазіргі замандағы заңды жалғасы болып табылады. Ал, «Манасты» зерттеудегі ерен еңбегі үшін Р.Бердібай қырғыз мемлекетінің ең жоғары төл құрмет белгісі «Даңқ» орденімен марапатталды. Әдебиет Молдаханов филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры