ТАТАР ТІЛІ ҮШІН ТАРТЫСҚАН ЕР ТҮРІКТІҢ ЭЛЬМИРАСЫ ЕЛ НАМЫСЫН ОЯТТЫ! Біздің торайдың «баю-баюымен» ұйықтаған «толеранттық» тордағы «құл қазақтар» енді қашан оянар екен?!.

    “МЕН ТАТАР ТІЛІ ҮШІН КЕЗ-КЕЛГЕННІҢ КЕҢІРДЕГІН ҚИЮҒА ДАЙЫНМЫН!” Осындай өткір тақырыппен  ұлттық мүддені қорғаушы Абай.кз  порталында мақала шықты. Онда журналист Жолымбет Мәкішев татардың ер қызының ерлігін нақты баяндап беріп, елді оятуға қадам жасапты. Татардың қаршадай қызы, тележурналист Эльмираның ерлігі  өз елінде өз тілі қорланып жатқанына сағат сайын, сәт сайын куә болып, ашынып  жүргендердің талайын жігерлендіргені анық… «Елдің Ыбырайы -  Ыбырай… біздің Ыбырай-сұмырай»-дегендей,  біздің ертісбаевтардың ертегісін ғана жырлайтын “Хабардың” тілшілері жалақысын сұрағаны үшін қырылған Жаңаөзендіктерді “құтырған иттер” дейді. Бізде құрығанда мемлекеттік БАҚ-тарда істейтін тілшілердің бәрі ауыздарына құм толтырып алады да, сарай «сандуғаштарының» «сазымен» сайрай береді…Бізде тілі үшін тірескен Эльмираны қорғап қалып, ақтап алған ер татарлардай емес,  қайта министрі, әкімі, кеңесшісі бар, оларға мемлекеттік БАҚ тілшілері қосылып сайрап,  Шахановтардың шаңын шығарып жамандай жөнелетіні анық қой...  Кеше ғана Қазақстанның қорғаныс саласы ақша айналымы Ресей рублімен есептесетін болып, оны парламент бекіткенде ең болмаса, емге бір адам қарсы болған жоқ қой... Бүкіл қазақ парламентінен бір Шаханов не бір Элмира табылмады... Онда бір «Нұротанның» өзінде-ақ кеше лауазымды қызметтер істеп, сайлауда жағы талмай сайраған талай сабаз отырған жоқ па? Христиан мерекесі әулие Валентин күнімен құттықтауды ұмытпайтын нұротандық Қаһарманымыз Ертаевтар  қайда қалған? «Рубль болса, әскери қару-жарақтар арзанға түседі екен» деген бейшара пиғыл кімді қанағаттандырады? Ұлттық мүддені сатып, үнемдеген пұл кімге керек? Ертең пұл ғана емес... Тіл тағдыры... Ел тағдыры саудаға түссе, не болады бұл түрімізбен?!. Бізде БАҚ тілшілері  емес, қайта қарапайым қазақ қыздарының намысы  атауға тұрарлық.  Керекудегі бүкіл шовинистермен, бүкіл мәңгүрттермен, қызмет орны үшін ғана өз ұлтына қарсы  нигилис шенеуніктермен жалғыз айқасып келе жатқан Руза Зәйкенқызының ерлігіне, қайтпас қайсарлығына қалай сүйсінбейсің… Қазақ деген тәуелсіз мемлекеттің ұлттық һәм мемлекеттік мүддесі үшін, ұлттық идеологиясы үшін күресіп, үлес қосып жүргендер… соны істеуге тиіс, сол үшін айлық алып отырған жайлы да, майлы орындары үшін тілін, ұлтын сататын, ана тілін білмейтін не білгісі келмейтін, сөйлемейтін ертісбаевтар, ғани қасымовтар, ерлан ыдырысовтар, қаптаған министрлер, әкімдер, жалпы шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер емес… осы Рузалар. Ал біздегі мемлекеттігі бар, жекеменшіктігі бар, БАҚ журналистерінің ішінде Эльмираның ерлігін қайталап, «МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН КЕЗ-КЕЛГЕННІҢ КЕҢІРДЕГІН ҚИЮҒА ДАЙЫНМЫН!» дейтін кім бар? Бізде де шығады… бірақ олар өз ана тілі, һәм мемлекеттік тіл – қазақ тілі үшін емес, кеше өзін құл етіп, отарлаған қожайын тіл – орыс тілі үшін өз ұлтының кеңірдегін қиятындар…  Біздің өз тілін, өз ұлттық мүддесін  қорғайтын өр бола ма  деген журналистеріміз «ерліктерін» ел алдында тыр жалаңаш шешінумен ғана көрсетсе, өзгеден не сұрайсың?! «Елдің Ыбырайы –Ыбырай» деп зарлап келе жатқанымызға берісі 20 жыл болды! Татар тілі үшін тартысқан Ер Түріктің Әльмирасы аттан салып, ұйқыдағы жұртты оятты! Біз қазақтар, енді қашанға дейін шыдар екенбіз! Біздің бесік жыры – әсем әлдиді естіп көрмеген, торайдың «баю-баюымен» ұйықтаған «толеранттық» тордағы «құл қазақтар» енді қашан оянар екен?!. Ал татарлардың Ресей құрамындағы автономиялық республика ғана, ал біздің... Тәуелсіз мемлекет, егемен Қазақстан Республикасы екеніміз ғайыптан тайып еске түсіп кетсе... онда жалаңаяқ, жалаңбас Бетпақдаланы бетке алып, қаңғып кеткің келеді... Немесе... «Жалаңаш қолмен жауға шап, ажалың жетпей, өлмейсің» деп ата-бабалар айтқандай... «Атты әкел!» дегің келеді!...

   Қазыбек ИСА    

"Жас қазақ үні" газеті

www.qazaquni.kz