Парламентті әшкерелеп, елді дүр сілкіндірген оқиға немесе ҚАЗАҚ десе ҚАНЫ ҚЫЗАТЫН ҚАЗЫБЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ұлты қа­зақ депутаттарының орыс­тілдігі, орысқолдығы ұлттық нигилизмнің ерекше көрінісі, оған қазақ халқының наразы­лығы да белгілі. Неге екені тү­сініксіз, сол депутаттарды сайлаған халқының өзі. Бүгін де сол кесел жалғасып келеді, бірақ депутаттарды енді халық емес, партия көсемдері тізімінен таңдап алады, олар орыс­тілділерге аса зор артықшылық береді. 2004 жыл Мәжілісте «Сайлау заңы» талқыланып жат­қан кезде заң жобасына «ұлты қазақ депутаттыққа кандидаттар президент сияқты мемлекеттік тілді меңгергені туралы сынақтан өтсін» деген ұсыныс енгізідім. Енгізуге ешкім қар­сы болған жоқ, бірақ дауысқа салғанда депуттардың басым көпшілігі әсіресе қазақтар қарсы шығып, ұсынысты қа­былдатпады. Сол бойда инженерлік орталықтан кімнің қар­сы, кімнің қолдағаны туралы ақпаратты алдым. Ол қазақты­ғымызға тест, рентген сәуле­сімен көкіректегі жасырын сырды ашқандай болды. Шы­нымды айтсам, мен кімнің қалай дауыс бергені туралы деректерді өзім үшін сұрат­тым, жариялауға әлі шешім қабылдаған жоқпын. Осы тұс­та маған бұрын жақын танып білмейтін «Жас қазақ үні» атты газеттің бас редакторы Қазыбек Иса хабарласты. Бай­қаймын, ұлт десе қаны қы­зып кететін жігіт екен. Мен қинала-қинала, бір жағынан, депутат әріптестерімді аяп, екінші жағынан, ұлтымыз үшін халық қолдаған депу­тат­тардың ішкі сырын жасыр­майын деген екіұдай оймен жүргенде, Қазыбек інім дауыс беру қорытындысын, қолда­ғандар мен қарсыластардың тізімін «Жас қазақ үні» газетінде жарқ еткізіп, жариялап жіберді. Сөйтіп, кімнің кім екенін, барлық депутаттар­дың жамылғы бет перделерін ашып берді. Басқа газеттер «Жас қазақ үнінен» көшіріп басып, ел түгел депутаттардың ұлттық ұстанымдарынан хабардар болды. Маған, «Жас қа­зақ үні» газеті мен «Ана тілінен» жастардан, әсіресе, студенттерден ашуға толы, де­путаттарға ызаланған көп­теген хаттар түсті. Егер Қа­зыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасын­да­- ғы ұлтшылдығы болмаса, мүм­кін бұл ақпарат Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқы­сы­рап кеткен депутаттарды шо­шындырып қана қоймай, жал­пы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлты­мыздың, тілінің әлсіздігін, қа­зақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айна­сы болды. Айта кетейін, осыдан кейін елде, әсіресе депутаттар ара­сында «Жас қазақ үні» газетіне ықылас айтарлықтай өсті. Менің сол кездегі әріптестерім ол газеттен сескенетін болды, ал парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-ке­сілді тыйым салынды. Қазақ тіліне қарсылардың біразы ұялудың орнына маған шабуылға шықты, сол кезде Казыбек қолдарына түссе, кім білсін, аямас еді. Маған айта­тын уәждері: «Бүгінгі қа­зақ­тың ең асылдары, интелекті жоғарылары бұл орыстілді­- лер. Сіз қазақ тілділерді Парламентке жинап, заң шығару­шы органның беделін кетіресіз, неге соны ойламайсыз. Мы –соль, казахоязычные – ноль»,–демесі бар ма?» Қазақ интелегенциясы арасында екі тіл, тіпті үш тілді меңгерген азаматтар барлығын, олар­дың ой-пікірінің кеңдігін, өмірге қазақтың да, орыстың да көзі­мен қарай алатындығынан нигилистер бүгін де хабарсыз. Осы­лай Қазыбек Иса 2004 жы­лы Парламентті әшкере­леп, елді бір сілкіндіріп таста­ды. Қазыбектің осы сынынан кейін, қоғам қазақ депутат­та­рының қазақ тілін меңгер­ге­ніне аса назар аударатын бол­ды. Кейіннен, мен «Ақ жол» пар­тиясына келгеннен соң, Қазыбекпен жиі араласып, оның саяси публицистикалық мақалаларын зор ынтамен оқитын болдым. Ұлт, тіл мәсе­лелеріне келгенде Қазыбек аянбайды, шайқасқа шыққан батырлардай. Себебі ұлт мә­селесі – идеологиялық күрес алаңы, сондықтан ол палуандай белді буып күреске шы­ғады, ешкімді кешірмейді. «Ата заңды өзгертпей, тілді үйрену –суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей…» атты мақаласында Қазыбек пре­зиденттің кеңесшісі тек Ер­тісбаевқа ғана емес, шын­ды­ғында, ертісбаевтарға, себебі бұлар ұлтқа қарсы белгілі бір нигилистер тобы, шүйіледі. Тіл жанашырлары «Ежікте­сең де, ережені түсінбейтін ке­ңесші Ертісбаевпен «ке­ңесуі» керек екен де» деп, оны сынап қана қоймай, «Ия, Президент мемлекеттік мүддеге қарсы шығып, арандатушылық әрекет жасағандарды жазаласа, ең алдымен өзінің ке­ңес­шісі Ертісбаевтен бастау керек» деп салмақты жоғары билікке аударады. «Дамбалсыз «демократ» Ергалиева, ұлт­- тық мүддеге келгенде үн жоқ «Нұр Отан», жетекке ерер емес «Азат» партиясының жетекшілері Болат, Жар­ма- хан, «Не надо лезть в Конституцию» деген Орал Мұхам­бетжанов, қазақ тілін қол- дау­ды орыс тіліне қиянат деп есептейтін Қайрат Мәми, 80 жыл жинаған абыройдан 8 минутта айырылған Бибігүл Төлегенова, тағы басқалар Қа­зыбектен өз сыбағаларын ал­ды. «Если вы мне не поменяете мозги, мне казахский язык не выучить!» деген қазіргі Сырт­­қы істер министрі Е.Ыды­рысовтың сөздеріне байла­нысты «Ана тіліне, мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады? – деген қисынды сауал қояды. «Біз­де мисыз министр, мисыз әкім, мисыз депутат, мисыз шенеуніктер болуы заңдылық болса, онда біз қандай ел­- міз? – деп қиналады ол. Қазыбектің мазалануының, өткір сөзбен кейбіреулерді түйреуінің астарында терең сыр жатыр. Ұлтты кемсіту – жаһандық үрдіс. Жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық сана-сезім, ұлттық “Мен” игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептейді. Ұлттық идея, ұлт­тық ниет жанжал, қастан­дық­пен бір жүреді. Ұлттық болмыс бүлікпен бірдей. Ол өзара бай­ланысқа, алыс-беріске, тұ­рақ­тылыққа қарсы, тежегіш күш дейді. Осыдан келіп автор космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. Оны кім жа­сай­ды?– деген сауалға, оны тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космо­политтік элита жасайды деп болжайды. Бірте-бірте мемлекет ұлттық сипатынан айыры­лып, космополиттік мемлекетке ұласады. Автордың пікірінше, ұлттық қауымдастық жа- санды бірлестік, тіл, мәде­ниет, дәстүр ортақ құндылықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлтқа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде басым тілмен, мәде­ниет­пен келісуге тура келеді Иә, Э.Гидденс тауып айт­қан­дай, шовинистер мен нигилистер Қазақстанда да қазақ ұлтына үзбей қарсыласуда. Қазаққа өзінің арам пиғы­лымен бұрыннан белгілі Своик дейтіннің «…государствен­ным языком в Казахстане является русский. В том числе, благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй» деген сөз­дерін жеке адамның пікіріне саюға болар еді. Өкініштісі, олар­дың астарында тарихи, саяси, әлеуметтік құбылыстар, тамыры терең індеттің көрі­нісі жатыр. Ойланатын ең үлкен мәсе­ленің бәрі – бүгін жаппай ағылшын тілін енгізу болып отыр. ҚР Республикасының Конституциясының 19-бабы­ның III-тармағы «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайда­лануға, қарым-қатынас, тәр­бие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құ­қы­ғы бар» делінеді. Мектеп оқу­шыларына ағылшын тілін оқытпас бұрын ата-аналары­ның келісімі қажет. Үш тілді оқытудың психологиялық, пе­дагогикалық жағынан әлі те­рең пайымдауды қажет ете­- ді. Мамандар да тапшы. Осы орай­­да Н.Хрущевтың ауа райы­­на қарамай, жүгеріні насихаттағаны ойға оралады. Осындайларға тойтарыс беретін Қазыбек сияқты орақ тілді, өткір мінезді азаматтар керек-ақ! Ұлттың ұлылығы оның са­нында емес, әр ұлының ұлы­лы­­ғында!

Амангелді АЙТАЛЫ, профессор

 “Қазақ үні” газеті

2012 жыл