СЫПАТАЙ: БАТЫР МА, САТҚЫН БА?

с

«Қазақ әдебиеті» газетінен оқыған «Сыпатай батырдың келбеті» деген мақалаға Жамбыл жыраудың 22 жасындағы жыры менің мақаламнан гөрі әлдеқайда салмақты, дәлелді жауап болар: Дулатта батыр Сыпатай, Жаудан қорқып сенделіп, Сарыбұлақтың басына, Аңырақайдың тасына, Түнде барып тығылды. Батырынан түңіліп, Елдің түгі жығылды. Сарыкемердегі еліңді, Сарттар келіп шапқанда, Дұшпаныңнан кек алмай, Сені Құдай атқанда, Батыр деген Сыпатай, Ежелден пейілі жаман-ды, Сатқындық жасап қулықпен, Сытылып қашып кеткен-ді, – деп Сыпатайдың сырын ашса, «Ұраным менің Қарасай» деп Сұраншы, Саурық, Өтегенді жырлағанда тау бұлағындай сарқыраған жырын Сыпатайдан неге аяды? Ал ұстазы – пір Сүйінбай Аронұлы Сыпатай қайтыс болғанда арнайы шақыртылып көңіл айтты дейді. Қазақта өлген адамға ғайбат айтпайтын әдетпен, (менікі ғайбат емес бұрынғылардың сөзін қайталау) туған бауыры Батырбекті сөзбен түйреп, Сыпатайды Төле биге «теңеп» былай дейді: Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді, Ақылы дариядай көл кісі еді. Жаныстан өтіп кеткен әзіз Төле, Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді. Батырбегім, топ болса айқайлайсың, Үшеуінің қасында нең кісі еді?.. Сүйінбай ақынның бұл өлеңі 1965 жылғы жинақтарда жарияланды. Ал Жамбыл жыраудың жыры 1946 жылғы «Шығармаларының толық жинағында» жарияланды. Жамбыл жырау үш дастанында да батыр атанып жүрген Сыпатайды «қорқақ, ынжық, сатқын» деп жерден алып, жерге салады. Жамбыл жырларындағы Сыпатайға қатысты өлең жолдарын жыраудың 150 жылдығына арнап шығарған жинақтардан алып тастаған. Оның себебі түсінікті. Ол Сыпатайды батыр деп дәріптеу үшін керек болды... 1952 жылы Кенесары ханды қаралап, тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановты «халық жауы» етіп көрсетіп, Мұхтар Әуезовты, Қаныш Сәтпаевты қудалау үшін табылмайтын тақырып болды. Сыпатай Кенесары ханмен бетпе бет соғысқа барған адам деп дәріптеу үшін аудай қажет болды. Шовнистік саясаттың мақсаты да қазақ ұлтын бодандықтан шығармау, бас көтерер азаматын тұқыртып ұстап, итжеккенге айдап отыру еді. Қырғыз Шабдан манап Кенесарының басы үшін полковник шенін алды. Ал Сыпатай қазақ ұлтын сатқаны үшін (қырғыздың жиені, Ботпай руының тумасы) үшінші рет медаль және мақтау грамотасын алып, патша үкіметі алдында мәртебесі көтерілді. 3 мың алтын ақшаны да бөлісіп алды. («Жұлдыз» жұрналы № 11, 2010 жыл. Қ.Ысқақовтың «Эссе» романы үзінділерінде көрсетілген). 1862 жылғы 12 июньде «прапорщик Сұраншы Хакімбаевқа генерал-губернатор Калпаковскийдің жазған хаты: «Сұраншы, Диханбай, Сыпатай, Андас! Біз сіздерді қохандықтарға қорлатпаймыз. Барлық азиаттарға хабарлаңдар! Россия деген алып мемлекет. Сіздерді қорғай алады». 1798 жылы туған Саурық батыр Ыстамбекұлы 1826 жылы Қарақыстақ аңғарында, Тікендісай бұлағының басында қырғыздың Орман ханына қарсы 28 жасында соғыс ашып ерлік көрсетеді. Бұл соғысқа батыр деп жүрген Сыпатай қатыспайды. Қайда жүрген? 1846 жылы маусым айында «Суықтөбе» тауының етегіне 7-8 ақ үй тіккізіп, Кенесары ханды қошеметтеп қарсы алып, қонақ етеді. Сыпатай төбе көрсетпейді. Саурық батыр ел мүддесі үшін Орта жүздің Атамқұл, Нарбота, Тайторы, Байсейіт секілді би-батырлармен дос-жаран болады. Орман ханға қарсы соғыста Саурықтың жасағына ерген Наурызбай батыр Жаманқара батырын найзамен шаншып өлтірген. Сыпатай бұл соғыста да төбе көрсетпейді. Сонда ол кіммен соғысып батыр болып жүр? 1850 жылы Іле өзенінің жағасына жайғасқан отарлаушы отряд командирі қазақтар оны Ерентал (Терентьи) деп атап кеткен Жалайыр мен Наймандар еліне қайта-қайта шабуылдап, маза бермейді. Найманның Артық батырына Сыздық төре бастап Ағыбай, Байсейіт би, Саурық батыр үш мың қолмен барып Еренталды қолға түсіріп, ұрып-соғып, қайта босатып жібереді. Ол кек алу үшін солдат жинап қайта келеді. Қайта шапқан жаумен аянбай соғысып Еренталды өлтіреді, әскері ту-талақай қашып құтылады. Сыпатай тым болмаса өзінің туған жері үшін бұл соғысқа да қатыспайды. Неге? Әрине, орыс патшасының нанын жеп, медалін алған адамға қазақ, туған жер тағдыры неге керек? Соңғы екі айдың көлемінде Кенесары хан мен Ағыбай батырдың құлағын шулатқан, Сыпатайды дәріптеген екі мақала оқыдым. Алғашқысы «Айқын» газетінің №55 санынан Аян Нысаналиннің «Жүрекжұтқан» мақаласы. Екіншісі «Қазақ әдебиеті» газетінің №24 санынан Үміткен Сүйінішқызының «Сыпатай батырдың саяси келбеті». Бірінші сөзді Аянға берсек: «Орыс әскерінің қару-жарағын Сыпатай батыр, Құдайберді Бәйетұлы бастаған мың жігіт қаздай тізіліп атқа қонып, кіре тартқан». Патша үкіметіне қызмет етті ме? Етті. Қару-жарақтың кімге қарсы жұмсалатынын білді ме? Білді. Сатқындық па? Сатқындық. «Сыпатайдың азат басы бұғалықтан босамай, кіріптарлық күн кешті. Ботпайлар арасына сыйыспай Арыстандай аласұрып, Жолбарыстай жан жарақатын жалады». Басымен қайғы боп жүрген адам қалай батыр болады? Жалайырдың малын ұрлап, қарақшылық жасап жан сақтап, қара басын қазақ жеріне сыйғыза алмай нағашы жұрты қырғыздарды паналап, Сыпатай мен Андас Солта руының манабы Қанайдың қолтығына кіріп, қолшоқпарына айналды. Қырғыздардың нанын жеп, көжесін ішіп жүрген Сыпатай өз руы Ботпайға сыймай жүргенде, қай қазаққа опа қылады?!. Сайрамда Сұраншы батырдың қапияда қолға түсуіне, Байзақ датқаны Шымкентке ертіп барғанда зеңбірек ауызына байланып атылуына себепкер болған да Сыпатайдың сатқындығы емес пе? Сонда Сыпатайдың жүрек жұтқан батырлығы қайда? Кенесарының баласы Сыздық төре Әлімқұл хан әскерінің бас қолбасшысы болып тұрғанда Түркістанға орыс патшасының әскері басып кірмек болады. Сыздық төре Арқадағы Ағыбай батырға хабар беріп, Түркістанды қорғауға шақырады. Ағыбай өз кезегінде Сыпатайға, Байзақ датқаға хабар беріп Түркістан түбіндегі Иқан бекінісінде кездеспек болады. Бірақ, Сыпатай да, Байзақ датқа да келмейді. Түркістаннан қайтар жолда Ағыбай батыр ашуменен Сыпатайдың ауылын шаппақ болып, Меркеден өтіп, қырғыз жеріндегі Шалдуарға келеді. Сыпатай да, Байзақ датқа да нөкерлерімен Қохан хандығына қашып кетіпті. Ағыбай батыр алған сапарынан бос қайтпай, «өзі іздеп келер» деп Сыпатайдың баласы Тоқтамбетті ала кетеді. Сыпатай іздеп келмейді. Өлгенін естіген соң баласын үйлендіріп, алдына мал салып еліне қайтарады. Қохандықтар Әлімқұл ханның тапсырмасымен «қазақты сатқан Сыпатай, өзбекті сатпай ма?» деп, басын кестіріп алады. Денесі еріп келген адамдарына беріледі. Қазақтың жерінен топырақ бұйырмай қырғыз жеріне, Шалдуардағы Андас ағасының бейітіне көміледі. Марқұм Жүсіпбай Алтайбаев «Ара» жұрналының Бас редакторы болып тұрған кезінде «Ағыбай батыр» романын жазып жүргенде «Сыпатайдың басы жоқ» деген сөзді естиді. Анығын білу үшін Меркеге барып, бірінші хатшы Сауранбаевқа жолығады. Бірінші хатшы өз кезегінде төрт-бес көне көз ауыл ақсақалдарын жинатып, Жүсекеңнің сөзін қайталағанда, олар: «Ондай сөздің бары рас. Андас ағасының қасына қойылыпты. Бірақ кейінгі дүрбелең замандарда олардың үстіне көп адамдар тағы да қойылды. Бергі ашаршылық нәубетінде де көп адамдар жерленді. Сүйектері мидай араласып кеткен шығар. Әруақтарды қопарылыстырып қайтесіздер!?» – депті. Жүсекең де осы сөзге тоқтаған екен. Енді кезекті сөзді Сыпатайдың саяси келбетін іздеген Үміткен Сүйінішқызына берейік. Үміткен әуелі өкпесін ғалымдарға айтады: «Бір ғылыми жұмыс, не бір дәлелдеме құжаттар мен материалдар жинағын шығармаған» деп қынжылады. Өз сөзін дәлелдегісі келіп: «Сыпатай орыс отаршылдарына қарсы бір кісідей күрескен адам» дейді. Қашан, қай жерде кімдермен соғысқанын хабарлай алмайды. «Бір қазақты «сатқын», «сатқын емес» деп екіге бөлгеннен не шығады?..» деп ренжиді... «Сыпатай Кенесары ханның басын пұлдап ақша сұрағаны немесе ханға сатқындық жасағаны туралы, орыс әкімшілігіне хабаршы болды, көмек көрсетті» деген дерек жоқ дейді Үміткен. Ол рас. Опасыздар, сатқындар дерек қалдырмайды. Деректі Аян Нысаналин қалдырды. «Орыстың қару-жарағын тасып кіре тартты» деп жазды. Кенесары өліміне қатысты марапаттауда Жантай Қарабеков, Қожабек Таштамбетов, Асық Шалов, Қалиғұл Алибеков көрсетіліп, Сыпатайдың көрсетілмеуі заңды. Сыпатай тасада тұрып Кенесарының басын алуды тездетті. Басқа қазақтардың келіп Кенесарыны құтқарып, аман қалуынан қорықты. Қазақ ұлтының тұңғыш көшбасшысы Әлихан Бөкейхановты зерттеуші ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы: «Материалах к истории султана Кенесары Касымова» деген құжаттан үзінді келтіреді. «Голова Кенесары Касымова была доствлена вождю рода Великого жуза Ботпай Сыпатаю и султану Рустему... Эти двое, видимо, еще были далеки от раскаяния за свое предательство, приведшее не просто к гибли Кенесары, а вместе с ним их поражению всего национально-освободительного восстания казахов, но еще ускорившее и колонизацию русскими всей Средней Азии, и тех же кыргызов» Жазғыштардың жазуынша, Сыпатайдың сатқындыққа баруына екі себеп бар дейді Үміткен. Кенесары шапанының жеңінен қолын таба алмай қамшысының ұшын жүгіртіпті. Аянның жазуынша, «Төрде жатқан Кенесарыға Сыпатай сәлем берсе, қамшысының ұшын ұсыныпты.» Осы екі себеп Кенесарының түбіне жеткен. Сол арқылы ұлт-азаттық соғысы жеңіліс тапқан. 1846 жылы Кіші жүзден жолы болмай оралған кезде қырғыздың Сарбағыш руының манаптары Кенесары хандығын мойындамай, алғашқы соғыстардың кезінде Сыпатайдың ағасы Андастың бейітін қырғыздар қиратады. Соғыс кең өріс алып, соңынан ермеген, бағынбаған қырғыздардың ауылын шауып, айтулы үш батырын өлтіріп, Қанай манаптың кесенесіне тығылған қырғыздарды шапқанда, кесене қирап, бұзылады. Ол қазақтың кесенесін (Андастың) қиратқанға жауап болып есептеледі. Сыпатайды хан Кенеге қарсы батыл-батыл сөйлету көркем әдебиеттегі фантазия. «Әкең Қасым туғанда қан уыстап туған деуші еді, сен де қан уыстап туған екенсің, боздақтарымызды өлімге бере алмаймыз» деп, хан алдынан екі жігітті қолынан жетектеп ала жөнеледі. Бұл адам сенбейтін өтірік. Кенесары бір күнде 26 төре-сұлтанды, «саған қосылмаймыз» деген Шекті руының биін тірідей өртеп жібергені рас болса, алдына келіп тұрған Сыпатайдың тірі кетуі мүмкін емес еді. 1847 жылы сәуірдегі Кенеса­рының ажалына Сыпатайдың сатқындығы себепкер болған соғыста азғана қол төлең­гіттердің, батырлардың қоршауда қалуы сатқындықтың салдары екені даусыз. Соғыс басталар күнгі түні қырғыздарға «біз кеттік, 300 адамға шамаларың келер» деген хабар жеткізіп, ең сорақы сатқындығын жасап кетті. 300 адамның Ағыбай батыр бастаған 60-70-сі ғана қоршауды бұзып шықты. Оның ішінде Наурызбай батыр да бар еді... Үміткеннің мақаласында «Жантай манап медальді місе тұтпай, Кенесары өзіне алпыс түйеге артылған дүние ұсынғанда көнбеп едім, соған ылайық дүние беріңдер» деп саудаласыпты. Не деген сұмдық?! Медальді Сыпатайға бөліп беруге келмейтін болған соң ба? Ақыры, саудаласып жатып, Сыпатайға үшінші медальді алып береді. Сонда Кенесарының кесілген басының саудасына Сыпатайдың қатыспағаны қайсы? Керісінше, бәрін ұйымдастырушы... «Шудың бергі жағына кім өтсе де еркіндігінен айыры­лады. Өйткені, Сыпатай қохандықтардың адамдарын орыстарға көрсетіп отырады...» (Шоқан Уәлиханов. Шығ. жинағы 1985 жыл. 5-том, 144-бет.) Байзақ датқа Кенесарымен бөле еді. Топыш ханымға үйленген Қасымнан Кенесары туса, сіңлісі Жәмила сұлуға үйленген Мәмбеттен Байзақ датқа туған. Сол себепті де қос бүйрегі Кенесарыға бұрып тұратын. «Сыпатай қайда» деген сұраққа «Сыпатай Рүстем сұлтан түгілі Сіздей ханға да сәлем бермей, үйінде шалқайып жатса, әліптің артын бағып жатқаны да» деп жауап береді. Кенесары нөкерлеріне «Сыпатайды шақыртыңдар» дейді. Өзі шақыртып, қамшының ұшымен амандасса, «сен кімсің» деп ренжігені болар. «Арғындардың шапанының ұзын жеңінің ішіне Сыпатай қамшы жүгіртіп Кенесарының қолын іздеді» деген қисынға келмейді. Көктен аяғы салбырап түссе де Сыпатайдың басын шауып тастау кәміл. Сыпатайдың «қамшы жүгірткен» мазағына қанына қарайып жүрген Кенесары шыдамас еді. Қалжыңдайтын қатары да, досы да емес. Сыпатай қырғыздың Жаңқа­раш манабына соғыстың алдын ала адам жіберіп: «Досым, қапа болма. Кенесарының қолына араласқан болып кетіп бара жатырмын. Реті келсе, іштен шалып жығып беремін» деп сәлем айтады. Сыпатайдың бұл сәлеміне Жаңқараш манап: «Әулиеатадан Меркеге дейінгі жерді беремін» дейді. Жаз жайлауы, қыс қыстау жоқ Сыпатай қырғыздар жағына біржолата беріліп, таза сатқындық жолға түседі. («Қырғыз санжарасы». Сапарбек Закиров. 130-131 бет) Сыпатай: «Кенесарыға әлдерің келмесе де, Шудың суын бөгеп, басқа арнаға бұрып жіберуге әлдерің келеді ғой» деп ақыл береді. Қырғыздар «Шудың суын тас салып бөгеп, суды Қызылсу, Шамшының ойпатына бұрып жібереді». (Бөлек Солтоноев. «Қызыл қырғыз тарихы» 2-кітап, 8-9 беттер) Сыпатай Кенесарыға келіп: «Таудың іші толған қырғыз, Орман манаптың 50-60 мың әскері көмекке келсе керек» деп қорқытады. «Тау басындағы оттарды көріп Кенесары «қырғыз көп пе, жұлдыз көп пе» деп сұрайды-мыс...» деп жазады Сапарбек Закиров. Сонда Кенесары қырғыздың қанша екенін білмегені ме? Абылай ханның «Жайыл қырғынынан» кейін, көп болса 20-30 мың атқа қонар әскері бар деп сендірген жоқ па еді Байзақ датқа. Сол үшін де үш жүз төлеңгітімен, бас батырларымен келген жоқ па еді хан Кене?!. Соғыс басталар алдында Орман ханның сарбаздары «күндіз қырқылған талдың бұтақтарын сүйретіп, ұйысқан қалың шаң шығарып, қалың қол төмен түсіп келе жатқандай қазақтардың жүрегін ұшырған» деп жазады. Қалың шаңның қайдан шығып жатқанын жәй көзбен де көруге болады. Оның үстіне, Кенесарының дүрбісі бар емес пе? Әрі-бері шаптырып отырған барлаушы-жігіттері бар емес пе? 10 жыл соғысып тәжірибе жинақтаған, соғыстың тактикасын, стратегиясын меңгерген қолбасшы Кенесарыны қырғыздардың алдында құбыжық етіп көрсету, қырғыздарды жеңімпаз етіп көрсету – сатқындық болған жоқ дегенді дәлелдеу ғана. Жамбыл жырау айтқандай, «Кенесарының жеңілуі – етектен тартқан иттердің, сатқындықтың салдары емес пе?!.» ...Қазақ ұлтының көшбас­шысы, Қазақ тарихының атасы, Қазақ саясатының алмас қылышы Әлихан Бөкей­хановтың «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан кітабында (Алматы, 1995 ж. Таңдамалы шығармаларының 82-83 бетінде) Кенесары өлімінің тірі куәсі 85 жастағы Қалиғұл Әлибековке жолығып, өз аузынан жазып алған жазбаларында «манап Жантай Қарабеков Жалайырлардың қолында отырған Төрегелді манапты құтқару үшін, өз тұтқыны тірі Кенесарыны айырбастауды ұсынып Сыпатай мен Рүстем төреге сөз салады. Олар: «Төрегелді Қапал уезіндегі орыс әкімшілігінің қолында. Біздің құтқаруға шамамыз келмейді. Кенесарының басын кесіп апарсаңдар ғана Төрегелдіні бостады» деп жауап беріп, тезірек өлтірілуін тілейді. Сыпатай шын сатқын болмаса, тірі Кенесарыны Төрегелдіге айырбастап, құтқарып қалуға болатын еді. Олай істемеді. Нағыз сатқындық осы. Манап Жантай Қарабеков Кенесарының басын кестіріп Қалиғұл Әлибеков арқылы орыстарға беру үшін Сыпатай мен Рүстем төреге беріп жібереді. Орыстармен ауыз жаласқан Сыпатай кезегімен Омбы қаласына генерал-губернатор князь Горчаковқа жібертеді. Ол: «Кенесарыны жеңіп, басын кескен кім» деген Горчаковтың сұрағына «манап Жантай Қарабеков» деп жауап берген Қалиғұл Әлибеков күміс медальмен марапатталады. Орысшасын келтіре кетейін: «Почетному киргизу Калигулле Алибекову! Желая наградить отличную храбрость и примерное усердие, оказанное Вами в деле против мятежника Кенесары Касымова, я, по высочайшей представленной мне, его императорским величеством власти препровждаю при сим Вам серебрянную медаль, для ношения на шее на георгиевской ленте... Генерал-губернатор Тобольской и Томский, Главный начальник Сибирских киргиз и Комондир отдельного Сибирского Корпуса генерал-от инфантерии князь Горчаков. Июля 15 дня 1847 года, город Омск». Сыпатайдың сатқындығына бұдан артық қандай дәлел керек? Көзге ұрып тұрған сатқын­дықты боямалап қолдан батыр жасау Шырын Мамасерікованың жазғыштығына бұйырған. Ол көркем әдебиет жасап, фантазияға құрып отыр. Тарихи тұлға фантазияға сыймайды. «Әулие бабам Сыпатай» деген шағын очеркінде «өз ағайындары – келіншек ботпайларға да тізесі батып, ақыры Андас, Сыпатай Іле бойындағы туған жерлерін тастап қырғыз Қанай, Жанғараш манаптардың қолтығына кіргенін» мойындап жазыпты. Сонда олардың ел қорғаған батырлығы қайда? Әрине, ұрлық істеу де батырлық. Қанай, Жанғараштар оларды ұры-қары ретінде пайдаланды. «Күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» «Жүрекжұтқан», «Сыпатайдың саяси келбетін» авторларлардың өз сөздері, өздерінің жазған­дары ашып берді. Ол – сатқындық.

Садық СМАҒҰЛ