Біз қай мемлекетте өмір сүрудеміз өзі?

20140202_144515 Алматы қаласында үлкен көшелердің бойынан орын тепкен әсем ғимараттарға тамсанып келе жатып, арасында әсем қаламыздың шырайын қашырып тұрған қаптаған шетелдік атауларға көз жүгірткенде, амалсыздан еңсеміз түседі. Біразын атап өтейік: «Mango», «Mr.Burger & Pizza», Lux, Gaia, Petroleum, QTS, Fishinci, Vip Victoria, Delta Chib, Mirader, Pirte, Biwec, Friut Fashion, Nais Shop, Shom Line, т.б. ...арықарай тізбелесек кете береді. Бұл бір Сейфуллин даңғылының бойындағы басқа тілдегі атаулар екенін ескертеміз. Жә, бұл атаулардан не ұқтық? Ештеңені де... Қарапайым қазақ үшін бұның байыбына бару - қиынның қиыны екендігі айтпаса да түсінікті. Ал мына суретте «Mango» сауда орталығы, осы орталықта орналасқан «Mr.Burger & Pizza» жедел тамақтану жүйесі Алаш қайраткерінің есімін иемденген, кезінде қазақ тілінің үстемдік құруы үшін жанын салған Сәкен Сейфуллин даңғылы мен Шолохов көшесі қиылысында орналасқан. Осы атауларды мемлекеттік тілге ауыстырып, ресми түрде бекіту туралы қала тұрғыны Б.Жақаев есімді азамат екі айдан бері бірнеше рет Алматы қаласындағы Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөліміне шағым­данған, бірақ мекеменің жауапты қызметкерлерінің тарапынан осы күнге дейін еленбей қалғанын айтады. 20140202_144739 Сонымен қатар, суреттен куә болғанымыздай, «Ба­лалар мәзірі» деген сөз тірке­сіндегі, «ә-нің» орнында «е-нің» тұрғаны да тілге деген жауап­сыздықтың белгісі емес пе? «Метроның «Алатау» станциясындағы кіреберіс дәлізде бутиктердің бірінде «Ғажайың заттар» деп жазыл­ған. Сонда осы қателік­терді тексеретін қазақ тілі мама­нының болмағаны ма?» - дейді Б.Жақаев. Міне, біздің бас қаламызда мемлекеттік тілдің күйі осы. Қалада орналасқан сауда орталықтары, мейрамхана, кафе, дәмхана т.б. орталықтардың ресми атаулары құжат бойынша шетел тілінде бекітілген. Бұл атауларды өзгерту туралы бірнеше рет ұсыныс жасалып, талай мақалалар жазылса да шектеу қоя алмай отырмыз. Бұған кім кінәлі? Осындай атаумен бекітіп берген, әрине, өз заңымыз кінәлі. Бас қаламызда мемлекеттік тілдегі атаулардың жоқтығына ықыласымыздың, ниетіміздің жоқтығы себеп болы отыр. Жалпы, мемлекетімізде қай өңірінде болса да, шетелдік жапа-тармағай қолданылған атауларға тосқауыл қоятын Қазақстан Республикасы үкіметі заңмен реттейтін күйге қашан жетер екен?.. Тіліміздің өз тұғырына қонғанына ширек ғасыр уақыт өтсе де, әлі күнге дейін осындай сорлы күй кешуі – ол сол мекемедегі басшылықтың қазақ тілін менсінбеуінде. Бұдан басқа астар іздеп, шарқ ұрудың қажеті жоқ. Латын қарпіне көшсек, ең алдымен, орыс тілінің ықпалынан құтылар ма едік. Айнұр АХМЕТ