Илья Ильин қазақ тілін үйренуге уәде берді

photo_68042Екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлегісі келеді. Бұл жайында ауыр атлетші "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. "Он жылдан соң өзіңізді қалай елестетесіз?" деген сұраққа, Ильин жұмыс істеуін жалғастыратынын айта отырып, "спорттық мансабым аяқталған соң, өз-өзімді тастап жібермеймін", деп жауап берген. "Әлем мойындаған бір университетті тәмамдасам жақсы болар еді. Жастық шақта ғана болатын асыра сілтеп, мақсат қою деп ойлап қалмаңыз, расында да, спорттық мансабым аяқталған соң мәселен, Оксфордқа түсу ойымда бар", - деп жоспарымен бөлісті атақты атлетші. "Ол кезге дейін жағдай өзгерер (мүмкін бір емес, екі-үш бала-шағам болар), алайда, осындай бір жоғарғы оқу орнының дипломына қол жеткізгім келеді. Оксфордта алған білімім болашаққа жетелейді деп сенемін. Және кез келген елде жерде қалмайсың", - деді спортшы.

Күнделікті жаттығудан бөлек, Илья Ильин ағылшын тілін үйренуді де күнтізбеге қойыпты.

"Ойлаған мақсатыма жетуде алғашқы қадам жасап та қойдым. Өткен жылы бірнеше ай бойы Лондонда тілдер колледжінде оқыдым. Екіншіден, мемлекеттік тілді толық меңгергім келеді. Түзген жоспарыма сай Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарынан соң, 2017 жылы қазақ тілінде еркін сөйлейтін боламын", - дейді Қазақстандық ауыр атлетші. Олимпиада чемпионы сонымен қатар, үшінші сыныптан оны чемпиондыққа дайындағандықтан, мектепте тек екі-үш сабаққа қатысқандығын айтқан. Дегенмен, 10-шы сыныбында Илья Әлем чемпионы атанған. Айта кетейік, спортшы көктемде Қызылорда қаласында Илья Ильин атындағы спорт мектебінің құрылысын бастамақ. Жаттығу бұл мектепте болгар әдісі бойынша жүргізілетін болады. Болашақ атлеттерді даярлайтын мекеме келесі жылы іске қосылады деп күтілуде.

Baq.kz