Латынға көшу – ұлы өзгеріске бет алған алғашқы және маңызды баспалдақ.

2
1283

 

Латынға көшудің ескерілуге тиіс сатысы жөнінде

Латын жазуына көшуге Мұхаң (Шаханов) қарсылық білдіруде. Түсінуге болады.  Мұндай ірі көлемді шара шұғыл жүзеге асырылар болса, халқымызды қиыншылыққа  ұрындыруымыз да ғажап емес сияқты.  Бірақ, түбі көшуіміз керек екені  анық…

Демек, қателеспеуге тырысуымыз керек. Бұл үшін, бірінші кезекте атқарылар жұмыстардың реттері мен кезеңдерін айқындау ләзім.

Латынға көшудегі мақсаттардың бірі – түркі халықтары тілдерін жақындатуға қол жеткізу болса керек. Ендеше, ең алдымен күллі түркіге ортақ әліпбиімізді анықтап, бекітіп алуға тиіспіз.

Қазір ғалымдар «34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасалды, әр түркі халқы солардың ішінен өздеріне тән дыбысқа лайықты әріпті таңдап алады» дегенді айтып жүр. Алайда бұның орыс алфавиті негізінде жасалған ұлттық әліпбилер тәрізді  кезекті адасушылық болып шығатынына күмән жоқ. Өйткені, ондай таңдап алулардан кейін, бәрібір, біріміздің өз дыбыс ерекшелігімізді көрсететін таңбамен жазған жазуымызды екіншіміз тани бермейміз.

Демек, ең алдымен, барша түркі мемлекеттерінің тіл мамандары әр халықтың өзіндік дыбысталу ерекшелігі бар, бірақ әуезі жағынан бір-біріне жақын, яғни туысқан түркі жұрттары қолданатын, бір-біріне ұқсас   дыбыстарды жіктеп, соларды бірдей әріптермен таңбалау мәселесін шешкендері дұрыс.

Сонда, жаңа әліпбиге ағылшындар қолданатын әріптерді негіз еткен жағдайда, әр елде өзінше айтылатын, сәл өзгешеліктері бар дыбыстарды барша түркі халықтарының ұлттық әліпбилерінде бірдей әріппен яки қосарланған әріптермен немесе дәйекше (апостроф) қосып таңбалауға болар еді.

Мұндай әрекет сол баршаға бірдей әріптерді әр түркі халқының өз дыбыстау ерекшелігіне сай, өзінше оқуына кедергі жасамайды. Есесіне, кез келген түркі оқырмандары кез келген өзге түркі диалектінде жазылған жазуды оқи алған болар еді. Осы мәселе оң түсініліп, басшылыққа алынар болса, түркі халықтарының тілдерін жақындастыруға бір қадам тақаламыз. Бұл осынау ұлы өзгеріске бет алған алғашқы және маңызды баспалдақ болуға тиіс.

Екінші кезекте, бүткіл түркі мемлекеттері мақұлдаған соң ғана, ортақ әліпбиді факультатив түрінде қоғамның үйренуіне, қалауынша пайдалануына ұсыну керек. Мәселен, қазіргі таңда кейбір редакциялар өз басылымдарының түпнұсқасын өз ұғымдарымен белгілеген латын әріптеріне ауыстырып, әлемдік өрмекторда жариялап жүр (айталық, «Егемен Қазақстан», «Қазақ үні»). Егер түркі халықтарына ортақ жаңа әліпбиді бекітіп берсек, бұл шаруаға жаңа мазмұн, соны сипат береміз.

Егер шаруаны асындай жолмен атқаруға келісіп, тез арада аталған басты мәселені – ағылшынның 26 әрпі негізінде күллі түркіге ортақ  жаңа әліпби жасауды шешсек, оны халыққа факультативтік оқу жолымен танысуға ұсынсақ, он-он бес жылда көз үйренеді. 2025 жылы ресми енгізудің жайы мен реті белгілі болар еді.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

 

 

 

2 ПІКІРЛЕР

  1. Өте дұрыс. Ортақ әліпби деп жүргеніміз – кәдімгі түрік әліпбиі. Ол өзгелерге ортақ бола алмайды, дыбыс таңбаларын белгілеуде бірізділік жоқ. Диакрит таңбалары да солай, ала-құла. Ортақ әліпби талабына мүлде жауап бере алмайды. Дайын тұрған ағылшынның 26 әрпінен дәйекше арқылы қажет дыбыс таңбасын жасау оңай әрі бірыңғай ортақ әдіс болар еді. Сонымен бірге түркі халықтары тілдеріндегі материалды түпнұсқадан оқуға болады.

  2. Осы мәселе оң түсініліп, басшылыққа алынар болса, түркі халықтарының тілдерін жақындастыруға бір қадам тақаламыз. Бұл осынау ұлы өзгеріске бет алған алғашқы және маңызды баспалдақ болуға тиіс.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз