Батыр қызға қойылған құлпытас

3
3438

             1986 жылғы ұлт-азаттық желтоқсан көтерілісі ерлік пен елдіктің, ар-намыстың сынға түскен шағы болатын. Бодандықтың бұғауын қатайтып, орыстандыру саясаты арқылы қалың қазақты бағындырып, көгендеуді көздеген қызыл империя дәл сол кезде осынау тегеурінді текетірес, қарсылықты күтпеген еді. Коммунистік жүйенің шовинистік пиғылдағы өктемдік пен астамшылығы асқынып, қазақтай кең пейілді дархан көңілді халықты басынып, «бас білдіру» арқылы өз тілінен, діні мен салт-дәстүрінен айыруды көздеген арамза ниеттері орындалып, өз «нәтижесін» бере бастаған-ды. Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек қазақтың өр мінезді ұл-қыздары мұндай қорлыққа қалай көнсін?! Ақ қар, көк мұзда атойлап алаңға шықты.
Алайда, бейбіт түрде орынды талабын қоюға ниеттенген өрімдей жастарды асқан жауыздықпен, өшпенділік кегі бардай аяусыз қан жоса етті, ол аздай түрмелерге тоғытып, абақтыға айдады. Оқудан, жұмыстан шығарды. Моральдық тұрғыдан тағдырларын тас-талқан етті. Сол кезде он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жас Сабира Мұхаметжанова ШҚО орталығы Өскемен қаласындағы педагогикалық училищеде екінші курста оқитын. Жасынан алғыр да өжет, намысқой қыз орысы ормандай ұйысқан, қазағының өзі басқа тілде шүлдірлеп орыстануға айналған өгей қалада жалғыз өзі шеру ұйымдастырып, бірге оқитын құрбыларын алаңға бастап барған.
Ол Алматыдағы өз қандастарының өршіл рухына өз әлінше үн қосты. Қызыл жағалылардың қаһарынан қаймықпай, күш көрсеткеніне илікпей, өз басын бәйгеге тігіп, жас жүрегі шырқырап, өз ұлтын басынуды, қорлауды тоқтатуды талап етті. Қара ниет қараулыққа қасқая қарсы тұрып, тажал мен таяқтан тайсалмады. Сағы сынбады. Қорықпады. Әділет пен Ақиқат атты құдіретті киелі сезімнің нық рухы қаршадай Сабираға күш-қуат берді. Бұл осынау ұлан-ғайыр алып даланы ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғап, ұрпақтарына аманат еткен бабаларымыздың қасиетті аруағы желеп-жебеп қолдағаны еді…
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұл-қыздары ел басына екіталай күн туғанда қандай тажалмен де айқасудан тайынбас жаужүрек екендігін дәлелдеді. Сәбира Есімбекқызы пәк-періште күйінде он алты жасында жауқазындай жұлынып, жауыздардың қолынан қыршын кетті. Орны толмас өкінішімен ұшқыр қиялына оранған ақ арман тілегін, кіршіксіз жүрегімен бірге, бізге беймәлім әлемге ала кетті. Қаһарман арудың тайсалмас ерлігінің жемісі мен қысқа қыршын ғұмырдың өтеуіндей боп қолымызға қонған, Тәуелсіз еліміздің жер басып аман жүрген әрбір азаматы, әсіресе өзін қазақтың асыл текті қанынан жаратылған ұлт жанды ұл-қыздары батыр қыздың рухы алдында қарыздар екендігін ұмытпағандары абзал.
«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қазақтың қанатты қағидасына сүйенген, қашанда елдің жел жағында, істің жөн жағында жүретін ұлтжанды, біртуар азамат – «Желтоқсан ақиқаты» Патриоттық Қозғалысы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі, осы бірлестіктің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы Нүкен мырзаның жеке бастамасымен, Сәбирадай қаһарман қарлығашымызға қара мәрмәр тастан қашатып, ескерткіш белгі қоюды ұйғарыпты. Мынадай қым-қуыт, қарбалас тірлікте өліні қойып, тіріге мойын бұруға мұршасы келмей жатқан кер заманда бұл нағыз азаматтық, биіктік деуге тұрарлық іс емес пе? «Елдің даңқын ер шығарар, ердің даңқын ел шығарар» деген аталы сөз бар. Тәуелсіздік жолында жан пида етіп құрбан болған, қара дауыл, зұлмат өртке қарлығаштай қанатымен су сеуіп сөндірмекке ұмтылған, топшысынан қайырылып дойыр мінез жауыздықтың қолынан мерт болған Сәбирадай қаһарманды әлі күнге ардақ тұтып, рухына тағзым ете алмау, естен шығару, мемлекетіміз бен егемен, дербес елдігімізге сын. Бетке шіркеу салар, кешірілмес күнә. Әлде сол баяғы отарлаушыдан бұғып, бас бағып, қорқып қалған, құлдық санадан құтылмаған, құр кеуде, бар білері – қара бастың қамынан әрі аспаған, шен-шекпенді шенеуніктердің жалтаққой, енжар, тоғышарлығы ма? Жоғарыдан жарлық келмей, шөп басын сындырмас, шолақ белсенділерден қайыр болмасын білген Бейсекең бірден осы мәселені өзі басқарып отырған бірлестіктегі ұлт патриоттарына баяндап, осыдан жиырма бес жыл бұрын отарлаушыларға жалаң қол, от жүрекпен білек сыбана айқасып,алаңға шыққан ардагер азаматтарға жеткізгенде, қашанда қазақтың ар-намысы мен мүддесі жолында мүлт кетпейтін мәрттіктеріне басқан, жалын жүректі жауынгерлері бұл ұсынысты бір адамдай қолдады. Жұдырықтай жұмылып, ауыздарынан жырып, керек қаржыны да қаумалай жинасты. Намысты ерлер, ұрпаққа өнеге, жатқа айбар болар, жақсы істе біріне бірі үн қоса білді. Қашанда «қолдасқанды Құдай қолдайды» деген бар. Әсіресе «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының белсенді мүшесі, желтоқсанның аязында алаңның бел ортасында екі күн бойы ұлт намысы үшін қаптаған қалың әскерден қаймықпаған қаһарман-ардагер бауырымыз, белгілі кәсіпкер – Ержан Тоқтасынұлы Ұзақ мырзаның «атымтай жомарттығы» айрықша болды.
Қашанда ұйымдастырушылық қабілетімен, бірлестік жұмысын алға сүйреп жүрген, желтоқсан ардагері, қаһарман қарындасымыз – Күргенбаева Күміс Әбдіқалымқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ардагер желтоқсандықтар – Бағысов Советхан, Бәкіров Мұрат, Қасымжан Нәдірбек, Бөрібаева Алмагүл, Әжітаев Секен, Әбішева Тілеухан,Тоғанов Жасұлан, Шоқанаев Серік, Қоқаншинов Сайрамбек, Кәкеев Бейбіт, Айжарықова Жұмажан т.б азаматтар жан-тәнімен атсалысты. Ұжымның ұйымшылдығы, ауызбірлігі осындай игілікті іс үстінде көрінері хақ.
Жақында қарт Тарбағатай баурайында, «Ақ мектеп» аулында, туған топырағының құшағында мәңгілік бесікке бөленген Сәбирадай асыл қарындасымызға ас беріліп, ескерткіш белгісі қойылады. Алтынның сынығы, тектінің тұяғы, қазақтың қаһарман ерлігін паш етіп, басқыншыларға бас имей, өмірден өткен Сәбирадай батыр қыздың өлмес рухына қандай құрмет болса да, көптік етпесі ақиқат…

Сайлау Лепесов ПҚ «Желтоқсан ақиқаты»

3 ПІКІРЛЕР

  1. Нағашыбай! «Былтыр митингі кезінде тасадан Хасен Қожа-Ахметке тас лақтырып едім, әттең, тимей кетті!» -деп қатты өкініп интернеттен мұңыңды шағып едің. Енді,міне, сәті келді. Давай, у бер! Тарихта ат қалдырудың жолы осы сендейлер үшін.

  2. Естен кетпес есімдер
    Болашақ үшін жанын пида еткен
    Сабира Мұхамеджанқызының басына құлпытас орнатылды
    1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында отаршыл қызыл империяның бұғауынан біржола босауды арман еткен қазақтың өршіл рухты, намысты ұл-қыздары тоталитарлық режімге қарсы бас көтерген еді. Ұлт-азаттық сипат алған желтоқсан көтерілісі санасы сергек, көкірегі ояу, жастардың көкейлеріндегі ойларын түсінген жандарға тілі мен мәдениеті аянышты күй кешіп, салт-дәстүрі көмескіленіп, ұлт атауынан жұрдай болып бара жатқан халықтың өрімдей жастары көндіге алмай, бір мезетте өре түрегелгендігінің көрінісі екені аян болатын. Елдігінен айырылып, бірауыз қазақша сөйлеудің өзі «проблемаға» айналып бара жатқан запыран құсқан зұлмат жылдары халқы шеккен қасіретті, қазақ басына төнген ауыр күннің азабын біз, бүгінгі қазақ жастары, тартуға тиісті емеспіз дегенді алға тартып, өздерінің қойған талаптарын тыңдар, жанайқайларына ел тізгінін ұстағандар құлақ асар-ау деген үмітпен, жастықтың желегімен кер заманнан әділет тілеп, бір топ қазақ жастары алаңға шыққан болатын. Кеуделерінде намыс оты лаулап жанып, жігер оты қайнап, күш-қайраты тасыған жігіттерін, қайтпас қайсарлық танытқан қыздарын өктем билік өкілдері аямады. Аяусыз жаныштап, соққыға жықты. Әділеттілік тілеп шарқ ұрған қазақ жастарына нақақтан жала жауып, жұртшылыққа ащы суды сіміріп алған, ессіз, өңшең нашақорлардың толқуы деп жариялады. Тәуекелге бел буып, жандарын шүберекке түйген, өздеріне сес көрсеткен жауыздардың қаһарынан тайсалмастан, «қазақпыз» деп атойлап, тегеурінді текетіресте жанұшыра айқайлаған аға-әпкелеріміздің үні қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы тау мен тасқа соғылып, бүгінгі күні өскелең ұрпақ, сіз бен біздің құлағымызға жетті. Көп ұзамай, ата-бабаларымыздың аңсар-арманы, олардың Жаратқаннан жалбарына тілеген тілектері орындалып, елдік пен теңдік жолындағы қайсар халықтың күресі толастамай, азаттыққа қол жеткізді. Күллі жұртшылыққа «Мен қазақпын» деп жар салды.
    Ел тәуелсіздігі жолында өз жандарын құрбан етіп, ақ қар, көк мұзда жер жастанған боздақтардың аруақтары қазақ егемендікке ие болған шақта бір аунап түскен шығар, сірә. Мұз құрсанған ызғарлы желтоқсанда қызыл империя саясатын жақтаушылардың қолдарынан қаза тапқан хас батырлық пен жаужүректіктің мәңгілік үлгісін танытқан ұл-қыздарының есімдері халық жадынан ешқашан өшпек емес. Олардың есімдері ел есінде. Бүгінде қыршынынан қиылған, айуандыққа тап болған өрімдей жастарын қазақ халқы егіле жылап еске алады, назалана жоқтайды. Сол жылы жер жастанған біз білетін төрт желтоқсан құрбандарының есімдері өзіміз мектеп кезінде оқыған тарих оқулығынан таныс. Олар Қайрат, Ләззат, Ербол және Сабира. Олардың есімдері жаңа тәуелсіз қазақ елі тарихында алтын әріптермен қашалып жазылса артық болмас еді деп ойлаймын. Себебі, олардың өз халқына деген сүйіспеншілігі жолында көрсеткен көзсіз ерліктері, өлмес рухтың айғағы, текті жұрттың ұрпақтары екендіктерінің дәлелі деуге барабар.
    Сабира – Алматыда белең алған жастар толқуының шығыс өңіріндегі жаршысы, Өскемен қаласында бір топ құрбыларын алаңға өзімен бірге алып барған жетекшісі. Сабира есімін елемеу елдік пен азаматтығымызға сын, маңдайымызға қойылатын қара таңба.
    Осыдан бір ай бұрынғы газетіміздің өткен санында «Сабира есімі ел есінде» деген мақала жарық көрген болатын. Онда жуықта Алматыдан «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қозғалысының өкілдері келіп, Сабира басына ескерткіш орнатпақ деп айтып өткен болатынбыз. Уақыттың жылыстап өтіп, әр секунд минутқа айналып, бір орында тұрақтамайтыны белгілі. Бір ай да лезде өте шығып, уәделі күнде қарт Тарбағатай баурайындағы Сабираның кіндік кескен ауылы Ақмектепте сонау Алматыдан «Желтоқсан ақиқатының» мүшелері, желтоқсан қозғалысының ардагерлері, аға-әпкелеріміз, Өскеменнен ағылған жұртшылық жиналды. Қасиетті жұма күні, имам келіп, Сабираның рухына Құран бағыштады. Басына биіктігі бір жарым метр, қара мәрмәр тастан қашалып жасалған, салмағы 200 кг-ға жуық құлпытас орнатылды. Дүйім жұрт қазақтың өр кеуделі, қаһарман қыздарының рухына тағзым етті. Ескерткішке жұмсалған бар шығынды «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің мүшесі, желтоқсан қөтерілісінің ардагері, астаналық Ержан Ұзақ ағамыз өтепті. Жиналған жұртшылықты ауыл тұрғындары жылы қарсы алып, құдайы ас беріп, шексіз алғыстары мен жылы лебіздерін жаудыртты.
    – Біздің басты мақсатымыз, қазақ халқының басына күн туған шақта батырлық көрсетіп, соның жолында шейіт болған Сабирадай қазақ жастарының есімдерін әйгілеу, бейбіт күн кешкен бауырластарымызға ұмыттырмау. Желтоқсандықтардың өн бойларынан ескен асқақ рух пен өз Отандарына деген сүйіспеншілік дәнін жас ұрпақтың санасына сіңіру, – деді «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қозғалысының басшысы Бейсенғазы Сәдуұлы бейіт басында.
    – Бейбіт күнде ер де көп, батыр да көп. Алайда расында қаһарлы күндер туып, халық басына қатер төнген шақта жаңағы «батырлар» арасынан суырылып алға шығып, бас көрсететіндері ілуде біреуі ғана. Үш нәрсе адамның шынымен кім екенін айғақтайды. Оның ойы, ісі, сөзі бір жерден шыққан болса ғана, оның азаматтығына шек келтірмей, кім екенін жазбай тануға болады. Алайда ойы басқа, сөзі мен ісі бөлек жандар да кездеседі, – деді «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің мүшесі, ардагер журналист Сайлау Лепесов.
    Жолаушылар ат арытып сонау Алматыдан бері қарай келіп жеткенше, талайдан бері жаумаған жаңбыр жауып, теріскейден салқын самал есті. Ал құлпытас орнатылған күні күн шайдай ашық болды. Жұртшылық мұны Алланың нұры жауды десті. Он екіде бір гүлі ашылмай, ерте солған жауқазынның бейкүнә жаны Алланың жанынан табылып, басына келген меймандарға сәт сапар тілеп, сол күні Күн болып күлімсірегендей болды. Бұл да бір желтоқсандықтардың ізгі ниет, ақ тілектерін, ұлт мүддесі жолындағы арпалыстарын құдіреті күшті Жаратқанның бір өзі қолдап, қоштайтынынын бір белгісі екенінің айғағы іспетті.

    Арайлым Нығметоллақызы

  3. Қазақ халқының дамуы батыр қыздарымызға тікелей байланысты екені белгілі ғой. Қазаір де сол билікке қарсы тұрар батыр қыздар керек болып тұр. Дариға Назарбаеваны батыр деуге болмас, қазақшасы шолақ, дегенмен сол қыздан бір үміт бар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз