ЖЕЛТОҚСАН ҚАҺАРМАНЫ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАСЫН ДЕП ЕДІК...
Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген, 1986-жылғы ұлт-азаттық желтоқсан көтерілісі намысы бар, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласын бей-жай қалдырмады. Ұлт намысы сынға түсіп, таразыға тартылған сын сағатта жалын жүрек, өр мінезді, қайсар жастар нар көтерер ар жүгін арқалап, ел еңсесін түсірмеді. Тар қыспақта иіні босап иілмеді. Қорқып, үркіп, бүгежектеп бүгілмеді. Астамшылығы асқынған, отаршыл-шовинистік пиғылы шектен шыққан қызыл көз кеңестік империяға кеуделерін тосып, жалаң қолмен атойлап, алаңға шықты.
Қазақтың біртуар ұлы, кемеңгер ұлт көш басшысы – Д.Қонаевты еш себепсіз орнынан алып, Ресейдің түкпірінен Колбин деген әлде біреуді әкеліп, орнына қонжитқанда, бойында қасиетті қаны бар, қазақ баласы қалай шыдасын? Жұдырықтай жұмылып, Алматының орталық алаңына қарай ағылды. Сол намысты жастардың бел ортасында өрімдей бой жеткен 24 жастағы Сұлухан Сайдахметқызы Сиқымбаева (Назарова ) да бар болатын. Жасынан алғыр, өр мінезді, ұлты үшін от пен судан тайынбайтын, қайсар намысты қағылез ару, қазағын қорлаған, намысын таптаған, бұндай әділетсіздікке қалай төзсін! Қатар құрбыларымен бірге 17-желтоқсан күні, бет қарытып қақаған аязға қарамастан, ертемен алаңның ортасында жүрді. Мұздай құрсанған әскерилер мен абалаған қасқыр иттерден қаймықпай, нәзік жүрегі шырылдап, лаулаған өртке ұмтылған, бейкүнә қарлығаш-
тай, халқының намысын қорғау жолында, не тажалдан болсын тайынбайтынын, тайсалмайтынын көрсетті.
Бейбіт шерумен алаңда «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, жанындағы жастарға жігер берді, рухтарын жаныды. Көп ұзамай, жендеттердің қоршауында қалып, таяқ жеп, қос қолын артына қайырып, сүйрелеп әкеле жатқан, ала пәлтелі Сұлухан қарындасымыз сол бір сұрқай суық күндердің, кино хроникасында жазылып, жадымызда жатталып қала берді. Бұл көрініс ала құйын зұлмат заманның асқан зұлымдығын еске түсіріп, жүректен өшірмей, күні бүгінге дейін, сыздатады да тұрады. Сұлухан да желтоқсан ызғарынан кейін талай тергеуді, қуғындауды бастан кешіріп, шет қақпай көрді. Жұмысында «ұлтшыл», «бұзақы», «бүлікші» атанып, нағыз халық жауына қарағандай, қасаң қабақтың қатулығын көп көрді. Бірақ тумысынан өжет, жалғандыққа жаны қас, әділет пен ақиқат жолынан айнымас бір беткейлігінен таймады. Мүжіліп, мұқалмады. Қайта қайраған шар болаттай беки түсті. Бір қиыны, сол ауыр күндерде басынан алған соққының салдарынан, денсаулығы сыр беріп, ақыры ауруға шалдықты. Онысында сыртқа жария етпей, іште бүгіп, нағыз ерлерше сыр бермейтін.Жастайынан тағдыр тауқыметін арқалап, аялы әке алақанының жылуын көрмей, тас бауыр жетімдіктің зардабын тартқанымен, Сұлуханның бойында адам сүйгіш ізгілік пен өмірге деген ерекше құштарлығы, табиғи дарын-таланты кез-келген жерде байқалатын. Өзі де аса мейірімді, бөлекше бауырмал, жан дүниесі жақсылыққа толы, адами қасиеті мол екендігін бірге жүрген дос-құрбыларымен, туыс-туған, аралас-құралас болған адамдар тамсана еске алады.
Әсіресе, қоңыр домбырасын қолына алып, сызылтып ән салғанда, айырықша шабыттанып, бота көздері жайнап, қараған жанның көңілін сүйсіндіріп, құлақ құрышын қандырушы еді деседі. Жарық дүние есігін енді ашып, бесіктен белі шықпай іңгәлап жатқанында, тұз-дәмдері жараспаған ата-анасының ажырасып, бөлек кетуінен, жетімдіктің ащы зарын тартып, жарым көңіл, жартыкеш күй кешіп жүріп өсті. Тек анасы – Кішкілдіктің ақылы мен өз еті тірлігінің арқасында қатарынан кем қалмай, оқу оқып, білім алып, бой жетті. Кейін Серік деген желтоқсандық азаматпен жүректері жарасып, отау құрды. Тағдырдың жазуы болар, Сұлухан арудың ғұмыр жасы келте болды. Бар жоғы 45-ақ жасында сол баяғы бас ауруы салдарынан, айықпас дертке ұшырап, жарық дүниемен қоштасты. Көп ұзамай жан-жары Серік те артынан бақиға аттанып кетті. Соңдарында Тәуекел атты жалғыз перзенті қалды. Қос бірдей желтоқсандық боздақтардың қасиетті қандарынан жаралған, Тәуекел баламыз да бұл күнде, ат жалын тартып мінер шаққа жетіп, ер жетіп өсіп келеді.
Әке мен шешеден бірдей ерте айырылған, алтынның сынығы, жақсының көзіндей Тәуекелге жетімдіктің ащы запыранын татқызбау үшін, қол созып, мейірім шапағатын аямай жүрген, кең жүректі азамат, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы – Нүкен Бейсенғазы Сәдуұлының зор адамгершілік танытып, тікелей араласуының арқасында Тәуекел Алматы қаласындағы Ибрагим Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернатқа орналастырылды. Толықтай мемлекет қарауына алынды.«Жетім көрсең жебей жүр» деген аталы сөзді, айнымас қағидасына айналдырған, Бейсенғазы Сәдуұлының бұл азаматтық ұстанымы кім-кімге де ой салып, үлгі боларлық қасиет.
Өйткені мына тас керең, құл темір қоғамда, өлі аруақты сыйлап, ұмытпай еске алып рухын қастерлеу, артында қалған жарым көңіл жалғызының маңдайынан сипап көз жасын құрғатып, қамқорлық жасау, бауырына тарту, кез-келгеннің кеудесіне сыйып, қолынан келе бермес кісілік! Бұл айтуға ғана оңай болғанымен, жаны жомарт, жүрегі ізгілікке толы, мәрт мінезді азаматтардың ғана қолынан келетін үлкен іс. Осындайда қазақтың қанатты бір қағидасы ойыңа оралады: «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа»! Осыдан 3-4 ай бұрын ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы ардагерлерінің бас қосқан жиынында Бейсекең мынандай ұсыныс жасады.
Сұлухан Сиқымбаева (Назарова) қаһарманымыздың қабірі мына іргеміздегі Мыңбаев ауылындағы зиратта елеусіздеу ғана болып, ескерусіз жатқан көрінеді. Сол жерге барып, басына арнайы ескерткіш тақта орнатып, көрнекілеу етіп жаңадан қоршау жасатсақ, жерленген жеріндегі ел-жұртқа, ауыл-аймаққа, Сұлухандай батыр қызымыздың кім болғанын дәріптеп, насихаттап, әруағын қастерлегеніміз жөн болар еді. Өткен өмірі мен көрсеткен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болар,сол бір 1986-жылғы ұлт-азаттық желтоқсан көтерілісінде, ұлтының намысы үшін, аязға тоңып, азабына төзген, аяулы арудың тасада қалып, елеусіз, ескерусіз жатуы елдігімізге сын, бетімізге шіркеу болмай ма? Халқы үшін жанын аямаған батыр қыздың рухын биікке көтеріп, ел халқымызға танытсақ, мәңгілікке топырағын жамылып жатқан сол ауылдың да абыройын аспандатқанымыз болар еді. Ахиреттік сапарға аттанар алдында, артында қалып бара жатқан анасы мен іні-сіңілілеріне айтқан аманаты «мені сол кіндік қаным тамған Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылына жеткізіп жерлеңдерші» – деген екен. Бұл да болса қазақтың кең жазира даласын, зұлым жаулардан ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған Қарасай мен Шапырашты Наурызбайдай жүрегі түкті әруақты батыр бабаларымыздың қасиеті желеп-жебеп, киесінің қолдағаны рухтарының үндескені болар деген ой келеді. Аруағынан ат үркіп, кие қонған қазақтың осы бір ауылына Сұлухандай батыр қыздың зиратын іздеп, зиярат, тәу етіп келер келешек ұрпақ, тебіреніп, бойына осынау тектілікпен, ел халқы үшін жанын аямас батырлықты сіңіріп, тәбәрік етіп, үлгі алып қайтпасына кім шүбә келтіреді?
Өйткені өмір бізбен ғана бітпейді ғұмырдың салқар керуен көші ілгері жылжып, бүгінгі тіршілік те тарихтың қойнауына бойлап, болашақ ұрпақ ілгерідегілердің істеген істеріне өз бағасын беретін болады әлі. Өмір заңдылығы солай! Қазақ халқы қашаннан қасиеттіні қастерлеген, аруақты құрметтеген, адамгершілікті аса биік әспеттеген ел. Дегенмен, неге екені жұмбақ, жақсылыққа жаны құмар, ізгілікке өз әлінше үлес қосып, биік істерге ұмтылған азаматтарға тосырқай қарап, орайы келсе тосқауыл қоюға даяр, іші тар аласа ойлы, ала көңіл адамдардың арамыздан табыла кетерін қайтерсің?
Сұлухандай батыр қыздың қабірін жаңартып, ескерткіш орнатуды құп көріп қолдаған ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының ардагерлері бұл ұсынысты бір ауыздан мақұлдады. Өз жандарынан қаржы-қаражат жинап, ауыздарынан жырып, бір үйдің баласындай ұжымдасты. Қашан да азаматтыққа келгенде артқа шегінуді білмейтін, айтқан жерден табылып, бірлесе қимылдайтын әдеттерінен тағыда таймады. Қызыл мәрмәр тастан ойып, көрнекі етіп ескерткіш тақта жасаттырды. Қоршау кесенесі де келісті етіліп, дайындалып, басына орнатылды. Қасиетті Қағбаны айналып, Мекке–Мәдиненің топырағын тәу етіп, умра қажы атанып келген желтоқсан ардагері – Әжітаев Секен Нұрқасымұлы, Сұлухан марқұмға арнап Құран бағыштап, дұға қылды. Тек бір әттеген-айы, осы сауапты істі көре алмаған, көркеуде аз ғана топ, бұл игі шараға бақан ала жүгіріп қарсы шықты.
Қашаннан адал іске жаны қас, бір бармағын ішіне бүгіп, ақиқатпен айқасқан, шындықпенен жауласқан, қарнына шынтақ айналмас қара ниетті жандардың әрекеті ғой бұл. Бұлар да күні кеше ғана ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» мүшелері атанып, ант қабылдап арамызда жүрген болатын. Алайда, аз уақыт өтпей ақ, арзан ойлы, аласа пиғылдарын көрсетіп, ұйым ішінде алауыздық тудырып, «бас басына би болған, өңкей қиқым» (Абай) ретінде, ұйымымыздан аластатылған болатын. Осынау айғайшыл «бастамашыл» топтың басшылары тағы да сол баяғы аты-шулы Алмагүл Мұхаманова мен жетекке ерушісі –Жексембаев Жақсылық болды. Айғайшыл топтың артынан еріп, дем берген – Жұлдызай Бейсембаева, Ләззат Жапашева, (бұл кісі желтоқсанға қатыспаған) Аухан Мұхатанов, Халелхан Әділхановтар да ізгіліктің ізіне шам алып түсетін, жақсылықтың жолына тосқауыл қоюға жаны құмар, қараулықтан басқаны қаламайтын, қараңғылықтан басқаны көрмейтін, өресі аласа, өрісі тар кісілердің пошымынан болып шықты. Адалдық атаулыға абалатып ит қосып, жандарына өздері секілді алтыбақан алауыз топты, үйір етіп, «атың шықпаса жер өрте» деп жүргендердің кебін кигендер! Бұндайларды қазақ «су ішкен құдығына түкіргендер» дейді. Әйтпесе, тыныш жатқан аруақты күңірентіп, шу шығарып, басын дұрыс ниетпен жаңартып ескерткіш-қорған жасағаннан қандай жамандық көрді екен бұл пақырлар?
Өгей анасының өзін де бізге қарсы өршелендіріп, небір қитұрқы әрекеттерге барулары қандай заң нормаларына сиярын қайдам, әйтеуір адами қасиеттерден алшақ жатқаны ақиқат. Бейсенғазы Сәдуұлының бұл бастамашыл ісінде де басқадай ағаттық жоқ екені бәрімізге аян. Сол жердегі барлық туыс-туғанынан бастап, облыс, аудан, ауыл көлеміндегі құзырлы мекемелер басшылығымен де келісімге келгенбіз. Оң іске лайықты бағасын берген, бұл азаматтар да ұсынысымызды құптап, бұл шараны өз дәрежесінде дәріптеп өткізуге уәде берді. Сол Мыңбаев ауылында тұратын, Сиқымбаев Қайраттың (Сұлуханмен әкелері бір, шешелері бөлек, туған бауыры) үйіне он төрт адам арнайы барып, дастарханынан шәй ішіп отырып, осы істің мән-жайын айтқанымызда, бұл азамат та қарсылық білдірмей, қайта қуанып, келісімін бергенді. Сол кезде айтса, болмас па еді. «Мен бұл шаруаға араласпаймын шешем бар сол кісіден сұраңдар» – деп, біздер Сұлухан марқұмның ол ауылда өгей шешесінің де барын қайдан білеміз? Туған бауыры – Қайрат рұқсат берген соң бірден іске кірістік. Алматыда тұратын, жасы сексенге таяғанда, жанарынан айырылып, зағип болып жер таянып отырған туған анасының қуанышында шек болмады. «Қыршынынан қиылып, халқы үшін құрбан болған қайран қызымның әруағы бір аунап түсіп жатыр-ау! Мына жарық дүниенің жақсылығын аз көріп, өмірден өксіп өткен қарлығашымның атын шығарып, әруағын құрметтеп, халыққа танытып жатқандарыңа ризамын қарақтарым», – деп ақ батасын берді. Әсіресе, Мыңбаев ауылының әкімі – Нұржан Нұрғожаұлы Шадыров, ауыл ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы – Станбек Әбдікерімұлы атты азаматтар үлкен парасаттылық көзқараспен қолдау көрсетті. Жөн іске бастарын иді. Әлгі бүйректен сирақ шығарған айғайшыл, арзан топтың бар ынта-ықыласы осы ыждағаттылықпен біткен абыройлы істің пәрше-пәршесін шығарып, артын ырду-дырду, қым-қиғашқа айналдырып, қаралауға бар жан тәндерімен құлшына кірісті. Бұқаралық ақпарат құралдарының да табалдырығын тоздырып, мазасын алды. Теледидардан жау шапқандай, қиқуласып әлек-шәлектері шықты. Түсінбей аң-таң болған көпшілік «бұл қалай» деп жағаларын ұстады. Жан-жақтан хабарласып дұрыс істі құптап, «бұлары несі істеріңіз жөн ғой, бұның не айыбы бар» дескен азаматтарда жетіп жатыр.
Бір сенеріміз ақиқаттың алдаспанына айбар қылар пенде жоқ.Болса да адымы алысқа бармайды.«Аққа құдай жақ» деген. Батыр Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының мына қанатты қағидасымен сөзімізді тәмәмдасақ.«Әділет, шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, сәл кешігіп жетеді».Біздің де бұл ісіміздің ақ-қарасы анықталып, дұрыстығына көз жететініне кәміл сенеміз!
Лепесов Сайлау,
1986-жылғы ұлт-азаттық желтоқсан көтерілісіне қатысушы.