Ана тіліміз латын әліпбиімен тазарады

каз         Еліміздің ұлттық болмысын сақтап, жедел дамып келе жатқан адамзат қоғамының көшінен қалып қоймауы мемлекеттің тіл саясатымен тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, тіл мәселесі қазақ қоғамының жіті назарында болып келеді. Тілдегі өзгерістер мен жаңалықтар жайдан-жай пайда бола салмайды. Оған қоғамдағы тілдік жағдай мен мемлекеттің ұстанған тілдік саясаты едәуір ықпал етеді. Еліміздегі қазіргі тілдік жағдай мен саясат қазақ тілінің дамуына қолайлы секілді болып көрінгенімен, көп жағдайда кесір әсерін тигізіп отыр. Еліміздің ресми тілі болып саналатын орыс тілінің кең қолданыста болуы мен түрлі құзырлы орындарда отырған өз қандастарымыздың басым көпшілігінің орысша білім алып, орыстанып кетуі басты себеп есептелуде. Демек, орысша білім беріп, орыстандыру саясатын жүзеге асыратын білім ошақтарының елімізде аса көптігі орыс тілінің дамып өркендеуіне қолайлы жағдай туғызған. Қоғам өміріндегі жаңалықтар, ең алдымен, тілдің сөздік құрамына жаңалық, өзгерістер енгізеді. Бұны тіліміздің сөздік құрамынан толық көруге болады: совет, социализм, коммунизм, колхоз, совхоз, трактор, комбайн сияқты жүздеген жаңа сөздер кіріп, тілімізге дыбыстық-құрылымдық жағынан зорлықпен ендіріліп, біз бұл сөздерді күллі оқулық, оқу құралдарына жазып, жас ұрпаққа оқытып-үйретіп келдік. Қазір де сол қарқынымыздан тайған жоқпыз. Басқыншылық идеологияның санамызды әбден улап, түп тамырымыздан үзіп тастағаны соншалық – тілімізге келе жатқан үлкен нәубетті күн ілгері сезінген Халел Досмұхамедұлының: «...елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады. Мәдениет қуған елдің ең алдымен тілі өзгермекші» (Досмұхаметұлы Х. Аламан. – Ал.: Ана тілі, 1991 жыл, 82-бет), – деген ескертуін де қаперге алмадық. «Орыс тіліне оңтайлап, оңдырмай жазып берген аты-жөнін малданып, алданып жүргендер қанша. Өз сөзіміздің буын, дыбысын ажырата алмайтын халге жеттік. Тіл өз иммунитетінен біржола айырылды деуге болады. Сөйтіп, орыстар қазақ сөзін айта алмайды деп күңкілдейміз. Олар айта алмауы заңды. Өйткені тілдік иммунитеті бұзылмай сақталған. Сол иммунитеттің жоқтығынан қарапайым да құдіретті, ұлы заңдарымызды жоюға шақ қалдық» (Қазақ тілінің айтылым сөздігі. – Ал.: Сөздік-Словарь, 2001 жыл, 8-бет), – деген қазақ тілі дыбыстық жүйесінің көрнекті маманы Сапархан Мырзабектің сөзінде де үлкен мән жатыр. Себебі, орыс тілінің «игі ықпалының» әсерінен қазіргі тіліміздің дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамы тұрмақ, тілдік құрылымы да өзгере бастады. Бұған көп мысал келтіріп жатпай-ақ, аты-жөнімізге, яғни тегімізге жалғанып жүрген орыстың «ов», «ев», «ин» қосымшаларын ғана мысалға келтірсек жеткілікті. Тек осы қосымшалардың өздері ғана тіліміздің ұлы заңдарын ала тайдай бүлдіріп, ойран салып жүр. Мәселен, қалалық қоғамдық көліктердің билет тексерушілері: «Келесі аялдама – Сейфуллина, Байтұрсынова, Әуезова» немесе «Мұратбаева, Жарокова, Қалдаяқова бар ма?» деп хабарлап-сұрап жататындарына мән бердік пе? Бұл, біздің ойымызша, мысалға келтірілген жаңағы қосымшалардың психолингвистикалық әсерінен туындап жатыр. Қазақ сөзіне жалғанған орысша қосымша өзінен кейін міндетті түрде орысша қосымшаның келуін қажет етіп, қазақтілді билет тексерушілерге «Келесі аялдама – Сейфуллин көшесі» немесе «Сейфуллиннен түсетін бар ма?» дегізбей тұр. Осы секілді тағы басқа да орыс тілінің сан алуан ықпалы бізге ата-баба тіліне оралудың қажет екенін ескертеді. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігін танытып тұратын таным-түсінігі, ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі тілінде сақталады. Ол ұзақ дамуды өткеріп, басқа тілдерден бөлектеніп, өзінше болып қалыптасады. Осыдан болар, оның әбден қалыптасып, шыңдалған тілдік жүйесіне жат тілдік материалдар табиғи емес жолмен еніп, сіңісіп кетуі – өте сирек құбылыс. Егер олар белгілі бір заманның саяси ықпалымен жасалған ереже-қағидалар негізінде тілге зорлықпен енетін болса, тілдің табиғи жүйесіне сәйкес келмейтіндігінен, бәрібір олардың бөтендігі әрқашан сезіліп тұрады. Керісінше, халық өз еркімен қабылдап, айтып-жазса, онда олардың бөгделігін арнайы үңіліп зерттеген адам болмаса, кез келген жан аңғара бермейді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін өткен ғасырларда араб-парсы тілдерінен еніп, қазір қазақтың төл сөздері сияқты болып кеткен тек медицинаға ғана қатысты мына сөздерді мысалға келтірейік: «Ағза, қолқа, алқым, шипа, жарақат, ажал, ауру, дауа, зәйтүн, нәжіс, қаза, зағип, тәуіп, тағам, мерез, запыран, жыныс т.б.» (Оңдасынов Н. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Ал.: Мектеп, 1984 жыл.). Қазіргі сөздік құрамымызға ХХ ғасырдың екінші ширегінен бастап (30-40 жылдардан) орыс тілінен және сол тіл арқылы басқа да шетел тілдерінен орысшаланып, түк өзгеріссіз енген сөздер ше? Жоқ, оларға басқаша қарау керек. Себебі, олар тілімізге тіліміздің заңдылықтарына бағынбай, түр-тұлғасын еш өзгертпей енген. Сондықтан, оларды нағыз қазаққа айту да, жазу да қиын. «Халықаралық термин» деген ұғым жоқ. Бұл – орыстандыру саясатының санамызды улау үшін әдейі шығарған сөзі. Біздің солай деп ойлап жүрген сөздеріміздің баршасы – бізге араб-парсы тілінен енген «ғылым, ғалым, білім, ілім, ұстаз, мұғалім, шәкірт, кітап, дәптер» т.б. секілді орыс тіліне латын-грек тілінен орысшаланып сіңген, қазір нағыз орыстікі болып кеткен сөздер. XX ғасыр басында басталған қазақ емлесінің дауы XXI ғасырға ілесіп келді. Күні бүгінге дейін біз бір ұстанымға (позиция) келе алмай, әркім өз білгенін тықпалап, әрі-сәрі күй кешудеміз. Осы дау басталған кезде-ақ ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлы: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» (Тіл тағылымы. Алматы, «Ана тілі». 1992 ж. 395-б.), – деп, нық тұжырым жасаған еді. Оның сол ой-тұжырымдарын кезінде М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х. Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы, М. Әуезов секілді т.б. алаш зиялылары қолдаған болатын. Біз олардың ой-тұжырымдарын пайдаланудың орнына 1940-50 жылдары «жасанды әр алуандылықты жою мақсатымен» деп дәлелдеп, «орыс сөзі мен халықаралық атаулар, орыс тілі арқылы алынған сөздер орыс орфографиясы бойынша жазылсын» деген академик И.И.Мещанинов пен профессор Г.П.Сердюченконың ұсынған қағидасын (принцип) әлі күнге басшылыққа алып келеміз. «Заман озып, заң тозғанын» түсінсек те, теріс қағиданың шылауынан шыға алмай, соның кесірінен кезінде қасақана ескерілмеген тілдің мыңдаған жыл бойы қалыптасқан өз заңдылығы, төл дыбыстары, дыбыстардың өзіндік тіркесімі, сол дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерін айтатын әр ұлтқа тән дыбыстау ерекшелігі (артикуляция, акустика) болатынын тіптен ұғынғымыз келмейді. Бұл мәселені жазуымызды қайтадан латыншаға көшіру арқылы шешуге болатынын көпшілік түсіне бастады. Осы мәселеге қатысты материалдарды зерделеп, ой таразысына салсақ, ұлттық мүддеден гөрі басқа жағын ойлайтындар басым сияқты. Олар, көбінесе, ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық, электронды құрал-жабдықтық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, педагогика-психологиялық, тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. жанама себептерді алға тартып жүр. Біздің ойымызша, жазу ауыстыру арқылы ұлттық-лин­гвистикалық мәселені шешу – ең негізгі мәселе. Демек, латыншаға көшу – тіліміздің өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтап қалу үшін қажет. Латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және сол арқылы халықаралық сөз деген желеумен орысшаланып енген бөтен атауларды жаңа әліпбимен жазып, өз сөзімізге айналдыра аламыз. Яғни, ана тіліміз латын әліпбиімен тазаратын болады. Қазір қазақша баламасы (атауы) табылмай, тіліміздің лексикалық құрамына кіре алмай (олар кірме сөз бола алмайды, өйткені, кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы қазақша болуы керек) жүрген бүкіл сөзді өз тіліміздің төл дыбыстарымен жазып-айтуға тарихи мүмкіншілік туып отыр. Осы мүмкіншілікті дұрыс пайдаланбасақ, ісіміздің бәрі бекер. Бейбіт ИСХАН, ф. ғ. к., доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми қызметкері