ШЫҢЖАҢДА ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ 40 САЙТ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қытай қазақ ақпаратының саны жағынан Қазақстаннан кейiнгi екiншi орында. Шыңжаң өңiрiнде қазақ тiлiнде оннан астам газет, отыздай журнал, 40-қа жуық интернет сайт, 3 телеарна, күнiне 18 сағат қазақ тiлiнде хабар тарататын «Шыңжаң халық радио» станциясы, 7 баспа және Бейжiңнiң өзiнен хабар тарататын «Орталық радио» станциясы, «Ұлттар баспасы» бар. Үрiмжiде болған сапарымызда «Сен қазақ» сайтының модераторы Ақытбек Шеризатұлы мен «Шыңжаң» газетiнiң тiлшiсi Қалиакбар Үсемханұлымен жолығып, әңгiмелесудiң сәтi түскен едi. – «Сен қазақ» сайты қашан ашылды? Негізгі мақсаты не? Ақытбек Шеризатұлы: – 2005 ашылды. Алғаш оның атауы «Жуңғо қазақтарының сайты» деп аталды. Өйткені біз Жуңго деп отырған Қытайда ресми санақ бойынша 1,5 миллион қазақ бар. Қытайда интернет жалпыласа бастаған кезде, осы 1,5 миллион қазақтың өз тілінде хабар тарататын сайты жоқ еді. Сол себепті де өзара байланысатын, білім алатын, ақпарат тарататын сайт жасау мақсаты тұрды. Сөйтіп осы сайт дүниеге келді. Бірақ халыққа кеңінен танымал бола бастаған кезде, оны айту және есте сақтау қиын болды. Сосын оны қысқарту қажет болды. Жуңгоны халықаралық тілде «Chine», «cn» деп қысқартады. Басында Қытай қазағы дегенді білдіретін осы атаумен «cnkazak» деп атай бастадық. Бірақ бұл сөздің қазақша мағынасы дұрыс болмағандығы себепті де, жүре келе оны «senkazakh» деп өзгерттік. Қалиакбар Үсемханұлы: – Осы сайт ашылған кезде Ерлан Нұрдыхан дейтін ақынымыз «Сен қазақ» деген өлең жазған еді: – Сен қазақ, тамыр алған Көк түріктен, Шоқ шайнап, ақындары от бүріккен. Тораптың толқынында тоғыс, Алаш, Ұлтжанды, халқым дейтін тектілікпен! – деген ұранмен сайт ашылған болатын. Басында бұл сайтта мәдениет, әдебиет, салт-сана, руханияттың барлығы қамтылды. Қазаққа, ұлтқа жаны ашыған әрбір қазақ зиялысы осы сайтқа еніп, жұртқа қажетті деген дүниені қалдырып жүрді. Қазір жиырмаға тарта айдарымыз бар. «Қазақ тарихы», «Қазақтың дүниетанымы», «Спорт», «Балаларға арналған ертегілер», «Дастархан», «Шашбаулым», т. б. – Бұл айдарларды тұрақты жүргізіп тұратын арнайы мамандар бар ма? Ақытбек: – Сайттың басты модераторы қазір менмін. Уатқан Ырысұлы деген азамат сайттың іргетасын қалаған еді, кейін белгілі себепке байланысты сайтты басқару маған жүктелді. Ал жоғарыдағы аталған айдарларды жүргізіп тұратын адамдармен тек онлайн байланыста ғанамын. Өйткені олар маған: «Сайттарыңыз ұнады. Мен осы айдарды өз жауапкершілігіме алып жүргізіп тұрайын» деп хабарласады. Негізінен оларды еріктілер деген абзал болар. Қалиакбар: – Сайт қаржыландырылмайды. Жоғарыдағы еріктілер де, ешқандай ақы талап етпейді. Халқымыздың рухани байлығы үшін қазақтар өзара сондай ауызбіршілік танытуда. Бұл сайтқа керісінше өз қалтамыздан қаржы шығарамыз. Жылына кемінде 1000–1200 доллардай жұмсалады. Кейбір қалталы азаматтар біздің жұмысымызды қолдап, қуаттап, бір жолғы шығынын мойнына алып жатады. Жарнама беріледі, бірақ көп деп айта алмаймын. – Сайтты күніне қанша адам оқиды? – Күніне кірушілердің саны 100 мыңнан асады. Тұрақты кіретіндерінің саны – 2500 адам. Олардың контингенті де әртүрлі – Германия, Моңғолия, Қазақстан, Түркия, қазақ мәдениетін зерттеуші, оны үйренуге әуестер және төте жазуды танушылар біздің сайттың қонақтары. «senkazakh» сайты Қытайдағы қазақ сайттарының ішінде ең ірісі. Біз мұнда Қытай қазақтары туралы ақпаратпен қоса, Қазақстан сайттарындағы мәліметтерді де төте араб алфавитімен беріп отырамыз. Сонымен қатар қазір сайтымызда отызға тарта повесть, онға тарта романды қойып қойдық, қызыққандар көшіріп алып, оқи береді, аудио жазбалар да бар. Ақытбек – Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» өзі компьютерге теріп, сайтқа жүктеген оқырманымыз болды. Тағы бір айта кететін жағдай – жазу мәселесі. Әлемдегі қазақтарды бір-бірінен алыстатып тұрған осы – жазу. Қазақстан кириллицада, әлемдегі басқа қазақтар өздері тұратын елдерінің жазу мәдениетін қабылдаған. Сол себепті де олар бір-бірінің мұңын, мақсатын біле алмайды. Біздің арманымыз – болашақта қазақтар бірін-бірі түсінуі үшін бірыңғай жазу үлгісін таңдаса. Әзірге Қытайдағы қазақ программистері кириллицаны төте жазуға, төте жазуды кириллицаға автоматты түрде аударатын бағдарлама жасап шықты. Қазір осындай 6–7 бағдарлама бар. Бірақ олардың аудару дәрежесі бар болғаны 70 пайыз ғана. –- Қазақ тілінде қанша сайт бар? – Мекемелер мен ұжымдық сайттарды қосып есептегенде, 50–60 тай сайт бар. Бірақ елге танымал, оқырманы көп сайттар 40 тың айналасында. Атап айтар болсақ, «Сен қазақтан» өзге «Күлтегін», «Бозбала», «Еларыс», «Парасат» қазақ тілінде тұңғыш ашылған сайт латын әрпімен ашылған «Ауыл» сайты. Оны Бейжіңдегі қазақтар ашқан. Біздің болашақтағы арманымыз – әлемдегі танымал Google, mail.ru, yandex.ru секілді порталдардың жүгін көтеретін қазақша портал жасап шығу. Ол халыққа қызмет ететін болады. Қазақстанға болашақта жолымыз түсіп жатса, қолымызға алатын ісіміз осы болар деп үміттенеміз. – Қытайда интернетке қолжетімділік қандай деңгейде? – Қытайда интернеттің құны тәулік бойы қосылып тұрған жағдайда айына 10–12 доллар көлемінде. – Шыңжаң өңірінде қанша қазақ газеті шығады? – Оннан астам. Соның ішінде Үрімжіден шығатындары – «Шыңжаң» газеті, Шыңжаң Ғылым техникалық газеті, оқу ағарту т. б. төрт газет. «Шыңжаң» газеті – қытай, ұйғыр, моңғол және қазақ тілдерінде тарайтын ең үлкен газет. Қазақ тіліндегісінің таралымы – он бес мың дана. Жалпы, Қытайда оннан астам газет, отыздан астам журнал, жеті қазақ баспасы бар. Оның біреуі, «Ұлттар баспасы» Бейжіңде орналасқан. «Шыңжаң халық радиосы» Үрімжіден күніне 18,5 сағат қазақ тілінде ақпарат таратады. Орталық халық радио станциясының қазақ тіліндегі бағдарламасы 2,5 сағат хабар таратады. Шыңжаңда қазақ тілінде хабар тарататын үш телеарна бар. Оның ішінде Шыңжаң телеарнасының 3 арнасы – 18 сағат, 8 арнасы күніне – 14,5 сағат, балаларға арналған «Балдырған» арнасы күніне 4 сағат қазақ тілінде бағдарлама таратады. Барлығы мемлекет тұрғысынан қаржыландырылады. – Өзіңіз жұмыс атқаратын «Шыңжаң» газетінің идеялық бағыты туралы айта кетсеңіз… – «Шыңжаң» газетінің арғы тарихын қазып көрсеңіз – 1935 жылдардан, бергі тарихын қазсаңыз – 1949 жылдардан бастау алады. Күнделікті 4 беттен жарық көреді. Жұма күндері 8 бет болып шығады. Онда 60 тан астам қазақ қыз-жігіттері жұмыс істейді. – Қазақстанға көшуге асықпайсыздар ма? Қалиакбар: – Ол туралы дәл қазір кесіп айта алмаймын. Бірақ барам десем жол ашық. Қытай тарапы қазақтардың Қазақстанға көшуіне кедергі келтіріп отырған жоқ. Бұрын көші-қон шақыртуы арқылы көшетін, кейін оны Қазақстан тарапынан тоқтатып тастады. Қазақстанға көшкісі келетіндер қазір жеке паспортпен, туысшылау арқылы кетіп жатыр. Жалпы, Қытайда соңғы жылдары жергілікті шаруаларға ерекше көңіл бөлініп, айрықша жағдай жасалынуда. Малшыларды отырықтандырып, барлық өркениетке сай мүмкіндіктерді жасап отыр. – Бұл көшірмеу үшін жасалып жатқан амалдардың бірі емес пе? – Жоқ, бұл тек қазаққа ғана емес, барлық шаруаларға жасалып жатқан жағдай. Қазақстанға көштің тоқырауының бір себебі – қайта көшіп келіп жатқандардың санының көбеюі. Олар анау айтқандай көп емес, бірақ біраз бар. Олар аз болса да, Қазақстан имиджі үшін жақсы емес қой. Олардың ең көп айтатыны – егін егетін, мал бағатын жеріміз болмады дейді. Қытайда әрбір егінші, малшы қазақ отбасында елу жылға дейін жер телімі берілген. Менің әке-шешем 2005 жылы көшіп барған еді, былтыр қыркүйек айында шабындық жерге әрең қол жеткізді. Қытайдағы қазақтардың 70–80 пайызы малшы не егінші.  
24.11.2011
Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
Түркістан
28 Қараша 2011