ШАХАНОВТЫҢ ШЫНАЙЫ БОЛМЫСЫ

Алғашқы танысу Мені Мұхаңмен алғаш таныстыр­ған, әрі «Жалын» журналына қыз­мет­ке тұ­руыма себепкер болған – белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі. Қалдыбек екеуміз Мұхаңның ка­би­нетінде отырмыз. Қалдыбек мені Мұ­- ­ха­ңа таныстыруда. Анау-мы­нау деп мақтай келе «Жалғыз ғана кем­ші­лігі бар. Ол – сізге жерлес, отырарлық бол­ғаны» деді. Ол кез Мұхаңның «шың­ғыс­ханшылармен» жағаласып жатқан кезі болатын. Соған орай Қалдыбек «Мұ­ха­ңа сіздің қожа екеніңізді білдірмейік. Ол кісі ру дегенді онша түсіне бермейді. Қожа екеніңізді білсе, төре екен деп ойлап қалады да... Тағы кім біледі...» деп сөзін жұта аяқтады. Руға бөліну дегенді онша түсіне бермейтін мен де Қал­ды­бектен «Мұхаңның өзі қай руға жататын еді» деп сұрадым. Ондайға жетік, кімнің-кім екендігін оның өзімен қоса әйелін де бақайшағына дейін талдап беретін Қалдыбегім «Қыпшақ, оның ішінде – көкмұрын. Ал жеңгемізге келсек, қазір­гісі – шапырашты, бұрынғылары...» дей бергенде «Мақұл, осы да жетер» деп зор­ға тоқтатқанмын. Байқаймын, Мұхаң маған көзін сы­ғырайта, сынай қарап отыр. «Өзіңіздің ініңіз, өзіңіздің ініңіз...» дей берген Қал­дыбекке «Мұндай ініні танымаймын» деді. «Рас, былай білемін. Бірақ іні ретінде танымаймын. Іні болса, осы уақытқа дейін қайда жүр? Мына шыңғыс­ханшы­лармен жағаласып жатырмын, сондай кезде қасымнан табылмай ма?» деді де іле: «Сен өзің Шыңғысханға қалай қа­райсың?» деп маған Шыңғысханның сарбазын көргендей ежірейе қарады. – Біз енді Отырарда туған соң, Оты­рар төбені көріп өскен соң Шыңғысханға ішіміз жыли қоймайды ғой, – дей бергенімде, Мұхаң – Сонда осылай үнсіз жата бересіңдер ме? – деді. – Біз енді кішкентай адамбыз. Оның үстіне жалғыз өзіңіз-ақ ешкімге дес бермей жатырсыз ғой, – дедім мен. – Кішкентай адамбыз деген не сөз? Қолында қаламы бар адам кішкентай болушы ма еді. Әлде... – деп біраз ойла­нып қалды да – Бір адамды тану үшін екі килә тұз жеу керек. Қазір қайда істеп жатырсың? – деді. Мен «Парасат» жур­налында орынбасар екенімді, бірақ Көпеннің өзіне шақырып жатқандығын айттым. Біраз таяқ жеп қалған басым өз бағамды шамалы көтерген болып жа­тыр­мын. – Көпеннің журналы әлі шығып жа­тыр ма? – деді Мұхаң. – Ия. «Ара» журналы... – дей берген менің сөзімді Мұхаң тағы да бөліп – Қайдағы «Ара», шыбын десейші, – деді. – «Ара» болса, шақпай ма? Шыбын ғой, шыбын, – деді тағы да. – Онда не бар? – дегенді де қосып қойды. Байқаймын, іші жыли бастады. Не керек, жұмысқа қабылдандым. Әуелгіде бөлім редакторы етіп аламын деді де, іле жауапты хатшы етіп қабылдады. Жүре келе орынбасары болдым. Кейін депутат болып кетерде орнына редактор етіп қалдырды. Ағалы-інілі болдық. Кейде достық рәуіштегі әңгімелерге де ерік береміз. Ондай сыйластықта ізет пен құр­мет қатар жүреді. Қарым-қатынастың да, әзілдің де мөлшері бар. Соны сақтай алсаң, бәрі жарасымды. Оның үстіне Мұхаң... Бәрін ретімен айтайық. Басы шырылдап істейтін адам Мұхаңды көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Әуелгіде айналасының бәрі ашық-шашық, аңғал-саңғал сияқты көрінді. Біреу келіп, біреу кетіп жатады. Әр келген адам бір-бір проблеманы кө­теріп келеді. Дереу жиналыс шақы­ра­мыз. Газеттер жоқтан өзгені жазып шу шығарады. Сол «шуды» біз талқылаймыз. Қарсы мақала ұйымдастырамыз. Өзі­мізге қарап тұрған, өзіміз көтеріп жүр­ген мәселелер де шаш етектен. Шыңғыс­хан өз алдына бөлек тақырып. Мұхаңа қарап қоямын. Еш мойымайды. Бәріне үлгереді. Және де алдында бір адам отыр ма, жоқ әлде жүз адам отыр ма, оған бәрібір, көтеріп отырған мәселенің маңыздылығын, қажеттілігін, егер бұл мәселе шешілмесе құрдымға кететіндігімізді айтып таусыла, жанын жеп сөйле­генде бар ғой... Күнде солай. Мұхаңды тыңдағандардың барлығы кабинеттен көздері жасаурап шығып бара жатады. Қай-қайсысы да «Бұл кісі болмағанда қайтер едік...» деп, Мұхаңның барына шүкіршілік етеді. Біреуін шығарып са­лып «Уһ» дей бергенде, қоғамдық ұйым­дардың өкілдері бас сұға бастайды. Тағы да жиналыс. Мұхаңның жиналыс басқаруында қалыпты жүйе жоқ. Бірінші көрген адам Мұхаң жиналысты өмірінде бірінші рет өткізіп отыр екен деп қалады. Соған орай әлгі адам білгішсініп: «Әуелі күн тәртібін белгілеп алайық. Төралқа сай­ламаймыз ба...» деген сияқты жиналыс өткізудің қалыптасқан жүйесін айта бастайды. Ондай кезде Мұхаң: «Мына­ның басы шырылдап істеп тұр, әй. Сөзді осыған берейік» дейді де: «Ярқұди, мынаның телефонын жазып ал, бізге керек адам екен» дейді. Ярқұдиы – мен. Құдияр дегеннің соңғы буынын алға шығарып айтады. Менің өзіме, жұмы­сыма көңілі толған кезде ұдайы «Яр­құди» дейді. Егер «Құдияр» деп қалса, онда бір нәрсе бүлдіргенім... Жиналыс басталады. Өте маңызды жиналыс. Жиналысқа қатысып отыр­ғандар да ел аузында жүрген сайдың тасындай жігіттер. Мұхаңның жиналыс басқаруы сол баяғыдағыдай. «Өздерің білесіңдер, менің бұл мәселеге басым жете бермейді» деп бастайды әңгімесін. Міндетті түрде «Жеті-ақ кластық білімім бар» дегенді қосып қояды. Сөйтеді де, жиналыс басқарып отырғанын ұмы­тып кетіп: «Маған кейбіреулер осы жеті класты да көп көреді. Өткенде Менғауин (М.Мағауинды осылай атайды) мені үш жарым класс бітірген депті» деп, осы орайда біраз нәрсенің басын шалады. Осындай құрғақ әңгіме созылып бара жатқан кезде жиналыстарға қатысып ысылған тағы біреу орнынан тұрып күн тәртібіндегі мәселе туралы айта бас­тай­ды. Ондайда Мұхаң шынымен-ақ қуа­нып кетіп: «Ярқұди, мынаның басы шы­рылдап істейді екен. Дереу телефонын жазып ал» дейді. Әуелгі кезде Мұхаңның осылайша жиналыс басқаруына, «жеті-ақ класты бітіргенмін» дейтініне, институтты сырт­тай он жыл оқып жүріп бітіргендігіне, әңгімесіне трактор айдаған кезін мақтанышпен қосып отыратындығына кәдімгідей намыстанатынмын. Мұхаңа тиіскен кейбіреулер осындай «кемшіліктерін» тізіп мақала жазса, соны Мұ­хаңа көрсетпеуге тырысатынмын. Бірақ ондай мақаланы Мұхаң бәрібір тауып алады. Тауып алады да маған дауыстап оқып береді. Оқып отырып рахаттанып күледі. «Өзіңіз осындайларға ыңғай беріп жүресіз» деп мен кәдімгідей кейістік біл­дірсем, Мұхаң «Айта берсін, маған мұндай әңгімелер жұқпайды» дейді. Шы­нында да жұқпайды екен. Оған жүре келе көзім жетті. Өз кемшілігін дәрежесі төмен адамдар жасыратын көрінеді. Ал есімі аңызға айналған адамдарға әлгін­дей «кемшіліктер» көрік беріп тұрады екен. Тұрмысқа шықпаған балық Мұхаң екеуміздің жұбымыз ажыра­майды. Қай жаққа барса да, мені ертіп алады. Тойда да, өлім-жітімде де біргеміз. Мұхаңның орны қай кезде де – төр. Қасына қонжиып мен отырамын. Әуел­гіде қысылатынмын. Кейін етім үйренді. Тіпті Мұхаңсыз барған жерлерде де төрге шығып кететін болдым. Мұхаңның орнына келіп отыр ғой деп әйтеуір ешкім бетімнен қақпайды. Мұхаңның қа­сында жүргеннен жұққан тағы бір жаман әдет – қойдың басын өзімнің меншігім сияқты қабылдайтын болдым. Мұхаң денсаулығына байланысты қой­дың етін жемейді. Оған кім мән берсін. Қайда барсақ та Мұхаңа қойдың басын ала жүгіреді. Ол кісі қашанғысындай қарапайымдылығымен бәйек болып, басты маған ұсынады. Үй иелері Мұ­хаңның өзі құрметтеп отырған бұл кім еді деп маған тосырқай қарайды. Мен де «Мұхаң қойдың етін жемейтін еді» де­мей-ақ, басты өзімнің тиесілі сыбағам сияқты алдыма тартамын. Содан кейін-ақ менің де бағам арта түседі. Мұхаң дастарханның орта шеніндегі тағамдарға итініп қол сала бермейді. Алдындағысын қанағат тұтады. Бірақ дәнек-пәнекке жаудай тиеді. Соны білгендіктен мен дастархан мәзірін реттеп, Мұхаңның денсаулығына келетін тағам­дарды ұсынып отырамын. Мұнымды кейбіреулер жағымпаздық деп те қабыл­дайды. Бірақ маған олардың әңгімесінен гөрі Мұхаңның денсаулығы қымбат. Мұхаңның негізгі тағамы – тауық пен жылқының еті. Өзі де «Қораздың жұ­байы мен айғырдың әйелі болмаса аш­тан өлетін едім» деп қояды. Сусыннан қымыз бен, өз сөзімен айтсақ, «өгіздің әйелінің сүті қосылған шай» ішеді. Бірде Түркияда өткен үлкен жиыннан кейінгі дастарханда даяшы Мұхаңа келіп «Қандай тағам жейсіз?» деп сұрайды. Мұхаң қашанғысындай қалжыңдап: «Тұрмысқа шықпаған балық жеймін» дейді. Даяшы сол кеткеннен мол кетеді. Бір кезде ресторан қожайыны келіп «Мұхтар бей, өзіңіз таңдап бермесеңіз, біз сіз айтқан тұрмысқа шықпаған балықты ажырата алмай жатырмыз» депті. Мұхаң жалғыз өзі отырып тамақ жей алмайтын адам. Жұмыс орнында да дастарханымыз жиылмайды. Кім келсе де, Мұхаңмен бірге отырып бір кесе шай ішпей кетпейді. Шай үстінде Мұхаң босаған кесесін шай құйып отырған қызға қарата әуелете лақтырып жібереді. Ол қыз кесені лып еткізіп қағып алады. Бұл бізде күнде қайталанатын үйреншікті жайт. Ал алғаш көрген адамның тіпті есі шығып кетеді. Оларға Мұхаң «Егер қойшы баққан қойын қасқыр шапқандай етіп аракідік үркітіп отырса, қойы күйлі болады екен. Мен де өз қызметкерлерімді осылай ширатып отырамын. Оған бәрі үйренген» дейді. Шынында да әлі күнге дейін Мұхаң лақтырған бірде бір кесе жерге түсіп сынған емес. Шай үстінде әңгіме қыза түседі. Та­қырып ауқымы кең. Бірде Мұхаң желпініп отырып шымкенттік бір жап-жас қыздың өзіне ғашық болып «Егер М.Шахановтан бала сүйсем арманым болмас еді» деп газетке мақала жазғанын тілге тиек етті. Тыңдап отырғандар әлгі қыздың кім екендігін, Мұхаңның оған жолыққан, жолықпағандығын сұрап, біраз әңгіме өрбітті. – Ярқұди, сен бұған не дейсің? – деді Мұхаң маған қарап. – Сірә, сіз ол қыздың сәл кейіндеу жазған екінші мақаласын оқымаған сияқтысыз ғой, – дедім мен. – А, тағы да жазып па? Не депті? – деді Мұхаң. – Не дегенде сол, «Арманым орын­дал­ды» депті. Мұхаң көзінен жас аққанша күлді. Глазаңа қара Мұхаң орыс тілділерді тәрбиелеймін деп жүріп өзі де кейде орысша сөзді сөз арасына киліктіріп отыруды дағдыға айналдырып алған. Онысы – «Көзіңе қара» дегенді, «Глазаңа қара», немесе «Жо­лың болсын» дегенді «Дарогаң бол­сын» деген сияқты болып келеді. Орыс тілділермен көбіне «Кал калай? Джаг­дайың джаксы ма?» деп сөйлеседі. Мұ­хаңның сөзіне үйреніп кеткендіктен мен де кейде өзіне «демалмайсыз ба, глазаңыз красный болып кетіпті» деймін. «Онда жүр, айғырдың әйелінің сүтін ішіп қайтайық» дейді Мұхаң. Редакциямызға Шәмші Қалдая­қов­тың жары Жәмила апай аракідік бас сұғып тұрады. Ол кісі де орыс тілді. Мұ­хаң ол жеңгесіне де «Кал калай?» деп амандасады. «Өзіңнің қалың қалай?» дейді жеңгесі «Сен сұрағалы жаман емес» деп жауап қайтарады Мұхаң. Со­сын бізге қарап, жеңгесін әзілмен қағыта бастайды. – Құдай әу баста Жәмиланы еркек етіп жарата бастаған, – деп бастайды әңгімесін. – Сосын басқа шаруамен айналысып кеткен де кеудесіне дейін жасалынып қойылған Жәмиланың еркек, не әйел екендігін «ұмытып» қалып, қалған жағын әйел ете салған, – дейді. Оған жеңгесі ренжімейді. Әлде түсін­бейді. Сірә, түсінбесе керек. Бірақ Мұ­хаң Шәмші ағасы туралы айтқанда әңгімесін ылғи «Жәмиланың күйеуі екеу­міз...» деп бастайды. Сол сияқты Шың­ғыс Айтматовты да «Мәриямның күйеуі» дейді. Шықаң туралы әңгімені де солай бастайды. Тыңдаушылар әңгі­менің кім туралы екендігін көпке дейін түсінбей отырады. Оған «кб», «жк», «мғқ» сияқты қысқарған сөздерді қосып отырады. Ал түсініп көр. Кб – келін бала, жк – жанама келін, мғқ – мордия­сы ға­на қазақ. Мұндай қысқарған сөздер Мұ­хаңда жетіп артылады. Ол сөздердің ішінен көпшілік тек «ТЖ»-ны ғана біледі. Шаң-шоң-шу Мұхаң өзі айтатындай, спорттың бар­лық түрінен чемпион. Ән салса да бірінші орын алады. Төменнен санағанда бірінші орын. Өмірінде бір рет болса да қолын көтеріп, түсіріп денешынықтыру қимылдарын жасамаған. Спортқа деген көзқарасында да кәкір бар. Жә, ол бөлек әңгіме. Дәрігерлер Мұхаңа жаяу көбірек жүріңіз дегенді ұдайы айтумен келеді. Ондайда Мұхаң өзінің жаяу жүру­шілердің чемпионы екендігін айтып мақтанады. «Сонда қанша жүресіз?» дейді дәрігерлер. «Жүз метр» дейді Мұхаң. «Кейде мына Ярқұди екеуміз жүз бір метрге дейін де жүріп қояты­нымыз бар» деп те қосып қояды. Сосын әңгімені одан әрі өрбітіп «Баяғыда Горбачев «Мен күніне он километр жаяу жүремін» деп айтушы еді. Соған таң қалатынмын» дейді де «Шынында да қалай жүреді екен ей...» деп сол әңгімені айтып отырып та таң қалатын. Рас, Мұхаң екеуміздің кейде жаяу жүретініміз бар. Көліктен түсіп қаламыз да жұмысқа жаяулатып келеміз. Ондайда жұмысқа жету тіпті қиындап кетеді. Мұхаңды көріп қалған көпшілік ма­ңайына шүпірлеп, тіпті жүргізбей қояды. Мұхаңмен қол беріп амандас­қандарына қуанып, естері шығып кетеді. Мұхаң да олармен ескі таныстарындай амандасып, жағдайларын сұрап жатады. Жыға танымаған кейбіреулер «Сіз Мұх­тар аға емессіз бе?» десе, «Жоқ, оның ағасымын» дейді міз бақпай. Сұрағандар аңтарылып қалады. Аркідік болса да «Сізді біреуге ұқсатып тұрмын» дейтіндер де кездеседі. Ондайларға Мұхаң «Адамға адам, итке ит ұқсай береді» деп өте шығады. Баяғыда Ташкентке барған бір са­парымда, – деп бастайды Мұхаң осы ыңғайдағы әңгімесін. – Шет жақтағы бір жұпынылау қонақ үйге түстік. Әлгі қонақ үйдің жуынатын жері де ортақ екен. Қолымда ыдысым бар. Су алайын деп тұрсам, екі қазақ жігіт бір-біріне «Анау Мұхаң емес пе...» деп өзара сы­бырласып тұр екен. «Жоқ, Мұхаң мұн­дай жерде жүрмейді ғой» дейді екіншісі. Біріншісі маған жақындап келіп «Мұх­тар аға...» дей бергенде мен «Немә дейсіз» деп оқшырая қарадым. «Кешіріңіз, кешіріңіз. Біреуге ұқсатып...» деді әлгі жігіт. Сосын әңгімесін әрі сабақтап – осы таяуда Астанаға бардым, – деді. – Сонда бір өңшең қытайлар тоқтайтын қонақ үй бар екен. Мені жігіттер сонда жайғастырды. Бөлмемнен шығып бара жатқанда екі-үш қазақ жігіті «Оу, Мұ­ха...» деп амандасқалы ұмсына бергенде оларға да оқшырая қарап «Шаң-шоң-шу...» деп бастап «қытайша» біраз сөз айтып тастадым. «Ойбай, извините, извините...» деді әлгілер. «Мына қытайдың Мұхаңнан айнымай қалғанын қарашы» деді сосын бір-біріне. Айта берсек мұндай оқиғалар тіптен көп. Мұхаңның редакцияға бас сұққан оралмандармен де кейде осылайша «қы­тайша» сөйлесетіні бар. Ондай кезде «Қашан келдіңіз. Ол жақтағы ағайындар аман ба?» дейді деп менің де «аудар­машы» болып кететінім бар. Әрине, соңы күлкіге ұласады. Мұхаңның мордиясы Мұхаңа жүргізуші болу өте қиын. Ол кісі жай жүргенді ұнатпайды. Жүр­гізушісіне «бол!», «жылдам», «өтіп кет», «саб» дейді де отырады. «Бас!» деген­- ді – «саб» дейді. Содан да жүргізушіге жол ережесін жиі-жиі бұзуына тура келеді. Ондай кездерде МАИ қызмет­керлерінің ала таяғы шошаң ете қалады. Мұхаң жүргізушісіне «Терезеңді аш. Мен мордиямды көрсетейін» дейді. Мұхаңды көрген МАИ қызметкері «Мұх­тар аға, бұл сіз бе... Ассалау­маға­лейкум! Аман болыңыз, аға!» деп шы­ғарып салады. Ылғи осылай. Мұндай кездерде Мұхаң «Менің мордиямды МАИ қызметкерлері қатты құрметтейді» деп қояды. Бірде көлігі бұзылып қалғандықтан, әуежайға таксимен кетеді. Жүргізуші орыс екен. Мұхаң қашанғысындай жүр­гізушіні асықтырады. Қырсыққанда әлгіні МАИ қызметкерлері қайта-қайта тоқтатады. Мұхаң жүргізушіні жерге түсірмей, оларға мордиясын көрсетумен болады. МАИ қызметкерлерінің бәрі қалбалақтап, қолдарын шекісіне қойып шығарып салады. Бұл жайға таң қалған жүргізуші «Сіз МАИ-дың бастығысыз ба?» дейтін көрінеді. МАИ-ға қатысты осындай оқиғалар Мұхаңда жетіп артылады. Ондай әңгі­мелердің денін Мұхаң «Бірде Мә­риям­ның күйеуі екеуміз келе жатып...» деп бастайды. Ол енді бөлек әңгіме. Құдияр БІЛӘЛ  

МҰЗБАЛАҚ

Мұхтар Шахановқа

  Адалдықтан жаратылған жүрегің, Адамдық деп басталады тілегің. Шын ағасы Шыңғысты да сүйсінткен, Шығыстағы шығандаған Шың едің. Зұлымдыққа ашып қарсы майданды, Алып қыран қанатын кең жайған-ды. Дала-дархан, теңіз-терең, тау-биік, Жыр Адамзат азығына айналды. Алпамыс пен Манастайын айбары, Саңлақ туған ақиыққа сай бәрі … Алатаудың қос баурайын қосатын, Қазақ-қырғыз туыстығы айғағы. Тіл мен жері – ақындардың жалауы, Күресте ғой дүлдүлдердің жарауы. Сендей ақын – халықтың бұл қалауы. Жетпіс жылдық тасқамалды қаусатты, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы! Қияларда қанатыңыз талмасын, Әл-Фараби, Арыстанбап қолдасын. Ой ордасы – Отырарда туған соң, Оймен алдың әлемнің бар ордасын. Дауылдарға сыр бермеген Бәйтерек, Ақтабаннан аман шыққан, Тәуелсіз ел зарын бүгін айт, ерек! Өз елінде өгей тілді қорғадың, Сертке тартқан семсердейін сен болмасаң қайтер ек?!. Ел егемен болса-дағы қауіп бұлты торлаған… Елдің мұңын айта алмайды ездер ғана сорлаған. Ерліктерің тек перзенттік борыш қана сен үшін, Бір өзің – бір партиясың, халық ең көп қолдаған! Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із, Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз. Испанияда стадионында бұқадан да бұқпап ең, – Өз еліңде мүйіздемек санасы жоқ сан өгіз… Өзің жайлы жинап әлем не дерек, Шындық үшін шықтың алға керемет. Ең сүйікті ақынысың елдің сен, Ал ақынға бұдан артық не керек! Кедергінің көрсе дағы қандайын, Биік ұшқан мұзбалақ ең әрдайым. Тамыр тартқан талантыңа тамсанып, Талай тарлан ойып алған таңдайын. Ұлы есімге сай туылған ұлы едің, Әрқашанда жарқырасын маңдайың. Төбемізден тұман әлі төнуде, Бостан елге болмас енді Бодандыққа көнуге?!. Ұлтан біткен ұлтымыздың мүддесінен жеруде!.. Азат тілге айналғанша Қазақ тіл, Аға, Сіздің хақыңыз жоқ өлуге!..
 Қазыбек ИСА
2002 жыл