ПУШКИН АТЫНДАҒЫ КІТАПХАНАҒА ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ЕСІМІ БЕРІЛСІН

Ашық хат ҚР Мемлекеттік хатшысы М. Құл-Мұхаммедтің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбайдың, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметовтің НАЗАРЫНА Серік СЕЙІТМАН, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты: Тәуелсіздік – ел болып, етек-жеңі­мізді жинауға, зұлмат замандарда жо­ғалтып алған ұлттық құнды­лықта­ры­мызды қайта тауып, оны игілігімізге жа­ратуға, соның арқасында сан ғасыр бойы ата-бабаларымыз аңсаған Қа­ға­нат – Ұлттық Мемлекет құруымызға тамаша мүмкіндік сыйлады десек, осы жолда табанды түрде қажырлылық пен қайраткерлік танытып, халқымызды төл тарихи санасымен, қазақы қалпы­мен табыстырып, оны келер ұрпақтың мызғымас мұрасына айналдыру – бү­гінгі біздің міндет. Сіздерден Оңтүстік Қазақстан об­лысының орталығы Шымкент қаласы­ның қақ төріндегі А.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беруге ықпал етулеріңізді сұраймын. Себебі: 1. Тұлғалық тұрғыдан алып қара­ған­да, ғаламдық өркениет пен руханиятта Пушкин – көп ақынның бірі болса, ал Фараби – Тәңір-Тағала бойына, ақын­дықпен қатар, талант біткенді үйіп-тө­гіп бере салған әлемнің екінші ұстазы; 2. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, Пушкиннің, аты тұрмақ, затының өзі кеше ғана өмірге енсе, Фарабидің дүм­пуі көне дәуірлерден бері дүниежүзін дүр сілкіндіріп, асқақ қалпымен бүгінге жетіп отыр. 3. Ең бастысы, Фараби бабамыз – қазақ топырағында, оның ішінде Оң­түстік Қазақстан облысының аума­ғын­да туып, жер шарын мойындатқан тұл­ға болғандықтан, оның есімі, басқа-басқа, осы облыстың бас кітапханасына берілсе – Мемлекет алдындағы заңды, тарих алдындағы әділетті, болашақ алдындағы тағылымды іс болар еді.