ҚАЗАҚ НЕГЕ РАЙЫНАН ЖАҢЫЛДЫ?

      «Жетім көрсең, жебей жүр» деп әкем Кеңес дастархан басында жиі айтып отыратын. Ол кезде баламыз, бұл сөздің парқын түсіне бермейтінмін. Өсе келе зер салып қарасам, қандай керемет айтылған халық даналығы. Адам баласы бұл өмірге жылайын деп, тағдырдың тәлкегін тартайын деп келмейді. Әрбір жұмыр басты пенде өзіне тиесілі қызығы мен шыжығын, нәсібі мен бағын иемденемін деп үміттенеді, тырысып талпынады. Сол қатал тағдырдың сынына ұшырап, сағы сынған адамдардың аянышты күйін көргенде еріксіз қамығасың, жабығасың... Қазақ ежелден жетімі мен жесірін жылатпаған. Қазақ әйелі «ерден кетсе де, елден кетпеген». Содан барып әмеңгерлік салт туған. «Еркек тоқты – құрбандық» демекші, жаугершілік заманда ер-азаматтардың оққа ұшып жатуы таңсық емес. Тіпті, айдың-күннің аманында да ер адамдардың дүниеден ерте озатындығы рас. Әмеңгерліктің арқасында жетім мен жесір қағажу көрмейді, сонымен қатар, шаңырақтың түтіні үзілмейді. Жақынын жатқа қимаған, тышқақ лағы өліп қалса, жоқтайтын қазаққа бүгінгі күні не көрінген? Қазақ райынан неге жаңылды? Бүгінгі таңда көрікті бойжеткеннің еріккеннің ермегі, кім көрінгеннің қол жаулығы болып, ерсі қылық, арын ақшаға айырбастау көбейіп барады. Оның соңы қайғы-қасірет, тастанды бала, түсік жасату... Жарым деп сүйіп қосылған қыздың бала көтеруге қабілеті болмай шығады. Қаракөз қыздарымыздың өзегін жарып шыққан шаранасын еміреніп иіскемей, омырауына баспай, шырылдатып тастап кетуі – көз көріп, құлақ естіп жүрген қасіретке айналды. Тіпті, қоғамның осынау трагедиясына да етіміз өліп кеткендей. Бұл – құдайды ұмытқандардың ісі. Төрт аяқты мал екеш малдың өзі қозысын тастамай ииді. Шаранасын еміреніп емізеді. Кешке өрістен қайтқанда, мың қозының ішінен өө қозысын иіскеп жүріп тауып алады – міне құдайдың құдіреті! Таңданбасқа шараң жоқ. Сонда сана-сезімі хайуаннан артық деп жүрген адам баласының мал құрлы мейірімі болмағаны ма?!. «Іштен шыққан шұбар жыланын» – өзегін жарып шыққан ұрпағын көше бойына, аурухананың алдына, дәретханаға тастап жатқандар қаншама?!. Мұндайларды естігенде, төбе шашым тік тұрады, бауыр етім езіледі. Мұның себебі де жоқ емес. Бүгінгі таңда жастардың отбасы деген қасиетті дүниеге атүсті қарауынан, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, баспана мәселесінің шешілмеуінен, несиеге үй алып, оны уақытында төлей алмауынан, ана мен бала денсаулығының нашарлауынан... т.с.с. Алайда, түптеп келгенде, ата-ананың аялы алақаны мен жүрек жылуынан артық балаға не қажет дейсіз? Бірде Астана қаласының Сарыарқа ауданы сотында он жыл отасқан ерлі-зайыптылардың сотына қатысқаным бар. Он жылда екі ұл, бір қыз сүйіп үлгерген отбасы ажырасып кетті. Сонда әкелері сөйлегенде үш баласының боздап жылағанын көріп, емешегім езілді, өзегім өртенді. Әлгі жерде тұрудың өзі қиын еді. Он жасар қызы біресе әкесіне, біресе шешесіне қарап қояды, «бұларың не?» дегендей. Сонда «атың өшкір ажырасу дегенді кім ойлап тапқан?!.» деп жылағым келді. Тірі жетімдерді топырлатып жатқан қоғамға ма, мына ажырасып жатқан ерлі-зайыптыларға ма, қайсысына ренжірімді білмедім... Статистикалық деректерге жүгінсек, 2010 жылы 15.000 отбасы ажырасып кеткен. Жетімдер мен жесірлердің санын қолдан көбейтіп отырмыз. Ажырасу Үндістан, Камбодже, Бангладеш деген мемлекеттерде атымен жоқ. Бұрын бұл үрдіс бізде де болмаған. Кеңес Одағы кезінде етек алды. Бір ғана Павлодарда 1058 жетім бала бар. Оның 142-нен ата-анасы бас тартқан. 412-і тастанды. 67 баланың ата-анасы құқығынан айырылыпты. Облыстық перинаталдық орталықта 2010 жылы 38 ана өз сәбиінен бас тартқан. Қазақстанда өз әке-шешесінің қарауынсыз қалған 93 476 бала бар. Олардың 17 мыңға жуығы балалар үйі мен интернаттарды мекен етеді. 4050 бала тұл жетім болса, қалған 15000 баланың ата-анасы өз құқықтарынан және бас бостандығынан айырылған, не іздеуде жүр, болмаса ұзақ мерзімдік ем алып жатқан науқастар. Қазақ дейтін іргелі, текті, тамыры тереңде жатқан, ұлттық өнегесі мол, салауатты елде жетімдер үйінің көптеп ашылуы, онда қазақ балаларының көбеюі – елдің елдігіне, халықтың халықтығына сын. Әрбір аурудың емі болатыны секілді, осы індетке ұлттық өнегемізбен, қазақи болмысымызбен қарсы тұрмасақ, жаһанданудың құрбаны болып, сан соғып қалуымыз ғажап емес. Онсыз да күнәдан аяқ алып жүргісіз қоғамда ұрпақ обалына қалмаудың қамын ойлайық, ағайын. Әсіресе, жас отбасылардың құлағына алтын сырға. Жұмамұрат Шәмші