Құлтас ДОСТАН: Ұлтымызды ұлықтайтын - қазақтың қара баласы...
– Құлтас Әбсадықұлы, жалпы адамзаттың жаңа ғасырға аяқ басқанына он үшінші жылға кетті. Сіз ХХ-ғасырдың екінші жартысының перзентісіз. Айырмашылық сезіле ме?
– Сөз жоқ, айырмашылық көп. Әдеттегідей «жастар бұзылды» дейтін шалдардың гөй-гөйінсіз турасын айтсам: адамның сыртқы қалпы сұлуланды, ақыл-парасаты өсті, технология қарыштап, өмірдің жылдамдығы артты. Мысалы, студент кезімізде біз Қызылорданың Жалағашының Мәдениет ауылындағы анамызбен бірауыз сөйлесу үшін Абылай хан даңғылы (бұрынғы Коммунистік көшесі) мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы Сөйлесу орталығына бір-екі күн бұрын, кейде бір апта алдын ала тапсырыс беріп кететінбіз. Сосын белгіленген күннің, белгіленген сағатында келсең де, байланыс болмай, тағы бірер сағат тосылып отыратын едік. Содан бері небәрі 20 жылдай уақыт өтті, қазір қалта телефоныңды алып, сол мезетте әлемнің ең алыс мұхиттарының арғы жағыменен ауызба-ауыз сөйлесе аласың...
Бұл – адамзат жеткен таңғажайып жетістік. Бірақ адамның жеткен тағы бір «таңғажайыбы» – адамдар мейірімін жоғалтып алды, қайырымнан ажырап барады. Мұның өзі тек жастарға қатысты қасірет емес, қоғамның тұтас індетіне айналды.
Бұрын арыстай алты баласы отбасымен бір аулада бірге тұрып, ішіп-жемі аралас, қуаныш-қайғысы ортақ болған қазақ отбасы бүгінде әр қалада, алыс ауылда шашырап жатса да бір-бірін іздемейді, бірінің есігін бірі ашпайтын жағдайға жетті. Сондықтан мен ХХІ ғасырды – қатыгездік күшейіп кеткен «суық ғасыр» деп атаймын кейде...
– Мұныңыз мұздай салқын, қараңғыдай қорқынышты екен. Сонда адамдарда мүлдем жан жылуы қалған жоқ па?
– Неге қалмасын?!. Алла тағаланың өзі пенденің жүрегін ұрпағына жұмсартып қойған ғой, қазір тас дәуірі секілді, әлде жан-жануарлар сияқты тар шеңберде, иіс жететін жерде ғана мейірім мен қайырым жүретін болды. Мысалы, қазір өз балаңды, қызыңды, келінің мен күйеубалаңды ғана жақсы көресің, солардың қамын ғана күйттейсің, олардың жоғары қызметі мен тамаша тұрмысы үшін көбіне, ұлтыңның мүдделерін де, отаныңды да арзанға айырбастауымыз мүмкін...
Бүгінгі қазақ билігіндегі жағдайды қараңызшы: өңшең тума-туыс, құда-жекжат жабылып, білім-білігіне, қабілет-қарымына қарамай, тек қана туыстық жақындықтың негізінде қызметке алып, лауазымдарын өсіріп отыр.
Таяуда мемлекеттік қызметтегі туыстық тамыр-таныстықты жоюға Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңа заң жобасын жасап, депутаттарға ұсынғанда, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева баяндамашыға: «Сіз мемлекеттік қызметке орналасудағы туысқандық пен тамыр-таныстықтың жойылатындығына өзіңіз сенесіз бе?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Бәйменов «сенемін» деді.
– Сіздің: «Бәрін арзанға айырбастауымыз мүмкін» деген сөзіңізден шошып кеттім. Сұмдық екен, шынымен, жағдайымыз осыншама ойран ба?
– Шынымен солай! Мұндай сұрқиялық – қазаққа ғана тән емес, күллі адамзаттың болмысындағы құрт. Бұрнағы заманда: «Капиталистер қанаушы топ» дейтін едік, бүгінде алысқа ат терлетіп әуре болмаймыз, жақын жерден жұрағатыңды тонайсың, қоралас қандасыңды қанайсың. Қазақ қазақ-
тан ұрлайды, ағасы інісін түптеп кетеді...
Мысалы, спортта кім болса соны – шетелден астына көпшік қойып шақыртып, сіз бен біздің түсімізге де кірмейтін миллиондаған доллар айлық төлейміз. Жатжұрттық спортшы ақшасын ақтау үшін ғана қимылдайды. Тіпті әлемдік додада жеңіске жеткенімен, бұл – ұлттық мақтаныш сезімі емес, біздің жастарымыздың Отанға, елге, жерге, ұлтына деген махаббатын оята алмайды, патриоттық сезімдерін бекітпейді. Мұны аз десеңіз, ертеңгі күнімізге өз спортшыларымыз дайындалмағандықтан, келешегіміз қашан да белгісіздік күйінде қала береді.
Жалпы, адамзатты дараландыратын да, жақындататын да, дамытатын да – жеке ұлттар. Ұлттың өз түр-тұлғасы мен сыр-сипаты ерекшеленбесе, әлемге танылу қиын.
Ұлттың өзін-өзі тануы керек. Үлкен ұлттардың «шовинизмге», яғни, өзін жоғары санауына, кіші ұлттардың «нигилизмге» (космополиттер), яғни, өзін төмен санауына – ұлттың өзін-өзі жеткілікті дәрежеде әрі нақты бағаламауы себеп болады.
Ең қиыны кеше кеңестің құқайын көрген қазақтың бүгінгі ұрпағы американға, ағылшынға және басқаға ерекше еліктеп, әсіреқызба болып барады. Шетелде бір жыл оқып келген қазақтың жасы – өз ұлтын менсінбей қалатын ауру тапты: бауырсақ жемейді, қазы-қартаның иісі ұнамайды, қазақша сөйлегісі келмейді, т.с.с.
Бұл – қазақтың ұлтсыздығының көрінісі. Орыстың отарлау саясатының сарқыншағы – нигилизмнің айқын бейнесі. Ұлттық құндылықтарды бағалай алмайтын, қасиетті дінімізге де күмәнмен қарап, ана тіліміздің, мәде-ниетіміздің, салт-дәстүріміздің мән-мағынасы мен маңызын түсінбейтін арамыздағы нигилистермен аяусыз күрес жүргізуіміз керек.
Нигилистер, басқаша айтқанда, орыстанып кеткен қазақтар немесе шоқынған қазақтар – Кеңес өкіметінің Қазақстанға басқа этнос өкілдерін көптеп қоныстандыруы арқылы қазақты ата-бабасының туған топырағында, өзінің тарихи отанында азшылыққа айналдырып, қазақ мектептерін жауып, ұлттық мемлекеттігімізді жоққа шығаруға тырысқан орыстың отарлау саясатын ақтап алуға да тырысып бақты. Шовинист пен нигилистің айырмашылығы алшақ емес, екеуі де – қазақ ұлтының дұшпаны.
– Қазақтың қонақжайлығы жайында адам нанғысыз аңыздар бар. Осыны бағалай алмай жүрген жоқпыз ба?
– Жүз есе асырып «бағалап» жібердік! Қазір қазақтың қасиетті қонақжайлылығы – жөн-жосықсыз жалпақ шешейлікке, кеңпейілділігі – даңғаза даңғойлыққа ұласып кетті.
Қазақтың кем-кетігін ащы айтқан Абай ұлтын жек көргендіктен емес, керісінше, жаны күйіп, жүрегі сыздағандықтан сын садағына алды. Айталық, жақында «ЭКСПО Астана – 2017» дүниежүзілік көрмесін ұтып алдық. Қуанбаған қазақ қалмады...
– Итальяндық жиһанкез Реналью Гаспирин былай депті: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар!»...
– Менің сізге былай дегім келеді: жердің бетінде бізден де өткен бейшара ұлттар жетерлік. Тілі түгілі, ділі мен дінінен жұрдай болғандар аз емес. Бірақ қазақ – оққағары бар жұрт. Қаншама сойқандарды басымыздан кешсек те, шыдап бақтық, өлермендік көрсеттік, мінеки, өз қолымыз ауызымызға жетті.
Айдалада қаңғып жүрген итальяндық айтты екен деп, мен қазағымды ешкімнің табанының астына салып бермеймін. Қазір көлденең көк аттылар сыншыл-міншіл болып алды. «Елбасы неге қазақша сөйлемеді?» – деп гөйітеді. Қарағым-ау, алдымен, сенің өзің Елбасындай қазақша сөйлей аласың ба?..
Ешқандай мемлекет құраушы ұлт өзінің ұлттық болмысы мен келбетін өзгертуге, басқа ұлт, бөтен ұлысқа сіңісуге келісе қоймайды. Кешегі кеңестің 70 жылында да, оның арғысында патшалық Ресейге де қазақ сіңіскен жоқ.
Қазірдің өзінде «Өркениетті елдер» деген түсініктің тасасында үлкен ұлттар мен саны көп жұрттардың мекіренген мүддесі мен бақай есебі тұрғандығы түсінікті.
Әрбір қазақтың ұлтшылдығы керек, бізге. Елбасы әр қазақты жетектеп жүріп, қазақша сөйлете алмайды. Әркім өзінен бастау керек. Елбасымыз: «Екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлесіңдер!» демеді ме?!. Бұдан артық не керек?..
Бүгінде Қазақстандағы орыстілді баспасөз құралдары қазақшадан 5 есе көп. Жарнама да, имидждік мақалалар да орыстілді басылымдарда. Қазақ журналистері тек мақала ғана жазып қоймай, әрбір мекеменің басшысы мен қосшысына қазақ тілінің тамаша үлгісін көрсетіп, насихаттай да білуі керек.
Қазақ сөзі – қымбаттауға тиіс. Мысалы, орыстілді мақаланың формат-4 қалыпты беті орыс тілінде – 1500 теңге болса, қазақ тілінде – 3000 теңге болуы керек. Әрбір жерде – үйде, кеңседе, жиында, қонақта, театрда, көшеде қазақ тек қана қазақша сөйлесе, тіліміз тұғырына көтеріледі.
Қазіргі Үкімет басшысы Серік Ахметов Үкімет отырыстарын қазақша өткізе бастады. Енді оның қоластындағы министрлер мен облыс әкімдері де өз жиындарын қазақ тілінде жүргізуге біржола көшуі керек.
Мысалы, Қызылорда облысының қазіргі әкімі Болатбек Қуандықов орыстілді азамат болатын. Ал Сырдың жұрты мемлекеттік тіліміздің майын ішкен ел. Мінеки, Қуандықов мырза да қазір барлық жиналыстарын тек қана қазақша өткізетін дәрежеге жетті. Мұның өзі өңір басшысының өзіне өте талапшыл, ісіне аса жауапты жан екендігін айғақтайды.
– Ұлтты ұлықтауды, әдетте ұлт зиялыларынан тағылымдайды, жұрт. Соңғы кезде қазақтың зиялы қауымының атына айтылар сын да аз болмай тұр-ау...
– Өз ұлтынан безінген нигилистерге қосымша көмек ретінде шовинистер өз ұлтының үстемдігін көрсетіп, өзінің ұлтының тілін, дінін, әдет-ғұрпын, мәдениетін басқа ұлттардың мойындағанын, мойынсұнғанын, қа-былдағанын аңсайды және осы мақсатта ештеңеден тайынбайды.
Мысалы, кеңестің кезінде орыстар қазақтың, қырғыздың, өзбектің, латыштың, молдаванның табысын, өркениетке қосқан үлесін «орыстікі» етіп көрсетіп-насихаттады, орыстың барлық тіршілігін үрлеп-қампайтып, зор етіп көрсетті. Бірақ орыс өзіне амалсыз сіңісіп кеткен сібір халықтары, мысалы, хакастарға, ненецтерге, буряттарға өмірбақи сенімсіздікпен қарап келеді.
Біздің шалақазақтардың сол хакастардан еш артықшылығы жоқ. Орыстың тіліне, діліне, мәдениетіне белшесінен батқан шалақазақтар – біздің – тазақанды, тазаділді, тазадінді қазақтардың – арқасында ғана кеуделерін керіп жүр. Әйтпесе әлдеқашан орыстың самагонының құрбаны болар еді...
Мұстафа Шоқайдың: «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған «ұлттың зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз», – дегені бар. Біздің ұлттың мүддесі қыл үстіне шыққанда аузын буған өгіздей үнін шығармайтын оқымыстысымақтарды «зиялы» деп атауға аузым бармайды.
Ұлттық құндылықтардың қадірін білмей, оны менсінбеуге, орыс мәдениетіне, батыс өркениетіне, американдануға бейімделуге әзір тұрған орта буынның да басымының «зиялылықпен» үш қайнасы сорпасы қосыл-майды. Аға буынның белді өкілі, бір заманда «Аз и Я» еңбегімен қазақтың рухын оятқан Олжас Сүлейменовтің: «Диалог цивилизации, к которому призывает ЮНЕСКО, происходит не на конгрессах, а в самом человеке, который читает пусть в переводах мировую литературу, смотрит американские, индийские, иранские фильмы. Такой постоянный диалог, происходящий в каждом, и формирует человека земли. Мы не хотим запираться в каком-то отсеке – «Европа», «Азия», «мусульманский мир» – дегені адасушылықтан басқа ештеңе де емес. Астамшыл ұлт өкілдері, мысалы, орыстар өздерінің дүниежүзі мәдениетінің кіндігі еместігін, әлемнің тұтқасы еместігін іштей сезгенімен, Олжас Сүлейменовтер оларға тыным бермейді...
– Қазір «жаһандану» дейміз, «өркениет» дейміз, осыдан оқшауланып өмір сүру мүмкін бе?
– Бәлкім, мүмкін де болуы... Бірақ егер оқшаулансақ – адамзаттың даму ырғағынан ажырап қаламыз. Бізге орыс мәдениетін меңгеру керек, бірақ орыстанбау қажет. Өркениеттің жетістіктерінің қажетін, пайдалысын, озығын алуға тиіспіз, әйткенмен болмысымызға, мінез-құлқымызға, әдет-ғұрпымызға қайшы келетін тұстарын, ұлттық ерекшеліктерімізді жоятын кертартпа қадеттерінен аулақ жүргеніміз абзал. Қазақтың нағыз зиялылары ұлттық ұстанымға берік болған. Шоқан Уәлихановтың өзі «рухани жағынан өз ұлтыма өгейленіп кетермін» деп сақтанып, атажұртына оралған.
Туған ұлтының адал перзенті, шынайы патриоты бейбітшілікке, келісімге, татулыққа, төзімділікке, ымырашылдыққа бейім болады. Алаштың ардақты ұлдарының өнегелі өмірі бізге ұлттың өзін-өзі тануының жалпы ұлтқа да, жеке адамға да аса маңызды екендігін және мұның өзі ұлттың әлем мәдениетіндегі шынайы орнын анықтап беретіндігін көрсетті.
Бүгінгі қазақтың ұлтшыл тұлғалары да озық технологияға, жаңа бетбұрыстарға, тың идеяларға талпынып, дүниежүзілік мәдени құндылықтарды өз болмысына икемдеп, ұлтының қажетіне жаратуға ұмтылады.
Шынайы ұлтшылдық – туған жұртына деген шексіз махаббатқа, ақыл-ойға, берік патриотизмге, парасат-пайымға, ертеңге деген нық сенімге, келісім мен рақымға негізделіп, дүниеден оқшаулануға да қарсы тұрады.
– Менің ойымша, ұлтсыздыққа бастар алғашқы қадам – негізінен алғанда, басшылықта жатқан сияқты. Біздегі биліктің 95 пайызы орыстанған, батыстанған, америкаланған, енді тіпті қытайланған» дейтіндер де бар. Мұндай пікірге қалай қарайсыз?
– Сізбен келісемін: біздің қазіргі билікті «қазақшыл» деуге мүлдем келмейді. Жалпы, Ұлтсызданудың басшылықтан, әкімшіліктен бастау алып, олардың отбасылары, туған-туыс, көрші-қолаң, атқосшылары арқылы жалпақ жұртқа «жұқпалы сырқаттай» тарайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Сосын ұрпақ алмасқан сайын жат болмыс, бөтен тіл, бөгде мәдениет күшейіп, өз ұлтының тілі мен ділі, салт-дәстүрі әлсіреп, жойыла береді.
Ұлтсыздану – ұлтты бір-біріне қарама-қарсы, ымыраға келмейтін жікке қақ бөледі. Өз ұлтының тамырынан ажыраған бейбақтар пиғыл-ниетімен, тілімен, күнделікті өмір тұрмысымен, жүріс-тұрысымен, қылықтарымен оқшауланып, туған ұлтының мәдениетіне, дәстүріне, жатжұрттың, бөтен елдің түсінігімен қарап, көзге шыққан сүйелдей көрінеді.
Қазіргі қазақ билігі орыс тілін қолдайды, өйткені орыс тілі, өзіңіз айтқан, биліктегі 95 пайыз шенеуніктердің тілі. Әйткенмен мына мәселені ұмытпау керек: елімізде орыстардың үлес-салмағы жыл санап азайып келеді, мысалы, 1989 жылдан бергі кезеңде әр он жылда 7 пайызға кеміп, 1989 жылға 37,4 пайыз болса, 2009 жылы 23,7 пайызға түсті. Алдағы он жылда қазақтардың саны 70 пайыздан асса, мемлекеттің нағыз тілі де, мемлекеттік қызметтің күнделікті тілі де – қазақ тіліне айналады.
– Елімізде орыс тіліне сұраныс кемімей тұр. Ендеше, оны қаншалықты қолдау қажет?
– Орыс тілі – өте бай, күш-қуаты кемел тіл, ол ешкімнің қолдауына зәру емес. Әсіресе, білім, мәдениет, гуманитарлық салаларда оның үстемдігі басым. Орыстың ұлыдержавалық санасы – 200 жылдан астам уақытта оның тұрақты менталитетіне айналды. Кремльді былай қойғанда, Ақорданың өзіндегі саяси элитада ұлыдержавалық пиғыл басым. Қазақтың ауылдарындағы қарапайым орыстардың өздері «ұлыдержавалық санадан» ажырай алмай, қазақ ауылдары мен қалаларындағы жер-су аттарын өзгертуге қарсы тұрып, мысалы, «Павлодар қаласы – Павел патшаның сыйы» деп, мұның өзін үлкен геосаяси мақсаттарға пайдаланып отыр.
Дегенмен қазақтың шыдамы мен жігері – бізді бұл тығырықтан да алып шығады. Өзгермейтін дүние жоқ, тек арандап қалмауға тиіспіз...
– «Шыдам мен жігер» жақсы ғой, бірақ орыстың ұлыдержавалық пиғылын таяуда Американың Мемлекеттік хатшысы да қадап айтты. «Арандап қалмайық» деп абайлап жүргенімізде, терең орға омақаса құламайық...
– Иә, Американың Мемлекеттік хатшысының мәлімдегеніндей, мен де Кедендік одақтың астарында бір құпия қауіптің бар екендігін сеземін.
Збигнев Бжезинскийдің: «Ресей кеңестік империялық мұрадан әлі толық арылған жоқ» – деген сөзінің де жаны бар. Американың «Voice of America» газеті: «Ресей ұлыдержавалық пиғылын Еуразиялық одақты күшейту арқылы жүзеге асырады» – депті.
Владимир Путин өзінің ұлыдержавалық ойларын халықаралық қауымдастықтан жасырған да емес, ол сайлауалды науқаны кезіндегі «Известия» газетінде жариялаған өзінің мақаласында: «Еуразиялық одақ – Кеңестер Одағының мұрасы негізінде құрылуы керек» – деп жазған болатын.
Жақында бір орыс басылымы: «Осыдан 20 жыл бұрын Ресейді менсінбегендер, енді сүйретіліп, жорғалап Ресейдің қол астына, Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық ынтымақтастыққа, Еуразиялық Одаққа кіре бастады...» – дегенді айтты...
Шындығында қарап отырсаң, бесінші сыныптың оқушысына түсінікті мынадай жағдай қалыптасқан: Кедендік одақтағы Ресейдің үлесі 57 пайыз да, Казақстан 21,5 пайызға, Беларусь 21,5 пайызға ие, яғни, екі мемлекет қосылып, небәрі 43 пайызды құрайды. Ал әлемдік тәжірибеде 51 пайыз «бақылау пакеті» болып табылады. Кедендік одақ Ресейдің бақылауында болғандықтан, барлық шешімдерді өз мүддесіне сәйкестендіріп қабылдайды.
27 мемлекет мүше болып отырған Еуроодақта бір мемлекет қарсы шықса, шешім қабылданбайды. Сондықтан Кедендік одақта әр мемлекет бір дауысқа ие болатын тәртіп енгізбей, әділ шешім қабылданбайды.
Қазіргі Ресейдегі өздерін орыс санайтын 12 млн адам табиғи өсіммен емес, басқа ұлттар мен ұлыстардың орыстарға сіңуі арқылы өскен. Бұрын өктемдік еткеннің өкірештігінен арылуы да, өктемдік көргеннің өкпесін ұмытуы да оңай емес, ұзақ құбылыс.
Жаһанданудың бір қауіпті тармағы – орыстану, батыстану, американдану. Ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, тілімізді, ділімізді, дінімізді көздің қарашығындай сақтау жолында ештеңеден аянбауға тиіспіз...
Ұлттық болмысымызды қадірлеп, ұлттық намысымызды жоғары ұстап, ертеңге сенімімізді нығайту арқылы ішкі бірлігімізді күшейтіп, жасқаншақ, тартыншақ, әлжуаз, бағынышты, тәуелді қадеттерімізден арылуымыз керек.
...Өзіңіз айтқан «терең ор» орыста ғана емес. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Израиль, Үнді, Жапония, Германия, Иран, Оңтүстік Корея және т.б. қуатты елдердің барлығының құлқындары кең, пиғылдары харам: әлсізді таптағысы, қауқарсызды құлатқысы келеді...
Орысты ойқастай беретін Американың Мемлекеттік хатшысының Каддафи қан құсып, Хұсни Мүбәрәк мүсәпір күйге түсіп жатқанда: «Келдік! Көрдік! Жеңдік!» – деп, масаттанғанын өз көзімізбен көрдік!..
Қысқасы, Абай айтқан: «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап...» – дейтінді қойып, ұлтымызды ұлықтайтын – қазақтың қара баласы екендігін ұғынуымыз керек...
Сұхбаттасқан
Н.НАРЖАН
«Айқын»,
26 желтоқсан 2012 жыл.