ҚАЗАҚТАР ҰЗАҚ ЖАСАУШЫ ХАЛЫҚ

Бірінші байлық – денсаулық. Бұл халқымыздың аузынан ең көп естілетін сөз. Бірақ, көлеңкеде қалып бара жат­қан бір мәселе – қазақ халқының ұзақ жасаушы халық екені. Осыған зер са­лып, зерттеп нәтижесінен бір тұжы­рым жасау кешеуілдеп жатыр. Жас­тарды қайдам, жасы үлкендер ең ұзақ өмір сүретін халық грузиндер, себебі, олар табиғаты мықты, курортты жер­лерде өмір сүреді дегенді есітіп келді. Басқа тілектер қатарында «Грузин­дердің ұзақ ғұмырын тілейміз» деген сөздер той-томалақта жиі айтылатын. Бірақ қазақта көп айтылатын «Жам­­былдың жасын берсін» деген тілектің барын да ұмытпаған жөн. Жалпы, қазақ көл-көсір байлығын ша­шып-төгіп жүретін, басқаларға барын беріп, өзін ұмытып кетуге даяр тұратын ақкөңіл халық қой. Қазақ неге мұндай? Мұның себебі, қазақтың адами бол­мысында, қазіргі көп қолданылып жүр­ген сөзбен айтқанда менталитетінде. Болмыстың негізі – денсаулық. Ғасыр­лар бойы кең далада өмір сүрген ха­лық­тың болмысы осы даланың кеңді­гінен пай­да болған. Қазақтың кең ой­лауы, кей­бір жағдайға болмайтын нәр­се деп қа­рауы да осы кеңдігінен. Қан­дай бір қиыншылықтарда «Бұдан жа­ман күні­мізде де тойға барғанбыз» деген ұс­танымға беріктігі қазақ жаны­ның кең­дігі. Жаны кең адам анау-мы­нау нәр­сені уайымдай бермейді. Уайы­мы аз адамның жүйкесі де жұқара қой­майды. Сары уайымның не екенін білмеген адамның дені сау, дейді ақсақалдар. Қазақтар шынында да ұзақ өмір сүруші халық. Мына сөздердің шығуы да сондықтан: Отыз – өз шағы, Қырық – ер шағы, Елу – бел шағы, Алпыс – дер шағы, Жетпіс - мәз шағы, Сексен – шер шағы, Тоқсан – жер шағы, Жүз – көр шағы. Қазір аракідік болса да Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай деген есімдер әкелері сол жаста болғандықтан бе­рілген есімдер деген сөз айтылып қала­ды. Бұл шындыққа қаншама жана­са­тыны белгісіз. Бірақ, халқымыздың тұрмыс-салтын зерттеуші ғалым Халел Арғынбаев өзінің «Қазақ халқындағы семья мен неке» кітабында мынадай бір болған оқиғаны келтірген: «...өткен ғасырдың орта кезінде адай руының 1800 жылқы бітіп, жасынан серілігі мен ерлігі қалмай жүрген шалы Қо­жаназар беріш руының бір үлкен тойы­на жүзіктің көзінен өткендей әдемі айғыр мініп барып, қыз-бозбала жиналған үйдің жабдығын ат үстінен ашса, 25-ке келгенше күйеу таңдап жүрген сұлу қызға көзі түсіп, қайткен күнде де оны әйел үстіне алмақ болады. Қыз туыстарына сөз салса, олар «сек­сенге келген шал екен 80 қара көк байталды бірден матап бере алса ал­сын»,– депті. Қожаназар бар жылқы­сын жинап жіберіп 100 қара көк бай­талды (10 байтал күйеу отына, 10 бай­тал үйге кіреріне) бірден айдатып қыз­­ды алыпты». Жазушы Лев Толстойдың жақын досы, Харьков университетінің про­фессоры, биолог Аркадий Иванович Якоби қазақ халқын жақсы білген. Сол былай деп жазған: «Көшпелі өмір мен күшті тамақ, таза ауа қазақтарды кең сахарада кездесетін түрлі аурулардан сақтап қалып отырған. Олардың көп­шілігі жүз жасайды. Жетпіске келіп ауырып өлетіндері кемде-кем». Бұл дерек Бейбіт Сапаралының «Адалба­қан» кітабында келтірілген. Бұны кездейсоқ деп айту қиын. Дегенмен, тағы бір мысал келтірейін. Жазушы Сәбит Мұқанұлының «Аққан жұлдыз» кітабын жазбастан бұрын көптеген дерек жинағаны белгілі. Осы кітапта былай деп жазылған: «Шың­ғыстың ордасына орныққан Жаманқұл мен Шәңкіге Балта руынан шыққан, бізге өткен тараулардан белгілі – Тұрсымбай батыр ғана қосылды. Жасы жүзден асқанмен, салт жүруден қал­маған ол, «Абылайдың ордасына ша­буыл жасалып жатыр» деген хабарды естіді де, «хан ағам тұсында қырық жыл қорғаған қара шаңырақты тала­тып, үйде қалай отырам» деп, бір не­мересін ертіп атқа қонды». Әдебиеттанушы Ханғали Сүйін­шіәлиев «Қазақ әдебиетінің қалып­тасу» атты кітабында былай деп жа­зады: «Қашағанды Мұрын жырау көрген. Ол: «Қашаған ірі денелі қара кісі еді... өлеңді суырып салып айтатын. Ойын-тойда сөз бастап, айтысқа түсуге құмартатын... Қашаған Адайдың тү­рікпендік елінен шыққан ақын. Мен Қашағанмен көп жолдас болдым. Ол 84 жасында, 1924 жылы өлді». Мұхтар Әуезұлының өткен ғасыр­дың басында бір рет жарық көріп тыйым салынып, көп жылдардан соң 1975 жылы шығарылған «Қилы заман» кітабында: «Албанның тоқсанға, жүзге келген шалы болса да, бұл елдің қыс кү­нінде жұтағанын, жаз күнінде індет­ке ұшырағанын білмеп еді» деген сөз­дер бар. Келген соң сексен, саған амалым жоқ, Ер ерттемей мойныма мініп алды. Сексен асып, тоқсанға келгенімде, Бүркіттей шеңгелімен бүріп алды. Бұл өлеңді шығарған ақын Сүйінбай Аронұлы. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген кітапта «Әкесі Сең­гірбай, ағасы Төлеген де темір ұс­тасы болған Мұрын жырау (шын аты Тілеген) Сеңгірбайұлы сексен екіге келгенде ғана ұсталығын қояды» деп жазылған. Қазіргілерге жетпіске келген адам өте кәрі көрінері анық. Ал енді Ахмет Жұбанұлының «Ғасырлар пернесі» кітабынан үзінді оқыңыз: «Сахнаға иықты, ұзын бойлы, ер нұсқалас, басына үлкен жаулық тартқан әйел шықты. Жасы жетпіс алтыға жеткен, ұлғайған адам болса да, әйелдің жүрісі ширақ, бойы тіп-тік. Оң қолында ұзын сапты домбыра, үстінде кең, ұзын көй­лек, иығына өңіріне зер төккен қызыл мақпал бешпет жамылыпты». Ғалым­ның айтып отырғаны атақты күйші Дина Нұрпейіскеліні. Белгілі ақын Кенен Әзірбайұлы Бопина есімді келіншекпен айтысқанда былай деп жырлаған: Келінжан «кен» деген сөз – Кенен деген, Ағаштың ең мықтысы емен деген. Жетпіске сыр бергем жоқ, сыр сұрасаң, Сексенде де болмайды жүзім төмен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатыны белгілі. Нақты айтқанда та­биғаты таза иен далада өмір сүрген қазақтардың арасында ұзақ жасау­шылар көп болған. Тарих солай дейді, ұзақ жасаған қазақтардың біразы мы­налар: Әбілқайыр ханның жұбайы Бо­пай – 101 жас, Қазыбек би – 100 жас, ақын Жамбыл Жабайұлы ақын – 99 жас, Шалкиіз жырау – 95 жас, Төле би – 93 жас, Дина Нұрпейіскеліні, күйші – 94 жас, Кенен Әзірбайұлы, ақын – 92 жас, Сырым Датұлы, ба- тыр – 90 жас, Қасым Қайсенов, батыр, жазушы – 89 жас, Әмина Өмірзақова, актриса – 87 жас, Саққұлақ би Мұса Шорманұлының асына барғанда 86 жас­та екен, Жанақ Сағындықұлы, ақын - 86 жас, Әлшекей Бектібайұлы, күйші – 85 жас, Құнанбай Өскен­байұлы, ақын Абайдың әкесі – 82 жас, Әуелбек Қоңыратбайұлы, ғалым – 81 жас, Төлеген Момбекұлы, күйші – 79 жас, Зейнолла Қабдолов, сыншы – 79 жас, Ықылас Дүкенұлы, қобызшы – 73 жас, Қазанғап Тілепбергенұлы, ақын – 73 жас, Мәмен Ералыұлы, күйші – 73 жас, Үмбетей, жырау – 72 жас, Кенжебек Күмісбекұлы, күйші – 71 жас. Бұл деректер Нысанбек Төре­құлдың «Қазақтың жүз шешені», «Абай энциклопедиясы», Ақселеу Сей­дімбектің «Қазақтың күй өнері», Құ­сымен Игісіннің «Ұлы дала» т.б. әде­биеттерден алынды. Жазушы Дүкенбай Досжанның анасы да 101 жыл жасаған. 1995 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Мұқа­ғали» атты кітапты қараған оқырман ақынның анасы Нағиман Батанқы­зы­ның: «Жасым тоқсанға таянғанда Мұ­қа­ғали туралы естелік айтуды Құдай­дан сұраппын ба мен?!» деген сөздерін оқыды. Мұқағали ақынның ұлы Жұл­дыз «Аңыз адам» журналының тілші­сіне: «Нағиман анамыз 95-ке келіп қайтыс болды» әжесінің ұзақ өмір кеш­кенін айтқан. Жоғарыда аты аталғандардың біразы дәулетті болғанмен көбісі өте қиын өмір сүрген тұлғалар. Олар бүгін­гідей газы бар, жарығы мен жылуы жеткізілген үйлерде тұрмаған. Соны­мен ұзақ өмірдің сыры неде? Менімше қазақ халқы ғасырлар бойы ауасы таза дала табиғатына бейімделіп, ат пен түйеге мініп қыстау мен жайлауға кө­шіп жүріп шыныққан халық. Екінші себебі: бұрынғы кездегі қазақтар еш­қандай қоспасыз ұлттық тағамдарды пайдаланған. Күнделікті ішетін сусын­дары сүт, айран, шалап, қымыз бен қымыран болған. Қазір тіптен басқаша. Адамдар бұ­рынғыдай көп қимылдамайды. Жұмыс­тан соң теледидардың алдынан шық­пайды. Балалар мен жасөспірімдер ком­пьютерге байланып қалды. Бұ­рын­ғы кездегідей даладағы ойындар аз. Жамбы ату, бәйге, көкпар, қыз қуу сияқты ойындарды былай қойғанның өзінде асық ойнаған балаларды ауылда да көру қиын... Айта берсем себеп көп. Сонымен ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек? Қазақ табиғатынан ұзақ өмір сүруге бейім халық. Сондықтан ең бастысы ұлттық тағамдарды көбірек пайдалану керек. Және көп қимылдау керек. Дене шынықтыру жаттығула­рын ұдайы жасаумен қатар, атқа міну­ді әдетке айналдырған жөн. Қалада тұ­ратын жанұялар балаларын спорттық үйірмелерге бергені жөн. Тағы бір маңызды нәрсе – не болса соған алаң­дай­тын уайымшыл болмау керек. Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы