Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ: ҰЛЫ ІСТЕР ҮНДЕМЕЙ ТЫНДЫРЫЛАДЫ немесе «Сейтқұл әулие – Әйтеке би» кешені қалай салынды?

Ташкент қаласы, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі З.Тұрысбеков мырзаға Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы! «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың тарихы рухани шежірелерге аса бай. Өткенімізге көз жіберсек, есеміздің кетіп, еңсеміздің түскен кездері аз емес. Дегенмен халқымыз «тар жол, тайғақ кешулерден» аман-есен алып шығып отырған өзінің дана тұлғаларына кенде болмаған. Солардың ішінде жұртшылықтың сенімін ақтап, елдің ішкі тұтастығын сақтап келген би-шешендеріміздің орны ерекше. Олардың өмірі ұрпақ үшін қашанда – үлгі, ұстанымы – өнеге. Бұл орайда, әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би мен семсер тілді – Әулие Сейітқұл Баба – ұлт-ұлысымыздың бірегей тұлғалары. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар халқымызда. Қасиетті бабалардың жатқан жерлерін кие тұтып, басына белгі орнату – кейінгі ұрпақ үшін киелі парыз. Бұл ретте, осы бір сауапты істің күрделі күрмеуін шеше білген Сіздің іскерлігіңізге дән ризамыз. Өзге елдің аумағында баһадүр бабаларға арнап кесене тұрғызып, мешіт салу – бұл Сіздің биік беделіңіздің, ұлттық намысты ұлықтай білген нар тұлғаңыздың арқасы. Елбасымыз сенім артқан азаматтар қатарында Сіз қай кезде де абыройлы биіктерден көрініп жүрсіз. Қай қызметте болмасын, біліміңіз бен білігіңізді, қайратыңыз бен жігеріңізді халық игілігіне жұмсап келесіз. Екі мемлекет арасында бүгінде атқарып отырған мәмілегерлік міндетіңіз өз алдына бір төбе. Қазақ пен өзбек ежелден достығы берік, мазары да, базары да ортақ, бауырлас халық. Олай болса, алдағы уақытта да ел мен елді рухани біріктірер осындай іргелі істердің басынан табыла бергейсіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметіңізге жеміс тілеймін! Құрметпен, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ 20 шілде, 2009жыл p style="text-align: center;"> Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбековтың « Ұлы істер үндемей тындырылады» атты бұл жазбасы баспадан шыққалы жатқан «Дала даналары» атты кітаптың беташары болып табылады. Мұнда негізгі тақырып Әйтеке би кешенінің қалай салынғаны және осы киелі істі бітірген иманды жеті азамат пен кесенеге қол ұшын берген игі жандардың есімдері ардақталады. Сонымен қатар кесене салу барысында кездескен кейбір пендешілік кедергілер мен біткен іске ие болғысы келгендердің келеңсіз әрекеттері де жас ырын қалмайды. Мақаланың маңызы зор және тағлымды да, тартымды дүние болып шыққандықтан, оқырмандар сұрауы бойынша газетімізде жариялап отырмыз. «Ақиқат храмына аяқ басам десең, өз есебіңді есік алдына қалдыр» деген екен ұлылық. Қандай салмақты сөз! Адам Алладан жақсылықты іштей тілейді, жар сала жариялап сұрамайды ғой. Сол сияқты, мына кезеңдік құбылысқа толы қысқа ғұмырда халқыңның мәңгілік игілігіне жарар сауапты бір іс бастасаң да – көптің көзіне түсіп, көрініп қалу үшін емес, алақаныңа жүрегіңді жайып отырып, «ниетімді қабыл қыла гөр...» деп, құдайдан осы бастаған ісіңнің абыроймен аяқталуын ғана тілейсің. Себебі, таза ниет – несиеге берілмейді... Мына жарық дүниеде төрт құбыласы түгел, мұрат-мақсатына жеткен мұңсыз адамды кездестірген емеспін. Нағыз адам – өзін қарыз адамдай сезінеді жер бетінде. Өйтпесе, өзін масыл ретінде көреді. Себебі өмірге келу де – сын, өмірден кету де – сын. Өмір – өзен болғанымен, адам ағын су емес қой, артына қарай алмайтұғын. Артымызға бұрылып қарайықшы, ізіміз қалды ма екен? Қалмаса, өмірге келіп-кеткенімізден не қайыр?!. Адамның артында қалатын ізі, ол – жасаған ісі. Іс те өз мақсатына қарай бағаланады. Ол бағаны да өзің қоймайсың, қоятын өзгелер. Әділ бағаны беретін Уақыт пен Халық– қашанда қатесіз сыншы! Сондықтан болар, Ұлы істер үндемей тындырылады дейтініміз. Алайда, менің бұл әңгімені қозғауымның өзіндік себебі бар. Әрине, ақиқаттың жолы ауыр екенін білеміз. Көбіне-көп шындық кебісін кием дегенше, өтірік ауылды он айналып шығады. Оған да етіміз үйренген. Бірақ, ең қауіпті өтірік – сәл-пәл бұрмаланған шындық. Осыған байланысты, шырылдаған бір шындықтың бетін ашып, қазақтың атымтай-жомарт жеті Азаматының атын ардақтап, халыққа жеткізуді жөн санадым.

ххх

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау cалмақты сөздің байыбына барып, түп-төркінінен тағылым алған қазақ жұртының ата-бабалар аруағын ардақтап, қадір тұтатын қасиетін білеміз. Асылы, Алла-тағаланың халқымызға қарасып, қолдап, мейірім-шапағатын мол төгуі де нақ осы ниетіне берген қайырымы болар деген ой келеді кейде маған... Мен де қазақтың бір қара баласы ретінде өзімнің өмір жолымда ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімін қайта жаңғыртып, басын көтеріп, тарихи мұрасының сақталуына, сондай-ақ, маңызды мәдени ескерткіштеріміздің қорғалуына әрдайым назар аударып, жете көңіл бөліп, бұл іске бар пәрменіммен перзенттік парызымды қосып келе жатырмын. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жүргенімде, сол тұстағы экономикалық жағдайлардың қиындығына қарамастан, халықты, кәсіпкерлерді жұмылдырып, Бәйдібек бабаның, Домалақ ананың, Бес ананың кесенелерін қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстарын ұйымдастыра алдық. Атқарылған істердің халық рухын көтергенін айтпағанның өзінде, идеологиялық тұрғыдан да мәні зор болды. Айталық, бір сәт тоқсаныншы жылдардағы зауыт-фабрика тоқтап, бюджетке қаржы түспей, жалақы мен зейнетақы қолға тимей, жағдай біршама қиындаған кезеңді еске түсіріп көрейікші. Осы тұста елдің ертеңге деген сенімін жоғалтпай, келер күндердің кемел жақсылығына үмітін оятып, бір мұраттың жолына топтастыра түсу қажет еді. Ал ата-баба рухына тағзым ету–халыққа қашанда рухани күш берген. Осы мақсатпен кесенелерді қалпына келтіру, танымал тұлғалардың есімін жаңғырту сияқты сауапты істерді қолға алдық . Әлі есімде, Бәйдібек баба мен Бес ананың кесенелерінің құрылысына қажетті қаражатты бүкіл ел болып жинағанбыз. Өзімнің рухани ағам Қуаныш Төлеметов екеуміз өнеге көрсетіп, қорға бірінші болып 1000 доллардан қаржы құйдық. Сол жылдардың бағамымен бұл өте қомақты ақша болатын. Ал ақшасы жоқ адамдар малын салды. Сөйтіп, халық аянбай, қолдан келген көмегін қосты. Құрылыстың бірінші кірпішін қалау маған жүктелді. Кесене жобасын Ғабит Садырбаев жасады, ал құрылыс жұмысын менің әкемнің досы Сабыр Рахымұлы Адылов ағамыз басқарды. Айта кету керек, Сабыр Рахымұлы жиырма жылдан астам уақыт Ташкент қаласының бас сәулетшісі болған, көршілес Өзбекстан астанасының айрықша келбетін қалыптастыруға атсалысқан адам. Сөйтіп, Бәйдібек баба мен Бес ананың кесенесі бой түзеді. Осы тұста Домалақ ана кесенесінің құрылысы да қатар жүріп жатты. Мұны қаржыландыруды оңтүстік өңіріне танымал кәсіпкер Алтынбек Төлепбеков өз мойнына алып, ал жобасын белгілі сәулеткер Сайын Назарбеков жасады. Біз бұл жобаны ұзақ талқыладық. Себебі Маңғыстаудың ұлутасына қатысты мәселенің сенімінен гөрі күдігі басым болды. Әрине, ол кезде мұның не екенін біз білген жоқпыз. Ұзақ ойланып, ақылдасып, ақыры осы жобаға тоқталдық. Сол бір өтпелі кезеңде халқымыз үшін атқарылған бұл жұмыстың маңызы аса зор болды. Мен осы объектілердің басы қасында жүрдім десем де болады. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда осы екі кесенеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келіп, өз атынан құлпытас қойды. Ал ашылу салтанатын біз қараша айына жоспарладық. Бірақ ауыл ақсақалдары бұл рәсімді көктемге, яғни күн жылып, жер көктейтін мезгілге қалдыруды өтінді. Біз келісім бердік. 1997 жылғы 9 желтоқсанда мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі міндетін атқарудан босатылдым. Ал аталған кесенелер арада бір жарым жыл өткен соң, яғни 1999 жылдың көктемінде ғана ашылды.

ххх

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен мен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, бірінші рет дипломатиялық жұмысқа тағайындалдым. Елші болу–өте маңызды әрі жауапты жұмыс, оған орасан зор міндеттер жүктеледі. Өйткені елші – Қазақстан Президентінің өзге мемлекеттегі жеке өкілі. Бағзы заманнан-ақ «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» екенін түсіне білген кемеңгер халқымыз дипломатиялық мәселеге ерекше мән берген. Қазақстан мен Өзбекстан – қатар қонған бауырлас, туыс, достас мемлекеттер. Құдай қосып, тағдыр табыстырған көрші. Уақыт пен тарихтың талай-талай тезінен қатар өткен қазақ пен өзбектің рухани тұтастығының тамыры тым тереңде жатыр... Халқымыз: «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда –Түмен баб, Бабтың бабы – Арыстанбаб» – дегенде, осынау қазақ даласында мәңгілік тыныстаған өзбек бауырларымыздың бабаларының мүрделерін меңзесе керек . Ал өзбек жерінде қазақ ұлтының ұлы тұлғалары – Төле би, Әйтеке би, Сейітқұл әулие, Ораз қажы, Жалаңтөс баһадүр, Ақша би сияқты асылдарымыз жерленген. Ал кезінде сопылық орденді басқарып, есімі ислам әлеміне әйгілі болған Бахауддин Нақышбанд бабаға мәңгілік мекен Бұхарадан бұйырған. Бахауддин демекші, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздарға зер салсақ, сонау бір замандарда «Ісім оңға бассын» деп тілеген кез келген мұсылман баласы осы Бахауддин шейхтың дұғасына жүгінген екен. Оның «Бахауддин, бәле керден» деген сиқырлы сөздері бәле-жәледен, ауру-сырқаудан, тіл-көзден сақтауға септігі тиген. Адамдар Бахауддинді әулие тұтып, ұзақ жолға шығарда одан бата алатын болыпты. Кім біледі, аңыз артында ақиқат та жүреді ғой. Бұл жайында мынадай бір аңыз айтылады: ...Ерте, ерте, ертеде Бахауддин Нақышбанд мұсылманның бес парызының бірі – қажылық қарызын өтеу үшін Меккеге, Мединедегі Мұхаммед пайғамбар зиратына, басқа да қасиетті жерлерге баруды ұйғарады. Ол заманда Мекке-Мединеге маңдай түзеген жолаушы үшін дайын ұшақ, не болмаса пойыз қайдан болсын. Мұсылман қауымы қасиетті Кағбаға арып-ашып, жаяулап қана жеткен. Ал осы жолда жаны құрбан болса, оны да сауапты іске жорыған. Бахауддин Нақышбанд та осындай алыс һәм ауыр сапарға аттанады. Қорасан мен Гератты, Бағдат пен Дамаскіні басып өтеді. Сол қажылық сапарынан Бұхараға үш жылдан соң ғана қайтып оралыпты. ...Бахауддин Нақышбанд ұзақ-ұзақ жол жүреді. Талай-талай асу-белдерден, талай-талай қашық елдерден өтеді. Аштық қысады, шөл қинайды. Сонда да алған мақсатынан таймай, алға қарай жүре береді, жүре береді ... Сөйтіп, бір бейтаныс елге, бұрын-соңды атын естіп көрмеген үлкен шаһарға жетеді. Қаланың қақ ортасындағы қайнаған базарға тап болады. Әбден ашығады. Базарда мал сойып жатқан бір адамның жанына келіп, одан тамақ сұрайды. Қасапшы алыстан талып жеткен мүсәпір жолаушыны аяп, малдың шикі бауырының шетінен қанын сорғалатып кесіп береді. «Мұны қуырып берші» дейді оған Бахауддин Нақышбанд. Қасапшы бейтаныс жолаушының мына қылығына қайран қалады. Бірақ қуырып бермейді, әрине... Міне, осы сәтте Бахауддин Нақышбанд қолындағы бауырды жоғары көтеріп, зеңгір көктегі қасиетті Күнге қайырыла одан «Мына бауырды қуырып берші!» деп өтінеді. О, құдырет... со заматта көктегі Күн төмен қарай түсіп, от қызуымен бауырды қуыра, жеуге жарамды етіп, пісіріп береді. Бірақ қасиетті Күн қайтадан жоғары көтерілмей, сол төмендеген деңгейінде қалып қояды. Сөйтіп, Күн бір табан жерге жақындаған соң, осы төңірек түгел бұрынғыдан бетер қызып, ыстық өлкеге айналады. Аңызға қарағанда, бұл әлде Пәкістанның, әлде Үндістанның аумағы екен. Сол мезеттен бастап осы мекен нағыз ыстық аймақтарға айналыпты деседі. Ал Бахауддин Нақышбанд болса әрі қарай жол тартып, Меккеге де жетеді. Алайда, ол жеткенше мұндағы іздеп келген ғұлама адамы дүниеден өтіп те кеткен көрінеді. Бахауддин Нақышбанд онымен көзі тірісінде көрісе алмағанына қатты күйініп, марқұмның зираты басында қырық күн қайғыра аза тұтады . Қырық бірінші күні ғана орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады. Сол сәтте оған бір елес аян беріп: «Қырқына шыдаған соң, қырық біріне де шыдауың керек еді. Бірақ олай болмады. Енді сенің бойыңа ажал қайтару құдіреті емес, бәле қайтару қасиеті қонады» деген дауыс жетеді. Атам қазақтың «Қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдар» деген көне сөзінің түп-төркіні де осыдан шықса керек. Міне, Бахауддин Нақышбандтың қасиетті есімі мен оның «Бахауддин, бәле керден» деген киелі сөздері ұрпақтар санасына осылай сіңіп, ғасырдан-ғасырға осылай жалғасқан. Бұл аңызды маған анам әңгімелеп беріп еді. Ол кісі мұны бала кезінде әкесі Мадуаннан есітіпті. Әруағы риза болсын, халықтық шығармаларды өте көп білген нағашы атам Мадуанның көзі ашық, көңілі ояу, оқыған, жан-жақты білімді адам болғанын да айта кеткім келеді. Ол сонау бір қуғын-сүргін жылдарында Сейітқали Меңдешев сынды белгілі мемлекет қайраткерімен Норильскінің түрмесінде бірге отырған.

ххх

Осындай аңыздар мен тарихи болжамдардың жаңғырығы Самарқан облысы Заминск ауданының аумағында ұлы Дулат бабамыздың жерленгені жайлы жылы бір хабарды жеткізді. 2008 жылдың ерте көктемінде, студенттік кезден бергі үзеңгілес досым Қаражан екеуміз, бабаның бағзы зиратының орнын іздеп жолға шықтық. Ақсақалдар айтқан әр алуан әңгімелерді негізге ала, қолымызға картамызды ұстап, аудан аумағындағы барлық зират-қорымдарды аралап шықтық. Осы іздестіру барысында ежелгі Жібек жолына таяу тұста жерленген Шейіт баба зиратына тап болдық. Бұл шын мәнінде қасиетті жер екен. Жанына шипа, сырқатына дауа іздеп, жер-жерден жеткен орасан көп адамға жолықтық. Жұрттың айтуынша, Шейіт әулиенің зиратынан алған бір уыс топырақты денедегі жараға сепсе, жара лезде жазылып сала береді екен. Не де болса, мұның әлі де жұмбағы шешілмеген өз шындығы бар екені даусыз... Өкінішке қарай, бұл сапарымызда Дулат бабаның зиратын таба алмадық. Жалпы баба зираты турасында әртүрлі болжамдар бар екені мәлім. Бір аңызда Дулат баба Бабырдың әскерімен қосылып, ұлы шайқаста қаза тауыпты, сөйтіп Кашмирде жерленген екен делінеді. Ал Ташкенттен 550 шақырым жердегі Нұрата қаласы маңында әйгілі Әйтеке бидің сүйегі жатқаны жайлы жұртшылық арасында көп айтылып жүретін. Енді Алтынсары мен Қаражан үшеуміз Әйтеке бабаның зиратына барып, тәу етіп қайтуды ұйғардық. Жолға Самарқан арқылы шықтық. Жолай Жалаңтөс баһадүр жерленген жерге әдейі бұрылдық. Жалаңтөс бабамыздың 47 жыл бойы Самарқанның әмірі болғаны, Бұхара ханы Дінмұхаммедтен тәлім-тәрбие көргені, алғаш рет медреседен білім алғаны да бізге біршама белгілі болатын. Ол 1595-1598 жылдары Бағдатта оқып, кейін Бұхара хандығының саяси өміріне қызу араласқан. Сосын хан кеңесінің мүшесі, әскери істер бойынша кеңесші, уәзірдің ішкі мәселелер жөніндегі орынбасары болғанын да білеміз. Содан кейін өмірінің соңына дейін Самарқанды билеген. Ол дәуірде Самарқан әлемдік ғылым орталықтарының бірі еді. Сол заманның Гарварды да, Оксфорды да, Кембриджі де Самарқан болатын. Регистанда үш медресе бар. Оның біреуін Әмір Темірдің немересі, ұлы астроном Ұлықбек салдырыпты. Ал «Шер-дор» – парсы тіліндегі «Арыстанды қақпа», «Тіллә қари» – «Алтынмен апталған» сияқты ұлық медреселер Жалаңтөс баһадүр Самарқанды билеп тұрған кезеңде салынған. Ол ғасырларда түрік тілінің сөздік құрамының үштен екісі парсы сөздерінен тұрған ғой. Медреселердің парсыша аталуы да сондықтан шығар. Батыр баба осы ғимараттарды жорық арасында жүріп тұрғызуына 40 жылдай уақыт жіберген. Қытай, Үндістан, Ираннан түсіп тұрған барлық алым-салықтарды түгел Самарқанның сәулеті үшін жұмсапты. Жалаңтөс жас кезінде-ақ әскери әрі қолбасшылық талантын кеңінен танытып, батыр атағына ие болған. Жоңғарларға қарсы шайқастағы қаһармандық ерлігі үшін 1625 жылы «Аталық» құрметті атағын алған. 1640 жылы 30 мың әскерді басқарып, жоңғардың қалың қолын қиратса, 1643 жылы Орбұлақ шайқасы кезінде Жәңгір ханға көмекке келіп, жоңғар әскерінің тас-талқанын шығарған. Жалаңтөс парсылармен шайқасып, жеңіске жеткен Бұхара армиясына да қолбасшылық жасаған. Кіші жүздің төбе биі атанған Әйтеке бидің атасы Ақша би – Жалаңтөс баһадүрмен бірге туған. Жалаңтөс Самарқанға әмірші болып тұрғанда, ағасы Ақшаны Қоқанға хан сайлатқан дейді. Сексенге қараған шағында қайтыс болған Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі Самарқаннан жиырма шақырымдай қашықтағы Дағбит қыстағында өзі салдырған «Махтум-ағзам» қорымына қойылған.

ххх

Заманында ырысты елдің құтты мекені болып, қазақтың біртуар арыстарының сүйегі қалған көне шаһар Нұрата – Өзбекстанның Науайы облысындағы аудан орталығы. Ел аузында ежелгі Нұратаға қатысты айтылатын аңыздар аз емес. Солардың бірінде былай делінеді: ...Осыдан өте көп жылдар бұрын адамдар шөл далада адасып кетіпті... Таңдайлары кеуіп, әбден қаталап өлетіндей шамаға жеткен жерде алыстан бір нұрлы сәуле көрінгендей болады. Кеуделерінде үміт оты тұтанған олар соңғы күшін жиып, сол нұр төгілген жерге жетіп жығылады. Бұл – айнадай сәулеленген бұлағы бар қасиетті Нұратаның көне жұрты екен... Кезінде Александр Македонский төрт ай жатып, осы бұлақтың шипалы суын ішіп емделген көрінеді. Нұратада оның тұрғызған қамалы да сақталған. Тағы бір аңызда: Адамдардың шөлін басқан бұл бұлақтың пайда болуын – Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Әлидің есімімен байланыстырады. Халықтың шөлін қандырайын деген Әли жерді таяғымен түртіп қалғанда, кәусар бұлақтың көзі ашылыпты деседі. Бұл бұлақтың пайда болуын құлап түскен метеоритпен байланыстыратын да аңыз бар: ....Осыдан 40 мың жыл бұрын аспаннан ағып түскен метеориттің құлаған жерінен бұлақтың мөлдір суы шапшып шығыпты. Жергілікті халық аспан денесінің жерге құлап түсуін «Алла бізге нұрын құйды» деп қабылдаған. Сөйтіп елді мекеннің аты Нұрата атаныпты. Сондай-ақ бұл киелі аймақтың атауы осында жерленген әулие Нұр атаның мазарына да қатысы бар көрінеді. Қалай болғанда да, Нұрата – Науайы облысы аумағындағы әкімшілік, экономикалық, әрі мәдени орталық болуымен қатар, тағылымды тарихи-табиғи ескерткіштердің, қасиетті мазар-кесенелердің де мекені. Чашма бұлақтың кісі көзін арбайтын нұр-сәулесі мен ерекше дәмі, судағы қасиетті балықтардың жұмбақ тіршілігі өз алдына бір хикая. Мәселен, бұлақ суы құрамында алтын, күміс, бром, иод секілді пайдалы минералдар көп. Судың ерекше болуы да содан сияқты. Бұлақтағы қасиетті балықтар, арнаны бойлай еркін жүзеді. Оларға ешкім тиіспейді де, ауламайды да. Бұл балықтардың миграциясын тексергенде, олардың жер астымен 100 шақырымдай жол жүретіні, негізінен су астындағы көк шөппен қоректенетіні, осы арқылы бұлақтың көзін аршып, тазалап отыратыны анықталған. Нұраталықтар ешуақытта бұл бұлақтан өлі балық көрмеген жұрт. Айтпақшы, кейбір жылдары осы бұлақ үстінен кемпірқосақ тәрізді нұр көтеріліп, ол біршама уақыт бойы сумен шағылысып тұратын көрінеді. Оны кез келген кісі көре алмаса керек, ал көрген жан сөзсіз бақытты болады екен! Міне біз сол қасиетті Нұратаға келе жаттық. Түске таяу қалаға кірер ауыздағы қалың қорымға жеткенімізде, есіміз шыққандай, аң-таң боп тұрып қалдық: Жер қайысқан қабірлер. Сейітқұл әулиенің көне кесенесінің қабырғалары үгітіліп, құлап жатыр. Әйгілі Әйтеке бабаның зиратына қалақтай тас қойылыпты. Біз даңқы жер жарған ұлы тұлғаларымыздың сүйегі мәңгілік тыныс тапқан жер бесігіндегі мазарларын мүлде басқаша елестетіп едік. Олай болмай шықты... Қатты қынжылдық. Қаражанның көзіне жас үйірілді... Өйтпегенде ше?! Қаражан – Әйтеке бимен аталас, алты ата Әлімнің Төртқара руынан... Осы бір өкінішті жәйт бізге тап сол сәтте, қалай болғанда да, Әйтеке биге өз тұлғасына лайық етіп кесене тұрғызу міндетін жүктегендей болды. Осы мақсатпен бірден аудан орталығына аттанып, ондағы құрылыс материалдарының нарқымен танысуды бастадық. Біз мәрмар цехына бет алған бойда сонау 1997 жылы Ордабасыда қазақтың үш биіне арнап тұрғызылған стеланы қаптау үшін осы Нұратаның мәрмарын алғызғанымыз есіме түсті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жүрген кезімде, Ордабасыдағы қазіргі стеланы біз 1997 жылы екі ай ішінде көтеріп едік. Құрылысты өзінің таңдаулы мамандарымен бірге Феликс Михайлович Клугман атты азамат пен өзбек шеберлері, расын айтқанда, тегін салып беріп еді. Жұмыс күндіз-түні үш ауысыммен жүргізілгені есімде. Жұмысшылар құрылыс басындағы шатырда тұрған-ды. Мәрмар тақталарды қаламас бұрын, әуелі түр-түсіне қарай күндізгі жарықта іріктеп, жерге қаз-қатар тізіп қойып таңдайтынбыз. Мұны түн ішінде жасау мүмкін емес болатын. Өйткені прожектордың жарығымен шағылысып, мәрмар тақталардың түсі өзгеріп кететін. Клугман мырза бетон жұмыстарын стеланың көтерілуіне қарай жүргізіп отырды. Сөйте тұра ол: «Мұндай құрылыс кем дегенде жарты жыл салынуы керек қой» деп, қынжылыс танытып та қоятын. Облыстың бас сәулетшісі Ғабит Садырбаев мырза мәрмар тақталарды әкелу үшін Нұратаға өзі арнайы барып еді. Өйткені оларды іріктеу мен қалау жұмыстарының сапасына да өзі тікелей жауапты болды. Құрылыс толық аяқталған кезде жұрттың бәрі таң қалысты. Себебі негізгі жұмыстар түн ішінде және өте қысқа мерзімде жүргізілгеніне қарамастан, жиырма сегіз метрлік стела негізгі білігінен ауытқымай, түп-түзу болып шыққаны абырой болды. Нұратаның мәрмар тасының әсемдігі айрықша екен. Соның арқасында стеланың әр беті өзіндік өзгеше реңкімен көз тартып тұрды. Шын мәнінде, бұл ісімізді әруақтар қолдады деп түйіндеуге болар деймін. Еңселі ескерткіш көрнекті болып бой түзеді. Оны Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің қатысуымен ашу жоспарланып еді. Сайып келгенде, ескерткішті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп ашты. Нақ осы Ордабасыда қазақтың үш жүзі мен Орта Азияның басқа да халықтары бірігіп, ортақ жау – жоңғарларға тойтарыс берген болатын. Сол себепті осынау тарихи орында зәулім ескерткіштің ашылуы – барлық халықтар үшін де мәні зор, ерекше оқиға ретінде есте қалды... ...Осы ой үстінде отырып, мен мәрмәр цехына қалай жеткенімізді де байқамай қалдым. Біз келгенде цех директоры жұмыста болмай шықты. Сырқаттанып, үйінде жатыр екен. Цехта оның ұлы Ұлықбекпен жүздестік. Ол бізді үйіне шақырды. Сөйтіп, сол жолы цех директоры Шады акамен және облыс имамы Сайд қажы Насреддин ишанмен бірінші рет таныстық. Шады ака жаны жайсаң ғажап адам болып шықты.Түр-тұлғасы мен сымбаты баяғының батырларына ұқсас, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай иықты келген кісі еді. Өкінішке орай, осы 2010 жылғы 25 шілдеде жетпіске қараған шағында дүниеден озды. Жаратушымыз да жақсы адамдарды бұл дүниеден ертерек алып кетеді деген осы шығар, бәлкім... Сол кездесуде біздің мазар тұрғызсақ деген ойымызды Шады ака бір түрлі шүбәлана қабылдады. Бұлай етуінің өзіндік себептері де бар екен. Оның айтуынша, Әйтеке биге кесене көтермек ниетімен талай адам әрекеттеніп көріпті. Талай мәрте сан алуан қорлар құрылып, талай рет қаражат та жиналыпты. Тіпті осы Науайы облысының әкімі болған Әбдіхалық Айдарқұлов деген қазақ жігітінің өзі де кезінде бұл істен ештеңе өндіре алмағанын айтты... Алайда әйгілі Әйтеке бидің кесенесін көру – жергілікті халықтың ежелгі арманы екенін де жасырған жоқ. Сайд қажының кезінде имам болған арғы бабасы Әйтеке бидің замандас досы болыпты. Қария 125 жыл жасап, өмірден өткен. Бірақ Әйтеке бабаның басы қарайғанын көру бақыты оған да бұйырмапты. «Бабам о дүниеге осы бір жалғыз-ақ арманымен аттанып еді» деп, Сайд қажы жабырқап қалды. Әңгіме үстінде біраз жайттарға қанық болдық. Негізінен Төртқара руынан шыққан жергілікті қазақтар Әйтеке биге мазар салу мақсатында қорға жиналған қаражатқа зират жанынан 6 гектардай жерді ұзақ мерзімді жалға сатып алыпты. Үш мың жылдық тарихы бар бұл қорымда дүниеден өткен өзбек, тәжік, қазақ, қарақалпақтың бәрі қатар жерленген. «Тіріде базарымыз, өлген соң мазарымыз ортақ халықпыз» деген осы шығар... Сөз соңында, Сайд қажы мен Шады аканың біздерге сездірген сенімсіздігіне қарамастан, қайткенде де Әйтеке бабамызға қысқа мерзімде кесене тұрғызу үшін мүмкін болатын да, мүмкін болмайтын да әрекеттің бәрін жасаймыз деп нақ сол жерде уәде бердік. Біздің ойымызды дұрыс түсінген Сайд қажы қолын жайып, батасын беріп, сәттілік тіледі.

ххх

...Алаш арыстары айтқандай, «Әумиін» деп қол жайып, «Әуіп» деп күш алып, «Алла» деп іске кіріспес бұрын, алдымен өз анаммен ақылдасқам, әрине. Көпті көрген кісі емес пе, бастапқыда біраз ойланды: «Ниетің дұрыс-ау, бірақ, бұл кесенені тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, ештеңе тындыра алмай қалған кейбір кісілерден қызғаныш, не іштарлық туып жүрмес пе екен кейін? Біткен іске –қожа да көп, сыншы көп болады. Ал ақиқаттың жолы азап, айдауда жүрмейтін кезі жоқ. Сондықтан, жақсылық жасаймын деп жүріп, жау жинап алмасаң жарар еді... Қайдам, балам, ойлан...» деген алаңдаушылығын білдірді. Алайда, артынан, алған бетімізден қайтпайтынымызға әбден көзі жеткен соң, біздерге амалсыз « Іске сәт» деп, ақ батасын берді. Менің анам, Жұпар Мадуанқызы –Төле бидің кіші ұлы Жоланның жетінші ұрпағы. Зейін-зердесі мықты, бірегей адам. Ал әжем, әкемнің шешесі Ұлту Байтасқызы – Орта жүздің, Қобыланды батыр шыққан Қара қыпшақ руының қызы болатын. Әжемнің анасы да Төле би тегінен, Жолан руының қызы екен. Сондықтан біздің отбасымызда әжемнің менің анама үнемі әзілдеп отыратын: «Төле бабама сенен гөрі мен бір ата жақынмын» деген сөздері көңілге әрдайым күншуағындай қуаныш тудырушы еді...

ххх

Көп ұзамай Казақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Мен Елбасымен Сарыағаш қаласында жүздесіп, Нұрата жерінде Әйтеке биге кесене тұрғызу жобасы жайлы баяндадым. Мемлекет басшысы біздің жоспарымызды толық мақұлдап, құрылысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Ташкентте мен Өзбекстанның тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және қорғау комитетінің төрағасы Равшанбек Мансұров мырзамен таныстым. Біз Елшіліктің кеңесшісі Талғат Ыбырай екеуміз ол кісіге арнайы жолығып, кесене құрылысының жай-жапсарын егжей-тегжейлі кеңестік. Айта кетейін, Равшанбек Мансұров – терең тарихшы, ғалым-этнограф, шын мәніндегі мемлекетшіл адам. Ол кісінің Әйтеке бабаның кесенесін көруді көксеген мыңдаған жанның перзенттік тілегіне қол жеткізуге көп септігі тиді. Ал құрылыс аяқталған соң, «Сейітқұл баба – Әйтеке би» кешенін мемлекеттің қорғауына алынған нысандар тізіміне қосты. Равшанбек мырза жобаның есеп-қисаптық құжаттарын да жедел жасап берді. Осы арада басқа бір кедергі туындады. Өзбекстанның заңнамасы бойынша кесененің ұзыны мен ені екі жағынан да 6 метрден аспауға тиіс екен. Әдепкіде амалсыз келісуге тура келді. Дәл сол күндері Ташкентке Жетісай қаласы арқылы қадірлі ақсақалдарымыз Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков және Ақселеу Сейдімбеков келе қалды. Тура әуежайдың ішінде мен оларды болашақ құрылыстың жобасымен таныстырдым. Әрі баталарын алдым.

ххх

Қалай болғанда да, мен осы іске кірісер алдындағы анамның алаңдаушылығын бір сәт те есімнен шығармай, қолға алып жатқан жұмысымызға іші жыли қоймаған кейбіреулердің тарапынан жеткен қаңқу сөздерге мән бермеуге тырысып, алып-қашпа әңгімеден алшақ жүргім келді. Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба бейіті бір-бірінен 5 жарым метрдей алшақ жатыр. Осыны ескере келе, Равшанбек мырза Әйтеке бидің сүйегін Сейітқұл әулиеге жақындатып қайта жерлеуді ұсынды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Қазақы жолмен келгенде, бұлай істеуге мүлде болмайтын еді. Ал ата жолымен қарасақ, бұл үшін бізді, соның ішінде осы тірлікке түрткі болып жүрген мендей Ұлы жүздің перзентін Кіші жүздің бірде-бір баласы кешірмесі анық-ты. Сондықтан мен оған бұл жағдайдан шығудың басқа жолын қарастырып көруді өтіндім. Ақыры оның шешуі табылды да. Біз кесенені екі камералы қылып соғуды ұйғардық. Осыған қатысты жергілікті республика басшылығы мен біздің арадағы қосымша келісім құжаттары мен жекелеген мәселелерді Мансұров мырзаның өзі ретке келтірді. Бұл бағытта менің байырғы досым, Өзбекстан Президентінің Іс басқарушысы болып істейтін Зелимхон Хайдаров мырзаның да зор қолдауы болғаны рас. Осылайша принципті деген барлық түйінді мәселер шешілген соң, Қаражан, Бернард және менің кіші ұлым Темір төртеуміз Нұратаға қарай жол тарттық. Бейіт басында Сайд қажы құран оқыды, сөйтіп бір қара малды құрбандыққа шалып, етін жоқ-жітік жандарға таратып бердік. Сол жерде біз бұл құрылыс жайында бұқаралық ақпарат құралдары түгілі, көлденең кісіге тіс жармауға, әртүрлі әңгімелер туындамас үшін жұмыс толық біткенше құпия ұстауға келісіп, қол алыстық. Ұлы істер үндемей тындырылады ғой. Біз де осы қағиданы ұстандық.

ххх

Енді ең басты нәрсеге тоқталайын. Әрине, ол – жобаны қаржыландыру мәселесі. Алдымен «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Жұмабек Мұқановқа телефон шалдық. «Қорда қанша ақша бар ?» деп сұрадық. Ол бізге «Қорда ақша жоқ, бірақ Әйтеке би туралы кітап шығаруды жоспарлап жатырмыз, соны сатып, кесене салуға ақша жинаймыз» дегенді айтты. Мен мұның өнімсіз тірлік екенін бірден түсіндім. Соңынан әлі іргесі де қаланбаған кесененің «Ашылу салтанатына арналған» шақыру билеті мен осы қор бастырған қағазының бағасы удай қымбат баспахана өнімдерін көріп көңілім құлазыды. Халықтан жиналған есіл ақшаның осылайша ессіз, жөн-жосықсыз жұмсалғаны қатты қынжылтты... Бұдан кейін мен негізінен Әйтеке бидің ұрпақтары тұратын өңірлердегі алты облыстың әкіміне телефон соқтым. Олардың бәрі де әңгімені мұқият тыңдады. Қаржыландыру жайын ойластыруға уәде берді. Алайда арада екі апта өтсе де, нақты хабар түспеді. Мен де оларды қайта мазалай қойған жоқпын. Қаражат жинаудың басқа жолдарын қарастыру қажеттігін түсіндім. Сөйтіп, Алтынсары, Қаражан үшеуміз не де болса жобаны қаржыландыруды әуелі өзімізден бастауды, сосын жақын достарымызды тартуды ұйғардық. Осы бір күндері мен Шымкентте Жалаңтөс баһадүрдің бір ұрпағы Рахат есімді азаматпен таныстым. Ол аса жомарт жігіт болып шықты. Оған кесене құрылысының проблемасын айта бастағанымда-ақ мені бірден қолдап, мәселені шешуге екі күн мұрсат сұрады. Әрі, сөзінде тұрды да! Тағы бірде Кіші жүз өңірінен шыққан, өзіме жақсы таныс екі жігітпен жүздесіп, оларға да осы проблеманың шетін жеткіздім. Ол екеуі де Шардарадағы «Әйтеке би» қорына екі мәрте 500 доллардан қаржы қосқандарын айтып, менің ұсынысымнан бас тартты. Бұл үдеріске үлкен ұлым Асқар да қосылды. Ол Оңтүстік өңірін өркендетуге елеулі үлес қосқан, ел ағасы Шаһарбек Усмановтың ұлы, жас кәсіпкер Сұлтанмен сөйлесіпті. Беделі биік Шаһарбек ағамен біз баяғыдан бері дос едік. Араны суытпай Шәкеңе өзім телефон шалдым. Ақкөңіл ағамыз: «Мен қаржы қосу ғана емес, өздеріңмен бірге сол құрылыстың басы- қасында жүруге де дайынмын ғой » – деп, жүрегін жайып салды. Расында тура солай болды да! Тіпті кешен құрылысы түгел аяқталып біткен соң да, Шәкең сол жерден қосымша мұражай, мінарат құрылыстарын жалғастырып, кешеннің таусылмайтын тірліктерін түгендеп, мазар маңында жылдар бойы жүріп алды. Рахат бауырым мен Шәкеңнің келісімінен кейін көңіліміз орнына түсіп, келесі күндерге үміт оянды. Сөйтіп жүргенде Асқар хабарласып, қаржыландыру ісіне қосылуға дайын Әйтеке бабаның тағы бір ұрпағы табылғанын жеткізді. Ол – елімізге белгілі кәсіпкер Есенәлі Бәйменов еді. Өзбекстанда министр, вице-премьер секілді лауазымды қызметтер істеген ағайынымыз, қазіргі «Ақ Орда» корпорациясы президенті Ибадулла Қалыбеков ініміз де өзінің жарнасын қосты. Ал Қаражан туған інісі Бернардты іске тартты. Енді біз ата жолымен келгенде, байырғы қазақтың үш жүзінің өкілдерінен бас құраған сегіз азамат болдық. Бәрімізге ортақ ұлы баба жолындағы сауапты істі бөлінбей-жарылмай бірге бастағалы тұрған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған сегіз батырдай сезіндік... Бұлар: мен, Қаражан Сердалиев, Шаһарбек Усманов ағамыз, Рахат Байзақов, Алтынсары Үмбеталиев, Ибадулла Қалыбеков, Есенғали Байменов және Бернард Сердалиев болатын.

Шындық кебісін кием дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді...

...Кесене құрылысын бастап кетер күн де туды. Еңбек демалысын жарты жыл бұрын жоспарлап қойған едім. Мансұров мырзамен екі аптаға демалысқа барып келуге келісіп, жолға шығып кеттім. Мен кеткен соң, екі-үш күннен кейін Равшанбек ака мамандарын ертіп, кесене салынатын жерді өлшеп-пішу үшін Нұратаға жетеді. ...Тап сол уақытта Қазақстаннан тұтас бір делегация сау ете қалсын деңіз... Құрамында Өмірзақ Озғанбаев, Жұмабек Мұқановтар болған. Кейбірі тым көңілді көрінеді... Шыртылдатып суретке түсіп жатыр дейді... Бір бәленің боларын іштей сезген Мансұров мырза сөзге келмей, кері бұрылып кете барады. Арада бірнеше күн өткен соң, облыстық газетте Жұмабек Мұқановтың авторлығымен «Кесене құрылысын бастадық» деген жалған жарнамасымен қоса кесене басында түскен суреттері жарық көреді. Шындықты бұрмалап, мазақ ету мақсатында жазылған бұндай хабарлар сол тұста облыстық, республикалық басылым беттеріне жариялана бастайды. Мамандығы журналист Қаражан бауырым бұл қорлыққа шыдай алмай, жалған дақбыртты жоққа шығару үшін, «Жас алаш» газеті арқылы шынайы әңгімені жеткізуге мәжбүр болады...

ххх

Демалыстан оралсам, құрылыс тоқтап қалған. Салып ұрып Равшанбек акаға жеттім. Оның еңсесі түсіп кеткен. Шамданып отыр. Менің алдыма газетке шыққан Мұқановтың мақаласын сырғыта салып, біздің «Құрылыс салынып біткенше ешкімге ешқандай ақпарат бермейміз» деген уәдемізде тұрмағанымызды есіме салды. Осыған сүйеніп, енді бұл жұмыстан бас тартпақ ойын жеткізді. Қайтеміз, өтіріктің қақпайтын есігі, өтпейтін тесігі болмайды екен! Жалған атақ жамылғандар үшін кешірім сұрап, орнымнан тұрып кетуге тура келді... Арада айға жуық уақыт өтті. Құрылыс тоқтап тұр. Намыс буып барады. Досқа – күлкі, дұшпанға – таба болмас үшін, Мансұров мырзаны қайта айналдырып, бетін бері бұруға күш салдым. Расында, оның осынша шамдануының жөні бар еді. Өйткені, ол “кесене көлеміне” байланысты өтінішімізді ескере отырып, оның артындағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алған болатын. Жалпы, Равшанбек мырза – менімен түйдей құрдас. Оның 115 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден өткен атасы әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың сенімді серігі болыпты. Жалпы Мансұров мырзаның жүзі жылы, жан дүниесі кең адам. Туысқандық тамырлары мен ұлтжандылық сезімі басым түсті ме екен, көп ұзамай бірігіп, кесене құрылысына кірісіп те кеттік. Ендігі мақсат – болашақ объектіні таза сумен қамтамасыз ету үшін скважина қазу. Мұны қаржыландыруды Алтынсары өз мойнына алды. Құдық қазу жұмысын жергілікті мамандар атқарды. Бұл істі Шады аканың баласы Ұлықбек мырза қадағалап отырды. Сөйтіп, қосалқы станция қойып, ауыз суды 136 метр тереңдіктен тартып шығардық. Қысқа мерзім ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегідей тереңнен қазып, жүзбелі іргетас орнаттық. Бұл рәсімді салтанатты жағдайда жасадық. Ал, алғашқы кірпішті қалау құқығын құрметті ағамыз Шаһарбек Усманов мырзаға ұсындық. Құдай қолдап, жұмыс қарқынмен жүрді. Жоба бойынша кесененің ұзындығы 15 метр, ені 9 метр, ал биіктігі 11 метр болып шықты. Төбесін көркем майоликамен қапталған көгілдір күмбез көмкеріп тұрды. Ал күмбездің төменгі жағы сталакиттермен безендірілген. Жұмыстың бәрін аяқтап, көңілімізді бір демдеген тұста, басты кемістікті байқадық. Және ол – жай кемістік емес. Әрі жеңіл-желпі жұмыс та емес еді. Себебі, кесене жанында тұрып қараған адамға күмбездің сталакиттері мүлде көрінбей қалады екен. Оның жақсы көрінуі үшін, кесенеден біршама жер кері шегініп барып қарау қажет. Бұған қатты қынжылдық. Құрылысшыларға да екі жұмыс болатын болды. Қалай етсек те, енді тартынуға болмайтынын түсіндіріп, Равшанбек мырзаны тағы үгіттедім. Ол басын шайқай жүріп, қаптамаларды қайта қопартып, сталакиттерді тағы да 75 сантиметрге көтергізді. Енді қай жағынан қалай қарасаң да көгілдір күмбезіміз жарқырап көрінетіндей биікке жетті! Кесене қабырғасы Әмір Темір заманындағы технология бойынша бірде-бір шегесіз, ешқандай арматурасыз қаланды. Қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрден 2,5 метрге дейін жетеді. Оюлы есіктері мен терезелері жаңғақ ағашынан жасалған. Майоликамен қапталған қасбет бөлігін Құраннан алынып жазылған қасиетті сөздер көркейтіп тұр. Оның әрбір тақтайшасы XYIII ғасырдың үлгісімен қолдан ойылған. Тағы бір айтатын нәрсе, осы маңда, яғни Нұратаның айналасында карьерлер көп орналасқан. Онда көбіне өндірістік жарылыстар болып жатады. Соған сәйкес жер де сілкінбей тұрмайды. Мансұров мырза мұны да ескеріп, кесененің жер тербелісіне төзімдігін Рихтер шкаласы бойынша 10 баллға төтеп беретіндей етіп есептеген. Демек, бұл– кесенеміз, құдай қаласа,мыңдаған жылдар бойы міз бақпай тұрады деген сөз! Біз енді кесене еденін бетондауға кірістік .Сол аралықта Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігінен: «Әйтеке бабаның бас сүйегі Алматыдағы белгілі антрополог Оразақ Ысмағұловтың қолында» деген хабар түсті. Мен дереу ғалыммен телефон арқылы сөйлесіп, зерттеу жұмысы аяқталған соң, бас сүйекті өз уақытында орнына қайтармағаны, әрі ол жайында ешкімге ескертпегені – заңды өрескел бұзғандығы, ол үшін Өзбекстан тәртібіне сәйкес жауапқа тартылатындығы жайлы жеткіздім. Мұндайды күтпеген ғалым әжептеуір алаңдап, қателігін қазір түзеуге әзір екендігін мәлімдеді. Мен тездетіп өзімнің көмекшім Мейірхат Қасымбаевты бас сүйекті Нұратаға жеткізуге жұмсадым. Сол күні Мансұров мырза өзінің барлық мамандарын жинап алып, оларға бас сүйекті мұсылманның салт-ғұрпымен қайта жерлеуді тапсырды. Сол бір тұста маған: «Егер Әйтеке бидің бас сүйегі жөніндегі хабар бізге жетпегенде... біздер еденді бетондап тастағанымызда, бас сүйек сыртта қалып қойғанда... соңы не болар еді?! Нағыз әруақты қорлаушылық болар еді ғой!» деген келеңсіз ой келді. Аллаға шүкір, бұл да болса Ұлы Жаратушының ниетімізді қабыл алып, әруақтардың қолдағаны шығар? Енді бабаларымыздың арманы орындалып, екі елдің ынтымағы арта бергей деп тіледім үнсіз... Құлпытастарды Қазғанның мәрмар тастарынан жасаттық. Әмір Темірдің заманында бұл мәрмар тастарды тек Ұлы Әміршінің Жарлығымен ғана пайдалануға рұқсат етілген екен. Құлпытастар Құран сүрелерімен көмкерілді. Еденге Бұхараның қалы кілемін төседік. Әйтеке би кесенесі салынып біткенде Сайд қажы Насреддин ақсақал нұраталық талай ұрпақтың, соның қатарында өз бабасының да ежелгі арманы орындалғанына балаша қуанды! Өйткені бұл өңірде мұнымен теңесетін кесене жоқ еді. Кесенені бітірген соң, енді осы жерге тұтас бір кешен тұрғызуды ұйғардық. Яғни, кесене жанынан мешіт, мұражай, қонақ үйі, айван, асхана мен тахретхана салып, оны айналдыра кірпішпен қоршаған жөн болар деп келістік. Бірақ кешен құрылысын бастар кезде ойда жоқ жерден тағы бір мәселе туындап қалды. Ол мәселе: Бұл жерді бір кезде «Әйтеке би» қоғамдық қоры ұзақ мерзімге жалға алған екен. Енді олар құрылыс жұмыстарына мейлінше кедергі келтіріп, болмайтын шарттарын қойып, бітіп қалған істің берекесін кетіруге тырысты. Амал жоқ, Мансұров мырза ымыраға көндіру мақсатымен жергілікті қазақ диаспорасының жетекшісін тездетіп Құрылыс Басқарушысының орынбасары етіп тағайындауына тура келді. Мешіт құрылысын Атырау облысындағы достарымыз – Амангелді Барақатов, Орынғали Әлдекенов және Аманжан Рысқалиев мырзалар қаржыландырды. Олардың басын қосып, іске тартқан менің жақын досым, нағыз ұлтжанды азамат Мұхит Ізбанов мырза еді.

ххх

Сонымен, Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба кешенінің қалған объектілерін қаржыландыруды Шаһарбек Усманов ағамыз, Қаражан, Рахат және Бернард бауырларым мойнына алды. Таңдаулы шеберлер шақыртылып, айванның ұстындары мен төбесі, мешіттің есік-терезелері жаңғақ ағашынан ойып орнатылды. Сегіз қырлы, алтын жалатқан хрусталь люстраны «Микон» фирмасы жасап берді. Сырттан тәу етіп келушілердің түнеп шығуына, намаз оқуына қолайлы болуы үшін мешіттің еденін астынан жылытылатын етіп салдық. Жаңғақ ағаштары мыңдаған жылдар бойы мызғымай тұрсын деп, мешіт пен айванның дәл ортасына бассейн орнаттық. Дәретханаға жылы су құбырын тартып, биде қойдық. Кешеннің дуалын бүкіл биіктік бойымен қызыл кірпіштен қаладық. Бұл жұмысты Қазақстандағы белгілі меценат Мүсілімбай Дайырбеков мырза қаржыландырды. Мұражай мен қонақ үйі Шаһарбек Усманов мырзаның қаражатымен көтерілді. Тереңнен тартып шығарылған артезиан суы кешен аумағын көгалдандырып, абаттандыруға мүмкіндік берді. Міне осылай, бар қиындық артта қалып, абыроймен жұмыс та бітті. Таза тілек пен биік парасат қашанда жеңіске жеткізері хақ. Себебі, Жаратқан Иеміздің өзі де пендесінің пейіліне қарап береді емес пе? Осыған шүкір дестік. Шаһарбек аға және Қаражан үшеуміз апта сайын Нұратаға барып, құрылыс барысын қадағалап отырдық. Азанғы төртте шығып, бір мың екі жүз шақырымнан астам жол жүріп, түн ауа қайта оралатынбыз. Осы ретте Елшіліктегі «Мерседес» көлігін жүргізуші Әуелбекке ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Ол ақ жүректі, өз міндетін мінсіз атқаратын азамат екен. Біз құрылысты аяқтап, көңілімізді бір демдеген кезімізде маған бұрылып: «Аға, біз Нұратаға барып-қайту үшін 60 мың километр жол жүріппіз. Бұл – Жер шарын түгел бір жарым рет айналып, саяхаттап шыққанмен бірдей қашықтық» деген еді жымиып.

Әйтеке би кешенін ашуға арнайы барған зиялыларды жарты жолдан қайтарған дәу кім?..

Өкінішке қарай, менің Өзбекстандағы қызмет мерзімім бір жарым жылдан сәл астам уақытты қамтыды. Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалдым. Сондықтан өзіміздің күш-қуатымыз бен маңдай терімізді төгіп тұрғызған кешеннің салтанатты жағдайда ашылуын қаладық. Жергілікті халық та осыны мерекедей күтіп отырды. Әйтеке би кешенінің ашылу рәсімін 31-нші шілдеге белгіледік. Ал 30-ншы шілдеде Төле бабаның қайта қалпына келтірілген кесенесін ашуды жоспарладық. Бұл салтанатты рәсімге Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмірбек Байгелді, Сәбит Оразбаев сынды Ел ағаларын шақырдық. Олар шақыруымызды құп алып, Ташкентке келді де... Өкінішке орай, 30- күнгі Төле бабаның асынан кейін, ертеңіне, Нұратаға аттанбақ болған кезімізде барлық жоспар нілдей бұзылды. Мырзатай ағамыз «Түнімен ауырып шықтым» деп, барудан бас тартты. Марқұм Ақселеу мырзаның көңіл-күйі жап-жақсы сияқты еді, аяқ астынан Нұратаға жол жүрмейтінін жеткізді. Бар айтқаны: «Әулеттің үлкені едім, ертең ауылда ас берілетін, соған қатысуым керек» деді. Мен екі ағамызға да: «Ау, сіздер арнайы Әйтеке би кешенін ашуға келдіңіздер емес пе, енді бармай қалғандарыңыз қалай болады?» деп, ұзақ үгіттедім. Амал қанша, көндіре алмадым. Өмірбек ағамыз да аяқ астынан айныды. Ал Сәбит Оразбаев болса өзіне дәрігерлердің тіпті Ташкентке келуіне зорға рұқсат бергенін ескертіп, елге қайтуға қамдалды. Ендігі бар үміт – Әбекеңде, Әбіш Кекілбаевта. Сол мезгілде құрметті ағамыз «Сарыағаш» шипажайында демалып жатқан кезі болатын. Әрі денсаулық жағдайы да шілденің мына ми қайнатар ыстығындағы алыс жолды көтере алмайтындай жағдайда еді. Төле бабаның басына зорға келгенін түсіндіріп, Әбекең де Нұратаға баруға келісім бере қоймады... Түсінсем бұйырмасын! Ардақты ағаларымыз ат басын тіреп келген мақсатты сапардан аяқ астынан бәрі бірдей неге бұлай бас тартты? Мұның астарында не құпия жатыр? Осы ой мені қатты мазалады... Шындап келгенде, ұлтымыздың үш ірі тұлғасының бірі болған Әйтеке бабаның басын қарайту барша қазақтың соңғы 20 жыл бойғы жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы емес пе еді? Сол мұратқа жетіп, зәулім кесене бой көтергенде – белін буып, алыстан жеткен ақсақалдарымыздың аяқ астынан бұлай бұлғаққа салып, бәрі бірдей қашқақтағанын халыққа қалай түсіндіреміз? Ал қалың қауым Ел ағаларын тағатсыздана күтіп отыр. Осы тұста көнілге бір күдік кіргенін де жасырғым келмейді. Меніңше, Ташкентке аман-есен жеткен ағаларымызға елден ықпалды біреу телефон шалып, Әйтеке бабаның басына аттап баспауын қатаң ескерткен тәрізді. Әйтпесе, бұл қадамды басқаша қалай түсінуге болады?.. Осы бір мезетте мен анамның: «Кесене тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, нәтиже шығара алмаған кісілер тарапынан қызғаныш, не іштарлық туып жүрсе ше..?» деп алаңдауының сырын ұққандай болдым. Сонда қалай, қызғаныш, бәсеке туады екен деп, әуелі әруақтың, қала берді қара халықтың алдындағы перзенттік парызымыздан бас тартуымыз қалды ма? Әрине, «тек жүрген, тоқ жүреді». Бірақ, кеудеде жаның барда, бойыңда қаның барда, намысыңды қамшыламай қалай омалып отырмақсың! Ондай тірілігің кімге керек?!. Қалай болғанда да, Алланың көзі түзу болсын деп түйдім! Енді маған бір ой келді. Ол ой – қалай болғанда да Әбіш ағамыздың осы іс-шараға қатысуын қамтамасыз ету еді. Елшіліктің кеңесшісі Омар Нұржановқа: «Кешеннің ашылу салтанатына Кекілбаевтың қатысуы өте-мөте қажет екендігін, әйтпесе қарапайым халық бізді мүлде түсінбей қалатынын...» қатаң ескерттім. Ол Әбіш ағамызды үгіттеп, ұшақпен болса да әкелуге уәде етті.

Нұратаға нұр жауды...

31 шілде. Біз анам екеуміз таңғы салқынмен Нұратаға қарай жүріп кеттік. Ташкенттен Нұратаға дейін 550 шақырым жер. Шіліңгір шілденің күні күйіп тұр. Қапырық ыстық. Жасы 80- нен асқан анам ұзақ жолдың ауыр соғарын сезсе де, кесененің ашылу рәсімін өз көзімен көруді қалады. Бір жағынан, осы істің басы-қасында жүрген ұлын да қолдағасы келді білем... Осыдан үш күн бұрын ғана біздер Нұратада болып, кешеннің ашылуына арналған сценарийді әзірлеген кезімізде, ауа райы 45 градус болып күйіп тұр еді. Күн астында тұру мүлдем мүмкін емес-ті. Соған қарамастан мен митингіні кешеннің ортасындағы ашық алаңда өткізуді ұсындым. Халықты айванға орналастырып, төралқа үшін күнқағар қалқан әзірлеуді ойластырдық. Шыдағанымызша күн астында болайық, шыдамай бара жатсақ, қонақасы берілетін кафеге қарай көшерміз деп те ұйғардық. Сол сәтте Құдай ауызыма салғандай: «Кесене ашылар күні әруақтардың өздері де қолдайды, көрерсіңдер, күн қоңыр салқын болады» деп, жұрттың көңілін жұбатып қойғанмын. Біз кешенге сағат 11-ге таяу жеткенде, халық жиналып та қалған екен. Күн әдеттегідей күйдіріп тұр. Бұл рәсімге 500-дей адам жиналар деп ойлағанбыз, сөйтсек, қазірдің өзінде келген адам саны 2000-ға таяп қалған. Халық әлі ағылу үстінде... Кенет қайдан шыққаны белгісіз, қою бұлт күннің көзін бүркеп, қоңыр салқын бола қалды. Баяу жел есті. Жиналған қауымның көңілі қош. Осы салқын сәтті пайдаланып, митингіні бастап жіберуге де болар еді, бірақ құрметті қонақты тосуға тура келетінін көпшілікке түсіндірдік. Мәртебелі қонағымыз бір сағаттан соң жетті. Ал төбеміздегі әлігі алақандай ғана қою бұлт әлі де күннің көзін қалқалап, бізді қолдап тұрғандай көрінді. Салтанатты жиынымызды аштық. Әбекеңдей шешен кісінің тарихты тереңнен қозғай, көсіле сөйлеген көсем сөзін жиналған жұрт сілтідей тына тыңдады. Абыз ағамызға ел ризашылығын танытты да. Сөз сөйлеп болған соң, Ташкентке ұшақпен жетіп алу үшін, Әбекең Бұхараға аттанып кетті. Мен енді көпшілік назарын Әйтеке бабамызды ұлықтау жолындағы ұланғайыр істердің ұйытқысы болған ұлтжанды азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов мырзаның осы шараға арнап арнайы жолдаған құттықтау хатына аудардым. Халық та серпіліп қалды. Мінбе жанында Қазақстанның барлық облыстарынан келген делегация басшылары тізіліп тұрды. Бәрі де ақ тілектерін арқалай келген. Қалған тілекті кейінірек кафеде жалғастырсақ қайтеді дегенімізге көнбей, бәрі де дәл қазір, нақ осы алаңда айтып қалуды қалады. Қонағын құдайдай сыйлайтын халық емеспіз бе, ақ түйенің қарыны жарылған күн ғой деп, келісім бердік. Алыстан жеткен ағайын армансыз ағынан жарылсын дедік! Ал көк жүзіндегі айналайын алақандай бұлт күннің көзін көлегейлеп, үш сағатқа жуық қалқан боп тұрды да, кенет «нұрын жауып» жіберді! О, құдырет!.. Әруақ өзі қолдайды деген осы шығар!.. Ұзақ жылдар бойы тамшы тамбаған мына дала төсін сіркірей себелеген жылы жаңбыр жуып өтті! Арада тағы екі сағаттай уақыт салып, қонақасы тарқаған соң, анам екеуміз отбасымыздың атынан арнайы құран оқыту ниетімен кесенеге қайта оралдық. Енді күн астында ұзақ тұру түгілі, бір сәтке қалудың өзі мүмкін емес еді. Бейне бір ыстық табаға салып шыжғырып жатқан тәрізді...

Төле би кесенесі қайта жаңғырды

Бұның алдында баяндап өткенімдей, 30 шілде күні Ташкентте Төле бидің күрделі жөндеуден өткен кесенесін ашып, бабаның аруағына арнап ас бердік. Исі қазаққа аты мәшһүр болған Төле бабаның сүйегі Ташкент шаһарының қақ ортасында, Пайғамбардың ұрпағы – Шейх Хаванд Тахурмен қатар жатқаны белгілі. Заманында «Ақылдың алдаспаны», «Кемеңгердің кемелі», «Білімдінің білгірі» атанған Шейх Хаванд Тахурдың XYI ғасырда салынған кесенесін Ташкенттегі аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірегейі десе болады. Төле би кесенесін 1996 жылы да күрделі жөндеуден өткізген едік. Ол кездегі Ташкент қаласының әкімі – менің досым, жаны жайсаң жан Казим Насырұлы Туляганов болатын. Ол кесененің инфрақұрылымын жасауға зор қолдау көрсетіп, аумағын кеңейту жөнінде шешім шығарып берген-ді. Ал құрылыстың жобалау мен қайта жөндеу жұмысын жиырма жылдан астам Ташкент қаласының бас сәулетшісі болған, Мемлекеттік құрылыс министрінің орынбасары Сабыр Рахымұлы Адылов мырза жүзеге асырған еді. Кешенді қаржыландыру мәселесін Төле бидің тікелей ұрпағы Тынысбек Қалменов мырза өз міндетіне алды. Омарбек Нұржановтың ұйымдастыруымен бірінші болып Киров, Мақтарал және Жетісай аудандарының үш әкімі жарна салды. Кезінде Төле бабаның кесенесіне жапсарлас тұрғызылған көне ғимаратты да сұрап алмақшы болғанбыз. Бірақ, бұл ғимарат мемлекеттің қамқорлығына алынған тарихи игілік болып шықты. Онда 30-ншы жылдары Сәкен Сейфуллин, Ғани Мұратбаев, Тұрар Рысқұлов секілді алаштың ардагерлері жұмыс істепті. Бұдан соң іргелес орналасқан алтын жіппен іс тігетін тігін фабрикасының аумағы есебінен кеңейтпекші болдық. Ташкент қаласының әкімі Казим Туляганов дуалды сыртқа қарай 3 метрге жылжыту туралы шешім шығарды. Әлі есімде, фабрика директоры келбетті келген, аса ірі денелі, аузы толы алтын тістері жарқыраған әйел: «Бұл араға жаңа цех салу жоспарланған» деп, үзілді-кесілді қарсы тұрды. Алайда қала әкімі Туляганов мырзаның өзі араласып, мәселені табан астында біздің пайдамызға шешіп берген еді. Соның арқасында зиярат жасап келушілер түнеп шығатын қонақ үйін, айванды, қазандығы бар ас үйді бір ғимаратқа біріктіріп, тұтас бір кешен тұрғыздық. Бұдан кейін де, қарсы беттегі дуалды 2 метрге ары қарай жылжыту жайлы уағдаласқан едік, мен басқа жұмысқа ауыстым да, бұл мәселе аяқсыз қалған...

ххх

Енді міне, араға 11жыл салып, 2007 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі болып Ташкентке келісімен, бірден Төле бабаның басына бардым. Сонау 1996 жылғы жөндеу жұмыстарынан бері де талай жыл өтті емес пе, тағы бір жаңарту күтіп тұрғаны байқалды. Дәл осы күндері Астанадан жақын достарым – «Қазмұнайгаз» АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин мен Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев мені жаңа қызметіммен құттықтау үшін Ташкентке келе қалды. Мен оларды Төле баба кесенесіне алып келдім. Құран оқытып, зиярат жасап болған соң, үшеуміз бірауыздан кесене мен кешенді жөндеп, жаңарту қажет деп ұйғардық. Сонымен, бригада жалдап, жөндеу жұмыстарын бастадық... Кезек кесенеге келгенде жұмыс өнбей қойды. Құрылысшылардың аң-таң болып аңырап тұрғанын байқадым. Істің мән-жайын түсінуге тырысқанымда, бар аңғарғаным – қабырғаға жағылған бүкіл эмульсия ертіндісінің бояуы сіңбей, ояздалып ағып кете беретіндігі. Мен мұның бәріне құрылысшылардың өзін кінәлап, «сапасыз жұмыстары үшін» сілкілеп жатыр едім, тура сол мезетте бір қария тап болып, бізге жақын келді де: «Шейхантаурдың кесенесінен бастаңдар, сонда жұмыстарың жүреді» – дегені. Аяқасты айтылған бұл ұсынысты ұғып үлгіргенімше әлгі ақсақал көзден ғайып болды. Ол қарияны содан соң қайтып кездестіре алмадық. Ғайыптан пайда болған ақсақалдың ақылымен бабамыздың рухани ұстазы – Шейх Хаванд Тахурдың кесенесін жөндеуге кірістік. Қажетті жерлерін жөндеп, бояп, сырладық. Плафондарын ауыстырдық, жаңадан ковролан төседік. Қысқасы, түгел тәртіптеп болған соң ғана Төле би кесенесіне қайта оралдық. Құдайдың құдіретін қараңыз, расында да, осыдан кейін жұмысымыз жанданып сала берді! Бұхарадан өзбектің бір шеберін шақыртып, кесене қабырғасындағы көркем жазуларды қалпына келтірттік. 2008 жылғы тамыз айындағы Ташкентте болған 7 баллдық жер сілкінісі кесенеге кәдімгідей зиянын тигізіпті. Мен Равшанбек Мансұров мырзаны шақырып, кеңес сұрадым. Ол күрделі реконструкция жасауды ұсынды. Әйтпесе кесененің құлап түсу қауіпі барын түсіндірді. Мен осы ұсынысты Төле бидің барша ұрпақтарына хабарладым, айттым, жеткіздім. Нәтижесінде осынау өте күрделі, әрі аса қымбатқа түскен жұмысты қайырымен қаржыландыруға мүмкіндік туды. Реконструкцияны XYIII ғасырдың кірпіштерімен жүргіздік. Кесененің қасбетін өзгертіп, оны 2 метрге биіктеттік. Жер асты суларының деңгейін төмендету үшін тіке дренаж орнатылды. Тағы бір айта кететін жай, өзбек ағайындар көне заманнан қалған құрылыс материалдарының уақыт сынынан өткен сапасын жақсы білетіндіктен, бұзылған ескі ғимараттардың кірпіштерін ысырап қылмай, пайдаға жарату мақсатында мұқият сақтай білгендігі. Соның нәтижесінде кесененің сыртқы іргесін айналдыра Николай заманындағы кірпіштермен ені 2 метрден асатын айналма жайдақ іргежол салдық. 200 жылға жуық іргетас ретінде пайдаланылған бұл кірпіштердің құрамының ерекшеліктері сол – мүлде ылғал қабылдамайтын көрінеді. Қолдан жасалған майоликадан тұратын қасбетке Құран сүрелерінен үзінділер жазылды. Есіктердің ернеулерін кеңейтіп, өзін жаңғақ ағашынан жасадық. Ішкі есіктер де жаңғақ ағашынан әзірленді. Ең күрделісі күмбезді реконструкциялау болды. Біз оны XYII ғасырдың әдістемесі бойынша майолика және сталакиттерден өрдік. Еденді көтерген кезімізде ешқайсымыз күтпеген, алайда ешкімді бей-жай қалдырмаған көрініске тап болдық. Ол мынау еді: Төле бабаның құлпытасының дәл астынан бос кеңістік көрінді. Сол жерден сап-салқын ауаның лебі ұрды. Прожектор арқылы байқасақ, жер астындағы кеңістік кәдімгідей аумақты екен. Ең бастысы онда биіктігі екі метрдей, төбесі киіз үй шаңырағы тәріздес дөңгелек, қабырғалары кірпішпен өрілген қабір тамы көзге шалынды. Қабірдің күмбезі де, көрдің күмбез тектес ұзын коридоры да кірпіштен өріліпті. Ал қабір тамның қақ ортасында кірпішпен көмкерілген Төле бабаның бейіті жатты... Әрине, бұның бәрі кімді де болса бейтарап қалдыра қоятын жай көрініс емес еді. Біз молдаға құран оқытып, бұл мәселеге кейінірек қалай да қайта оралармыз деп жоспарлап, кесенені жөндеу жұмысын жалғастыруға көштік. Кесененің төменгі бөлігінің ішкі жағын майоликамен қаптадық. Ал жоғарғы жағын күйдірілген кірпіштермен көмкердік. Оның үстін таңдаулы шеберлер жазған көркем сызбалармен безендірдік. Михроб үш түсті алтынмен (қызыл, жолақ, сары түстес) апталды. Ортасына біртұтас оникс тасынан – Ираннан жеткізілген көктастан ұзындығы 1,8 метр, ені 0,6 метр көлеміндегі құлпытас қойылды. Айтпақшы, осы құлпытасты Иранның оңтүстік аймағынан алынған, біртұтас ұзындығы 2 метр болатын мозамбик габбросына орнаттық. Оны орнатудың өзіндік қатаң тәртібі сақталды. Бұл –көне әдіс бойынша дәлме-дәл, сантиметрлеп қана жылжыту арқылы іске асатын, сонымен қоса бірнеше сағаттарға созылып, төзімді тауысатын қиын шаруа екен. Әйтпесе, кез келген шалт қимыл қымбат тасты қақ жарып түсуі мүмкін. Мен осының бәрін көз жазбай қадағалап, іштей қатты мазасызданып отырдым. Тек қана Мансұров мырзаның осы істің бәрін өз міндетіне алып жүргені ғана көңілімді жұбатып тұрды. Құлпытасты тамаша суретші, өз ісінің майталман шебері Рустам ака төрт ай бойы әрлеп, әсемдеді. Құлпытасқа құраннан алынған қасиетті сөздер қашалды. Ал алдыңғы бет жағына – Төле бидің туған жылы мен өмірден өткен жылы көрсетілді. Қапталына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген » деген қанатты сөзі ойылып жазылды. Шындығында кесене күні бүгінге дейін ресми түрде «Қарлығаш би кесенесі» деп аталып келгені мәлім. Нақ осы жолы ғана біз оған «Төле би кесенесі» деген шынайы атын қайтардық. Айта берсек, оның да өз себептері бар. Төле баба халық арасында «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» деген атпен де танымал болған. Бұлай аталуының ел аузында жүрген аңызға бергісіз мынадай ақиқаты айтылады: ...Ел басына күн туып, қалың елге қаһарлы жау тап берген сонау бір зарлы заман екен дейді. Жосыған жоңғар әскеріне төтеп бере алмаған қазақ қолы кейін шегінеді... Ел-жұрт үдере көшкенде, жоңғардың жолында жалғыз киіз үй – Төле бидің еңселі ақ ордасы қасқайып тұрады. «Жау келгенде елмен бірге қашпай, жұртта қалған қандай жүрек жұтқан адам?» – деп таң қала жетіп келген жоңғар қолының басшысына үй иесі Төле би: «Шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Балапандары әлі ұшып үлгерген жоқ. Жау шапса да, қарлығаштың ұясын бұза алмадым» – деген көрінеді. Қарлығашты жоңғарлар да киелі құс санайды екен. Төле бидің сөздері оларға қатты әсер еткені сондай, аттың басын кері бұрған. Бір аңызда осыдан соң жоңғардың қалың қолы ешкімге тиіспей кері қайтыпты десе, енді бір аңызда жау әскері Төле би ауылын айналып өтіпті деседі. Оқиғаның бұдан былай қалай өрбігеніне кім куә дерсің?! Біз білетін бір ақиқат – нақ сол кезден бастап Төле биді халық «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» деп атап кеткен екен...

Бөкей хан кесенесі де тұрғызылды

Кейін мен Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Мәскеуге келгенімде, атыраулық азаматтар, Мұхит Ізбановтың басшылығымен Амангелді Барақатов, Орынғали Әлдекенов және Аманжан Рысқалиев мырзалар Бөкей хан мен оның рухани ұстазы Сейіт бабаның кесенелері құрылысына да белсенділікпен қатысты. Мен Краснояр ауданының Кіші Арал ауылындағы Бөкей ханның зиратына бардым. Бейіт үстіндегі формасы киіз үй тәріздес, мыж-мыж боп майысып, қисайған көне темір қоршауды көріп қайран қалдым. Ешқандай қантөгіссіз, шебер дипломатиялық әдіспен қазақтарды Еуропа аумағына алып келіп, Еділ мен Жайық арасына орда тіккен, сөйтіп бізді еуразиялықтарға айналдырған ұлы ханға әлі күнге дейін елеулі ештеңе ескерілмеген. Білетіндердің баяндауынша, бұл белгіні де оған баласы Жәңгір хан орнатыпты деседі. Алайда 30-ншы жылдардың ойранында осы қоршау трактор табанында тапталыпты... Бөкей ханмен қатар оның тәлімгері әрі рухани ұстазы Сейіт бабаның сүйегі жатыр. Сейіт баба ноғай жұртының қасиетті әулиесі екен. Ол жас кезінде Каирде, Бағдадта, Бұхарада шығыс ғылымдарын оқып үйреніп, Түркістанды, Үндістанды, Арабияны көп аралаған. Жасы келіп, қартайған кезде Ішкі орданың басшысы Бөкей ханның өтінішімен туған жеріне оралып, ислам дінін уағыздап, адамдарды емдеу ісімен айналысқан. Сейіт бабаның тұтастай хандық аумағында, сондай-ақ ноғай даласында ешбір кідіріссіз жүріп-тұруына, сырқат жандарды емдеуіне Бөкей хан толық мүмкіндік беріп, бұл үшін арнаулы грамота белгілеген. Ол Бөкей ханның жеке дәрігері міндетін де атқарған. Сейіт баба 1812 жылы 70 жасында қайтыс болады. Қасиетті адам жерленген осы төбе басында оған зират тұрғызылған. Бөкей хан Сейіт бабаның сүйегі жатқан топырақты ғажайып жер деп санаған және өзін осы кісімен қатар жерлеуді өсиет еткен. Қазір Бөкей ханның сүйегі Сейіт баба зиратының шығыс жағында жатыр. Қазір бұл зиратқа мыңдаған адамдар тәу етіп келеді. Ал ауру жандар Сейіт баба қабірінің ағаш қоршауын шыр айналып, сырқатына дәру іздейді. 2010 жылғы қыркүйекте біз Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин мырза екеуміз Бөкей хан кесенесінің құрылысы жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойдық. Сол күні облыс губернаторымен бірге қазақстандық жеке инвестициялар күшімен жүзеге асырылғалы отырған осы кесене құрылысының алғашқы кірпішін қалау рәсімін өткіздік. Құдай қаласа, кешенді кесене 2011 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің қатысуымен ашылады деп жоспарланды...

Ұлылар рухы – ұрпаққа ұлағат

Осы «Төле баба кесенесі» мен «Сейітқұл әулие – Әйтеке би кешенінің» құрылысына, реконструкциялауына атсалысқан азаматтар түгел тиісті сертификат алды. Бүгінгі таңда Ташкенттегі «Төле би – Шейх Хаван Тахур» кешені жер-жерден ағыла жеткен туристердің тәу ететін қасиетті орнына айналып отыр. Осы ретте мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасына байланысты ой толғаған мына бір сөзін тілге тиек етсем деймін: «Мәдени туризмді дамыту үшін тарихи орындарымызды түгелдей мұражайландыру керек. Түркістанда елі үшін еңіреп, халқы үшін қасық ханы қалғанша күресіп өткен қазақтың қаншама хандары мен билерінің, батырлары мен баһадүрлерінің сүйектері жатыр. Ал көне Отырар – Әл-Фарабидей әлемге әйгілі данышпан бабамызды дүниеге әкелген, Александрия мен Карфаген сияқты әлемдік тарихта теңдесі жоқ кітапханасы болған рухани бесік, Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен сауда кенті. Ендеше, Берел мен Есік қорғандары, Түркістан мен Отырар, Ұлытау мен Сарайшық сияқты мемлекеттілігіміздің алтын бесіктерін жөнге келтіріп, келген туристер көшпенділер өмірін көзге елестете алатындай сол заманның атмосферасын, сол дәуірдің ортасын жасақтау керек. Өзге де тарихи мекендеріміз жайында халықаралық талаптарға сай, терең мазмұнды, жоғары сапалы деректі фильмдер жасап, олардың «Би-би-си», «Дискавери» сияқты әлемдік телеарналардан көрсетілуін де қолға алатын кез келді. Мұндай жобалар біріншіден, қазақ елінің әлемге танылуына ықпал етсе, екіншіден, тарихи орындарымызды дүниежүзілік телеарналардан насихаттау арқылы елімізге келетін туристер ағынын арттыруға да септігі тиер еді...» – деп, туризм мәселесіне терең мән бере тоқталған болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.

ххх

Әйтеке би кешенінің құрылысы аяқталып, Төле бабаның кесенесі қайта жаңғыртылып болған соң маған «Осы қасиетті орындарды зиярат жасаушылардың жаңа маршрутына айналдырсақ ше?!» деген өзгеше бір ой келді. Әрі, таңқаларлық тағы бір нәрсе–бұл үш дананың мәңгілікке тыныстаған жері: бір-бірінен онша қашық та емес, жақын да емес, бір ендіктің бойында болуы. Төле би – Ташкенде, Қазыбек би –Түркістанда, Әйтеке би – Нұратада жатыр. Кіндігінде – Ордабасы! Геометриялық сызба бойынша тура пирамида формалас. Бұл жайсаңдар о дүниеге аттанар алдында «Екі дүниеде де халқымызға рухымызбен қорған болайық» деп келісіп алғандай көрінді бізге. Кім біледі, бәлкім жаратушының өзі де «елді ел қылған» осы үш данышпанның іштей ұйғарымын қош көрді ме екен? Мысалы, мен бұл туристік бағытты былай ұсынған болар едім: Қазақстанның кез келген қаласынан тура Самарқанға (Онда Жалаңтөс баһадүр, Әл Бұхари бабаларға) соғып, одан Нұратаға (Ол жерде Сейітқұл әулие, Әйтеке би кешені, Шашма, Александр Македонский қорғаны бар), әрі қарай Бұхараға (Бахауддин Накышбанд баба кешені, Соманиға) экскурсия жасап, одан қайтып Ташкентке (Шейхантаур, Төле баба кесенелеріне) зиярат жасап, сосын Шымкентке, Сайрамға (Ибраһим ата, Қарашаш ана, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Ордабасы, Арыстанбаб мазарына) тәу етіп, ең соңынан Түркістанмен (Қожа Ахмет Иасауиға экскурсия) аяқтау. Бұл бағыт – бабаларының рухы мәңгілік сабақтасқан бауырлас халықтардың аралас-құралас болып, ынтымағы артуына себеп болар еді. Сонымен қатар, бұл – жай ғана аралап, көріп шығатын саяхат сапары емес, тарихи-танымдық, мәдени-ағартушылық мәні зор маршрут болады деп ойлаймын. Өйткені, тарихымыздың тайқазаны болған оңтүстік өңірі – көне жәдігерлерге бай, ежелгі ескерткіштер Отаны. Сол арқылы халық санасында жүрген көптеген көне шежірелерді тірілтуге, өткен замандардың тағылымды сабақтарын өскелең ұрпаққа терең ұғындыруға мол мүмкіндік туады. Самарқаннан Сайрамға, Ташкенттен Түркістанға дейін жоғарыдағы маршрутпен жүріп өткен кез келген адам бұған анық көз жеткізеді. Әсіресе шетелдік туристердің осы өлкені мекендейтін байырғы қазақ ұлтының ақиқаттан алынған аңыздармен астарлас бай тарихымен жақынырақ танысуына жол ашылады. Аңыз демекші, бұл өңірде ғасырдан ғасырға, атадан балаға мирас болған танымдық әңгімелер аз емес. Шындықтың шырағы ешуақытта сөнбейтіні сияқты, бүгін де олардың шежірелік сырынан гөрі, тарихи айнымас ақиқаты үстем тұр деуге болады. Маршрут мазмұнын байытуға мұндай аңыздардың игі әсер етері сөзсіз. Себебі, шежірелердің астары терең. Мысалы, Арыстан баб – Мұхаммед Пайғамбардың елшісі болып саналған. Оның себебі былай көрінеді: ...Пайғамбар бір күні шәкірттерімен бірге құрма жеп отырады. Сол кезде бір тал құрма ыдыстан қайта-қайта шоршып, дастарханға түсе беріпті. Дәл осы мезетте Пайғамбардың құлағына «Бұл құрма осыдан төрт жүз жылдан кейін туылатын Ахмет деген мұсылман балаға бұйырсын» деген дауыс жетеді. Пайғамбар қасиетті құрманы дастарханнан қолына алып, шәкірттерінің назарын өзіне аудара: «Бұл құрманы иесіне қайсың жеткізер едің?» – деп сұрайды. Бірақ ешкім үндемейді. Екінші қайтара сұраған кезде ғана Арыстан атты бала: «Егерде Сіз Алла-тағаладан төрт жүз жыл ғұмыр сұрап бере алсаңыз, құрманы иесіне мен тапсырайын» – депті. Пайғамбарымыз алты жасар Арыстанға осы аманатты ұсынып тұрып: «Онда жанына дәру іздеген жұрт саған түнесін, менен тілесін» – деген екен. Аңыз бойынша арада төрт жүз жыл өткен соң Арыстан бабамыз Ахмет атты балаға әлігі қасиетті құрманы, яғни Пайғамбардың аманатын аман-есен жеткізеді. Сол Ахмет – ислам әлеміне аты жайылған, сопылық дүниетанымның негізін қалаушы, Мұхаммед Пайғамбардан кейінгі екінші тұлға болып есептелетін Қожа Ахмет Иасауи екені баршамызға аян. Ал Арыстан баб – Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы, әрі жол бастаушысы болып саналады. XII-XYIII ғасырларда бірнеше мәрте қайта салынып, жаңартылған Арыстан баб кесенесі бүгінде мұсылман қауымы мінажат ететін қасиетті орындардың бірі. Бұл мазарда Арыстан бабпен қатар оның бірнеше шәкірттері де жерленген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз о дүниеге аттанар алдында Арыстан бабқа өзінің таспиығын аманат етіпті деседі. Ал Арыстан баб ол таспиықты шәкірті Қожа Ахмет Иасауиге берген екен. Тағы бір аңызда Мұхаммед Пайғамбар түс көріп, өзінен кейін мұсылман әлемінде үш мықты тұлға дүниеге келетінін, олар: Қожа Ахмет Иасауи, Бахауддин Накышбанд және Әл Бұхари екендігін айтып кеткен көрінеді. Қожа Ахмет Иасауидің әкесі шейх Ыбырайым – өз дәуірінің көрнекті қайраткері болған, ал анасы Қарашаш – Мұса деген атақты шейхтың қызы екен. Сайрамдағы Ыбырайым ата мен Қарашаш ананың кесенелері де халық көп зиярат ететін қасиетті мазарлардың бірі. Ойшыл қайраткер, аса көрнекті ақын, ислам ілімі мен мәдениетін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ғибратты өмірі, оның әлемге әйгілі алып кесенесі ел жүрегіндегі берекелі аңыздармен де биіктеп тұр. Түркістан шаһары – мұсылман әлемі үшін екінші Мекке саналатыны да сондықтан. Қожа Ахмет ата-анасының үйінен ақ түйеге мініп шығып, түйем қай жерге шөксе, сол жерге қоныс тебемін дегені, сөйтіп түйесінің шөккен жері – Иасы, қазіргі Түркістан қаласы болып шыққаны, бұның бәрі атақты «Диуани хикматте», яғни «Ақыл кітабында» көркем баяндалуы; ал алпыс үш жасқа толған соң, қалған өмірін жер астындағы қылуетте өткізуі; қайтыс болған соң атақты Әмір Темірдің Саураннан кірпіш тасытып, Қожа Ахмет Иасауиге үлкен кесене тұрғызуы, кесененің алдымен Арыстан бабқа соғылу сыры... – міне, осының бәр-бәрі жолаушы турист үшін аңыздармен астасқан, таптырмайтын тағылымды тарихи мәліметтер. Біз бабалар жайлы неғұрлым жеткілікті білсек, өткеннің даналығын соғұрлым мардымды пайдаланамыз. Мысалы, осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын тәуелсіздігімізді жария етіп, өзіміз ел боламыз, мемлекет боламыз деп әлемге жар салғанда таянышымыз – тек қана бірігу болды. Сол бірлікті күнделікті өміріміздің қалыпты әдетіне, қарым-қатынасымыздың өзегіне, тіршілігіміздің тынысына айналдыруға тырыстық. Соның арқасында еңсемізді тіктеп, әлем санасатын, дүниежүзілік қоғамдастық құрметпен пікірлесетін өркениет өріне өрмелеген берекелі Ел, қуатты Мемлекет болып қалыптасып келеміз. Ойлап отырсақ, осыншама өркениет жасаған, соңына ұлан-байтақ жерді, таусылмайтын дәулет-кенді, тозбайтын салт-дәстүрді қалдырып, шығыс өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан дала данышпандарының үлгісін ұрпақ санасына мүлтіксіз ұялатуымыз керек. «Бірігу–баба аманаты, бөліну – заман қасіреті» деген ұлы ұғымды ұстанып, өз заманында ұлтымызды ұлы бірлікке бастаған үш ұстынымыздың бірі – Төле баба өмірден озарда: «Не арманыңыз бар?» деп сұраған халқына: «Қазақ-қырғыз – бір туған бауыр болдық, бөлінгенін көргенім ауыр болды...» деп, басын шайқай көз жұмған екен. Демек, бірлік – бізге бабалардан қалған Аманат, яғни, Арман, Мұрат, Өсиет. Сондықтан да біздер – байырғы бабалардан қалған «бірігу» саясатын сабақтап, бір бақшада жапырақ жайған мәуелі ағаштай өсіп-өнген бір халықпыз. Көне ғасырлардан тамыр тартқан көк түріктің де, көп түріктің де ата-қоныс, түп-қазығы – осы Ұлы Дала болған! Ендеше Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Орта Азия мемлекеттерінің Одағын құру» идеясын Ұлылық десе болады! Бұл – Ұлы даламыздың даңқын асырып, ортақ тарихымыздың темірқазығы бола білген Дала даналарының мезгілі жеткен мұрат-мақсаты!

Мәскеу қаласы, 2010 жылғы тамыз айы. "Жас қазақ үні"газеті www.qazaquni.kz