Тіл және саясат

бакир

Жалпы тіл туралы сөз бола қалса, ресми органдар тілді саясатқа айналдырмаңдар деп жатады. Рас, тіл саясатқа айналмауы да, саясаттың қолжаулығы да болмауы керек. Конституцияның 14-бабының 2-тармағында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», сондай-ақ Тіл туралы Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді» деген құқықтық нормалар бар.

Кезіндегі қазақ тілінің ахуалын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жылы Мәскеуде өткен қалалық қайраткерлердің съезінде қазақ халқының атынан сөз сөйлегенде, ең бірінші, өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін, қазақ мектебінің қудаланатынын айтқан еді. Елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түскен 1938 жылғы 13 наурызда қабылданған СССР Халық Комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысы болды. Әділет үшін қаулыда ұлттық республикалар мен облыстар мектептердегі оқытудың негізгі тілі - ана тілі деп атап көрсетілгенін айта кеткен жөн. Алайда, бұл өз елінде азшылық болып қалған біздің республика халқы үшін зор қиыншылықтарға жол ашты. Мәскеу саяси мәдениеті төмен, кеше отарлық езгіде болған қазақ халқының бұл саясатты жалаулатып алып кететініне сенді. Шынында да солай болып шықты. Саясатшыл белсенділер алға шығып, орыс тілінің үстемдігін орнатуға жеңдерін түріп тастап кірісті. Бұған республикада әлеуметтік, саяси-құқықтық негіздер толық бар еді. Мәскеуде қабылданған қаулыға бір ай да толмай, яғни 5-сәуірде Қазақстан КП(б) ОК және ҚССР Халық комиссариаты кеңесі жоғары органдардың шешіміне сәйкес кешенді іс-шара қабылдады. Онда 1938-1939 оқу жылынан бастауыш мектептің екінші сыныбының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшінші сыныбынан бастап орыс тілін оқытуды қамтамасыз ету республика халық ағарту комиссариатына тапсырылды. Бұл сыныптарда орыс тіліне бөлінген апталық сағаттар нақты көрсетілді. Осыменен бастауыш класс 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, сонан соң 4 кластан орыс тілін оқытайық деген баланың жас ерекшеліктерін жете білетін тамаша педагог әрі психологог, Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» АхметБайтұрсынұлының өсиеті келмеске кетті. Тәуелсіз заманда да бұл мойындалмай отыр. 1938 жылғы 5 сәуір күні қабылданған екінші Қазақ ССР ОАК мен ХК кеңесінің «Қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» деп аталатын қаулысында республикадағы қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқытудың қанағаттанарлықсыз дәрежеде болуының негізгі себептерінің бірі – халыққа білім беру органдары және жекелеген кеңес аппаратының кейбір буындарына контрреволюцияшыл буржуазиялық-ұлтшылдық пен троцкистік-бухариндік элементтердің кіріп кеткендігі деп атап көрсетіліп, олардың мақсаты лениндік-cталиндік ұлттық саясатты жүзеге асырмау, сөйтіп қазақ халқының орыс халқымен туысқандық бірлігін бұзу болып саналады деген саяси баға берілді.Бұл кеше ғана қанды қырғынмен зәресі алынған зиялы қауымның аузын аштырмады, қолын іске барғызбады. Ал саясатшыл жазғыштардың қолымен осы жылдың 1 қыркүйегінде жазылған Қазақстан КР(б) ОК бірінші хатшысы Мирзоянға дайындалған «Қазақ мектептеріндегі орыс тілінің оқытылуының жай-күйі туралы» атты мәліметте буржуазиялық ұлтшылдардың қазақ мектептерінде орыс тілінен сабақ беретін оқытушы кадрлар дайындайтын арнаулы оқу орындарын ашуға қамқорлық жасамақ түгіл, орыс тілін оқыту мен оқытушыларды дайындау мәселесін жоққа шығарып отыр деген тұжырым жасалды [ҚР Президентінің мұрағаты, фонд 708, опись 2/1, ед.хр.772. Л.л.1-11].Сосын партия саясатына қарсы тұрғандарды хатшы аясын ба? Шынына келгенде, ол кезде қазақ мектептерінің жағдайының өзі тіпті мәз емес еді. 1937-1938 оқу жылында республикадағы барлық 292 мектептің 157-і орыс мектептері, 10 аралас, 89-ы ғана таза қазақ және тағы басқа мектептер болды. Қазақ тілінің жағдайын, әсіресе солтүстік облыстарда аса күрделендіріп жіберген кейбіреулер әлі аңсап жүрген тың және тыңайған жерлерді игеру болды. Бұл Қазақстанның осы аймағын Ресейге қосуды ойлаған ертеден келе жатқан кешенді саясаттың маңызды саласы еді. Осы аймақтарда бірінші басшылар болып Мәскеудің кадрларының отыруы да жайдан-жай ойластырылмаған болатын. Қашаннан басшы қай тілде сөйлесе, қосшы да сол тілде сөйлеуге мәжбүр болады ғой. Бүгін де солай. Миллиондап келген тың игерушілер ең бірінші жергілікті халықтың жерін иеленді, құрамын барынша азайтты, сонан соң тілін алды. Енді ата-аналарда қазақша оқыған баланың болашақта күнін көруі қиынға соғады деген теріс ұғым берік қалыптасты да, олар балаларын орыс мектептеріне жаппай бере бастады.Соның салдарынан республикада жүздеген қазақ мектебі жабылып, аралас мектептер жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптады. Содан орыс-қазақ аралас мектептерінде оқу-тәрбие жұмысындағы қостілділік бірыңғай біртілділікке-орыс тіліне ауысты. Сөйтіп 1980-жылдардың аяғында Қазақстанда барлық оқушылардың 67 пайызы орыс тілінде оқыды. Осындай себептерге байланысты қазақ тілінің беделі күрт төмендеді, қолданылу аясы тарылды. Ал патшалық Ресейдің дәстүрін жаңа жағдайда жалғастырған кеңес көсемдері өз саясатының нақты іске асқанын көріп-біліп, қазақ елінің болашағының жартысынан астамының өз тілдерінен айырылғанына, мәренің төбесі көріне бастағанына іштей қол соғумен болды. Алайда, құдай жарылқап, тарих дөңгелегі басқа жолға, еліміз тәуелсіздік жолына бұрылып, тілімізге тірек болар азаттық рух келді. Алаштың көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары егемендіктің елең-алаңында алғы шепке шығарды. Мұны толық түсінуге болады. Өйткені туған тіл азаттықтың әліпбиіндей қазақтың табиғи құқығы, тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген түсініктің нәтижесі болатын.Сөйтіп Егемендіктің елең-алаңында, аса бір еліміздегі демографиялық жағдайдың күрделі кезінде, яғни 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Шындығында, бұл еліміз үшін аса бір сындарлы кезең болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар тұғын. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан кейін араға жарты ғасыр салып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаны, шын мәнісінде, айтарлықтай айрықша оқиға еді. 1993 жылғы Конституцияда «Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деген тақиямызға тар болып, 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабының бірінші тармағындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық шешімге қайшы, екінші тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма қабылданды. Бұл онсыз да тегеурінді, ғасырлар жеке билеп келген орыс тілінің үстемдігін қайтадан қалпына келтірді. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңда Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретіндей құқықтық нормалар қабылданбады. Сол себепті Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заңшығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген қағида осы кезге дейін барлығымыз үшін тиісті нормаға айналмай отыр. Сондай-ақ Заңдағы «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген қауқарсыз қағида да ешкімді ештеңеге міндеттей алмады. Ал «Тілді мемлекеттік қорғау» деген 23-бап «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген жалпы сөздермен шектелді. Сөйтіп мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы деген әлемдік тәжірибе Конституцияда да, Заңда да ескерілмеді. 27 баптан тұратын Заңның 10 шақты бабы тек орыс тілінің қамын қарастырды. Тіпті Заңда Конституцияның 7-бабының 1-ші және тіпті 2-тармақтарына қайшы нормалар қабылданды. Мысалы, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабынан бастап арықарай көптеген баптарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қосақталып кете береді. Ащы да болса ашығын айтайық, бүгін де қазақ тіліне мемлекеттік тұрғыдан қарау кемшін болып отыр. Сондықтан мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының төріне шыға алмай отыр. Басқа билік органдарынан ұлттық сипаты басым болуы керек Парламенттің өзі бел шешіп қазақ тіліне көшкен жоқ. Сондықтан халықтың елеулі бөлігі өз тілін мойындайтын емес. Әсіресе, отбасын жаңа құрған жастар өздері қазақ тілін еркін білмегеннен кейін өз ұрпақтарын орыс мектептеріне беріп жатыр. Аралас мектептер қатары сирейтін түрі жоқ. Бұлар бүгінгі республикадағы барлық мектептердің 20 пайыздайын құрайды. Қазір орыс мектептеріндегі оқушылардың ең кемі үштен бірін қазақтың ұл-қыздары құрап отыр. Бұл үдеріс қазақ тілі кеңістігінде біраз уақыт жалғаса түседі деген сөз. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында да орыс топтарындағы студенттердің дені қазақтың ұл-қыздары. Бүгінгі күні мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілі ресми түрде орыс тілімен кейде тең қолданылатын тілге айналды.Қазіргі еліміздегі қазақ тілдік кеңістіктегі жағдай осындай. Бұдан шығар екі жол бар, оның бірі мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау. Бұл төте жол. Бұған Ата заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида құқықтық негіз бола алады. Алайда бұған атқарушы билік те, Парламент те бармайды. Қоғам да дайын емес. Бұған әзір батыл әрекеттер де болмай отыр. Қазақтілдік кеңістіктегі қалыптасқан қазіргі жағдайлар, 22 жылдан астам өз тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсуді аса қажет етіп отыр. Бұл - алға жылжуымыздың кепілі. Сондай-ақ 1997 жылдан бері еліміздегі демографиялық жағдай жақсарды. Қазақтар барлық халықтың 65 пайызынан астамын құрап отыр. Мемлекеттік тілге деген өзге этнос өкілдерінің көзқарасында күрделі оң өзгерістер белең алды. Оларда да жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасып келеді. Осыдан он жеті жыл бұрын қабылданған Тіл туралы Заң өз мүмкіндіктерін сарықты, енді кейбір баптар алға жылжуымызға тұсау бола бастады. Біріншіден, Ата заңның 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуді жан-жақты ойластыру қажет. Бұл үшін қолданыстағы Заңнан Конституцияның 7-бабының 1-тармағына қайшы нормаларды алып тастау керек. Мысалы, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады» деп айқын көрсетіліп, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады», сондай-ақ көрнекi ақпаратты екі тілде жазу қажет тағы осы сияқты мемлекеттік органдарға қатысы жоқ заңдық нормалардың «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деп қосақтаудан арылуымыз қажет. Екіншіден, Ата заңның екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманың тиісті орындалуына, бұл норманың басқа тілдік кеңістікке жайылмауына қатаң құқықтық бақылау орнату керек. Үшіншіден, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заңды орындамағаны үшін жауаптылықты қарастыратын, әсіресе ұжымдардың бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін көтеруге байланысты құқықтық нормалардың болғаны жөн. Қазақ ежелгі дәстүр бойынша, жасы үлкенге де, қызметі жоғарыға да қарап, сыйлап, тыңдап қалған ізгі жанды, іззетшіл халық. Депутаттар басқа да мемлекеттік тілді қорғайтын басқа да жайларды ойластырып жатса, дұрыс болар еді. Мұндай өзгерістер мемлекеттік тілге деген саяси-құқықтық салада қоғамдық жаңа бетбұрысты танытар еді. Бұл еліміздегі қазақ тіліне деген ұжымдық сананың қалыптасуына да оң ықпал етеді. Сөйтіп біз «Қазақ елі» деген қастерлі де қасиетті қоғамға жақындай түсер едік.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдарының докторы, профессор