Сұлтанәлі Балғабай: Тілі будан тұқым ұлт үшін өте қауіпті

– Сұлтанәлі аға, бір шығармаңызда: «Өткен  ғасыр қазақ халқы үшін  қасіреті мол ғасыр болды» депсіз, неліктен? – Кез-келген халықтың тағдырында ұмытылмайтын қайғылы кезеңдері болады. Ол қазақ халқы үшін өткен – ХХ ғасыр. Осында қырылған кім – қазақ. Озбырлық пен әділетсіздіктің құрбаны болған кім – қазақ.  Асылған, атылған, айдалған кім – қазақ.  Басқа халықтар аман-есен, өсіп-өніп жатқанда қазаққа зауал қайдан келді. Осыны зерттеп, зерделеп айтар болсақ: бұл нәубеттің барлығы қолдан ұйымдастырылған, қазақты ұлт ретінде жойып жіберудің жоспарлы түрде іске асқандығы. Бұған Сталиннің сіңірген үлесі көп. Отызыншы жылдардың аяғындағы репрессия кезінде анық аңғарылып тұрды. Қазақстанға өзінің туған бажасы, НКВД-ның ең қатыгез жендеті Реденсті жіберіп, нәтижесінде қазақтарды қырып-жою  науқаны көрші республикалардан асып кетті. Ақыры не болды. Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған рухани азғындауға ұшырады. Бүтін ұлттың жартысы ана тілінен ажырады. Тіпті осылай кете берсек ұлт ретінде жойылып кету қаупі бар. Осы шындықты мойындайтын кез жетті деп ойлаймын. Өйткені, бүгінгі қоғам адамның қай ұлтқа жататынын тек төлқұжатына қарап ажырататын болды. –  Төлқұжатына қарап ұлттын ажырату қате ме, сонда? – Түбірімен қате.  Осы үрдістің етек алғаны соншалық билік маңында жүрген басқа ұлт адамдарының бәрі қазір төлқұжаттарына «қазақ» деп жазылып жатыр. Әрине, бұны халықты сыйлағаны деп айтуға болатын шығар. Екінші жағынан кез келген адамның қай ұлтқа жататынын анықтайтын құрал – оның ана тілі болуы керек. Қазақша бір ауыз сөз білмейтін, ұлтының мәдениетінен, салт-дәстүрінен мақұрым, киген киімі, ішкен тамағынан тартып, тұрмысы, психологиясы, түсінігі, дүние танымы, орыстанып кеткен адам өзін қалайша қазақпын деп есептейді. Осыған байланысты қазақ ұлттының өкілі болу үшін қандай алғышарттар қажет, осыны халыққа түсіндіре отырып нақтылап алуымыз керек. – Бұл пікіріңіз біздің зайырлы қоғам үшін жат емес пе? – Егер осыны осы бастан бір жағына шығарып алмасақ, ащы шындықтың басын ашып алмасақ, қай тілде сөйлесе де бәрі бір, тек түрі қазаққа ұқсағанды «қазақ» деп танысақ, біз ұлт ретінде ұзаққа бармаймыз. Көп қазақтың өз тегіне деген мәңгүрттік көзқарасы ешқашан өзгермейді. Нәтижесінде түрі қазаққа жақын, тілі орысша жаңадан бір халық пайда болады.  Мұндай будан тұқымда иман болмайды. Тілі будан тұқым ұлт үшін өте қауіпті. Бұл тіпті бізді былай қойғанда күллі адамзат үшін қауіпті құбылыс. – Неге? – Адамзат тарихында жаңадан пайда болған будан тұқымдар аса қатыгездігімен тарихта белгілі. Өйткені ол Алла жаратқан байырғы бір ұлтты құрту арқылы дүниеге келіп отыр. Бұл адам өлтіргеннен де зор қылмыс. Өзінің туған тұқымын, ата-бабасының  қанын аямаған адам басқа халықты да аямайды. – Мұндайда келеңсіз құбылысты қоғам немесе билік байқамай қалды делік. Ұлттың зиялы қауымы, көсемі, дейтіндер болуы еді ғой, олар неге үнсіз? –  Кез-келген халықтың дамуына  ұлт зиялыларының тигізетін пайдасы үлкен. Олар халқына төніп келе жатқан қауіпті алдын-ала сезіп, дабыл қағып, шырылдап дұрыс жолды нұсқауы керек. Өкінішке орай, біздің зиялы қауым дәрменсіз. Кім көрінгенге тәуелді. Қайта бізге қарағанда сонау отызыншы жылдары айтарын айтып, құрбан болып кеткен ұрпақ бақытты. Осылардың жазып-сызып кеткен дүниелерін оқып отырсаңыз, сол заманда-ақ шырылдаған, осындай күйге тап боларымызды сол кезде-ақ білген. Бүгінгі зиялыларды көш­басшылық қабілеттен айырған, саясаттың қол баласына айналдырып жіберген дерт: атақ және қызмет құмарлық. Көбіміз: «атақтан құр қалдық, кіта­бымыздың тиражсы аз, орден таға алмай қалдық, кітаптарымызды ешкім оқымайды» – деген де, дауы­­сымыз қаттырақ естіледі.  Бүйтіп зарлағанша жаз­ғанда­рымызды оқитын ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуымыз керек еді ғой. – Қайраткер ағаларымыз: «Халыққа біз сияқты қызмет еткен ешкім жоқ» деп, естеліктер жазып жатыр ғой? – Міне, осындай теріс түсініктер терең қанат жаймас үшін «халыққа қызмет етудің» мән-мағынасын ашып алуымыз керек.  Сондықтан халқына қызмет етушілерге арнап: «Сіз халқыңыздың рухани дағдырыстан шығуына қандай көмек жасадыңыз?! Ана тілін қорғауда не бітірдіңіз?! Қазақша қанша мектеп аштыңыз?! Шетелдегі тоз-тоз болып кеткен қанша қазақты көшіріп алдыңыз?!» деген сияқты сұрақтар қойылуы керек. Осы мәселеге келгенде көбінің жер шұқып қалары анық. Тек өзінің қарақан басының қамы, бала-шағасының  жағдайы үшін «қайраткер» болып көрінетін алдамшы көрініс алысқа апармайды. Нағыз жанкештілікпен адал қызмет еткен тұлғаларын халықта ұмытпайды. – Осы қайраткер зиялы ағаларымыздың көбінің балалары ана тілін білмейтін сияқты. Сөйте тұра өздері… – Аржағын айтпай тұра тұр. Оны бәрі біледі. Дәл қазір байырғы ұлттық қалпымызға келетін зор мүмкіндік туып тұр. Елбасы Нұрсүлтан Әбішұлы барлық мүмкіндіктерге жол ашып қойды. Соған қарамастан мәңгүрттік түсініктен танбай отырмыз. Сенің мына сұрағыңа байланысты бір мысал айтайын. Мен жасы жетпістен асып бара жатқан бір зиялы ақсақалды білемін. Дербес зейнеткер, оқыған-тоқыған адам. Әйтседе өзінің балалары, немерелерінің біреуі бір сөз қазақша білмейді. Ұлттық сана, дәстүр дегендерден жұрдай. Ертең ақсақалдың көзі жұмылар болса, артында қазақтың иісі де қалмайды. Осылай сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бір әулеттің ұлттық қасиеті өшті. Осыны әлгі ақсақалдың мүлдем ойламайтыны мені таң қалдырды. Өзінің, ұрпағының құрдымға кетіп бара жатқанын сезіне алмау, бұл жақсы нышан емес. – Сіздің пайымыз бойынша ұлтты сақтап қалатын дүние «Тіл» болғаны ма? – Өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап, туған тілін қадір тұтып, туған жерін сүйіп отырған жұртқа сырттан келіп ешкім тиіспейді. Өйткені онда тіл тұтастығы бар. Ал,  керісінше ұлттық қасиетінен айырылып, ассимиляцияға ұшырап, орыстанып кетсек, сырттан қарағандарға Ресейдің бір бөлігі сияқты көрінеміз. Содан кейін Ресейге қосылу керек дейтін дәлел күшейе түседі. Ондай пікірлер көрші елдің тәуелсіз баспасөздерінде ара-тұра болса да қылаң беріп жүр. Бұл тегін емес. Түбі осыны «рускоязычное населениенің» отарына қосылып кеткен  қандастарымыздың өзі-ақ бір күні осы мәселені бықсытуы  әбден мүмкін. Осының барлығы, айналып келгенде, «тіл мәселесінің» қаншалықты күрделі екенін көрсетіп тұр. – Сонда не істеуіміз керек? – Сол себепті үкіметіміз солтүстік облыстарда қазақ тілін жандандыруды еліміздің болашақ тағдырына қатысты мәселе деп қарап, айырықша көңіл бөлуі керек. Және осыған тез арада, жедел түрде кіріскені жөн. Дәл бүгінгі жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлейтін трагикомедиялық жағдай өзгермей тұрғанда қаншама дабырайтқанымызбен тәуелсіздіктің де, бостандықтың да ауылы алыс. Өзінің тілінен ажыраған адамға ұлттық бостандықтың құны бес тиын. Ондай адам бұрынғы отаршылық күнін аңсайды. Міне тәуелсіздіктің қас жауы осылар. Біз биік мінберлерден анда-санда «Қазақ болайық!», «Қазақ тілінің мерейін өсірейік!» деп айғайлап қойып, бала-шағаларымызды бұрынғыдай орыс мектептеріне тоғыта берсек, қайтіп қазақ болмақпыз. Сөзіміз бөлек, ісіміз одан да бөлек. Бұл енді сыпайлап айтқанда екіжүзділік. – Тілді дамытуға тиіс мемле­кетік мекемелер, қоғамдық ұйым­дар толып жатыр. Осылардың ештемеге шамасы келмей ме? –  Осы сіз айтып отырған мекемелердің ісіне қарап отырсаңыз, көбінің айтатын өзекті мәселелері – көшенің, елді мекендердің атын өзгерту, терминдерді түзеу, әртүрлі басылымдар шығару. Әрине, бұл жақсы.  Тигізетін көмегі де зор. Бірақ бұның барлығы – бірінші мәселе емес. Қаланың, көшенің атауларын сәл кешіктіре тұрсақ ұтыла қоймаймыз. Ал, ұрпағымызды қазақша оқыта алмасақ нағыз сорлағанды сонда көреміз. Сол себепті ең бірінші мәселе ретінде – Ана тілі тұруы тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында фамилия өзгерту деген науқан болды. Сан құбылып, қоғамдық пікір дәрежесіне көтерілді. Кәне, фимилия өзгергеннен түгелдей қазақ болып кеткеніміз. Бос сөз, есіл уақыт текке өтіп кеткен. Бүгін бала қазақша оқып, қазақша білім алмаса ертең мың жерден қайырсаңда кеш. Өліп кетсе де үйіріне қайта қосылмайды. Өкінішке қарай, біздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оянған  ұлтжанды сезіміз он жылға жетпеді. Қайтадан суалып, өшіп барамыз. Соңғы жылдары қазақ мектебінде оқып жүрген баласын орыс мектебіне ауыстыру күрт көбейді. Оны әр адамның заң алдындағы құқы деп қарап отырмыз. Сенбесеңіз, қаладағы орыс мектептеріне барып көріңіз – кез-келген сыныптан бұрын бірнеше жыл қазақша оқыған, оны тастап орысшаға ауысқан қаракөз ұл-қыздарды кездестіресіз. Тіпті бірінші сыныпты қазақша оқыған, одан үмітін үзіп қайтадан орысша бірінші сыныпта отырған балалар бар. Ашығын айтқанда,  қазақ тіліне деген қарқынды жұмыс азайған, көтерген ұран қожыраған, жігер жасыған кепке түстік. Халықтың тіліне деген үміті мен сенімі сетінеп барады. Одан да жаман нәрсе, бастабында тіл үйренуге ұмтылыс білдірген басқа халықтар «қазақтың өзіне қажеті жоқ тілді мен қайтпекпін» дегендей күйге түсті. Оған кінәлі өзіміз. Баяғы қанға сіңіп кеткен құлдықтың кесірі. Жалпы, Қазақстанда туып өскен, қазақ халқымен өмір бойы бірге келе жатқан, қазақтың нанын жеп биік мансапқа қолы жеткен, азаматтар айына бір сөз үйренгенде ендігі біраз жерге барып қалар еді ғой. Мемлекеттік тілден хабары жоқ адамның мемлекеттік қызметте отыруы біздің елде ғана бар дүние шығар. – Соңғы кезде қазақ тілін білмегені үшін кемсітуге болмайды деген пікір қалыптасып үлгерді. Тілге қойылған нағыз тұсау осы емес пе? – Қазақ тілін білмегені үшін кемсітушілікке ұшыратуға болмайды дейтін  қате түсінік қалыптасты. Дұрыс делік. Тілін білмегені үшін сыйлап, сыйпайық. Сөйте тұра, орыс тілін білмегені үшін кемсітушілікке ұшырап, ар намысы аяққа тапталып жүрген оралмандардың құқығын кім қорғайды. Олар әлде қазақ болып туғаны үшін осындай кемсітушілікке ұшырауға тиіс пе?!. Ойлап қарасаңыз, барып тұрған  қайшылық. Екіншіден, қазақ тілін білмегені үшін олар мемлекеттің жұмысына зиян келтіріп отыр. Елбасының тіл саясатын ілгері бастырмай тұсаулап отырғандар да осылар. Шын мәнінде, үкіметтің қаулы, қарарымен, жарлық-нұсқауымен дамыған тіл болған емес. Қазақ тілі де солай. Егер біздің әрқайсымыз өзіміз ұмтылмасақ, ұлттық қадір-қасиетімізді, ана тілімізді өзіміз қорғамасақ,  онда мың жерден айтып, жазып, мыңдаған тіл оқыту құралын шығарғаннан бес тиындық пайда көрмейміз. Ондай жағдайда қазіргі тәуелсіздік  алғанымыз, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе бергеніміз барлығы – бос қиял, әншейін уақытша жетістік болып қалады. Біз осындай жардың жиегіне келіп тірелдік... Әңгімелескен  Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ