Әуелі өзіміз қазақтығымызды нығыздайық !

 Кеселді түйін шешілсе...                                         Абай

                «Жас қазақ үні» газетінің 2011 жылғы 22 санында белгілі ғалым, тарихшы, саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғалимен болған сұхбаттың кейбір тұстарына көңіл аударайық. Бұл өте өзекті тақырып. Ғалымның ойынша, елімізді мекен ететін 130 халықтың өкілдері жаппай қазақ халқының ішіне кіріп, сіңіп, қазақ болып кетуі дұрыс тенденция болар еді, ал қазіргі ұлтаралық саясат «қазақ мемлекетінің нығаюына, интеграцияға, ассимиляцияға жұмыс істеуі тиіс олар дезинтеграцияға, сегрегацияға жұмыс істеп жатыр» дей келе, бізге жақын ұлттардың бірі болып саналатын өзбекті мысалға алады. Ол «оқыған, тоқыған, көзі ашық өзбек «мен – тегім өзбек, ұлтым – қазақпын» деп отырса...» деген ойларды көлденең тартқан. Бұл ұсыныстарға толығымен қосылуға болар еді, бірақ күнделікті өмір заңдылығы бұл көзқарасқа керсінше екендігі жайлы ой тұжырымдап, айғақты мысалдар келтіруге бет алайық.

                          Біздің бес жылдай араласып, сыйласып жүрген, қазақшасы судай, орта жастағы жалғызылікті өзбек әйелі бар. Қолдан келген көмегімізді жасауға тырысамыз. Үйге келген сайын төрге отырғызып, құрметімізді жасаймыз. Ол әйелдің тұрмыс жағдайы әрқилы – бірде бар, бірде жоқ. Жоқтықтың, тапшылықтың тауықметін көріп-ақ жүр. Өзі де қиын жағдайын жасырмайды. Соны көре тұра, жанымыз аши, жақын тартып, бірде оған: «Қазақтар арасында жүрсіз ғой, оларға ісіңіз түссе «қазақпын» дей салыңыз, сонда олар сізден барын аямайды, бар көмегін жасайды» деп, дарқан қазақтың сырын біле, жанашырлық білдірдік. Осыны ести сала ол әйел шошынған адамдай, саңқ етіп: «Жоғи, жеті айналып түссем де, қазақпын демеймін» деп, біздің көңілімізге де қарамай, шындығын бетімізге былш еткізгені... Бұл мысал біраз сырды ашып тұр емес пе?! Сонда оқыған, көзі ашық, үлкен дәрежеге жеткен өзбек қазақ бола қояр ма екен?! Өзімізге жақын деген өзбек ұлтының өкілі осыны айтып тұрса, орыс-кавказдықтар мен ауылы алыс басқалары не демек? Өзбекті қазақ қылам деген далбасадан гөрі, өзбектің қазақты өзбек қылуы әлдеқайда оңай болатынына күнделікті көріністерден айқын дәлелдер жеткілікті. Өзбектер өз ұлтына, тұрмыс-тірлігіне өте берік халық. Оған Өзбекстандағы мысалдарды (Генерал Сабыр Рақымов, мыңдаған өзбек болып жазылған қазақтар азаматтығы тарихын) былай қойғанда, Астананың төрінде «Кишлак», ортасында «Бухара», «Самарканд», «Абдулла», «Али баба» тағысын-тағы өзбекше әрлендірілген жүздеген ұлттық ресторандарды еске алсаңыз, аз көрінбес. Еліміздің құрылыстарында, арамызда үлкенді-кішілі жұмыс атқарып жүрген өзбектердің «таң атақаннан, күн батқанға» дейін өздерінің ұлттық әуендерін дауыстатып тыңдайтынын әркім көзімен көріп, құлағымен естіген. Бұл да көп дүниенің сырын ашып тұр. Ал өзбекпен қоса, басқа ұлттардың өкілдерін қазақтандыру саясаты олардың тарапынан наразылықты тудыра, бара-бара өршіп, ұлтаралық араздыққа түрткі болары анық. Сондықтан ғалым Әзімбай Ғали теориясының олқылығы, өмір талабынан алшақтығы айдан анық. Өкінішке қарай, айырықша атап өтетін дүние, ол – көпшілік қазақтың өзінің қазақтығы нық, ұлттық болмысы нығыз болмай тұрғанда, басқа халықтарды қазаққа араластыра сіңдіруді – әзірге шөлейттегі сағымдай қиял ретінде қабылдағанымыз жөн. Айтылғанды айғақтайтын ащы шындықты айтуға тура келіп тұр. Ол, біріншіден, қазақтың көпшілігі қазақтықтың басты айшықты белгісі – ана тілін білмейді (бұрындары берілген мәліметтерге сай 40-тай пайызы), ал білгендері (50 пайыздайы) қазақша сөйлемейді. Бұл келеңсіз құбылыс нені айқындап тұр? Қазақтың ұлт ретінде сана-сезімінің осалдығы, мызғымас тұтастығының қалыптаспағандығы, біріңғай түсінігі бірбеткей тоғыспағандығы, қатарлары нығаймағандығы жәйлі жағымсыз көрсеткіш. Осындай босаң ұлт бола тұрсақ та, ғалым Әзімбай Ғали айтқандай, басқа ұлттардың қазақтарға сіңісіп кетуі неғайбыл. Сіңіспейді де. Олардың ұлттық сана-сезімі берік. Ең әуелгі міндет – қазақтың өзі қазақ болуын қамдасын. Өйткені бұл құбылыс керісінше сипат алып кетуі әбден ықтимал. Басқа ұлттарды қазақыландырамыз деп жүргенде, қазақтың өзі басқа ұлттарға сіңіп, өз табиғи тұлғасынан, тілінен, ділінен, ерекшелігінен айырылып қалу қаупі өте зор. Оған байланысты дәлелді құбылыстар жеткілікті. Екіншіден, «тіл қасіретінен» кейінгі тағы бір кең етек алып бара жатқан жөнсіз үрдіс – қандастарымыздың басқа халықтарға еліктегіштігі, олардың бөтен ұлттың өкілдері болуға тырысып бағатындықтары: қазақи өзіне тән табиғи келбетінен арылуы. Соларға ұқсас болуға, олардың тілімен сөйлеуге, солардың киімін, шаш қойысын үлгі етіп, есімдерін алуға бас ұру. Қысқасы, олардың қазақтан алшақтауы, басқа ұлттардың ықпалына түсуі. Тәй-тәй басқан балдырғандардан бастап, бойтүзеген бозбалалардың ерте ғасырдағы қытайлықтарға ұқсап қарағұсынан қысқа өрілген селтеңдеген бұрым жіберуін жиі кезіктіріп жүрміз (қытай киноларының кеіпкерлеріне еліктеуден туған құбылыс). Атам заманынан балаларға тән қазақи айдар ғана болатын еді ғой. Атақты Сарыағаштың тумасы, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков жерлестеріне айтқан назы ретінде: «Оңтүстік өңірдің қазақтарының қай тойларына бара қалсаңыз да, өзбек тойы ма деп қаласыз, жұрттың тыңдаған әуен-ырғағы да, жаппай дүркірей билеген биілері де өзбекше» деген өкініш ойына ортақпыз. Жастарымыздың арасында Сергей, Виктор, Света, Зоя, Зина, Мира, Ринат, Фарид, Арсен, Алан, Алишер,Тахир, Фархат, Зухра, Радж, Индира, Артур, Венера, Аида тағысын-тағыларына ұқсас есімдер жиі кездеседі. Тіпті, күлкіге қалатын есімдердің де кездесетін мысалдары жетілікті. Осыдан жарты ғасыр бұрын жазушы Берқайыр Аманшин «Мәдениет және тұрмыс» журналының бетінде ел арасында «Комаров» (ғарышкер), «Портфель», тіпті «Дизентерия»(жұқпалы ауру) деген есімдерді кезіктіргендігін намыстана жазған еді. Қадірменді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бір естелігінде: «Бірде ауылдың төңірегінде шаруашылықтың жағдайымен танысып келе жатқанымызда, шамасы жеті жастағы кішкене бала алдымнан шығып, сәлемдесті. Одан: «Атың кім, қалқам?» дегенімде, оның: «Каганович» (Лазарь Каганович – Кеңес заманының мемлекет қайраткері) деп жауап бергенін» әзіл мысал ретінде келтіреді. Осы мысалдар да талай сырды ашып тұрғанына сенерсіз. Республикалық статистика агенттігінің мәлметтеріне қарағанда, кейінгі 11 жылда ұлтаралық некелесу салты көбейген. 1999 жылы ондай некеге отыру саны 18 402 болса, 2010 жылы 25 669-ға дейін көтерілген. Басқа ұлттармен некелесуге баратын халықтар арасында орыстар мен қазақтар алдыңғы қатарда екен. Бұндай некеге орыстар 8841 рет, ал қазақтар 4246 рет бел буған екен. Әрине, махаббат пен сүйіспеншілік үстем құрған жерге біздің жорамыз жүрмейтіні заңды да. Осы құбылыстың ойлантатын бір тұсы бар. Әрұлттық жанұяда туып-өскен балалар кім болып қалыптасады екен, қай ұлтқа ыңғай береді екен? Өйткені көбіне қазақтардан туған балалардың өздерінің қазақи табиғаты шамалы екеніне бәріміз Алланың алдында куә бола аламыз. Ана тілін білмейді, білсе де – сөйлемейді. Бірін бірі «мамбет, мамбич, ауылбай, қазақбай» деп кемсітеді; кішіректері бірін-бірі «қазақ-тармазақ» деп мазақтайды. Осы сөзтіркестегі «тармазақ» сөзі қазақ сөз қорында орын алмаса да, қазақ балаларының оны ести «безек қағуына» себеп болып жұр. Осындай «салмақсыз» себептерден, жеткіншектер жастайынан қазақтықтан бірте-бірте жериді. Одан қалды, үлкенді-кішілердің де қазақи ортада жөнсіз түйдектеткен орысшасы аузынан түспейді немесе орысша-қазақшаны араластыра бұйдақтатады. Сырт көзге сөкет болса да, оған мән берер жан шамалы. Бұл мәдениетті, намысы бар адамдардың ісі емес. Сондықтан Ұлы Абай айтқандай, қашанғы «қазақтың жауы қазақ» болмақ ?! Неге қазақша сөйлесіп, түсіністік таппасқа? Ала-құла болғандықтан қазақтың итке де, құсқа да жем болып жүргені аз ба? Неге Анамыздың ақ сүтімен тәнімізге дарыған ана тілімен бір-біріміздің жүрегімізге жол таппасқа?! Неге ана тілі арқылы жеткен түсіністігімізді ұран қылып, көк байрағымызды жалаулата, Тәуелсіздігімізді одан асыра жандандырмасқа?! Біреуіміз ойға, біреуіміз қырға тартқаннан пайда не?! Еске алсақ, қатығез тоталитарлық кеңес заманының өзінде «алыптар тобының» бірі Ғабит Мүсірепов «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін жазғанда, халықтың қамы үшін басын қатерге тігіп, ұрпаққа ұран болып қалатын өсиетті сөздерді кинофильм қаһармандарының аузына салуы бекерден-бекер емес. Сол фильмдегі салиқалы бір ақсақал «арамыз ыдыраса Ел болып қалай қаламыз, кең байтақ жерімізге қызыға қөз тігіп отырған дұшпандар аз ба?» деп күңіренеді. Сол кезде осы салмақты ұран көкірегімізге қонып, ой салды ма?! Қысқасы, қазақилығымызды нығыздау үшін, тәуелсіз еліміздің туын берік ұстау үшін, туған жерімізді ұлықтау үшін істелер жұмыстар көлемі әлі де ғаламат. Осы бағытта ешкім де бейқам қалмауы абзал. Осыларды жүзеге асыру үшін намысы бар, көкірек көзі ашық, сана-сезімі сергек, ұлтжанды жерлестерімізге салиқалы ой, сабырлық пен тереңпайымдаушылық жансерігі ретінде жүрегінің тұсынан орын алса деген үміттеміз. Осы орайда айта кетер үлкен ой, ол «қазақты қазақтандыру» бағытында біздің ғалымдарымыздың зерделі ізденістеріне негізделген үлестері қомақты болуы керек. Олар қазақтықтан үрке қашатын, ана тілін аузына алмайтындардың психологиясын терең зерттеп, әлеуметтік, қоғамдық, тарихи себептерін ашып, мемлекеттік органдарға қажетті де тиесілі бағдарламалар жасау бағытына арналған құнды ұсыныстарын беріп, олардың өміршеңдік жетістіктеріне жету үлкен іс болар еді. Кемеңгер Абай бір ғасыр бұрын жиырма бесінші сөзінде: «Қазаққа күзетші («қамқоршы, жанашыр» деп түсінгеніміз жөн – Н.Сәдуақасов) болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деп, қалың жұртқа салмақты ой тастаған. Осы бағытта талпныстар жасайтын ынта-жігеріміз бар ма?! Ең бастысы, қазақ әуелі өзі «нық қазақ» болуы бірінші парыз-мақсат, содан кейінгі түйінді мәселелер кезегімен шешілуі тиіс. Біртұтастықты қалыптастырып, қазақ ұлтын нығайту, жаһандағы өркениетке жағымды, биік те әділетті бағытты басшылыққа алып, шынайы асыл құндылықтарды орнықтыруға, әспеттеуге атсалысу әр елдесіміздің қасиетті борышы болуы хақ. Ұстанған өрелі мақсатымыздан тапжылмай, асқақ дәрежеге жету үшін қайратымызды намысқа қайрап алып, ынта-жігерімізді аямайық, ағайын. Алда қазақтыққа төніп келе жатқан үлкен сын бар екендігі баршаңызға аян.                                                                                                                                                                                                                           Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,                                                                                                                                                                                                                                                                   заңгер