Ғаббас Қабышұлы. МЕН СЕНБЕЙМІН!
2016 ж. 03 маусым
3714
4
«Қазақстанның Халық конгресі» партиясының қазақ жерін Қазақстанның халықтарына сату қажеттігі туралы ұран тастап, қол жиып жатқан қарбаласы. Оу, жеріңді саттың, – кімің алды? Қазағың ба? Қай қазағың? Қазақстанда майға бөгіп жүрген жүз кісі болса, соның біреуі ғана қазақ.
-Кімге?- дейсіздер ме?
- - Бірде-бір мәселені халықтың қалауына қарай шешпеген, халықпен сөз жүзінде ақыл қосып, іс жүзінде: «Тіліңді аяйын ба, сөйлей бер!» деп сырт айналатын бұл билікке ешқашан сенген емеспін, сенбеймін де! Екі ғана мысал. Біріншісі - ел конституциясына «мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазып қойып, бірақ сол тілді орыс тіліне қосақтап, Қожанасырдың «әләуләйім бітсе, хәләуләйім бар» дегенінше, төрге шығармай келе жатқанына 25 жыл ма? 25 жыл! Немесе, қазірде бір құлағы басулы, бір көзі жұмулы комиссиясына қақпақылдатып отырған Жер мәселесі де халықтың мүддесіне сай шешілмейді. Бұл да -таусылмайтын «жыр».
«...Бүйректен сирақ шығару» ханға да оңай, құлға да оңай. Әлімсақтан осылай. Қиналып қолмен жасамайтын, қырық бұралар қызыл тілмен жасай салатын «жаңалық» атаулының несі қиын болсын! Ондайда ойланып әуреге түсу де – артық. «Әй!» деп бірдеңеңді айта сал – «әу!» деп іліп әкетер әулекі-жандайшаптар алды-артымызды орап жүрген жоқ па, олар: «О, жаңалық! Жаңалық!?» деп кеңірдегі күйіп кете жаздағанша айқайлап, «мәртебеңді» үкілеп қалуға тыраштанады. Бұл таныс көріністі менің көз алдыма тағы бір әкелген жәйт: – «Қазақстанның Халық конгресі» партиясының қазақ жерін Қазақстанның халықтарына сату қажеттігі туралы ұран тастап, қол жиып жатқан қарбаласы. Анда-санда орынды-орынсыз әлденені айтып қалатын бұл партияның, оның төрағасы Олжас Сүлейменовтің бұл жолғы «тапқырлығына» да таңданбау қиын. Оу, жеріңді саттың, – кімің алды? Қазағың ба? Қай қазағың? Қазақстанда майға бөгіп жүрген жүз кісі болса, соның біреуі ғана қазақ. Қазақ жерінің үстіндегі ашық алтыны мен күмісін, көмірі мен мұнайын қыбын тауып қылғытушы пайдакүнемдер енді жерімізді сатып алып, жалға алып, астындағы байлығымызды өліп-тіріліп қопарып, көшіріп әкетсін бе? Сендерге керегі сол ма? Әлде өздерің сыбырласып бөлісіп, иемденіп қойған жерлерден өзге «керексіз» территорияларды кім алса, е, ала берсін деген арам ойларың бар ма? Осыдан төрт күн бұрын баспасөз мағлұматында бізде қазіргі кезде 600.000 жұмыссыз бар делінді. Бұл – үкіметтің ресми тіркеуінен өткендердің саны. Ал билік қаңыратқан ауыл-селода тіркеусіз жүргендер қанша екен? Сол жұмыссыздар, егер жерімізді сатар қаулы шығарсаңдар, Қазақстанды теспей сорып жүрген анау машкевичтер мен ибрагимовтерге құлақкесті құл болмағанда кім болады? Ата-бабасынан қалған жерінде тірлік етіп келе жатқан бүгінгі қазақ ертең жерімен бірге сатылып кете бармасына кім кепіл?!. «Жер сатылсын!» деген жетесіздік пиғылды құптауға болмайды!».
Тәуелсіз «Солдат» гәзетінде 2000-жылы шыққан «Жерімізді сатсақ, - жетісерміз!» деп аталған мақаламда осылай деп жазыппын (мұрағатымда сақтаулы екен).
«...Жерді жекеменшікке сату сыбыс болып естіле бастасымен біздің жазушылар қауымы елден бұрын алаңдады, тіксінді. Ал сыбыс шындыққа айналысымен істер ісіне кірісті де. Қазақ жерінің ғасырлар бойғы қасіретін бұрын да зерттеген, оның тұмшаланып тасталған құпияларын ашудың тәсілін тапқан жазушы Сапабек аға ӘСІПОВ басшы болып, басқамыз қосшы болып, Жазушылар одағымызда үлкен жиын жасалып, «Жер тағдыры» деп аталған комиссия құрылды. Жиында небір жалынды сөз сөйленіп, Өкімет пен Үкіметке хат та жолданды. Хат мазмұны – «Жерді сатуға болмайды!»
Комиссия жер мәселесінің «пісуіне» қарай белгіленген мерзімде жиналыс шақырып, пікір алысу өткізіп тұрды. Қаламгерлердің көбі алған беттен, айтқан сөзден қайтпады. Оның есесіне жоғары жақтың жерді мемлекет меншігінде қалдырмау, жекеменшікке сату пиғылы күшейе түсті. Соған зығырданы қайнаған Сапекең парламенттің биік мінберінен сөйлеуді, жерді сату деген сөзді тоқтаттыруды ниет етті. Қаламгерлер құптады. Бәріміз де парламенттің қолдайтынына сендік. Өйткені жерді қорғау керектігін айту да, жазу да жеткілікті болған, оның барлығы депутаттарымыздың құлағына жетті, көкейлеріне қонды деп білдік. Сапекең Астанаға жол тартып, биік мінберге шықты, біздің талап-тілектерімізді артығымен баяндап берді. Халық қалаулыларының біразы ашық мақұлдады. Атақты, аузы уәлі ақын-жазушы депутаттарымыздың қайсыбірі: «Жер – Анамыз! Жерді сатқанымыз –Анамызды сатқанымыз!» деп батыл сөйледі де... парламент жерді сатуды мақұлдаған ұйғарым жасады, оған әлгі атақтылар да «әншейінде ауыз жаппай, той дегенде өлең таппай», қол қойып шыға берді!
Жігеріміз құм болды.
Комиссияда қарсылықты жалғастырар күш қалмады. Неге екенін бір құдай біледі, көпшілік биліктің ығына бірте-бірте жығылып, Сапекеңнің жанында үш жазушы ғана қала бердік. Және бір түсініксіз жәйт: Жазушылар одағында комиссия құрылып, әдеби гәзет арқылы көпшілік құлағдар етіліп, елдің президентіне ашық хат жазылып, мақалалар жарияланып, радиотелеарналар арқылы сөз сөйленіп, жерді сатылудан сақтап қалу үшін күш біріктіруді өтінсек те, билік қыңқ етпеді... Жаңа премьер-министр Карим Масимов осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда болды да, мұнда жерді сату дұрыс жүргізілмегенін, өйтіп сатылған жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу қажеттігін айтып кетті. Ол не деген сөз? Ол – биліктің қойын-қонышынан шыққан байлар гектарлап сатып алған жерінің тоқымдайын да қайтармайды, соны заңдастырып алатын болады, ал тауқыметті қарапайым халық тартады дегендік».
Тәуелсіз «Қазақстан» гәзетінде 2006-жылы шыққан «Сабақтас екі мәселе» деген мақаламда осылай деп жазыппын.
Кейінгі жылдары да бұл ойларымды өрбітіп айттым, жаздым, алайда не естіген құлақ, оқыған көз болмады. Яғни жерді сату басталғалы 16 жыл да, оған жеке адамдардың, ұжымдардың, бүкіл халықтың қарсы болып келе жатқанына да, сондағы биліктің топ жазбай бедірейіп отырғанына да 16 жыл. Осындай жағдайда негізі жалтақтардан құралған анау комиссия жерді сату, жалға беру жөнінде түрлі-түрлі тәсілімен астарланған қаулы қабылдайды да, халық: «қараймын қарайғанға, мал ма екен деп» деген қауқарсыз күйінде қала береді. Қайран халық!..
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
qazaquni.kz