Оңтүстік жұрты Наурызды 9 күн тойламақ

Наурыз мейрамы түбі бір түркі жұртына ғана емес, күллі шығыс елдеріне ортақ мереке. Жаңғыру мен жаңарудың, ынтымақтың мерекесі саналатын бұл мейрамды тойлау елімізде жыл сайын қарқын алып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мереке 21-23 наурыз күндері атап өтіледі. Алайда, мерекені жалпыхалықтық сипатқа, өзінің төл бейнесіне қайта қауыштыру өмір талабы. Жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары осы Наурыз мерекесін қалай тойлап жүрміз?-деген сұрақты көпшіліктің ортасына тастап, зиялы азаматтарымыз бен тарихшы, әдебиетші ғалымдарымыздың пікірін беруден ары аса алмай келеміз. Сөз бар да, іс жоқ. Елбасының өзі Наурыз мерекесін тойлаудың тың үлгісін дайындаңдар деп, тапсырма да берген болатын. Бірақ, қанша уақыт өтсе де, өзгеріс енбей келіп еді. Биыл Наурыз мерекесін кеңінен тойлауға ауа-райы, жер жағдайы ыңғайлы өңір Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 2013 жылғы наурыз мейрамына арналған шараларды 14-нау­рыздан бастап, 23 наурызға дейін жалғастыруды қарастырып отыр. Жаңа сипатта ұйым­дас­тыры­лып отырған биылғы мейрам хал­қымыздың көнеден келе жатқан «Наурызнама» дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып отыр. Осыған байла­нысты мерекелік шаралар 9 күнде 9 түрлі атау бойынша ұйым­дас­ты­рылмақ. Әр күн өзіндік сипатта, өзіндік ерекшеліктермен аталып өтіледі. 14-наурыз күніне «Көктем шуағы» атауы беріліп, облыс әкімі ардагерлерді көктемнің келуімен құттықтады. Жастар қарияларға қолғабыс жасап, түрлі қайырымдылық шараларын өткізді. 1917 жылға дейінгі күнтізбе бойынша бұл күннің 1 наурызға сәйкес келетіндігін ескерсек, мерекелік шараларға «Көктем шуағы» атауының берілуі орынды саналады. Бұл елімізде тек қана батыс өңірінде ғана сақталып қалған «көрісу» дәстүрін жаңғырту болмақ. Ал, 15 наурызға «Тағзым күні» атауы берілді. Бұл күні Шым­кент қаласында Төле бидің 350 жыл­дығына, Абылай ханның 300 жылдығына арналған респуб­ликалық ақын­дар айтысы өтіп, мешіт­терде ата-бабалар рухына арналып Құран бағышталды. Қаза бол­ған шекарашылар рухына да Құран бағышталып, шекарашылар ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 16 наурызда «Алас күні» атауымен жалпыхалықтық сенбілік өткізілді. «Аластау» ұғымы ертеректе «тазару, тазалану» дегенді білдіреді. Облыс аумағында бертінге дейін Наурыз мерекесі қарсаңында арықтарды тазалау, ағаш отырғызу дәстүрі болған. Бұл дәстүр соңғы кездері сиреп бара жатыр. Сондықтан, мерекелік шаралар барысында бұл игі дәстүрді жаңғырту көзделді. Ал, 17 наурыз күні «Береке күні» аталып, бұл күні түрлі қайырымдылық шаралары жүргізілді. Балалар үйлеріне, қарттар үйіне жәрдем берілді. 18 наурыз – «Өніс күні». Бұл күні дүниеге келген сәбилерге арнайы сыйлықтар жасалды. Аналарына да сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ сенбілік кезінде отыр­ғызылған ағаштар Наурыз мерекесі қарсаңында дүниеге келген сәбилерге арналды. Сонымен қатар, өткен жылы мол өнім жинаған ауыл еңбеккерлері де құрметке бөленді. 19 наурыз-«Жайнау күні». Бұл күні барлық көшелер мен аулалар Ұлыстың ұлы күніне орай безендіріліп, түрлі көрмелер ұйымдастырылмақ. 20 наурыз-«Шаттық күні» деп аталады. Бұл күні түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, облыс басшылары зиялы қауым өкілдерімен кездеседі. Телеарналарда мәдени-көңіл көтеру бағдарламаларына баса назар аударылмақ. Мерекенің сегізінші күні, 21 нау­рыз «Үйлесім күні» деп аталып, бұл күні мерекенің негізгі нышандарының бірі «Алтыбақан» тігіледі. Түрлі этно-мәдени орта­лықтардың концерттік бағдар­ла­малары ұсынылады. Кешкісін Шымкент қаласы Ордабасы алаңында эстрада әншілерінің қатысуымен Жаңа жыл таңын қарсы алуға арналған концерттік шара ұйымдастырылады. Облыс әкімі тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтайды. Тоғызыншы күн, 22 нау­рыз «Ұлыс күні» аталып, ме­ре­кенің негізгі шаралары ұйымдастырылады. Бұл күні концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар ұйымдас­тырылады. Бұл күндері «Қазақстан-Шым­кент» телеарнасынан Ұлыстың ұлы күніне арналған бағдарламалар ұйымдастырылып, оған облыстағы зиялы қауым өкілдері қатысатын болады. Әрбір күннің мән-маңызы түсіндіріледі. С.ӘУЕЛТАЙ