Адам капиталы: әлемдік деңгейге қалай жетеміз?

1
3466
Печать

Дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80 пайызын адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың (зауыт, фабрика, ғимараттар) үлесіне тиесілі екен. Ал Қазақстанда керісінше. Еліміздің мемлекеттік капиталының 68 пайызын табиғи ресурс құраса, 21 пайызы – өндірістік қорлардың еншісінде. Ал адам капиталы тек 11 пайыз екен. Яғни бұл – Қазақстанның қарыштап дамып жатқаны тек табиғи ресурстардың арқасында деген сөз. Ал қай салада да дамытушы күш боп саналатын адам капиталының жағдайы мүшкіл. Бұл мәселеде өзге елдермен иық теңестіру үшін Қазақстанға адам капиталын кем дегенде 5-6 есе өсіру қажет. Алматыда өткен «Медиатехауыл» және «Адам капиталын дамыту бағдарламасы – жол картасының» тұсаукесерінде сарапшылар осылай деп мәлімдеді. Сондықтан бірнеше жылдарға арналған осындай ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. «Халықаралық адам капиталы институтының» директоры Жанұзақ Әкімнің айтуынша, «Медиатехауыл» жобасының мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан ауыл тұрғындарын сапалы білім мен заманауи ақпараттық технологияларға қол жеткізуіне жағдай жасау. Еліміздегі түрлі саяси партиялар, ұлттық қомпаниялар, қоғамдық ұйымдар мен отандық ғалымдар бірлесе дайындаған адам капиталын дамыту бағдарламасы туралы мамандар былай деп пікір білдіреді.

 

 

Жанұзақ ӘКІМ,

«Халықаралық адам институтының директоры:

– Бұл – жаңа бағыт. Кәсіпкерлер, ғалымдар, ұлт­тық компания өкілдері бірігіп атқарайын деп жатқан жұмыс. Осы уақытқа дейін билік тарапынан түрлі реформа жасалып жатыр. Бірақ біз еліміздегі 7000-нан аса ауыл мен сол жерлерде тұратын ел халқының 45 пайызы экономиканың дамуынан қалып келеді. Қолға алып отырған жобамыз осы ауылдарды көтеруге арналған. Ол үшін 2013-2014 жылдары 2000 тұрғыннан көп халқы бар ауылдар мен аудан орталықтарында, қалған үш жылда өзге ауылдарда алдымен интернет-кафелерін ашу жоспарланған. Содан кейін кітап дүкендерін ашу мен кітапханаларды жаңғырту, кино­залдарды қолға алмақпыз. Ол үшін түрлі салада жүздеген том кітап шығарылады. Осы төрт жылдың ішінде қаржы институттарының бөлімшелерін ашу да көзделіп отыр. Ауыл тұрғындары қаржы институт­тарынан алыс болғандықтан, несие алып, кәсіпкерлікке араласып, ауылды дамыта алмай отыр. Оларға ең бірінші жағдай жасауымыз керек. Қазіргі кезде қолға алынып жатқан шаралар ауылдың жан-жақты дамуына тікелей әсер ете алмай, тек бір бағытта ғана дамытып жатқандықтан, кешенді шаралар қажет.

Адам капиталын дамыту бағдарламасын елі­міздегі 3 ғылым академиясы мен 5 ұлттық уни­верситеттің мамандары бірлесіп жасадық. Ол тек ғылыми зертхана деңгейінде қалып қоймай, бірден іске асыру жағдайларын жасап отырмыз. Адам капиталы дамуы үшін елдегі білім деңгейін кө­теруіміз керек. Мәселен, Әлемдік банктің Қа­зақстанда жүргізген зерттеулері бойынша, мұнай-газ, машина өнеркәсібі, кен орындарында жұмыс істейтін мамандардың 60 па­йызының біліктілігі төмен. Ол өз кезегінде өнер­кә­сіптің дамуына ке­дергі. Білім саласында тү­бегейлі өзгеріс жасайтын уақыт жетті. Біздің зерттеуіміз бо­йынша, елімізге жаңа жүздеген мамандық бойынша кадр да­йындауымыз қажет. Ол – басқару жүйесі, саяси психология, макроэкономика, молекуларлық био­логия, ІТ, әскери сала. Ұлттық компаниялармен тікелей келісімшарт орнатып, жоғары курс студент­терін жұмысқа орналастыру мәселесі, қашықтықтан оқыту жүйесі, қоғамдық инсти­туттарды ашу мәселесін қамтитын кешенді шара­лар атқарылмақ. Біздің бастамамызды кәсіпкерлер де, атқарушы билік те қол­дап отыр. Әлемдік тәжірибе­де білім мен руханияттың дамуы – меценаттар­дың арқасы. Біз де осы жүйеге көшіп, меценат­тық жасаған кәсіп­керлерге салықтық же­ңілдіктер беретін заң қабылдауымыз қажет. Тек бюд­жет­ке қарап отырсақ, экономика дамығанымен, ауыл­­дың әлеуметтік саласы, руханият кенжелеп қалады.

 

 

 

Нәдір НӘДІРОВ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Адам капиталы – негізгі байлық. Адам капиталы болмаса, ел дамымайды. Өйткені ғылыми прогресті, тілді, ғылымды дамытатын – адам баласы. Адам баласының интеллекті, ақыл-ойы, білімі болмаса, қалай дамиды? Сондықтан барлық бағдарламалардың бастауында адам капиталы тұруы керек. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде оның ешқандай басқа мем­лекеттермен байланысы болған жоқ. Десе де, мамандардың арқасында барлық сала ілгерілеп отырды. Тағы бір мысал, Из­раильді алайық. Даласы құм, табиғи байлығы да аз. Соның өзін­де сүттен 40-тан аса тағам жасап, ауыл шаруашылығын­да­ғы ең жоғарғы технологияларды қолдануда. Мұнайы да, түсті мета­­лы да жоқ Жапония адам капиталының арқасында дамыған ел­­дер­дің алдыңғы қатарында келеді. Сондықтан адам капиталы бі­рінші орында тұруы қажет. Бұл институтты біз тәуелсіздік ала сала ашып, осы бағыттағы шаруаларды бірден қолға алу керек еді. Кеш те болса, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық ака­демия басшылары халықаралық адам капиталын дамыту инс­титутын ашты.

Меніңше, осы институттың, олар қолға алған жобалардың келешегі зор. Оны дамыту үшін қаржы қажет. Сондықтан мемлекеттің араласқаны жөн.

 

 

 

Советхан ҒАББАСОВ,

Медицина және педагогика ғылымдарының докторы:

– Иық теңестіреміз деп ұмтылып отырған Еуропа елдері неге дағдарыстан шыға алмай отыр? Осыған жауап іздеп көрдік пе? Өйткені ол жақта рухани дағдарыс болды. Адам капиталының дамуы дегенде, ол қалай дамымақ, негізі қайда? Оның негізі тек білімде ғана ма екен? Адам қандай болса, қоғам да сондай. Адам баласы қазір бүкіл әлемде азып отыр. Оны біз ашық айтуымыз керек. Неге? Фараби сонау ІХ ғасырда бекер айтып кеткен жоқ: «Адамға тәрбие бермей тұ­рып, ғылым мен білім берсең, ол жүрген ортасына апат әкеледі» дейді. Мәселен, билік басында отырған азаматтардың кейбірінде бір-бірден ғылыми атақтары бар. Олар неге халықты ойламайды? Адам тәрбиесін негіз етіп алмай, бұның барлығы бос сөз болып қалады. Мәселен, жастардан «Адам деген не?», «Адамның жаны не?» деп сұрасаң, жауап бере алмайды… Алайда олар кінәлі емес. Өйткені «Адам­ның жаны – оның рухы» деген мәселені орта мектепте де, жо­ғары оқу орындарында да оқытпайды. Жанның, рухтың не екенін білмеген адам, оның тәрбиесін қайдан біледі? Ал жанның тәрбиесі болмаған жерде, 400 том тұрмақ, 4 мың том шығарыңыз, түкке де керегі жоқ.

Біздің бүкіл білім саласы адам тәрбиесіне мән бермейді… Адам тәр­биесін жөндемей, оның негізін ұқпай, еш уақытта қоғамда жақсылық болмақ емес.

 Үмітжан ЖАПАР
Айқын

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз