Мұхтар Тайжан: Біз секілді құлдық санада өмір сүріп отырған елдер бағытынан айрылған пойыз секілді….

21
1458

 

«Д.Әшімбаев, Қ.Қабдырахманов, Ж.Сүлеев, Н.Ерімбетовтер әдейі қазаққа кері саясат жүргізеді. Бұл – надандық!»

Қоғамда орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлердiң ақпараттық соғысы жүрiп жатқан секiлдi. Жақында ұлт патриоттарының «Қазақ тiлi және басқа да 10 мәселе туралы» деген мәлiмдемелерi жарық көрдi. Онда олар қазақ проблемасын шешу жолдарын ұсынады. Керiсiнше орыстiлдi ақпарат құралдарында «Егер Қазақстанда қазақ тiлi басымдыққа ие болатын болса, онда бiздiң қоғам ХVIII ғасырға шегiнедi» деген сипатта мақалалар көбейдi. Осы және өзге де мәселелер төңiрегiнде, саясаттанушы, экономист Мұхтар Тайжанды әңгiмеге тартқан едiк.


– Мұхтар Болатханұлы, сіздіңше, қазақ тілі – өркениеттің тілі бола ала ма?
– Әрине, бола алады. Егер қазақ тілі өркениеттің тілі бола алмаса, жапон және кәріс, поляк және грузин, өзбек және түркімен, түрік тілдері де өркениеттің тілі бола алмас еді. Ол мемлекеттер ХVІІІ ғасырдың ширегінде өмір сүріп отыр ма? Әлемнің ең алдыңғы дамыған мемлекеттері саналатын Еуропа елдері де ұлттық тілдерімен өмір сүреді. Жалпы, бұлай деп трактовка жасау күлкілі. 
– Жалпы, қазақ тілі қаржының, ғылымның, техниканың тілі бола алмайды деген пікірлер Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бүгінге дейін әлі тынған жоқ. 

– Өкінішке қарай, бұл пікірлер жоғарыда кейбір адамдардың ғана аузынан айтылып жүрген жоқ. Сонымен қатар, оппозицияның да пікірі бұдан көп алыстай қоймайды. Алайда бұның барлығы қате пікір. Алысқа бармай-ақ, Түркияны мысалға алайықшы. Оларда не медицина жоқ па, банкілер түркі тілінде жұмыс жасай алмай жатыр ма? Демек, бұл пікірлердің барлығы өзінен-өзі жоққа шығатын болады. Қазақ тілі – жүз пайыз мемлекеттік тіл бола алатын мүмкіндігі зор тіл. Бұл үшін тек ниет қана керек. Өкінішке қарай, бізде Үкіметте, билікте ниет те, құлық та болмай тұр. Билігіміз өз тілінен өзі жеріп, өз тілін менсінбесе, оған амал қанша. Егер билік өз мемлекеттік тілінде сөйлемесе, оның қоғамға қажеттілігі қанша. Ондай қоғамда тілді үйренуге ұмтылыс та болмайды.
– Мысалы өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарынан 2000 жылдың басына дейін осындай қазаққа қарсы мақалалар өршіп кеткен болатын. Дегенмен 2000 жылдан соң, мұндай мақалалардың саны азайып, орыстілді газеттердің мемлекетшілдікке мойынсұнуы байқалған болатын. Бірақ соңғы екі жылда ол үрдіс қайта жанданды. Оның себебін неден іздеуге болады?
– Меніңше, бұның артында арнайы бір саясат тұрған секілді. Бірақ бұл саясаттан ештеңе өнбейді. Өйткені Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асты. Мектеп оқушыларының 70 пайыздан астамы қазақ мектептерінде білім алады. Демек енді он жылда билік қаласын, қаламасын Қазақстан қоғамы қазақтілді қоғамға айналады. Ол табиғи жағдай.
– Қанат Қабдырахманов «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Кезінде Югославиядан сербтерді тазартқысы келді. Ақыр соңында ол ел бірнеше мемлекетке бөлініп кетті. Егер Қазақстанда орыс­тарды ығыстыру саясатын ұстансақ, біз де бөлшектеніп кетеміз» депті. Бұған не дейсіз?
– Бұл да надандықтың бір белгісі. Өйткені Югославия федерациялық мемлекет болды. Хорватия, Черногория және Босниялықтар өздерінің тарихи мекенінде өмір сүріп жатты. Қазақстанның негізгі халқы – қазақтар. Мемлекеттің автохонды ұлты – қазақтар. Қалғандары – диаспора өкілдері. Сондықтан Қазақстанды ешкім бөлшектей алмайды.
– Қанат Қабдырахмановтың, Жәнібек Сүлеевтің біздің газетке берген сұхбатында, Данияр Әшімбаевтың «Время» газетіндегі сұхбаттарында «Қазақтар тәуелсіздік үшін бел шешіп күрескен жоқ. Олардың ұлттық патриоттық сезімі Совет одағы кезінде көрінген жоқ. Грузияда, Әзірбайжанда өзін-өзі өртеп жіберген немесе диссидент болған тұлғалар болды» дейді. Жалпы, қазақтың патриоттық сезімі туралы не айтасыз?
– Мен Данияр Әшімбаевтың мақаласын оқыдым. Әрине, ол кісі өзінің деңгейінде ой айтады ғой. Ол «мен – қазақ емес, қазақстандықпын» дейді. Ол қазақ тарихынан қаншалықты хабардар екенін білмеймін. Бірақ ХVІІІ ғасырдан бері қарай қаншама ұлт-азаттық көтерілісі болғаны мәлім. Айталық, Сырым Датұлы, Қасым сұлтан, Қасым сұлтанның баласы Кенесары хан, Махамбет пен Исатай бастаған көтерілістер бүкіл әлемге аян. Демек, ХІХ ғасыр бойы қазақтар Ресей бодандығына қарсы атқа мінді. ХХ ғасырда көтеріліс те аз болған жоқ. Мысалы ашаршылық кезінде Қазақстанда 370 көтеріліс болған екен. ХХ ғасыр қазақ үшін өте сұрапыл ғасыр болды. Империя олардың ұлттық рухын жаныштады. Ресей бодандығына дейін қазақтардың өзі бір империя болған. Саны өзбектерден әлденешеге артық еді. Бірақ ХХ ғасырда қазақ халқының жартысынан астамы қолдан жасалған геноцид салдарынан қырылып қалды. Дегенмен қазақтар мүлдем бой көтермеді деуге келмейді. Айталық, 1962 жылы Мәскеуде жасақталған «Жас тұлпар» ұйымын да империяның озбыр саясатына деген қарсылық деп түсінуге болады. Ал 1986 жылы алаңға шыққан қазақ жастарының бұлқынысы әлемді дірілдеткен алып КСРО-ның құлауына бастау болған жоқ па?! Данияр Әшімбаев, Қанат Қабдырахманов, Жәнібек Сүлеев, Нұрлан Ерімбетов секілді азаматтар әдейі осындай саясатты жүргізіп келеді. Нұрлан Ерімбетов бір сұхбатында «мен орыс жігітімін» деп айтты. Сондықтан осы бір ат төбеліндей топтың арандатушылық пікірлеріне мен көп назар аудармаймын. Бәрібір Қазақстан қазақтілді мемлекетке айналады. «Көп қорқытады, терең батырады». Мен балаларымды екінші сыныптан қазақ мектебіне бердім. Қазір сегізінші сыныпты бітірді.
– Қанат Қабдырахманов егер Путин ашуына мінсе, Қазақстанның солтүстік облыстарын – Қостанай, Павлодар, Петропавл және шығысындағы Өскеменді тартып алады депті. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш шекарасын нақтылаған және делимитация мен демаркациясын жасаған мемлекет. Грузиядағыдай таласты территориямыз жоқ. Қазақстанды енді бөлшектеу мүмкін бе?
– Қазақстанды бөлшектеу үшін де Ресейде күш болуы керек. Ресейде қазір ондай күш жоқ. Бұл да бойында азат рухы жоқ, жалтақ саясаткерлердің бопсалауы. Ресейдегі қазіргі демографиялық ахуал өте күрделі. Орыс халқының саны күн өткен сайын азайып барады. Сондықтан болашақта Ресей Федерациясының осы территориясының өзін сақтап қала ала ма деген мәселе туындап отыр. Ресейдің Азиядағы территориясында тек 24 миллион ғана орыстар бар. Татар, гагауыз, башқұрлардың саны жыл өткен сайын көбеюде. Ресейдің өзгенің жеріне көз аларту былай тұрсын, ондағы республикаларды өз құрамында ұстап қалуға жағдайы қиындап барады. Қанат Қабдырахманов өз сұхбатында «Қазақтар бүлдіріп жатыр, орыстарды ығыстырып жатыр» дейді де, Путин бізге армия жібереді» дейді. Әрі осы ойын екі жерде қайталайды. Қазақстандағы орыстардың орта жасы – 47, қазақтардың орта жасы – 25. Демек қазақ – жас ұлт. Орыстар кәртейіп барады. Себебі жастары оқу бітіреді де, Ресейге кетеді. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы демографиялық ахуалды жылдам өзгертуге мүмкіндік бар. Қазақ саны өсіп жатыр. Сол себепті де, жоғарыдағыдай ұшқары ойлардың барлығы жалтақтықтан туындап отыр. Меніңше, Қанат Қабдырахманов қазіргі тарихи жағдайдың бәрін түсінеді, біледі. Алайда қоғамға шоқ түсіру үшін әдейі айтып отырған секілді.
– Енді он жылдан кейін қазақша сөйлейміз деп сенімді айтып отырмыз. Мәдениет министрлігі дайындаған «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» да 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қазақша сөйлейді делінген. Алайда «қалай?» деген сауалға жауап жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл болса да, асықпау керек деп бойды босқа саламыз. Жалпы, тілді үйрену үшін не істеу керек?
– Биліктің ынта-ықыласына көп нәрсе байланысты. Қазіргі биліктің өзінің қазақ тіліне жан ашымайды. «Ел бірлігі» доктринасында «Мемлекеттік тілді білу – парыз да, міндет» делінген. Оған Елбасының өзі қол қойды ғой. Заң бойынша, міндеттелмей отыр. Міне, осыдан келіп қайшылық туындайды. Жалпы, заң жүзінде мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек.
– «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасы ұсынылғалы да біраз жыл болды. Жалпы, ондай заң керек пе, бізге?
– Әрине, керек. Ондай заң Әзірбайжанда, Францияда, Ресейде бар. Өте әдемі жазылған. Ресейде «Русский язык» деген бағдарлама бар. Орыс тілін дамыту үшін қаншама қаржы бөлініп жатыр. Биліктегі орыстілді қазақтардың қазақ тілін алға оздыруға деген ниеті байқалмайды. Путин тек қана Ресей азаматтары емес, сонымен бірге гастарбайтерлердің де тілді білуін міндеттейтін заңға қол қойды. Басқа мемлекеттерде де азаматтық алу үшін мемлекеттік тілден және тарихтан емтихан тапсырады. Бізде ондай жоқ. Ең өкініштісі осы!
– Қазақтарда қала мәдениеті қалып­таспаған деген пікір шала қазақ­тардың аузынан жиі естіледі. Шынымен солай ма?
– Қалалық қазақтардың көбінің жүрегі қазақ. Бәлкім тілді үйрене алмай жатқан шығар. Олар патриоттар. Ерімбетов, Қабдырахманов, Сүлеев, Әшімбаев секілділер өте аз. Бірақ осылар қоғамдық пікірді қалыптастырып отыр.
– Осындай саясат қаншаға дейін созылады деп ойлайсыз?
– Ол биліктің қазіргі саясатының өзгеруіне байланысты. Билік бүгінгі көзқарасын өзгертпесе, мұндай жағдай жалғаса береді. Рухани жағынан Қазақстан отар ел. Біздің кейбір шенеуніктер «қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» дегенді бет-аузы бүлк етпей айтып жүр. Сонда Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек қайда қалады?! Қазақ хандығы – қазақ мемлекеттігі емес пе? Қасым хан, Тәуке хандар ше? Біз былтыр Қазақ хандығының 555 жылдығын үнсіз өткізіп жібердік. Сол секілді Абылай ханның 300 жылдығы да өтіп кетті. Алашорда үкіметінің 90 жылдығы да солай болған. Бізге өте жүйелі ұлттық идеология керек. Әрбір азат елде ұлттық идеология бар. Ал біз секілді құлдық санада өмір сүріп отырған елдер бағытынан айрылған пойыз секілді.
– Жақында мен Петропавл қаласына барып қайттым. Ондағы темір жол вокзалы Ресей темір жолына қарайды екен. Мен бұл жайында проблемалық мақала жазған едім, құзырлы органдардан жауап жоқ. Сіздіңше, стратегиялық обьектілердің өзге мемлекеттің қолында болуы біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндірмей ме?
– Бұл біздің өзге мемлекетке экономи­калық тұрғыдан тәуелді екеніміздің дәлелі. Тек бұл ғана емес, «Қазтранссервис» те Ресейдің меншігіне өтіп кетті. Бұл да темір жолдың бір бөлігі. Ресей қазақ жерінің неше миллион гектарын полигонға пайдалану үшін жалға алып отыр. Яғни біз әлі күнге дейін отар елміз. Рухани тұрғыдан, экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелдіміз. Кеден одағы біздің мүддемізге мүлдем қайшы. Бірақ, қазақтардың ұлттық рухының жаншылғаны соншалық, ұлттың есесі кететін кез келген сәттерде үнсіз, бұғып қала береді.
– Қанат Қабдырахманов, сонымен қатар, «Время» газетіне берген сұх­батында «Мемлекет құраушы ұлт дегеніміз – нонсенс» дейді. Бұған не дейсіз?
– Америкада «first nation» (бірінші ұлт) деген түсінік бар. Ол – үндістер. Олар үндіс болғаны үшін салық төлемейді, әрине, олар резервацияда. Бірақ ол резервацияға кім көрінген кіре алмайды. Оларға жоғары білім беру тегін. Егер ол үндіс будан болатын болса, оның қанында қанша пайыз үндістің қаны бар, сонша пайыз салық төлемейді. Олардың ұлттығы, тілі, діні жоғалып кетті. Ал, біздегі «first nation» – қазақтар. Қазақстан – ұлттық мемлекет.

«БІЗДІҢ ХАЛЫҚ – ТЫМ КӨНБІС»

– Жаңаөзен оқиғасына баға берген еліміздегі саясаттанушылар, саясаткерлер бұл жағдайға оралмандарды кінәлаған еді. Қанат Қабдырахманов та өз сұхбатында «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 1 миллион шопан келді. Екі жарым миллион маман елден кетіп қалды» деген екен. Жалпы, оралмандардың Қазақстанға бергені не? Олардың интеллектуалдық деңгейін қалай бағалайсыз?
– Менің білуімше, оралмандардың интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Олардың арасында ғалымдар, өнер адамдары көп. Әлгіндей сөз таратып жүрген адамдарға оралмандар жат, өз бауыры емес. Өйткені олар қазақы санадан, рухтан жұрдай. Олар қазақша сөйлемейді, сөйлегісі де келмейді. Бір ай бұрын Үкімет оралмандар туралы бағдарламаны уақытша тоқтатты. Демек орыстілді ақпарат таратып отырған қоғамдық пікір билікке ықпал етуде. Яғни біздің биліктің қазақ билігі екеніне күмәндануға да болатын сияқты. Енді Қазақстанға Ядролық банкті әкелуді жоспарлап отыр. Меніңше, біздің халық тым көнбіс. Осының бәріне көніп келеді. Олар өздерінің құқығын талап ете алмауда.
– Жаңаөзен туралы әңгіме қозғалып кетті ғой. Оның түбінде не жатыр деген сауалға әлі жауап табылмаған сияқты…
– Әділетсіз экономикалық саясат. Қазақтар өз елінде кедейшілік қамытын киіп отыр. Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облысы мұнай өндіреді. Ел бюджетіне миллардтап қаржы құяды. Бірақ дәл осы төрт облыстың тұрғындарының күнкөрісі өте төмен.
– Қазір әлеуметтік наразылықтың ұшқыны әр-әр жерде байқалуда. Қарағандыда шахтерлар бой көтере бастады. Жалпы, әлеуметтік наразылықтардың себебі неде? 
– Жиырма жыл бұрынғы Тәуелсіздік туралы декларацияда «Қазақстан мемлекетінің негізгі мақсаты – қазақ халқының әлеуметтік, экономикалық, рухани жағдайын түбегейлі өзгерту» деп жазылған болатын. Бірақ, іс жүзінде біз оны ұмытып кеттік. Сондықтан бұл әлеуметтік наразылықтардың мәні тереңде. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір мәселенің мәні мәлім болады.
– Сіз өзіңіз мүше болып, сол партияның атынан үміткер болған «Руханият» партиясының қатарынан шығатыныңызды және сайлауға қатыспайтындығыңызды мәлімдедіңіз. Бұл қадамыңызды Жаңаөзен оқиғасына орай жасаған бойкот деп түсіндірдіңіз. Сіздің мәлімдемеңізден кейін екі күн өткен соң, «Руханият» партиясы да таратылды. Сіз партияның таратылатыны жайында алдын ала білдіңіз бе?
– Жаңаөзен оқиғасы қарсаңында мен арнайы ат басын бұрдым сол жаққа. Қайта оралғаннан кейін, сайлауға қатыспайтыным жайында мәлімдеме жасадым. Мен партия басшыларына, жалпы «Руханияттың» сайлауға бармауы қажеттігін айттым. Олар менен сәл күте тұруымды өтінді. Өздері де Жаңаөзенге келді. Мен олардың шешімін бір апта күттім. Алайда олар сайлауға қатысу жөн деп шешті. Сол себепті де мен жексенбі күні мәлімдеме жасадым. Ал дүйсенбіде партияның бұрынғы жетекшісі Алтыншаш Жағанова бүкіл телеарналардың эфирінен шығып сөз сөйледі. Сөйтіп «Руханият» та таратылып кетті.
– «Руханияттың» таратылуының себебі неде? Бұл қолдан жасалған іс деп ойлайсыз ба?
– Серікжан Мәмбеталин мені екі жыл бұрын шақырған еді. Бармадым, Мұхтар Шаханов «Руханиятқа» бірге баруымды өтінді. Қазақтардың ұлттық проблемасын сөз ететін рухани партия қажет деді. Біз М. Шахановпен бірге бірнеше жыл жұмыс істедік. Біз қаншама мәлімдеме жасадық. «Ел бірлігі» доктринасын жаздық, Кеден одағы мен Қытайға жерді жалға беруге қарсы шықтық, сол кездегі мәлімдемелерді бірге жаздық. Біз «Руханиятта» жиырма күн болдық. Біз егер Парламентке мүше бола алсақ, онда көптеген проблемаларды қозғай аламыз деп ойладық. Ал Жаңаөзен оқиғасынан кейін, депутаттықтың не мәні қалар еді. «Руханияттың» таратылуының себебі көп. Бір себебін нақты білем. Алайда оны айтпай-ақ қояйын. Айтарым, саясатқа келетін адам қолы да, ары да, ойы да таза болуы керек. Кейбіреулер, саясат – лас дүние деп айтады. Бірақ әлемде ұлты үшін, елі үшін жанын берген қаншама саясаткер бар.
– Жалпы, Қазақстандағы партиялық саясатқа қалай қарайсыз? Бізде көп партиялық жүйе қалыптасты ма? 
– Біздегі партиялық жүйе дұрыс емес. Партия құру үшін 50 мың адамның қолын жинау қажет. Егер осы жүйе өзгерсе, талай жақсы партияның тууына мүмкіндік жасалуы мүмкін. Бірақ біздегі партиялық жүйе ескі, қалыптасқан тәртіптен аспай отыр. Тағы бір айтарым, біздегі оппозиция мен биліктің мемлекеттік тілге қатысты ұстанымдары бірдей.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

*Тақырып пен  тақырыпша өзгертілді.

 

21 ПІКІРЛЕР

  1. Иа бауырлар агайындар oсыншама кен байтак жерiмiз бар oсындай кен даланы жанын берiп кoргаган баxадiр ата бабаларымыз бар емеспе бiз жастар сoларга сай бoлайык бiз мыкты бoлуымыз керек oтаннын Казактсаннын бoлашагы бiз агайындар Муxтар Шаxанoвты жане казактын муддесi жoлында куресiп жаткан агаларымызды кoлдайык oларды нагыз патриoтдар бiзде oсындай патриoт бoлайык oтан ушiн ана тiлiмiз улттык сана сезiмiз жoлында аянбай куресейк oтан ушiн жанымызды курбан етуге дайын бoлайык

  2. Подлый меркантильный болезненно самолюбивый закомплексованный немолодой человек. Жаль. Кончит жизнь на мусорной свалке. Туды его в качель.

  3. Болмашы ғана ойларыңды достарыңа,інілеріңе айта отырыңдар бауырлар бұндай саяз ойлайтын жастарды ел болашағы деп айтудың өзі ұят!!!
    Әрине айтуға оңай сендерге ауызбен іс тындыруға ұстамыз!!! Қандай штат,қандай рулық біле берсең қазір ХХI ғасыр сәл ойланып жан-жақты ой толғау керек саясат оңай емес…

  4. Жүз он жастағы әжемізді жалаңбастап,суретке түсіріп,Барамбаева К И З И Л – К У Л Ь деп куәлігіне орысшалап жазып берген Қызылордалық Т О П А С Т А Р Ғ А айтарым жоқ.Қазағы ұйысқан Қызылордада жағдай осындай болса,Алматы мен Астана туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ.

  5. Асылбек ,өзің айтасың «жүзге бөлінудің қажеті жоқ » ,деп .Куәлікке руын ,ұлтын жазып қойсын дейсің бұны қалай түсінуге болады .Куәлігіңді қарашы өзің ұлтың К А З А Х . Өзағам менің паспортыма Қ А З А Қ деп жазып берген еді.Қ а з а қ и я д а К А З А Х пын.

  6. Қырық үш ШТАТ . Қожа мен төреге екі федералді ОКРУГ .Шапыраштыға ОСОБЫЙ СТАТУС ,астанасы ҮШ ҚОҢЫР .Оралман қасқаның маңдайына немесе паспортына қытай ,моңғол ,өзбек немесе қарақалпақ деп жазып беру керек .Полный ажур сонда болады .

  7. Қазақстанды үш штатқа бөлген дұрыс. Немесе үш орталық. Сол кезде ғана, бюджетті қомақы түрде елді мекендердің даму деңгейіне қарай бағыттауға мүмкіндік туады. Сол кезде ғана, облыс деңгейіндегі қияли ақпараттармен айналысып отырған, қисынсыз штаттардың саны қысқарып, ықшамдалған қаржы көлемі жылына жүздеген әлеуметтік объектілердің салынуына мүмкіндік береді.
    Басқару жүйесін министрлік және облыстық деңгейлерде ықшамдап, тіршілікке жақын жұмыс жасап отырған қалалық, аудандық және селолық әкімдіктерді күшейту үшін бағытталу қажет.
    Облыстар деңгейінде, бір бюджеттің маңайында жеті өгіз бас шұлғып отыр. Оның үшеуі – салық департаменттері, қаржы басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары. Одан қалды, қаржы полициясы, қазынашылық, қаржылық бақылау басқармасы, және маслихаттық тексеру комиссиялары.
    Экономика басқармасынан бюджетті жоспарлауды мүлде алу қажет. Себебі қаржы басқармасымен қатар, әр қайсысында бірін-бірі қайталайтын онға жуық бөлімдер отыр.
    Бюджетті жоспарлау үшін, жоспарлаушы мекеме сол бюджетке етіне жақын болуы қажет.
    Алайда, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары ұсынып отырған әдістемелер, тіршілікке еш бір қатысы жоқ нұсқаулармен әсемделіп, қияли пайыздармен өрнектеледі де, соны зорлықпен қабылдауға ұсыныс жасалып, ұсынылған бюджет жыл ішінде бірнеше рет өзгерістерге ұшырайды.
    Бюджетті жоспарлау нұсқамаларындағы статистикалық есептелген жалақы қоры салық мөлшерін есептеп шығаруға мүлде келмейді. Себебі, статисткалық көрсеткіштерде, шаруа қожалықтарының және жеке кәсіпкерлердің жалақылары көрсетілмейді, және олар статистикаға есеп таспырмайды. Ал, салық комитеттері бойынша тексеру барысында анықталған жалақы (тауар түрінде жіберілген, жасырылған, т.б.) статистикалық көрсеткіштерде қайта дұрысталмайды. Немесе мекемелер, бұрынғы тапсырған есептемелеріне өзгерістер енгізбейді.
    Негізінен, статистикалық көрсеткіштер еліміздің тіршілігінен әлде қайда алшақ цифрлар. Себебін айта берсек, онда біраз кемшіліктер мен мүмкіндік теориялары бойынша ұсынылып отырған есептеме әдістемелері экономикасы әлде қайда жоғары дамыған елдердің қатарына қосылу үшін, әдейі алынып, отырғандығын нақты аңғарамыз.
    Екіншіден, әлеуеттік сиымдылыққа жанаспайтын, одан қалды бір – бірімен ұштаспып, тоғыспайтын, қолдан салынған, қисынсыз цифрларға тап боламыз.
    Сондықтан, бюджеттің түсімін жоспарлауды салық департаменттеріне, бюджетті жоспарлау және орындалуын қадағалауды қазынашылық басқармалары мен қаржы министрлігіне беру қажет. Жоспарланған бюджетті қарау және ұсынуды, бюджеттік комиссиялар қарарына қалдырған жөн. Олар екі бюджеттік комиссиялар, бірі үкімет пен әкімдіктегі, екіншісі парламент және маслихаттық комиссиялар болып табылады.
    Ал, қаржылық бақылау, қаржы басқармаларын және қаржы полициясын қаржы министрлігі, облыс және аудан дегейлерінде, қазынашылық басқармаларына біріктіру қажет. Қаржыны басқару және реттестіру бір жүйеге түспейінше, қаржы әр тараптанып, қисынсыз бюрократтық әурешілікке, бос дау-дамай, оның арғы жағы талан-таражға түсіп, бюджет сияғы болмай, жүні жұлынған тауық тәріздес, еш беркеті болмайды.

  8. Қазақстанды үш штатқа бөлген дұрыс. Немесе үш орталық. Сол кезде ғана, бюджетті қомақы түрде елді мекендердің даму деңгейіне қарай бағыттауға мүмкіндік туады. Сол кезде ғана, облыс деңгейіндегі қияли ақпараттармен айналысып отырған, қисынсыз штаттардың саны қысқарып, ықшамдалған қаржы көлемі жылына жүздеген әлеуметтік объектілердің салынуына мүмкіндік береді. Басқару жүйесін министрлік және облыстық деңгейлерде ықшамдап, тіршілікке жақын жұмыс жасап отырған қалалық, аудандық және селолық әкімдіктерді күшейту қажет.
    Бір бюджеттің маңайында, облыс деңгейінде жеті өгіз бас шұлғып отыр. Оның үшеуі салық департаменттері, қаржы басқармасы және экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы. Одан қалды, қаржы полициясы, қазынашылық, қаржылық бақылау басқармасы, және маслихаттық тексеру комиссиясы. Экономика басқармасынан бюджетті жоспарлауды мүлде алу қажет. Себебі қаржы басқармасымен қатар, бірін-бірі қайталап онға жуық бөлімдер отыр.
    Бюджетті жоспарлау үшін, жоспарлаушы мекеме сол бюджетке етіне жақын болуы қажет.
    Алайда, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары ұсынып отырған әдістемелер, тіршілікке еш бір қатысы жоқ нұсқаулармен әсемделген.
    Біріншіден статистикалық есептемелрдегі жалақы қоры салық мөлшерін есептеп шығаруға мүлде келмейді. Себебі, статисткалық көрсеткіштерде, шаруа қожалықтарының жалақылары, жеке кәсіпкерлердің жалақылары көрсетілмейді, және олар есеп таспырмайды. Салық комитеттері бойынша тексеру барысында анықталған жалақы (тауар түрінде жіберілген, жасырылған, т.б.) статистикалық көрсеткіштерде қайта дұрысталмайды. Немесе мекемелер, бұрынғы тапсырған есептемелеріне өзгерістер енгізбейді. Ең, бастысы, статистикалық көрсеткіштер еліміздің тіршілігінен әлде қайда алшақ цифрлар.
    Сондықтан, бюджеттің түсімін жоспарлауды салық департаменттеріне, бюджетті жоспарлау және орындалуын қадағалауды қазынашылық басқармалары мен қаржы министрлігіне беру қажет. Жоспарланған бюджетті қарау, бюджеттік комиссиялар қарарына қалдырған жөн. Олар екі бюджеттік комиссиялар, бірі үкімет пен әкімдіктегі, екіншісі парламент және маслихаттық комиссиялар болып табылады. Ал, қаржылық бақылау, қаржы полициясын, қаржы басқармаларын облыс және аудан дегейлерінде, қазынашылық басқармаларына біріктіру қажет. Бір жүйеге түспейінше, қаржы әр тараптанып, қисынсыз бюрократтық әурешілікке, бос дау-дамай, оның арғы жағы талан-таражға түсіп, бюджет сияғы болмай, жүні жұлынған тауық тәріздес, еш беркеті болмайды.

  9. Мұқтардың сөзі дұрыс, қолдаймын. Бірақ өз еліне сену керек, жас болғасын халқына ренжіп отыр. Көнетінін көніп болдық, енді қазақ қоғамы дайын. Алға жетектейтін серкелер керек. Оппозицияның бос сөзіне халық ермейді. Халықты өзіңе қарататын ұраның дұрыс болу керек. Ұлттық идеология дегенің не нәрсе, қалай болады, халыққа түсіндүру керек, сосын халық алаңға шығады.

  10. Әрбір орысша оқыған қазақ баласы осылай ойласа ғой.Қазақстан нағыз тәуелсіз мемлекет болар еді. Ұстаған бағытың өте дұрыс. Мұхтар, сен біздің болашақ Президентімізсің.

  11. «Әке өрген оқ жонар» -дегендей Мұқтар Тайжан ініміз қашан да өз бағытынан адаспайды. Алладан оған тек денсаулық пен қажыр қайрат тілеймін!Ал оның ақыл-білімі жетерлік . Қазақта осындай жастар көп болса Қазақстанның болашағы болар еді.

  12. Қазақтарға партия деген керек емес. Партияның түпнұсқасы қазақ халқында ру ретінде ежелден құрылып қойған. Жаңалық іздеудің керегі жоқ.Сол көп рулығымызды оңтайлы пайдалана білсек қазақтың проблемасы оп-оңай шешіледі. Әр рудың өз рубасыларын сайлауын ұйымдастыру керек. Сол рубасылары парламентте отырса халықтың мұңын жоқтап, бұдан мықты басқару жүйесі дүние жүзінде жоқ. Сол үшін ұлт жанашырларына өтінішім осы мәселені ертерек қолға алса екен. Өзім бастап кетер едім, менде Мұхтар Тайжан,Мұхтар Шақановтар сияқты талант жоқ. Дегенмен соларға жәрдемші болуға дайынмын.Және мен сияқты патриоттар қазақта жетіп артылады!!!
    Ең бастысы үш жүзге бөлінуді тоқтату керек. Бұл бөлінушіліктің қазаққа тигізіп жатырған зияны ұшан теңіз.
    Жеке куәлікте адамның аты жөні, ұлты, руы жазылуы керек.Әркім өз руын мақтанышпен айтып жүрері анық. Өз руының атына кір келтіруден аулақ болады.
    Есенгүл Кәпқызы менің осы пікірімді Мұхтар Тайжанға жеткізуіңізді өтінемін!

  13. «Мен орыс жігітімін» деген Еримбетовтай құлдың қай жерін кім көре алмайды екен? Дат сиякты (Ерімбеттін ози шыгар) пақырлар босқа қиялдай береді екен-ау…

  14. Мұхтар Тайжан: Біз секілді құлдық санада өмір сүріп отырған елдер бағытынан айрылған пойыз секілді…. Д.Әшімбаев, Қ.Қабдырахманов, Ж.Сүлеев, Н.Ерімбетовтер әдейі қазаққа кері саясат жүргізеді. Бұл – надандық!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз