Асылы ОСМАН: Латынға көшу - тарихи маңызы зор қадам

  – Қазақ тілінің тағдырына қалай алаңдайтыныңызды білеміз. Латын әліпбіие көшу мәселесі де сізді бей-жай қалдырмаған болды ғой... – Осы қоғамның бір мүшесі болғасын, қазақтың суын ішіп, топырағын басып жүргесін, мемлекетіміздегі қайсыбір мәселеге болмасын, бейжай қарап отыра алмаймын. Қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалғалы бері ұлт патриоттарының пікірі екіге жарылды. Бұл да мені алаңдатады. Латын деген сөзді біз дәл бүгін бірінші рет естіп тұрған жоқпыз ғой. Бұған дейін де Елбасымыз 2006 жылғы 24 қазандағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісінде «Латын алфавитіне өту туралы ғалымдардың ұсынысын күтетіндігін» мәлімдеген болатын. Ал Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсетті. Меніңше бұл жолдаудың мәні де, маңызы да бөлек. Н.Назарбаевтың қай мәселеде болмасын, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», өзінің ойын зерделеп барып айтатыны белгілі. Сондықтан, да біз бұл мәселеге ерекше мән беруге тиіспіз. Латын әліпбиін қабылдау бүгінде жеке елдердің шең­бе­рінен шығып, халықара­лық деңгейге көтерілді. Ендігі жерде бұл мәселені сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолға алғанымыз өте орынды болар еді. Өйткені латынға көшу мәселесі – біздің елімізде әбден пісіп, жетіліп дер кезінде көтеріліп отыр. Латын қарпіне көшу – тілдік тұтастығымызға, оны сақтауымызға, тіліміздің өзінің жаңаша бір жаңғыруына жол ашары сөзсіз. – Сіздіңше латын әліпбиіне қашан көшкеніміз жөн? – Осы бір сұрағыңның жауабын да «Қазақ үнінде» жарияланған Қазыбек Исаның мақаласынан тапқандаймын. Мақалада: «Меніңше, латын әліпбиіне көшуді 2015 жылы бастап, 2025 жылға дейін орыс кириллицасы қатар жүріп, латын әліпбиінде мектеп бітіретін кезең – 2025 жылдан бастап, латын әліпбиі Қазақ мемлекеті үшін  жеке дара мемлекеттік әліпби болуы тиіс. Қысқасы, Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, мемлекеттік әліпби-латын әліпбиі болуы керек. Ал орыс әліпбиі қосымша рөл ғана атқаруы тиіс. Онда да 2025 жылға дейін. Одан кейін биліктің «бір мемлекет, бір тіл (қазақ тілі), бір ұлт (тек қазақстандық емес -  қазақ. Қ.И.) деп айтып жүргеніндей,тек латын әліпбиі – бір әліпби – мемлекеттік әліпби болуға тиіс», – делінген. Мен осы пікірді толығымен құптаймын. Дегенмен, өзімнің жеке түсінігім бойынша, латын әліпбиіне көшуге дайындықты дәл бүгіннен бастауымыз керек. Жаңа оқу жылынан бастап, яғни қыркүйек айының 1-нен 1 сыныпқа баратын балалардың барлығын латын қарпінен оқытуды бастап кетуіміз керек. Ол үшін латын әліпбиін үйренудің оңтайлы жолдарын оқытатын арнайы орталық ашып, оқушыларымызға тәлім беретін мұғалімдерімізді дайындауымыз керек. Егер 10 жылдан аса уақыт бойы кирилица мен латынды қатар жүргізіп отырып, 10-12 жылда бала мектеп бітіргеннен кейін, Елбасы айтқан 2025 жылға жетеміз. Біз 10 жылдан аса уақыт бойы жүйелі түрде дайындалатын болсақ, дайындығымыз пісіп жетілген болып есептеледі. Латын әліпбиіне көшуге дайындықты біз бас қаламыз – Астанадан бастауымыз керек. Өйткені, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткелі отыр. Осы бір халықаралық мәні бар, маңызды шарада Астана қаласындағы көше атаулары мен жарнамалар латын тілінде жазылатын болса, онда алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарымызға ұғынықты болар еді. Қызмет бабында қос әліпби қатар жүргенімен, келген қонақтардың көзіне қаланың келбеті латын тілінде түсетін болса, мұның өзі оңды бір шара болар еді. Егер де, қазақ елін толыққанды өркениетті елдердің қатарынан көргіміз келсе, онда латын әліпбиіне көшуді кешеуілдетудің қажет жоқ. Қазіргі таңда латын қарпін әлемнің 80 пайыздан астамы қолданады. Осы уақытқа дейін латынға көшпей, артта қалып келгеніміздің өзі, кеш қалғанымызды көрсетсе керек. Бірақ ендігі жерде өткенге салауат деп, іркілісті азайтып, ілгерілеуді шапшаңдатып, латынға көшуге бетбұрыс жасауымыз керек. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің өрістеуіне, қолданысының кеңеюіне жол ашады. Біле білсек бұл – тарихи маңызы зор қадам. Латынға көшудің келешегіміз үшін де, тіліміздің өркендеуі үшін де, өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін де алар орны ерекше. Ел бірлігі ең асыл қасиет болатын болса, елімізді біріктіретін оның тілі мен әліпбиі болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің тазалығын сақтауға ықпал ететін латынға көшудің қажеттілігі туындап отыр. Осыны түсіне білуіміз керек. –Ұлт патриоттары қазақ тілінің мәселесі шешілмей жатып, әліпби туралы сөз қозғаудың өзі артық деген пікірде. Бұған сіз не айтар едіңіз? –Латынға көшу – қазақ тіліне қарсы жасалып отырған дүние емес. Біз бірінші осыны ұғынуымыз керек. Бұл жерде ешкім қазақтың тілін өзгертейін деп отырған жоқ. Оған ешкімнің құқығы да жоқ. Бар қазақ өзінің туған тілі – қазақ тілінде сөйлейді. Алдымызда тұрған мәселе – қазақстандықтарды 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуі болатын болса, бұл жолдағы күрес тоқтап қалмайды, одан әрі жалғаса береді. Латынға көшуге қарсылық білдіріп жүргендер дайын емеспіз дегенді желеу етуде. Оларға құдды бір бүгін көшіп кететіндей көрініп жүр. Латынға біз, бүгін я болмаса, ертең көшкелі жатқан жоқпыз. Жүйелі түрде дайындық жұмыстарын жүргізу үшін он жылдан астам уақытымыз бар. Оның үстіне латынға көшу мәселесінде біздің тәжірибеміз де бар. Сонау, 29-жылдан 40-шы жылға дейін латын әліпбиі қолданыста болды. Ол кезде аға буын өкілдері ешбір қиындық туғызбастан, аз ғана уақыттың ішінде көшіп кеткен. Сондықтан, қауіптенуге ешбір негіз жоқ. Қазіргі таңда жаңа технологияны, компьютерді, ғаламтор желісінің әлемдік дәрежеде игіліктерін қолдану да латын тілінің негізінде жүзеге аспақ. Бұл тұрғыда біздің бірлігіміз, бір-бірімізді ұғыныса білгендігіміз керек. Бұрын Әзірбайжан латын тіліне көшер тұста оларда да бірқатар ақын-жазушылар келіспейтіндіктерін білдірген еді. Осыған қарап, маңызды шешім қабылдар алдында қоғамда түрлі пікірдің тууын қалыпты құбылыс деп қабылдағанымыз да жөн шығар. Бұл тұрғыда Елбасының бас­тамасын қолдай білуіміз керек. Жаңаға ұмтылыс – жақсылықтың нышаны. Тек жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Шын ұлтқа жанашыр адам көштен қалмауды ойлайды. Сондықтан, елдің соңында қалмай, елді соңымыздан ерте білейік. Бұл біздің болашағымыз үшін керек. Мемлекет басшысы дер кезінде көтеріп отырған мәселені кері тартқанымыз жарамас. Керісінше, зиялы қауым өкілдері бұл мәселенің төңірегінде алаңдауға еш негіздің жоқ екендігін айтып, жұрттың күдігін сейілту жолында жұмыс жасай білуі керек. Егер бұл мәселеде кері тартып тағы 10 жыл жүретін болсақ, құр босқа уақыт өткізгеннен ешнәрсе ұтпаймыз. Латын әліпбиіне көшу – әлемдік көшбасшыға айналудың алғашқы және негізгі шарттары. Осыны ескере отырып, заман талабына сай болуды көздегеніміз жөн. Егер халық арасында латын қолданысқа ене бастаса, қазақ тіліне деген жаңаша бетбұрыс жасалады. Сондықтан, менің қазағым бұл мәселеде жайбасарлыққа, керітартпалыққа салынбаса екен. Латын қарпіне өту арқылы түркі дүниесімен бірлігіміз нығайып, тарихи түсінігіміз артады. Елбасымыз 2020 жылы қазақ тілін елдің 95 пайызы меңгеру керек екендігін міндет етіп қойды. «Мәңгілік Ел» болу мәселесі алдымызға қойылды. Біз бұл қадамға ең асыл қасиетіміз – бірлігіміз арқылы жетеміз. – Ел арасында орыстілділер өтпейді деген пікір де айтылып жүр... – Бұл мәселе тұрғысында ел арасына іріткі салып, екіге жарылудың қажеті жоқ. Бір мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, бәріміз бір әліпбиді қолдануымыз керек. Орыс тілділер өтпейді дегенге түбегейлі қарсымын. Үйдің ішінен үй тігуге болмайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақта. Тағы да қайталап айтуға мәжбүрмін, бұл мәселеде бірлігіміз керек. – Ассамблея ел мен елбасы шешімі – латынға өтуді насихаттау жолында қандай бір жұмыс атқарып жүр ме? – Мемлекет басшысы Ассамблеяны құрғанда Қазақстандағы әрбір қазақстандықтың теңдікте, бірлікте болуын көздеді. Ассамблеяның мақсаты – елге теңдік беру ғана емес, қоғамның жетіспей жатқан тұсын толтыруға атсалысу болатын. Ассамблеяның әрбір сессясында Елбасымыз тіл – елдің басын біріктіруші фактор екендігін айтып, үнемі мәселе етіп көтереді. Қазіргі таңда Ассамблеяда ілгерілеу бар деп мен айта аламын. Өйткені бүгінгі күні өзге ұлт өкілдерінің көбі қазақ тілін үйренуге ден қойып жүр. Тілге деген қызығушылықты да, құрметті де мен аңғарып отырмын. Латынға көшу мәселесі қоғамда енді ғана қозғалып жатыр. Сондықтан, Ассамблея алдағы уақытта латынға көшуді насихаттау жолында жүйелі жұмыс атқарады деп үміттенемін. – Қазақ тілінің мәселесін шешу үшін қандай қадамдар жасауға тиіспіз? – Біз әлде де тіл мәселесіне жете мән беруіміз керек. Билік басындағы басшылар қазақ тілінде сөйлеуді жолға қойып, жұртқа үлгі болса жөн-ақ еді. Қазақ тілін дамытуымызға жетпей жатқан нәрсе – талап, қажетттілік, сұраныс. Сондықтан қазақ тілін білуді талап ете отырып, қоғамда қажеттілік туғызуымыз керек. Тілді білмеген адам ұлттың жан дүниесін де ұға алмайды. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Менің бар арманым да, тілегім де – Қазақстанда тұрып жатқан әрбір қазақстандық, қазақ тілін білсе, ұлттың болмысын ұқса екен деймін. Ана тіліміз – тұғырына қонса, асқақ арманымыздың орындалғаны. Қазақстан өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып орын алса, бүкіл әлем қазақ деген халықты қастерлеп сыйласа, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ дер едім. – Бүгінгі қоғамда сізді басқа қандай мәселелер толғандырады? – Ең әуелі біз негізгі құндылықтарымыз – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтай білуіміз керек. Осы бір құндылықтарымыз бүгінде барлығымыздың бойымыздан табыла бермейтіндігі өкінішті. Мені алаңдататыны – қазағымның өз бойындағы асыл қасиетінен, менталитетінен алшақтап бара жатқандығы. Сол себепті де бүгінгі күні ұлттық тәрбиеге ден қоюымыз керек. Еліміздегі ЖОО-лардың барлығы Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры С.Пірәлиевтің бастамасын әрі қарай жалғастырып, «Ұлттық тәрбие» деген пәнді енгізсе, құба-құп болар еді. Өйткені қазақ «Ұлын нарға, қызын арға» балаған халық. Қазақ деген ұлттың бойындағы адами асыл қасиетттерді сол жастардың бойына дарыта білсек, онда біз болашағымызды бағамдай білгендігіміз. Жер бетінде жеті атасын жетік білетін, қаны мен ары таза, жүрегі пәк, арамдықтан ада, қиянаттан шет, баршаның баласын бауырына басқан, ешкімді жатсынбайтын, бір ғана ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Қазақ ұлты ешқашан да ешкімді бөтенсінген емес. Біздер еріксіз айдалып келген кезде, құшағын жайып, бауырына басты. Соның арқасында біз егемен елде еш алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде Қытайдан келген, Моңғолиядан келген оралман деп бір-бірімізді бөліп жаратынды шығардық. Қазақ шын мәнінде бір болуы керек. Бірлік ата-баба өсиеті, бөліну заман қасіреті. Бірлігінің арқасында қазақ кең даланы сақтап қалып отыр. Сондықтан, барша қазақ өзінің бірілігіне мықты болуы керек. Бұрын Абай, Шәкәрімдерді алаңдатқан ауыл болатын болса, мені қоғамдағы ауыл мәселесі де, дін де, діл де, тіл де бәрі алаңдатады. Қазақтың тілінен, өзінің әдебиеті мен мәдениетінен алшақтап бара жатқандығы жаныма батады. – Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА