Батыр қызға қойылған құлпытас

             1986 жылғы ұлт-азаттық желтоқсан көтерілісі ерлік пен елдіктің, ар-намыстың сынға түскен шағы болатын. Бодандықтың бұғауын қатайтып, орыстандыру саясаты арқылы қалың қазақты бағындырып, көгендеуді көздеген қызыл империя дәл сол кезде осынау тегеурінді текетірес, қарсылықты күтпеген еді. Коммунистік жүйенің шовинистік пиғылдағы өктемдік пен астамшылығы асқынып, қазақтай кең пейілді дархан көңілді халықты басынып, «бас білдіру» арқылы өз тілінен, діні мен салт-дәстүрінен айыруды көздеген арамза ниеттері орындалып, өз «нәтижесін» бере бастаған-ды. Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек қазақтың өр мінезді ұл-қыздары мұндай қорлыққа қалай көнсін?! Ақ қар, көк мұзда атойлап алаңға шықты. Алайда, бейбіт түрде орынды талабын қоюға ниеттенген өрімдей жастарды асқан жауыздықпен, өшпенділік кегі бардай аяусыз қан жоса етті, ол аздай түрмелерге тоғытып, абақтыға айдады. Оқудан, жұмыстан шығарды. Моральдық тұрғыдан тағдырларын тас-талқан етті. Сол кезде он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жас Сабира Мұхаметжанова ШҚО орталығы Өскемен қаласындағы педагогикалық училищеде екінші курста оқитын. Жасынан алғыр да өжет, намысқой қыз орысы ормандай ұйысқан, қазағының өзі басқа тілде шүлдірлеп орыстануға айналған өгей қалада жалғыз өзі шеру ұйымдастырып, бірге оқитын құрбыларын алаңға бастап барған. Ол Алматыдағы өз қандастарының өршіл рухына өз әлінше үн қосты. Қызыл жағалылардың қаһарынан қаймықпай, күш көрсеткеніне илікпей, өз басын бәйгеге тігіп, жас жүрегі шырқырап, өз ұлтын басынуды, қорлауды тоқтатуды талап етті. Қара ниет қараулыққа қасқая қарсы тұрып, тажал мен таяқтан тайсалмады. Сағы сынбады. Қорықпады. Әділет пен Ақиқат атты құдіретті киелі сезімнің нық рухы қаршадай Сабираға күш-қуат берді. Бұл осынау ұлан-ғайыр алып даланы ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғап, ұрпақтарына аманат еткен бабаларымыздың қасиетті аруағы желеп-жебеп қолдағаны еді... «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұл-қыздары ел басына екіталай күн туғанда қандай тажалмен де айқасудан тайынбас жаужүрек екендігін дәлелдеді. Сәбира Есімбекқызы пәк-періште күйінде он алты жасында жауқазындай жұлынып, жауыздардың қолынан қыршын кетті. Орны толмас өкінішімен ұшқыр қиялына оранған ақ арман тілегін, кіршіксіз жүрегімен бірге, бізге беймәлім әлемге ала кетті. Қаһарман арудың тайсалмас ерлігінің жемісі мен қысқа қыршын ғұмырдың өтеуіндей боп қолымызға қонған, Тәуелсіз еліміздің жер басып аман жүрген әрбір азаматы, әсіресе өзін қазақтың асыл текті қанынан жаратылған ұлт жанды ұл-қыздары батыр қыздың рухы алдында қарыздар екендігін ұмытпағандары абзал. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қазақтың қанатты қағидасына сүйенген, қашанда елдің жел жағында, істің жөн жағында жүретін ұлтжанды, біртуар азамат – «Желтоқсан ақиқаты» Патриоттық Қозғалысы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі, осы бірлестіктің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы Нүкен мырзаның жеке бастамасымен, Сәбирадай қаһарман қарлығашымызға қара мәрмәр тастан қашатып, ескерткіш белгі қоюды ұйғарыпты. Мынадай қым-қуыт, қарбалас тірлікте өліні қойып, тіріге мойын бұруға мұршасы келмей жатқан кер заманда бұл нағыз азаматтық, биіктік деуге тұрарлық іс емес пе? «Елдің даңқын ер шығарар, ердің даңқын ел шығарар» деген аталы сөз бар. Тәуелсіздік жолында жан пида етіп құрбан болған, қара дауыл, зұлмат өртке қарлығаштай қанатымен су сеуіп сөндірмекке ұмтылған, топшысынан қайырылып дойыр мінез жауыздықтың қолынан мерт болған Сәбирадай қаһарманды әлі күнге ардақ тұтып, рухына тағзым ете алмау, естен шығару, мемлекетіміз бен егемен, дербес елдігімізге сын. Бетке шіркеу салар, кешірілмес күнә. Әлде сол баяғы отарлаушыдан бұғып, бас бағып, қорқып қалған, құлдық санадан құтылмаған, құр кеуде, бар білері – қара бастың қамынан әрі аспаған, шен-шекпенді шенеуніктердің жалтаққой, енжар, тоғышарлығы ма? Жоғарыдан жарлық келмей, шөп басын сындырмас, шолақ белсенділерден қайыр болмасын білген Бейсекең бірден осы мәселені өзі басқарып отырған бірлестіктегі ұлт патриоттарына баяндап, осыдан жиырма бес жыл бұрын отарлаушыларға жалаң қол, от жүрекпен білек сыбана айқасып,алаңға шыққан ардагер азаматтарға жеткізгенде, қашанда қазақтың ар-намысы мен мүддесі жолында мүлт кетпейтін мәрттіктеріне басқан, жалын жүректі жауынгерлері бұл ұсынысты бір адамдай қолдады. Жұдырықтай жұмылып, ауыздарынан жырып, керек қаржыны да қаумалай жинасты. Намысты ерлер, ұрпаққа өнеге, жатқа айбар болар, жақсы істе біріне бірі үн қоса білді. Қашанда «қолдасқанды Құдай қолдайды» деген бар. Әсіресе «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының белсенді мүшесі, желтоқсанның аязында алаңның бел ортасында екі күн бойы ұлт намысы үшін қаптаған қалың әскерден қаймықпаған қаһарман-ардагер бауырымыз, белгілі кәсіпкер – Ержан Тоқтасынұлы Ұзақ мырзаның «атымтай жомарттығы» айрықша болды. Қашанда ұйымдастырушылық қабілетімен, бірлестік жұмысын алға сүйреп жүрген, желтоқсан ардагері, қаһарман қарындасымыз – Күргенбаева Күміс Әбдіқалымқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ардагер желтоқсандықтар – Бағысов Советхан, Бәкіров Мұрат, Қасымжан Нәдірбек, Бөрібаева Алмагүл, Әжітаев Секен, Әбішева Тілеухан,Тоғанов Жасұлан, Шоқанаев Серік, Қоқаншинов Сайрамбек, Кәкеев Бейбіт, Айжарықова Жұмажан т.б азаматтар жан-тәнімен атсалысты. Ұжымның ұйымшылдығы, ауызбірлігі осындай игілікті іс үстінде көрінері хақ. Жақында қарт Тарбағатай баурайында, «Ақ мектеп» аулында, туған топырағының құшағында мәңгілік бесікке бөленген Сәбирадай асыл қарындасымызға ас беріліп, ескерткіш белгісі қойылады. Алтынның сынығы, тектінің тұяғы, қазақтың қаһарман ерлігін паш етіп, басқыншыларға бас имей, өмірден өткен Сәбирадай батыр қыздың өлмес рухына қандай құрмет болса да, көптік етпесі ақиқат... Сайлау Лепесов ПҚ «Желтоқсан ақиқаты»